Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  187


Автор: Шырын Мамасерікова

СОҒЫСТАН СОҢҒЫ ОЙЛАР

Әлдилеумен немересін мәз етер,


Әжелер көп жүрегіңді жаз етер.


Ал ол болса бара жатыр көшеде,


Арқалап ап бума-бума газеттер.


Дәл білмеймін жасы оның нешеде,


Бірақ, бірақ көп көремін көшеде.


Көрген сайын ауырады жүрегім,


“Қойшы соны, жынды әйел ғой”, - десе де.


“Суық хабар күнде желдей есетін,


Сұм соғыстың қызып тұрған кезі еді.


Қара қағаз келген күні жарынан,


Осы әйелді жынданыпты”, - деседі.


Ақыл - есі ауысса да, жүрегі


Неткен таза, сүйгенімен бір еді!


Әлі күнге өз жарынан хат күтіп,


Өзгелерге хабар тасып жүреді...


Дәл білмеймін жасы оның нешеде,


Бірақ, бірақ көп көремін көшеде.


Көрген сайын ауырады жүрегім,


“Қойшы соны, жынды әйел ғой”, - десе де.


Көрген сайын жүдер жүрек налып тым,


Үлкен үйге үлкен құлып салыпты.


Қара жердей қасіретті қаралы үй,


Сұр жартастай суық тартып қалыпты.


Қайда менің, қайда абзал жеңешем,


Аға, мұнда оралмадың неге сен?!


Қайда кеткен сүйегі асыл ақ әжем,


Өкпелейтін жент пен майын жемесем.


Деуші ек гүлдер үзілмесе, солмаса..


Көгершіндер жақсы хабар жолдаса.


Уақыт - қатал. Үй айналар үңгірге,


Ішінде егер адамдары болмаса.


Сол жандарға жаным қатты ашиды,


Еске түссе тау көңілі жасиды.


Қарғыс айтам фашизмге үнемі,


Көрген сайын осы үйді!


Жеңілді жау алған жұртты жағадан,


Ағам кеткен, бірақ хабар жоқ одан.


Қызыл оттың ортасында қан кешіп,


Белгісіз боп қайда кеттің, ағажан?!


Асқар таудай ардагерім, бауырым,


Күтті сені анаң, жарың, ауылың.


Жеңіс келіп жадыратқан жүректі,


Өзің келмей жабырқатты ауыр мұң.


Жарың сыңсып, анаң қатты өкінді,


Немересін шүкірлік қып бекінді.


Бүгіндері шөберелі болса да,


Бір шаттығы жетіспейтін секілді...


Жеңешетай, қор болып есіл көрік,


Жиырмаңда-ақ қалыпсың жесір болып.


Ең ақыры сәби де сүйе алмапсың,


Гүл жаруға сұм соғыс кесір болып.


Құлатты да қаншама шаңырақты,


Қатал тағдыр талайды аңыратты.


Дәл өзіңдей қаншама құрбыларың,


Көп ұзамай басқаның шамын жақты.


Ал сен болсаң адалдық аралындай,


Қолаң шашың басқа үшін таралынбай.


Пәкгігіңе табынтып ғұмыр кештің,


Махаббаттың жаралы маралындай.


Тіршіліктің бұралаң өткелінде,


Армандаумен жарыңды өтпедің бе.


Кешір мені, жеңеше, ағам үшін,


Қадіріңе жеттім бе, жетпедім бе?!...


Жақсы апа дейміз, жақсы апа деймі бәріміз,


Жетпістен асқан аяулы сол бір әжені.


Жас түгіл оны сыйлайды бүкіл кәріңіз,


Қалтырап қолы төгеді шәйді, көжені.


Соғыстан бұрын базарлы өмір сүретін,


Аулымыздағы бақытты жанның бірі еді.


Немере сүйіп, келінін жұмсап жүретін,


Сол ана бүгін үйіне жалғыз кіреді.


Сұм соғыс оның ұлы мен жарын жалмаған,


Содан да болар бір үйде жеке тұрады.


Сұрапыл дауыл сенімін шайқай алмаған,


Жанында жанып үміттің жалғыз шырағы.


Бақытын өртке, жүрегін дертке шалдырған,


Білмедім әжей жасырын қанша жылады.


Баланы жетім, жеңгені жесір қалдырған,


Жойылсын мәңгі,


Жойылсын соғыс ылаңы!


Талай үйдің шайқалтса шаңырақтарын,


Талай арман жоғалтса ардақтарын.


Мен қалайша үндемей отыра алам,


Көріп жүріп соғыстың зардаптарын.


Құағымды тосқанда үні зарға,


Маған, сірә, батпаған күні бар ма.


“Болдырмайық соғысты!” - дей бермекпін,


Кеудесінде әйтеуір үні барға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу