👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  88


Автор: Шырын Мамасерікова

СОҒЫС АРДАГЕРІ ШОЙБЕК АҒАНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ

Фашистен қорғаймын деп өз елімді,


Ауылға тастап жылы төсегімді.


Отанды қуантсам деп ерлігіммен,


От кешіп, оққа тостым өзегімді.


Мерт болса қан шайқаста майдандасың,


Қасірет шекпей жүрек қайда барсын.


Қалайша кек тұтанбас көрген сәтте,


Өртенген ормандардың жайқалмасын.


Ар-намыс қайратыңды шымшылайды,


Айбынды әскер жеңбей тыншымайды.


Көз жұмған қаһармандар өтеуі боп,


Көп күткен Жеңіс келді гүл шырайлы.


Соғыста оқ тиген соң аяғыма,


Сылтып кіл зар бөп қалдым баяғыма.


Сонда да қызмет қып халқым үшін


Сүйендім тіршіліктің таяғына.


Ғашық жас іңкәрлығын жасырған ба,


Үйлендім өзім сүйген асыл жанға.


Анашым Ұлтуарды шаттандырмай,


Япыр-ау, албырт көңіл басылған ба.


Махаббат мәртебемді асырғандай,


Айдашым қайғы бұлтын қашырғандай.


Алтындай алты ұлға әке етті,


Дос түгл дұшпаным да бас ұрғандай.


Тірек боп бір-біріне перзенттерім,


Тілеуші ем азамат боп ержеткенін.


Алладан мейірімді ете гөр деп,


Үкілеп үмітімді тербеткенмін.


Атақты бабаларың, аталарың,


Ақикат түп тамырдан от аларың.


Ұрпағың мақтан етсін сендерді де,


Тегіңе тіл тигізбе, боталарым.


Жарылқап жоқ-жітікке көмектескін,


Шамаңның жеткенінше себептескін.


Қар жарып қара қылды жүрсең адал,


Қиянат жасап кетті демес ешкім.


Ақтарып арманымның мұңын-зарын,


Босқа айтып отырғам жоқ мұның бәрін.


Бақыт пен ырыс кілті - ынтымақта,


Тұрыңдар тату-тәтті, құлындарым!


Жігіттер жанарында нұр ойнаған,


Қойғанда соғыс жайлы сұрау маған.


Қиналып жауап берем қан майданда,


Көрсетіп самайымды қырауланған.


“Соғысқа нәлет!” десем, бекер демес,


Сойқаны көз алдымнан кетер емес.


Сұрапыл қорқынышты жойқын ұрыс,


Өң түгш түсіме де берер елес.


Ұмытпас тарих ойран салғандарды,


Крематорий пешінде жанғандарды.


Құйқадай қоңырсытқан бомбалардан


Домалап аяқ-қолсыз қалғандарды.


Аңыз ғып Панфиловты, Мәліктерді.


Ғажайып ерліктерін дәріптейді.


Бәрі рас болғанымен кім мүсіркер,


Айырылған арысынан кәріптерді.


Жесірдің қара шәлі жамылғаны,


Жетімнің әкесіз қап аңырғаны.


Жарақат салды мәңгі санамызға,


Жалғызын жоқтап ана “Аһ!” үрғаны.


Адамның сапырылып аққан қаны,


Ажалдың алаулады жаққан шамы.


Фашистің гүрмесіне ұқсайтын дәл,


Үскірік ұйтқып соққан ақпандағы.


Тұтқындар тарамыстай арықтаған,


Күн бар ма жапа шегіп зарықпаған.


Басса да бес жұлдыз шоқ арқасына


Шыңғырып әлсіздігін танытпаған.


Жап-жасыл жазираңды тулақ еткен,


Соғыстан таулар шөгіп, бұлақ кепкен.


Бәрінен обал болды-ау боздақтарға


Жат жерде сүйектері қурап кеткен.


Зеңбірек оғын шашып төңірекке,


Үзілді сансыз қыршын өмір текке.


Айқасты аждаһамен айбынды әскер,


Кек қайнап, ыза тұнып көкірекке.


Жұрт кегі жауды жеңбей тарқасын ба,


Күл-талқан етті актық шайкасында.


Берлинде Жеңіс туы желбіреді,


Ер жүрек сарбаздардың арқасында!..


Сұм соғыстың таңдайда ащы дәмі,


Ауыртады жүйкемді жаншып әлі.


Қопарылып қорғаны тыныштықтың,


Жанарынан қызыл қан тамшылады.


Болғанымен ұлт өзге, үйі басқа,


Жиырма миллион қыршынның күйігі аз ба?!


Қара орамал қара жер жамылғанда,


Нардың жүгін көтерген иық аз ба.


Қаһармандық көрсетіп жан аямай,


Қайғы-мұңнан ағарды талай самай.


Көзін жұмды қанша жас ақ сүт берген,


Анасына соңғы рет қарай алмай.


Бауыржан мен Асандай ағаларым,


Аман қайтты өрт шалып жағаларын.


Кім ойлаған Сейіт пен Тінтайлардың


Белгісіз боп хабарсыз жоғаларын.


Қар бораған оқтардан үрей кезген,


Артта қалды ол күндер ұйқы безген.


Отан үшін мерт болу артық екен,


Мың өлетін күн сайын күйкі езден.


Батырлықтың, ерліктің өшпейтінін,


Тұғырынан атақ-даңқ көшпейтінін.


Жар салып тұр әлемге мәңгілік от,


Қолтығына қыстырып төскей гүлін.


Бомба түсіп қираған қала жоқ па,


Жәудіреген әкесіз бала жоқ па.


Өлгендердің әруағы риза болсын,


Ей, адамдар, тағзым ет алау отқа!..


Балаларым, сүйікті сұңқарлым,


Тұяғымен от қазар тұлпарларым.


Сендерсіңдер арман мен махаббаттың


Болашаққа апарар іңкәр әнін.


Алдарыңда қаншама асар шың бар,


Мен жетпеген биікке шығарсыңдар.


Тау жығады тәуекел, қарақтарым,


Өмір - ұстаз үйретер, ұғарсындар.


Сендерсіңдер семсерім, қылыштарым,


Берік соққан қамалым, құрыштарым,


Түсіндіргем кішкентай кездеріңнен,


Ерте тұрған жігітке ырыс барын.


Ер азамат туады еңбек үшін,


Қиындықты кездескен жеңбек үшін.


Абыройын Отанның асқақтатып,


Жүрегінің жылуын бермек үшін.


Сөздің парқын білмесе от өрілер,


Сыпайылық сырт көзге тоқ көрінер.


Соры қайнап, сорпасы төгілсе де,


Қабырғасы бүтіндер көтерілер.


Татулықтың тізгінін жоғалтпаңдар,


Аққу құсқа киелі оқ атпаңдар.


Ашкөз, обыр, арамза дұшпандарға


Туған жердің байлығын тонатпаңдар.


Шуақ төгіп кемтарға қарасаңдар,


Елге тұтқа болуға жарасаңдар.


Әке болам армансыз Алла сүйген,


Пайғамбарға қарттарды баласаңдар!..


Тарихққа өткен қарашы,


Соғыстың аз ба жарасы.


Қансырап жатар әлі де,


Әлемнің тау мен даласы.


Болмасын соғыс, болмасын,


Тіршілік гүлі солмасын.


Жетім мен жесір көбейіп,


Жүрекке қайғы толмасын.


Доғарып атом жаруын,


Жоялық соғыс қаруын.


Жылатпа, тәңір, жігіттң


Анасын және аруын.


Арайлап өлкем, аймағым,


Жұлдызың өрлеп жайнағын.


Бұздыра көрме ешкімге,


Бірліктің уыз қаймағын.


Көрсетпе соғыс құрбанын,


Аман - сау өссін ұрпағым.


Тілеймін туған еліме,


Бейбітшіліктің нұр таңын!..


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы