Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  324


Автор: Шырын Мамасерікова

БАУЫРЖАННЫҢ МОНОЛОГЫ

Құралайды көзден атып құлатқан


Ат үстінде күн кешуді ұнатқан.


Рухы биік текті елдің тұяғы ем,


Бастау алған таза, кәусар бұлақтан.


Бақа-шаян, балық аулап кемемен,


Бабаларым жылан етін жемеген.


Бордақылап ту бие мен құнан қой,


Қымыз, сүттен басқаны ас демеген.


Шақасынан шынықтырған мұз, кары,


Ұя болған қыранға шың-құздары.


Содан ба екен тұлпарға ұқсас ұлдары,


Қойдан момын қызғалдақтай қыздары.


Азаттықты аңсап түскен отқа да,


Адамдарға туған жердей жоқ пана.


Армандаған еркіндігін ежелден,


Арғымақтың сыймас басы ноқтаға.


Қулық, сұмдық, жауыздықтан жиренткен,


Қас дұшпанның қабырғасын күйреткен.


Бабаларым батырлықты, пәктікті,


Бесік жырдың әлдиімен үйреткен.


Көп болса да көлдің шортан, шабағы,


Әр ошаққа тартылар өз табағы.


Ұстараның отырғызды жүзіне,


Ұлы Отан соғысының сабағы.


Дақ түсірмей ата-баба даңқына,


Үлес қосқан қаһармандық салтына.


Басымды ием Қобыландыдай ұл туған,


Жолбарыс көз, жүрек жұтқан халқыма!


Ана тілмен қанға сіңген ару ән-


Адалдықтың қасиеті дарыған.


Ұзағынан сүйіндірші, ұрпағым,


Ұлтымыздың уызынан жарыған!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу