Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  229


Автор: Шырын Мамасерікова

АРДАГЕРЛЕР

Ақ-қараны айтқызбай тани алар,


Ақылыңды қайрақтай жани алар.


Алатаудай көне көзі, тірі тарих,


Сүйген құлы құдайдың қариялар.


Алты алашқа өтімді базынасы,


Ардагерлер-халықтың қазынасы.


Тамырына сендерсің қан жүгірткен,


Туған жердің құлпырса жазирасы.


Кәріліктің әжімі реңінде,


Өкіншітің сызы бар жүрегінде.


Аталарым-асылым, асқар тауым,


Табынарым, тілеушім, тірегім де.


Ұлан байтақ даланы гүлдетті кім,


Өнегесін кімдердің глгі еттім мың.


Жақсылықтың барлығын үйіп-төккен,


Жыр арнауға сіздерге міндеттімін.


Еркелетіп “қызым” деп отыратын,


Жартыланған көңілімді толтыратын.


Қыдыр бабам бүгінгі өздеріңсің,


Босағама бақ құсын қондыратын.


Татулықтың тұрғызып керегесін,


Шаңырақтың кіргізген берекесін.


Абыздары азаймай ауылымның,


Тәуелсіз ел қызығын көре берсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу