02.05.2021
  240


Автор: Шырын Мамасерікова

Фатима - ҮЙЛЕНУ

Төртінші тарау


 


Поезд Шу қаласына таң ата жетті. Вокзалда Асанбайларды Құлназар мен Нұрғали күтіп тұр екен. Қуанышы қойнына симай қатты сүйінген Құлназар інісі мен келінін аса бір өзгеше жақын бауырмалдық сезіммен қайта-қайта құша берді. Дөң маңдай, қошқар мұрын, қара торы, кең иықты отыз тоғыз жасар Құлназар Фатимаға егде адамдай көрінді.


- Ойпырмай, отағасы, бала боп кеттіңіз бе? Біз жаққа да назар салсаңыз қайтеді,- деп наздана жымиған Зинаға бұрылып;


- Е, қүдай, бергеніңе шүкір! Енеңнің еңсесі көтеріліп, жұлдызы жанатын шығар, әкелген келіндерің қырмызыдай ажарлы екен, ұзағынан сүйіндірсін! - деп бетінен құшырлана сүйді. Өң меніңнен өтердей суық жанарлы, арықша келген, орта бойлы, он алты жасар бозбала Нұрғали да Асанбайдың қолын алып құттықтап жатыр.


Ашық далаға тез дастархан жайылып, ауладан алып шыққан ірімшік, жент, қымыз, айран,шұбаттан аздап әлденіп алғаннан кейін жүк машинасының кабинасына күйеу мен қалыңдықты, сыртына аға-жеңгесін отырғызған Нұрғали Тәттіге қарай жол тартты.


Шу бойьша көктем ерте түседі. Наурыз айының басында-ақ күн шуағымен қылтия бастаған изен, жусан, жас бетегемен көмкерілген жазық дала жап-жасыл кілемге оранғандай. Аспанда шөкімдей бүлт жоқ. Көгілдір кең дүние жасарып, жаңарып жатқандай. Төпырағы май, суы бал, күні шуақ өзі өскен өлкенің қоңыр салқын желіне терезеден қолын шығарып алақанын тосып күлімсіреген Асанбайдың көңілді жүзіне қызыға қараған Фатима оның жүрегін толқындай тулатып, соншалық шаттыққа бөлеген өзі екенін әсте білген емес. Машина төбесін қамыспен шатырлап жапқан төрт бөлмелі үлкен үйге жақындап барып тоқтады. Үй маңы қаптаған халық. Тантайлардың тайлы-тұяғы қалмай шұбап келген сыңайлы. Келін хабарын естіген көрші Беларықтағы бұзау, қанайлар да жүр. Кабинадан асығыс секіріп түскен Нұрғали үлкендерден сүйнші сұрауға жүгіріп кетті. “Келін келді! Келін келді!” деп шулаған бір төп жанның ішінен төрт-бес салиқалы әйел машинаға тақағанда, біреуі:


- Әй, Күнімай, қуанышың өмірлі болсын! Келініңнің басына орамалды өзім салам, рұқсат ет! - деп қолындағы үлбіреген ұзын шашақты ақ жібек орамалмен бүркемелеп түрып:


- Қарағым, мен енеңнің абысыны Әлиман деген апаңмын. Келген қадамыңа нұр жаусын! Көсегең көгеріп, көрпең ұзарсын, үбірлі-шүбірлі бол!- деп бетінен сүйді. Айдос пен Торғайдың жұбайлары Нүрила мен Кәттәй келіннің екі қолтығынан демеп, есік көзіне әкелгенде, Қонысбай қажының ерке келіні Сәрсекүл қолынан ұстап:


- Қалқам, ақ босағаңа “бісмілла!” деп оң аяғыңмен кіріп, үлкен шаңырақтың, әруақтардың құрметіне үш рет сәлем бергейсің, деп ескертті. Фатима оң аяғымен аттап кірісімен тізе бүгіп сәлем жасағанда Ыдырыс атасының:


- Шырағым, бағың жансын! Көп жаса! Қадамың қайырлы боп, шаңырағың биік, керегең берік болсын!-деген батасын есітті. Содан соң келінді Дәне мен Жаңыл жетектеп, ошақ қасындағы ешкі терісінен иленген жұмсақ бөстекке отырғызып: “Мінезің де илеген тулақтай жұмсақ, биязы болсын!” - деді екеуі. Осы сәтте аса бойшаң, қалың қара қасты, қарақат көз Күнімай Фатимаға келіп: “От-Ана! Май-Ана! Жарылқа! Жарылқа!” деп үш рет қайталатқызып, пештегі жанып тұрған отқа май құйғызды. Лапылдап жанған алауға қарап:


- От Әулие! Келінімді оттай опалы ете гөр!


Май Әулие! Келінімді майдай жұмсартып мейірбан ете гөр! -деп алақанын отқа қыздырып, келіннің маңдайына тигізді.Осы рәсімдер аяқталган соң Фатиманы ертіп келінге арналған бөлмеге апарды. Төрден есікке дейін текемет пен алаша аралас төселіп, оның үстіне әдемі құрақ көрпешелер жайылыпты. Ақ атлас шілтерлі шымылдық құрулы тұр. Келінді ішіне кіргізіп, шымылдықты түсірген енесі сыбырлап: “Шымылдық ашылған сайын орныңнан тұрып сәлем жасауды ұмытпа!” - деп шығып кетті. Фатиманың қасына он шақты жасөспірім қыздар келіп отырды. Ағайын адамдардың бір-бірін сыйлаудың тамаша үлпсін, кісілік пен парасаттылықтың жоғары деңгейін, биік шыңын танытар тұсы - осындай той-думанның кезі. Сондықтан да болар Күнімайдың қуанышына ортақтасқан абысын-ажындары, көрші-қолаңдары, туыс-жекжаттары ағылып келіп, көрімдік беріп: “Қадамың құтты болсын!” - айтып, шашу шашуда. Қасындағы қыздар шашу теріп, өрік, мейіз, кәмпит- терге қарық болып, қалталарын толтырып алды. Шымылдық ашылған сайын Фатима орнынан жүз рет тұрып, жүз рет сәлем берген шығар. Алғашында қызық көрінгенімен, түс ауа шаршай бастады. Тек кешке қарай ғана жұрт аяғы саябырсыды. Бірақ анау үш бөлме қонақтарға лық толы. Қымыз, боза, шұбат судай ағып, ет желініп, шай ішілуде. Ақсақалдар бата оқыған сар табақтан келінге сыбаға (үлпершек) жіберіліпті, оны да сәлем етіп қабылдаған Фатимаға “Ұл тап!” деген кезде ұяттан жарылып кете жаздады. Әйтеуір бетін бүркеген жібек орамал қатты қысылған жүзін ешкімге байқатқан жоқ. Қас қарая бастағанда үйге молда шақырылып жас жұбайлардың некесін қидырды. Одан соң Меркіден келген қоралас Қабылдың Өмірбегі домбырасын бебеулете қағып “Беташар” жасады:


Қозғал тіл мен көмейім,


Ойымды жыр ғып өрейін.


Рұқсат болса келіннің


Бетін ашып берейін.


Шар болаттан соғылған


Аймауыт сауыт киінген.


Асанбайдай батырға


Аспара халқы сүйінген.


Қозы жауырын жебедей


Көбе бұзған асылым.


Семейден алып келпіті,


Өзі сүйген ғашығын.


Ардақты ана, Күнімай,


Құтты болсын келінің!


Өзіңе ұқсап Фатимаң


Ақтасын жұрт сенімін.


Сәлем де сәлем, мың сәлем,


Күнімай енеңе бір сәлем! -


дегенде жұрт даурыға қол шапалақтап, келін басын иіп, сәлем берді. Осылайша ауылдың игі жақсыларына, ағайын-туыстарына, көрші-қолаң, қимас достарына сәлем жасатқан ақын жырын аяқтай келіп:


Қуанып тұр Құлназар


Әйелі егіз тапқандай.


Шаңырағына жас келін


Бақыттың шамын жаққандай.


Асанбайдың, халқым-ау,


Мәртебесі зор болсын!


Ұл мен қызы он болсын.


Дос-жараны мол болсын.


Қол ұстасып жарымен,


Қайда барса жол болсын!


Қабыл етші, Тәңірім,


Менің батам сол болсын! -


деп келін бетін бүркеген жібек жаулықты жұлып ап, домбырасының мойнына байлады. Зина келін Фатиманың басына кішкене шыт шәлі тартқызды. Күнімай болса күміспен бедерлеген үлкен абдырасының аузын ашып, той рәсіміне қатысқан абысын-ажындарына “сүйінші”, “жүрек жарды”, “орамал салу”, “қолтық үстар”, “босаға аттар” т.б. келін түсіру ырым жоралғысын жасап көйлектік маталар: крепдешин, панбарқыт, қыжым, жібек, батсайы ұсынып, “Неке қияр” мен “Беташар” үшін биқасап шапандар берді. Келіннің қасында күнұзын отырған жас қыздарға “қойынға жатар” кәдесіне күміс білезік, сақина, жүзік, сырға, моншақ үлестірді. Той салтының ырым-кәдесін түгел таратқан соң төрде отырған Айнақұл ақсақалдың иығына түлкі ішік жапқан Күнімай:


- Қайнаға! Сізді марқұм жұбайым өте жақсы көруші еді, тек туыс қана емес, араларыңыздан қыл өтпес достықтарыңыз осы көпшілікке мәлім. Ауылдағы абыз ойлы ардагерлердің бірі едіңіз, Асқардың досы, туысы ретінде екі ботама ақыл-кеңес айтып, бата беріңіз, деді қиылып. Жан дүниесі бай, сезімтал Айнақұл тебірене отырып, ақау түспеген ыстық достық пейілі таныта жылы шыраймен сөз бастады.


- Айналайын Асанбай балам! Қыстың ызғарлы суығы қайтып, мық жусан мен бетегенің түбір түйіншегін терп жеген қой малы күйістікке жараған кезде бізді қуантып келіп түсірдің. Бұл - жақсы ырым. Халық ішінде:


“Күзді күннің көзіне қызыңды қой,


Көктем қүніне келініңді қой, ” -


деген лұғатты сөз бар, оның мағынасы - күз сәулесі бойжеткенді ажарландырса, көктем нұры келіннің күйеуіне деген ерекше ықылас-назарын оятып, тезірек аяғы ауырлайды дегені екен. Биыл есік той жасасаң, келер жылы бесік той болсын! Келіннің аяғы құтты боп, соғыстан аман-есен орал, шырағым! -деп алақанын жайып:


Он сегіз мың ғаламды жаратқан құдіреті күшті Алла!


Мына жауқазындай екі жастың жүрегіне жарық пен жақсылық, сүйіспеншілік пен төзімділік, адалдық пен абырой бере гөр!


О Жасаған Ием, бүкіл әлемнің Раббы!


Саған иман келтіріп, саған шүкір ете отырып, өзіңнен жәрдем тілейміз. Жаңа түскен келінімізді нығметіңе бөлеп, ойға олақ көн кеудеден сақтай гөр! Кер азу кесірліден сақтай гөр! Әумиін! - деп бетін сипаған соң, жалпыға айтқандай:


- Екі жас бақытты болсын! - деді. Осыдан соң барлық кемпір-шалдар дүрліге көтеріліп шығып кетті. Олардың артынан жастар да көп отырмай үйлеріне тарасты.


Түн ортасы ауған шақ. Зина жеңгесі күйеу мен қалыңдыққа арналған төсек салып, көрпе үстіне ақ шүберек (неке жаулық) төсеп, екі жасты оңаша қалдырды. Ақ неке түннің ертесіне күйеу алдындағы қалыңдықтың пәктігі анықталып, абыройы асқақтап тұрса да, Фатима өте жабырқаулы еді. Оның арман қиялындағы нәзік сұлу шырақтарды біреу үрлеп өшіргендей, әдемі ойларының ойраны шыққандай құлазып,


салқын тарта бастады. Келіншегінің ақшыл жүдеу жүзіне кінәлі жандай жәудірей қараған Асанбай қоңырқай бетіне ыстық қан теуіп қобалжи ;


- Бәтішім - балым менің! Әйел болу оңай емес... Ауырып тұрғаныңды сезем, кешір, мәңгі қыз күйіңде қалдыра алмаймын ғой...Кешегі мол тілек, жағалай бата кімдер үшін айтылды?! Артымызда ұрпақ қалсын десек,ата салттан, әдет-ғұрыптан аттай алмаймыз. Тиіспе десең енді тиіспеймін, тек құшағымда жатсаң болды,- деді аймалап. Қуаң жүзіне болымсыз сәуле жүгірген жас келінек күліп жіберді. Ол іштей үрейленіп; “Қыз дәуренім бітті,солған гүл сияқтымын, бәлкім, Асанбай да жек көріп кеткен шығар,”- деп мұңайып тұрған. Қарлығаштың қанатындай жіп-жіңішке қиылған қастары көтеріле жиылған Фатима көкірегінен уыз махаббаттың таңы атқанын енді аңғарғандай өзі де күйеуінің құшағына жабыса түсіп, дірілдеген ыстық ернімен ұзақ-ұзақ сүйіп, айырылмастай табысты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу