Өлеңдер ✍️

  01.05.2021
  180


Автор: Мұратхан Шоқан

Қой енді

Қой енді, көз жасыңды тізбелеме,
Бұл өмір қасарсиды бізге неге?
Біргеміз алдымызда көктем бар ма,
Біргеміз күреңіткен күз келе ме?..

Шөлдеген жапырақтай реңге еніп,
Сарғайсаң қалай оған жүрем көніп?
Арылып ай астында мұңымыздан,
Екеуміз қайтайықшы бір емделіп!..

Қит етсе қаласың сен жараланып,
Жасыңды толтырасың шараңа лық...
Жанымды қоятұғын жер таппаймын,
Жүзіңе мұңға батқан қарап алып.

Көңілсіз сәттер білем тез өтпейді,
Сездірме өртенсе де өзек мейлі...
Бақытсыз жандар ғана сөзге құмар,
Бақытты жандар елді сөз етпейді!..

Қой енді, көз жасыңды тізбелеме,
Бұл өмір қасарсиды бізге неге?
Біргеміз алдымызда көктем бар ма,
Біргеміз күреңіткен күз келе ме?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу