30.04.2021
  370


Автор: Мұқан Иманжанов

Жыртық дәптер

Бала көтерген анамен Бурабай көлінің шығыс жақ жағасында екінші рет ұшырасып тұрмыз. Өткен жолы да осы арада, өз үйінің жанында, бөбекті әлдилеп, баяу ғана ыңылдап отыр еді, бүгін де сол орнында. Бірақ, бұл жолы үнсіз отыр. Тек Оқжетпеске телміре қарап қалыпты.


Көл жағалап, дем алып жүрген біздер ананың жанына келіп, сөз қозғай бастадық.


Ана бізбен солғын ғана амандасты. Сұрағымызға келте жауап қайырып, шешіліп сөйлей қоймады. Көкірек керіп, ауыр күрсінді де:


— Мен бір шерлі жанмын, шырақтарым! Әңгіме сұрап не қыласыңдар! — деді мұңды пішінмен.


— Ол нендей қайғы, анажан?


— Жоқ, жоқ, шырақтарым, сұрамаңдар оны. Баласы көрген ауыр азапты айт деп анасына қолқа салмас болар. Айта алмайды сұмдықты ана.


Анаға өтініш зорайды. Қаумалаған бізге қарап көзіне жас алды ол.


— Жас еді-ау, ол да сендердей!..


Ана үй жағына мойын бұрды да:


— Назымжан, құрбыларың келіп отыр. Сыртқа, салқынға көрпе жайшы! — деп дауыстады.


Үйден талдырмаштау келген аққұба келіншек кілем, көрпе алып шығып төседі.


— Құрбыларыңа ас әзірле, шырағым.


Көкшенің июль айындағы әсем кешінде Оқжетпеске маңдайымызды беріп, жұпар самалды кеудеге толтыра жұта отырып, ана әңгімесін тыңдауға кірістік.


Ол үйге кіріп шықты да:


Жан баламның жайын, ананың қайғысын білгілерің келсе, мә, мынау айтады, өз қолымен жазылған,— деп бізге бір дәптер ұсынды.


Міне, менің қолымда тозығы жеткен ескі дәптер. Жиектері жырым-жырым. Қара қарындашпен жазылған жазулардың кейбір жерлері өшіп, көмескіленіп қалған. Бірақ өн нұсқасы түгел нелер қолды көріп, нелер қолдан өткен жүдеу дәптерден сыр тыңдадық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу