👈 қаріп өлшемі 👉

  30.04.2021
  572


Автор: Мұқан Иманжанов

Баубек Бұлқышев өмірбаяны

(Қысқаша өмірбаяны)


Әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сенген, жастай кеткен Баубек Бұлқышевтың шағын өмірі әрі аянышты, әрі қызықты. Жаңа сілтеп келе жатқан қаламы еске түссе өкініш келеді, дауылды өмірі, ерлік ісі еске түссе бойыңды мақтаныш билейді. Оның өмірі — нағыз совет жасының өмірін елестетеді.


Ол 1916 жылы Ұлытаудың баурында (Қарағанды облысы ) туды. Алғашқыда ауыл мектебінен оқып сауатын ашты. Бұдан былайғы оқуына жақын туысы Сейтжан Смаилов деген мұғалім көп ықпал жасайды. Бұл кісі Ұлы Отан соғысы жылдарында, Ұлытау поселкесінде оқытушы болып жүріп қайтыс болды.


Баубек жастайынан алғыр, өжет болып есті. Қалада оқып, білім алуға ұмтылады. Жоғарыда айтылған ағасының көмегімен 1932 жылы Қарсақпай заводындағы фабрика-завод училищесіне келіп оқуға түседі. Нақ осы жылы әкесі мен шешесі қайтыс болады.


ФЗУ-ды бітіргеннен кейін Баубек 1933—1934 жылдары «Ұлытау» совхозында түрлі шағын қызметте болды. Осы уақыттан бастап ол көркем әдебиетті құмарта оқуғa кірісті.


Түрлі әзіл өлеңдер жазып жүреді. Бірақ бұл кәсібін құнттамайды, жазғандарын сақтамай ескерусіз қалдыра береді.


1935 жылы августың орта кезінде Баубек оқу іздеп Алматыға келеді. Институтқа түсерлік тиісті білімі болмағандықтан техникумдардың бірін қалауға тиіс болады. Өзімен бірге келген ересек жолдастары оған есеп - экономика техникумына түсуіне кеңес береді, осы кеңес бойынша техникумның даярлық курсына түседі. Ол алғашқы жылы сабақты жақсы оқиды. Сонымен катар, көркем әдебиетті, әсіресе орыс тіліндегі әдебиетті оқумен айрықша шұғылданады. Өлең жазуды да шыңдап қолға алады. Түні бойы кітапқа үңіліп, көрер таңды көзімен атқызып жүрген күндері де аз болмайтын.


Әдебиетпен шындап айналысқан Баубек техникумның екінші курсында есеп қызметкері болу мамандығынан мүлде суып, оған селқос қарайтын болады. Уақытының көбін әдебиетке арнап, соның қызығына түседі. Қызға арнап өлеңдер шығарады. «Балалалық шақ» деген поэма, «Ауылдан Алматыға» деген ұзақ әңгіме жазады. Бірақ бұл екі еңбегінен, «нашар нәрселер» деп, артынша өзі тез жерінеді. Ешкімге көрсетпей, тығып тастайды. Қазір бұл екі еңбегі қолда жоқ. Өзінің жыртып тастауы да ғажап емес.


Баубек бұл жылдары әлеуметтік тақырыпқа да өлеңдер жазып жүрді. Бұл жазғандарын «Лениншіл жас» газеті, «Қазақ әдебиеті» (қазіргі «Әдебиет және искусство») журналы сияқты баспасөз орындарына ұсынып кергені де бар. Бірақ басылып шыққаны болған жоқ.


«Осы техникумды қоямын-ау деймін. Бір редакцияға өлең апарсам, соңындағы адресімді көріп, бетіме тесіле қарайды. Бухгалтер мен ақындық бір жерге ауыл-үй қонбайды ғой дегендей болады бұл қарасы», — дейтін әрі әзілдеп, әрі ренжіп.


Рас, оның бұл кездердегі жазғандарының көпшілігі шын мәнінде өлеңдік дәрежеге көтеріле алмаған, жаңа талаптың алғашқы аңғал адымы еді.


1938 жылы техникумның екінші курсын бітіріп, жазғы каникулда елге бармастан қазақтың мемлекеттік баспасында іс басқарушы болып уақытша қызмет істейді. Осында жүріп «Айсұлу» атты ұзақ поэмасын бітіреді. Бұл поэманы кейбір жеке ақындар ұнатады. Сол кездегі баспаның директоры ақын Ә. Сәрсенбаевтың ұсынуымен Баубек Қазақстан Жазушылар ұйымының жанынан ашылған жас ақын жазушылардың екі айлық курсына алынады. Бұл курсқа алынған соң, ол техникумнан арыз беріп босанады. Курсты сол жылы 30 ноябрь күні бітіріп, Жазушылар ұйымының жолдамасымен «Лениншіл жас» газетіне барып, әдеби қызметкер болып орналасады. Мұнда біраз істегеннен кейін «Октябрь балалары» (қазіргі «Қазақстан пионері») газетіне балалар творчествосы бөлімінің меңгерушісі болып жоғарылатылады. Осы жылдары ол бірнеше өлең, әңгіме, әдеби мақалалар жазады, орыс ақындарынан аудармалар жасайды. Бүл еңбектерінің бір қатары «Октябрь балалары», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Пионер» журналында басылып шығады. «Октябрь балаларында» 1940 жылдың февралына дейін істеп, сол айдын 28-і күні армияға алынып, Москваға кетті. Онда саперлар даярлайтын училищеде оқиды.


1938-1940 жылдар жазушының болашақ кен өрісіне іргетас болып қаланды. Жазушылыққа мол негіз салды. Бұл жылдардың көбін ол Алматының кітапханасында том оқумен өткізді. А. Пушкин, М. Лермонтов, Л. Толстой, А. Чехов, М. Горький, Байрон, Шиллер, Гете, Шекспир сияқты ақын-жазушылардың шығармаларын терең зерттеп оқуды күнделікті әдетіне айналдырды. Философия, тарих сияқты әлеуметтік басқа ғылым саласымен шындап танысуы да осы кезден басталады. «Жазу үшін білу керек екен, көп білу керек екен. Мен осыны мықтап ұғынған сияқтымын» дегенді ол жиі айтатын болды.


Баубек қанатты ой иесі, арманшыл жас еді. Ол шат өмірді, жастық дәуренді, қажырлы күресті, қаһарман халықты, жүрекке нұр құйған заманды жыр етуге асықты. Ұлы іс ұлы жырды керек ететінін жақсы сезінді. Ал ұлы жырды бір ғана талант пен елді сүйген жүрек қана емес, арнасы мол білім тудыратынын ұқты. Сондықтан да ол: «Жазуға асықпау керек, білуге асығу керек», — деп білді.


Көлем жағынан шағын, маңыз жағынан үлкен бұл еңбектің авторы политруктың орынбасары Баубек Бұлқышев еді.


Баубектің осы еңбегі оның соғыс жылдарындағы творчествосының бастамасы болды. Отандас құрбылары оны бірден таныды. Майданнан, тылдан, Совет Одағының барлық түпкірінен оған хат жауды. Бұл хаттарында олар: «Сен біздің бәріміздің жүрегіміздегі сөзді айттың», — деп сүйсінді.


Жау Кавказға төнді. Отанымыздың оңтүстік аудандарында қиян кескі ұрыс басталды. Жас ұлан, жауынгер жазушы «Тыңда, Кавказ» деп саңқылдады.


Отан соғысынын тарихындағы ең сұрапыл және шешуші 1942 жылда Баубектің үні осылай шықты. «Комсомольская правда» мен республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті беттерінде оның еңбектері үзбей басылып турды. Ол екі тілде: орыс, қазақ тілінде жазды. «Мен өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Ескі карта туралы ойлар» сияқты еңбектерін газет бетінен оқушы жұртшылық құмарта оқыды. Баубектің жазғандарын совет жастарының сүйіп оқығанын оның өз хаттарынан - ақ айқын көруге болады. «Өмір мен өлім туралы» әңгімесінің газетте жариялануына байланысты бір хатында былай деп жазады. «Комсомольская правда» арқылы патриоттардан статья жөнінде кеп хат алдым. Әсіресе украин мен белорустың қыздары кеп жазады. ...Мен бұл кішкентай статьямен жастардың жүрегіне қобыз ойнатсам керек...» «Мен өмір сүргім келеді» деген әңгімесі жарияланғаннан кейін жазған бір хатында: «Мені хат деген басып кетті. «Өмір сүргім келеді» туралы Совет Одағының бұрыш-бұрышынан 200-ден аса хат алдым», — дейді. Бұл хаттардың көбі сақталмаған. Қолда қазір не бары бірнеше - ақ хат бар.


Орыс әдебиетінің ізгі дәстүрінен үйреніп, жана қанат қағып келе жатқан дарынды жас кемеліне келе алмай кетті. Казак совет әдебиеті үшін тың арна — жалынды публицистикадан бастап, күрделі прозаға, романға бет қойып келе жатқанда 1944 жылы март айында Ново-Юльевка селосында Отанының азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте қаза болды. «Алматылықтар» деген соғыс тақырыбына жазылған үлкен романы аяқталмай қалды.


Соғыстың сұрапыл өрті ішінде жауға қарсы ұрыста жүріп, окоптарда білте шамның жарығымен, кейде айдың сәулесімен жазып та Баубек әдебиет майданында едәуір еңбек етіп кетті. Оның 1943 жылы Алматыда «Заман біздікі» деген әңгімелер жинағы шықты. Осы жылдың басында таңдаулы өлеңдері мен әңгімелерінің жинағы басылды.


Жауға қарсы қаруымен бірге қаламын да жұмсаған Баубек советтік отаншылдықтың тамаша үлгісін көрсетті. Оны совет мектебі, комсомолы тәрбиелеп өсірді. Лениншіл жастар одағы оны даңқты партиямыздың қатарына қосты. Саналы, азат өмірдің құшағына бөлеген, өшпес бақытқа бөлеген советтік Отанын ол жанындай сүйді. Оның болашағы жолында азаматша қызмет етіп, азаматша күресті, азамат өлімімен қаза тапты.


«Н. Островский өз өмірін жаман өткен жоқ деген. Сонда ол он жеті рет атакаға қатысқан, азамат соғысының мықты күресшісі болған. Күреске сіңген еңбектерін қорыта келіп өмірін тек өтпеген деп шешпей ме. Міне, өмір — күресте. Мен де солай ойлаймын... асылы, алысып өлген адамның өлімі — өмір», — дейді патриот жауынгер жазушы.


Ақтық минутына дейін еліне, Ленин партиясының ұлы ісіне шексіз беріліп, мүлтіксіз қызметпен совет армиясында қатардағы жауынгерден аға лейтенантқа дейін өскен, коммунист жазушы Баубек Бұлқышевтың қысқаша өмір жолы, міне, осындай.


1949 жыл.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы