Өлеңдер ✍️

  30.04.2021
  422


Автор: Юсуф Шұғай

Алаш Орда

Ашылса бағымдағы гүлдің бірі,
Сайрасын тілімдегі жыр бұлбұлы.
Барша Қазақ халқына құтты болсын!
Келіп жеткен Алаштың жүз жылдығы.

Кімге мәлім осынау дала сыры?
Осында өткен пенденің һәм, асылы.
Толтырып тарихтың парақтарын,
Тау мен тасты жаңғырытқан Алаш үні!

Бабам ерік бермеген сан асуға,
Сен қазақсың, биік бол,аласарма!
Қазақтың кім екенін тану үшін,
Жетіп жатыр айбынды Алаш орда.

Біз бүгін Алашпенен мақтанамыз.
Алаш десе ұрандап аттанамыз.
Алаштың ерлеріндей жігер керек,
Лайық болу үшін қазақ деген атқа нағыз.

Ұлтын сүйген Алаштың арыстары,
Дұшпанының алдында қарыспады.
Елдік туын көтерген, теңдік туын,
Алаш орда қазақтың арыстаны.

Олардың ойлағаны халық қамы.
Тәуелсіз бір ел болубар ұққаны.
Ұлт үшін бар өмірін құрбан етіп,
Ұлт үшін күресуден жалықпады.

Ел басына күн туған ала бөтен .
Ұрпақ қамы әркімге алаң екен.
Қазақтың бар болуы,жоқ болуы,
Сынға түскен, сындарлы заман екен.

Теңдік бермей ұлтымның баласына.
Ірткі салып қазақтың арасына .
Сүмеңдеп сұқтанғандар көбейіпті,
Қазақтың ұлан-байтақ даласына.

Сол заманда Алаштың батырлары.
Міржақып Дулат сынды ақындары.
Елін қорғап,ұлтына ұйытқы болды,
Әлихандай қазақтың асылдары.

Атқа мініп Алаш деп, ұрандапты.
Ұлт қамы үшін бір сәтке тұралмапты.
Қолға байлау дұшпаны салғанымен,
Алаш орда рухын жығалмапты.

Жала артылып,кисе де қара шекпен,
Күн кешті ақыл,қайрат парасатпен.
Қара тұман астында қалғандарды,
Дәл осылар шынайы Алаш еткен.

Дәл осылар көзден жас тамшылатқан,
Дәл осылар өткен мол, сан сынақтан,
Дәл осылар ұйқыда жатқандардың,
Арқасынан «оян!»-деп қамшы қаққан.

Көру үшін ұлтының ғажап күнін,
Аяққа таптатпады азат туын.
Рухы өлмес бабаларым тұрған кезде,
Осал деп айта алады қазақты кім?!

Ел үшін арпалысып тауқыметпен,
Жасқанбады сан соқпақ,сан түнектен.
Сол күрес,сол құлшыныс,сол адамдар,
Қазақтың болашағын жарқын еткен.

Олардың өмірінде әр кешірме,
Қазақ үшін барды олар қан кешуге.
Аласармас еңсесі Алаш орда,
Осы күнде қазақтың мәңгі есінде.

Жүрегі отан десе елжіреген,
Ұрпағымын Алаштың мөлдіреген.
Жаратқанға мың алғыс! шүкір деймін,
Қазақ болдық көк туы желбіреген.

Алаш жыры сен неткен өткір едің.
Жүрегімді оятты отты демің.
Егемендігі елімнің осы күнгі,
Алаштың ақ тілеуі деп білемін.

Елдігі отанымның аман болсын .
Алаштықтар аңсаған заман ғой шын.
Жүз жылдығын тойлаған Алашымның,
Мың жылдығын тойлайтын заман болсын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу