Өлеңдер ✍️

  30.04.2021
  404


Автор: Балғынбек Имашев

"Дикий Арман" Нұржанға

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев Айнұр Тұрсынбаеваның жолдасына өлең арнады. Дубайда қазақ бауырларға дастархан жайған Нұржан Иманәлиевті қуанышымен құттықтады.


Жетпейтін қасиетін жырлауға тіл,


Бүгінгі дастарханда бір мән жатыр.


Дубайда қазақ рухын дүбірлеткен,


Думаның құтты болсын, Нұржан батыр!


Ит жалап кетпесін деп ел ырысын,


Намысты байрақ еттің елің үшін.


Алаштың жауға сілтер алдаспаны,


Ақынның құдай қосқан серігісің.


Көкжалмен жолдас болса шын Абадан,


Қаптайды өткізгіштер қыл арадан.


Бағасын білетұғын бір басыңның,


Шын досың артық кейде мың ағадан.


Болғанда бірің – барыс, бірің – арлан,


Әлсіздің қорғаны ғой, інім – Арман!


Жарқырап ақ алмастай болу үшін,


Сынайды қиындықпен құлын Аллам.


Арманның айбатына қосып айбар,


Құя бер рух, намысқа осылай нәр.


Жетім мен жесірлерге пана болып,


Жәннатта пайғамбардың досына айнал!


Басыңа жаумас үшін бәле кенет,


Дұғаңа ықыласты дәнекер ет.


Ешқашан, бір Аллаға серік қоспай,


Әрқашан тек Аллаға Тәуекел ет.


Жарыңа жақсылықты жиі нұсқап,


Жаныңа сүйіктіңнен сүйініш тап.


Аққуын Айтысымның аялап өт,


Ақ туын ақиқаттың биік ұстап!


Рахманнан жұбайларға не тілейін?


Жасауға сырттай дұға бекінейін…


Екеуін тату ет деп жалбарынып,


Айыбын ғафу ет деп өтінейін.


Тағдырға әр кез сабыр ете білген,


Пенденің дәрежесі көтерілген.


Алаштың ұлы болып өмір сүр де,


Алланың құлы болып өт өмірден!


Өзіңнен Алланы артық сүй, бәрін бер,


Адамды тірі күнде сыйлап үлгер.


Әлемде одан асқан бай болмаған,


Жұтыпты Қарынбайдың жиғанын жер.


Үлгі етсін кірлемейтін иманыңды ел,


Ел үшін керек болса қи жаныңды, Ер!


Анаңды разы қылып Ақыретте,


Алланың Мінсіз, Сұлу дидарын көр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу