Өлеңдер ✍️

  29.04.2021
  3919


Автор: Асылзат Арыстанбек

Эротикалық өлең (2)

Алды-артыма қаратпай,
Алып есті,
Өңменімнен
Отты көз тағы тесті.
Дәл өзіңдей көрмеппін дәруішті,
Дәл өзіңдей көрмеппін жарыместі.

Алқын-жұлқын,
Аймалап,
Алып-ұшып,
Аппақ тәнге
Арғы ойың шағылысып.
Қалыпсың ғой кенезең кеуіп әбден,
Қалыппыз ғой керемет сағынысып.

Желкемдегі жеті өрім шашым тарқап,
Жақындасаң тартады бойым шалқақ.
Бұрын неге болғанбыз тым бұйығы,
Бұрындары болғанбыз неге қорқақ?!

Шарықтады шат көңіл,
Шөлін басып,
Қос бұлақтан кеткендей лағыл тасып.
Бар жынынан айрылған бақсыдайсың,
Қарауға да шамаң жоқ көзіңді ашып.

Осы түнге байлық та,
Бақ та құрбан,
Күліп атқан айналдым ақ таңымнан.
Жарық күнде жай түскен жалғыз талдай,
Жайрап қалдым қауындай қақ жарылған.

Найзағайың тік түсіп,
Кеттім күйіп,
Нөсердейін сонан соң төктің құйып.
Қаймағы алынбаған сүттей едім,
Бір қасық қатығыңнан кеттім ұйып.

Тылсымның шым батырып тереңіне,
Түсінсең, бәрін айтып керегі не?
Жарты түн
Жарты ақылмен өте шығар,
Жарығы тереземнің сөнеді де.

Ернімнен,
Бал сорасың бармағымнан,
Құдай-ау, тез атады таң неғылған?
Қайраңға шығып қалған ақ шабақтай,
Шоршиды ақ балтырым қармағыңнан.

Шие шарап,
Шие ерін,
Ширай денем,
Шын қандырмай шөліңді қинай берем.
Сенің де бойға сыймай ыстық қаның,
Менің де өз теріме сыймай денем.

Көтеріліп-басылып көрпе көңіл,
Қимылымыз епсекті, ерке-жеңіл.
Мен керілдім,
Берілдім бас айналып,
Бәрін мүлде ұмытып сен де беріл.

Бірте-бірте бәсеңсіп бүлкіліміз,
Балбыраймыз баладай,
Күлкіліміз.
Құшағымыз қарысқан жазыла сап,
Құшақтаса кетеді кірпігіміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу