25.04.2021
  179


Автор: Сағат Әшімбаев

Ақын жанын жабырқатқан жайлар

  Бір кісі емес, жазғаным жалпақ жұрт қой,


                                                       Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.


                                                       «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,


                                                       Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.


Абай


I


Тегінде адам табиғатынан күрделі еш нәрсе жоқ шығар. Содан да болар осы бір жұмбақ әлемнің ашылмаған сырлары әлі де аз емес. Ал ашылған сырлары өмірдің мәнін тереңірек түсінуге септігін тигізетіні анық. Басқа басқа, осы ретте адам табиғатын жан-жақты ашудағы адамтану ілімінің «атасы» — әдебиет атқарып келген, атқара беретін міндет айрықша.  Әдебиеттегі әркімнің орны да оның адамтану іліміне әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қосқан жаңалығының мән-маңызына қарай айқындалады. Сондай-ақ әрбір көркем шығарма адам болмысындағы қалтарысы көп қат-қабат психологиялық қайшылықтарды қалтқысыз ашқан сайын оқушы сүйіспеншілігіне бөлене түсетіндігіне сөз жоқ.


Асылы өмірде «көп нәрсені білмеймін» деп мойындай қоятын пенде аз болар. Абайдың сөзімен айтқанда «адам ғапыл» бәрін білем деп жүріп, білместіктен қателесетіндігін өзі де сезбей қалатын сияқты. Бұл жалпы жұмыр бастыға тән әрі нақты адам мінезінің табиғатын танытатын бір ғана жайт. Сөйтсе де осының өзінен өмірдегі көптеген шырғалаңға толы шындықтардың сыр ұшығын көруге болады. Өйткені, білем деп ойлап, білмей қателескендіктің салдарынан адам баласы тағдырдың тәлкегіне көбірек тап болатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді.


Бәріміз де Абайды бір кісідей білеміз деп ойлаймыз. Тіпті қайсыбірімізге әлдекім «сен өзің оны жақсы білмей-ді екенсің ғой» деп айтып қалса, шамданып, «шалқамыздан түсе» жаздайтынымыз да бар. Сол ұлы Абай поэзиясы ұлылығының бір сыры — адам танудағы болуы мүмкін қателесуден, яғни соның соқтықпалы салдарынан орынсыз опық жеуден, жазықсыз жапа шегуден сақтандырады! Бұл қызықтыру үшін айтылған қызыл сөз емес.


Шындығында да Абай поэзиясының адамтану мен адамтанытудағы рөлі бүгінгі таңда тіпті айрықша. Ол адамды әр түрлі қателесулерден сақтандыру арқылы бәрімізге де көл-көсір көмегін тигізіп келе жатқан ақындардың ақыны.


Осы жерде «сақтандырғаны қалай, көмектескені несі?» деген сұрақтың тууы әбден мүмкін. Мүмкін ғана емес, сондай сауалдың қойылуы занды да.


Бұған берілер жауап қашан да біреу. Шын мәніндегі көркем творчестволық туынды адамдарға риясыз таза көңілмен рухани көмектесуді көздеген әрі өзінен гөрі өзгелердің бақытты болуын ойлап басы қатқандардың бойындағы азаматтық асыл идеядан, адамгершілік терең парасаттан туындайды. Көмектесу деген көп мағыналы сөз. Біз бұл жерде оны өмірдегі жақсылықты әсірелеу, жамандықты әшкерелеу арқылы көмектесу мағынасында қолданып отырмыз.


Адамның азаматтық қасиеті өз қара басына емес, басқаға жасаған қайырымдылығымен өлшенетіні сияқты, ақынның парасаттылығы да адамгершілікті қорғауға, ізгілікті қолдауға, жалпы өмір тануға қосқан қомақты үлесімен өлшенеді. Ал оның ащы айтып ашындыра алмауы, тұщы айтып тұшындыра білмеуі жеке басындағы азаматтық ой-сезімнің жұтаңдығымен тікелей байланысты. Ақын ең алдымен адам. Ол игі ісімен шын мәніндегі азаматтықтың озық үлгісін көрсете білсе, сонда ғана ақын бағының жанғаны. Сондай азамат ақын әманда алмас сөзді алдаспан қару ретінде пайдаланып, өмірдегі, адам мінезіндегі, күнделікті тіршіліктегі жамандық атаулымен жағаласып өтеді. Сол өз кезіндегі жамандық атаулыны өлеңмен өртеп, өңешін суырып берген Абай поэзиясы өзінің азаматтық, адамгершілік қасиеттерімен бүгін де қастерлі.


Өткендегі нәрселер өткенмен бірге із-түзсіз кет-пейді! Бүгінгі — кешегінің жалғасы, өткеннің салдары, болашақтағының себепшісі. Өмір диалектикасына жүгінсек, ғайыптан пайда болатын еш нәрсе жоқ екен, кешегі мен бүгінгі, бүгінгі мен ертеңгі — бәрі де бір-бірімен табиғи да, тарихи да тұрғыдан байланысты. Сондықтан да Абай поэзиясында әшкереленген жамандық құбылыстар сол өткен уақыттың өткелінде біржолата қалып қойды деп қарау барып тұрған жауапсыздық болар еді.


Жамандық атаулының «жаны сірі» екенін айтып қана қою жеткіліксіз және оны көрмегенсіп, жасырып-жапқан сайын жақсылықтың рухы жасып, жалыны кеми беретіндігін ұмытпаған жөн.


Адам өткенге қарап өседі, бүгінгіге қарап бой түзейді, болашақты болжап күн кешеді. Өткенге қарап өсу, кеткендерді келемеж ету үшін емес, өткен-кеткендердің кереметін алып, керегі жоқ кемшіліктерін қайталамау үшін қажет. Өкінішке орай, бүгінгі кейбір кердең мінез замандастар бойынан, кешегі Абай бейнелеген типтердің мінез-құлқын, іс-әрекетін, таныс-бейтаныс бейнесін көріп қалып жүретініміз жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде Абайды қайта оқудың, ақын өлеңдерін дүркін-дүркін сөз етудің ерекше тәлім-тәрбиелік мәні бар. Біз еш уақытта да адам тіршілігінің сыртқы формасы уақыт рухына сай жиі-жиі өзгеріске ұшырап отырғанымен, байырғы ішкі мазмұны сан ғасырлар бойы қалыптасқан қасаң «қағидаларын» салбөксе сараңдықпен сақтауға тырысатындығын естен шығармауымыз керек сияқты. Бұдан адам тіршілігінің мазмұны замана өзгерісін мүлде қабылдамайды деген бір жақты қорытынды жасаудың реті жоқ. Қай уақытта да заман тез түзелгенімен, жаман тез арада түзелмейтіндігін баса айтқымыз келеді. Демек, адам табиғатындағы Абай көрсеткен кеселді кемшіліктер, жаныңды жабырқататын жарамсыз мінез, жат қылықтар ақын өткен уақытпен бірге өтіп кетпегендігін еске алып отыру — жамандыққа есе жібермеуді көздеу деп білеміз.


Осы көзқарас тұрғысынан қарағанда Абай поэзиясы адамды жамандықтан сақтандыру арқылы жақсылықтың үстемдік алуына, сарбаз сананың салтанат құруына рухани көмектесіп келе жатқан, көмектесе беретін поэзия. Ақынның толғауы тоқсан сазды толғаулары кешегіні бүгінгіге танытып, бүгінгіні кешегінің кешірімсіз кем-кетігінен аулақ болуға, кеселі көп кемшілігін қайталамауға үндейтіндігін айтпасқа болмайды. Оның бүгінгі күнге тікелей қатыстылығының өзі осынау моральдық зор мәнділігінде жатыр. Түптеп келгенде манадан бері сөз етіп отырған рухани көмектесу дегеніміз адамды кез келген адамшылыққа жат нәрседен сақтандыру болса, ал сақтандырудың өзі шын мәнінде рухани көмектесу емес пе?! Олай болса, осындай этикалық әрі эстетикалық ерекше қасиеті үшін Абай поэзиясына сыйынбайтын, оны сыйламайтын жан кемде-кем шығар.


 


Асыл сөзді іздесең,


Абайды оқы, ерінбе.


Адамдықты көздесең,


Жаттап тоқы көңілге!


Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қаламынан туған бұл жолдар күллі Абай поэзиясының құдіретін түсінуге бағыт сілтеп, бағдар нұсқап тұрғандай. Асыл сөз іздемейтін, адамдықты көздемейтін адам аз шығар. Ал екеуін де Абайдан табасың, сондықтан да «Абайды оқы, ерінбе» деген сөздің растығын уақыт өзі көрсетіп келе жатыр. Осынау дүбірлі дүниеден ширек ғасыр ғана дәм татқан талантты ақын Сұлтанмахмұттың осынша тауып айтқандығына тағзым етпеске әбдің қалмайды.


Жалпы Абай творчествосының алтын діңгегі адамгершілік тақырыбы екендігіне қол қоймайтын ешкім жоқ. Бұл мәселені кемеңгер М. Әуезовтен бастап басқа да кемелдердің бәрі де бірауыздан мақұлдаған. Сондықтан да осы арада сол пікірлерді қайталап жатудың қажеттігі аз сияқты. Біздің мақсатымыз — ақынның аталған тақырып арқылы адамтану іліміне қосқан гуманистік, азаматтық қыруар үлесінің бірер қырына бүгінгі күннің тұрғысынан тағы да бір рет аз да болса оқушы назарын аудару.


 


Адамгершілік! Бұл сөздік қорымыздағы сөлі ерекше, мәні мәңгілік айқын, салмағы пара-парсыз парасатты сөз. Сөз ғана емес, адамның ең асыл қасиетін анықтайтын бірден-бір аяулы ұғым. Ұғым ғана емес, тіршіліктің мәнін, дүниенің сәнін төрттағандап ұстап тұрған ең ұлы принцип. Шынын айтқанда, жеке дара принцип қана емес, заңның да, заманның да, адамның да құдіреттілігін танытатын ең ұлы күш! Өйткені адамгершілікке негізделген жерде не нәрсеге де құдірет даритындығы мәлім.


Осы ұлы күш — адамгершілік қасиет жеке адамның ғана басындағы емес, жалпы қоғамның да қордалы байлығы.


Ал оның белгілі бір адамдар бойындағы аздығынан айналасындағы адамдарға ғана емес, қоғамға да тиетін кесірі көл-көсір. Олай дейтін себебіміз, бір кесірлі адамнан көп адамға тиетін зиянның шексіз болатындығын еске алсақ, адамдық қасиеті тапшы бір адамнан көп адам зор зардап шегуі мүмкін. Мәселен, тарихта ойы олақ, сезімі шолақ оспадар бір адам соғыс бастап отырған да, ал қарапайым халық бостан-босқа қырылып, шығынға ұшырап келген ғой. Халық еш уақытта соғыс бастамаған, тек жекелеген соғысқұмар сойқандардың кесірінен келеңсіз кесапатқа душар болып отырған. Ондайлар көктен түспеген, олар да анадан туған, тек олардың қанында адамға деген сүйіспеншіліктің орнына, керісінше қара ниеттілік сезім басым келеді екен. Міне, бұл жағдай теориялық тұжырым ғана емес, өмірдің өзі дәлелдеген, ғылым растаған тарихи нақты фактілердің негізінде айтылып отыр. Бұдан шығатын қорытынды: адамға деген сүйіспеншілік сезімі жоқ, яғни бойында адамгершілігі жоқ адамның қолына билік тиюі, былайша айтқанда, қауіпті қару тиюінен асқан қатер жоқ екен! Сондықтан да ең қауіпті адам ар-ұяттан ада, адамгершіліктен жұрдай адам… Бар жаманшылық атаулыны тек солардан ғана күту керек.


Енді осы жерде ерекше атап айтатын нәрсе, өмірдегі сорақы құбылыстарды анықтап, айғақтап беру арқылы жамандықтан сақтандырудағы әрі онымен күресуге үндеудегі сөз атасы әдебиеттің рөлі тіпті айрықша. Бұл жалпы әдебиет атаулының адам тәрбиелеудегі, және адамгершілік байлықты молайтудағы ең негізгі эстетикалық, этикалық міндеттерімен тікелей байланысты. Қысқасы, қоғамдағы орны бөлек орасан дүние адамгершілік байлықтың ортаймауына жауап беретін бірден-бір рухани ұлы күш әдебиет болып келген, солай болып қала береді де.


Адам бойындағы адамгершілік байлықтың — шын мәніндегі ең үлкен қоғамдық рухани байлықтың азая бастауын ешбір табиғи қазына байлықтың молдығымен алмастыруға болмайды. Бұл жердің үлкендігі халықтың рухани мәдениеттің үлкендігіне кепіл бола алмайтындығына немесе халықтың ұлылығы санының аз, көптілігімен өлшенбейтіндігіне ұқсас нәрсе.


Тағы бір көңіл аударатын жай, алтын мен алмастың, жалпы асыл металдардың аздығы, керісінше кейбір керексіз дүниелердің көп болатындығы сияқты, жамандыққа қарағанда жақсылық қашанда аз болып, соған орай жамандықтың жалпылдап жүрмейтін, кездеспейтін жері жоқ екендігін де ұмытуға болмайды.


Міне, Абай поэзиясы сол жамандық атаулының түрі мен түсін анықтауға және оның себептері мен салдарын түсінуге, сондай-ақ осы аморальдық құбылыстың туатын, дамитын тұстарын дәл көрсетіп әрі одан сақтандыруда ерекше көмегін тигізетін поэзия!


Абай поэзиясының қат-қабат келетін моральдық-идеялық пафосы бойынша қарағанда ер мен езді, асыл мен масылды, жақсы мен жасықты айырудың жолын ең алдымен өмірдегі жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресінен ежелгі ескі тартысынан іздеу керек деген ой туады. Ақын өлеңдері жақсылыққа, әділдікке, тазалыққа, адалдыққа іңкәрлік сезім жоқ жерде — адамға деген махаббат, адамгершілікке деген сүйіспеншілік, шындыққа деген құштарлық жоқ екендігіне күмәнданбауға үндейді, әрі сендіреді. Сондай-ақ, кісі баласына тек жақсылық тілейтін, одан басқа еш нәрсе ойламайтын, қолынан келсе жақсылық жасауға тырысатын адамнан еш уақытта жаманшылық келмейтіндігіне әрі ондай жанның адамгершіліктің ақ жолын ешбір жағдайда аттап өтпейтіндігіне қалай сендірсе, жамандыққа он оралып, жаны жақын жүретін пендеден ешбір кезде жақсылық күтуге болмайтындығына да солай құлата сендіреді.


Жалпы Абай творчествосындағы адамгершілік концепцияға үңілетін болсақ, ақын өмірдегі жақсылық пен жамандықты айыра білуге адамдықтың алғы шарты ретінде мән бергенін байқауға болады. Ақын ұғымында жақсыны тану — жақсылықты қолдау деген сөз, ал жақсылықты қолдай білмеу — жамандықтың отына май құюмен бірдей екен. Шындығында Абайдың бұл концепциясы кім-кімді де терең ойға қалдырады, әрі бүгінгі күні де терең мәні бар екендігіне мойынсұнта түседі. Жақсылықты айыра білу дегеннен шығады, мұның өзі өмірдің көрсетіп келе жатқанындай, жеке адамның тағдырына ғана емес, бүкіл ұлттың рухани дамуына, адамгершілік парасаттың салтанат құруына да тікелей қатысы бар. Жақсылықты тап басып, танымаудың, оны дер кезінде бағаламаудың өзі жамандықтың басы екендігін дәлелдеп жатудың қажеті бола қояр ма екен? Жақсылыққа қарсылық жамандыққа жол ашатындығын қашанда ұмытпағанымыз жөн. Сондай-ақ, жамандықты жалма-жан ауыздықтап отыру — жақсылықтың үстемдік құруына жағдай жасайтындығын үнемі есте ұстау, бұл принципті іс жүзінде басшылыққа aлy — ұлттық адамгершілік кемелдіктің басты белгілерінің бірі болса керек.


Осы тұста Абайдың бәрімізге де жақсы таныс болуға тиіс мына бір жолдарына назар аударып көрейікші:


Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,


Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.


Жақсы менен жаманды айырмадың,


Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.


Бұл шумақты білмейтін немесе оқымаған иісі қазақ оқушысын табу қиын шығар. Мәселе мұнда емес. Мәселе осы шумақты оқығаннан кейін бізге қандай ой келгендігінде, сол ойдың күнделікті тіршілігімізді түсінуге, болмаса оны өзгертуге, жақсартуға, яғни ұлттық, адамдық сана-сезіміміздегі қайшылықтың сыр-сипатын түсінуімізге тигізген ықпалы мен әсерінде. Егер осы айтылғандар жоқ болса онда оны оқығанбыз деп омыраулағанның, білеміз деп біліктілік танытқанның түкке де қажеті жоқ. Мәселе бұл өлеңді «әрине, білемізге» салып, іштей білімсіздігіңді білдіртпеуде емес, барлық гәп сонда — осы шумақтағы тек әрқайсымыздың жеке басымыздағы ғана емес, бүкіл ұлттық мінезіміз бен психологиямыздағы кемшілікке қатысты айтылған сын мен ойды терен түсінуде. Түсінгендігіміз сол — «жақсы мен жаманды айырмайтын» ұлттық кемшілігімізге байланысты сыншыл ойдан қорытынды шығара білуімізде, яғни аталған кемшілікті бүгінгі тіршілігімізде қайталамауда, оған жол бермеуде емес пе?!


Бұл өлең, нақтылы деректерге жүгінсек, 1886 жылдың көлемінде жазылыпты. Содан бері жүз жылға таяу уақыттың жүзі болыпты. Әрине, аз мерзім емес. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда жер жаңа» дегендей, бақандай бір ғасырдың аралығында өмірде, табиғатта, қоғам дамуында, ақыл-ой дүниесінде көп өзгерістер мен жан баласы күтпегең жаңалықтар болмай қойған жоқ. Әйтсе де, жоғарыда Абайдың жанына батпаңдап батқан жамандықтан, «жақсы мен жаманды айырмау» сияқты бәрімізге ортақ келісімсіз кемшіліктен ат құйрығын кесісіп, үзілді-кесілді арылып болдық па?! Осы төңіректе әлі де көп болып ойланып көрейікші?!


Тағы бір ойланатын нәрсе, бас аяғы отыз жолдан тұратын осы өлеңінде Абай өзі анықтап айтқандай «қалың елі қазағы, қайран жұртының» ұлттық мінезіндегі кері кеткен келеңсіздік пен кесапаты басым біраз кемшіліктерді батыл көрсетуі және соның себеп-салдарын айқара ашуы арқылы өзінің халқын қалтқысыз сүйген ұлы ақын екендігін дәлелдеген еді.


Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.


Ақын мұнда «ұстара» деген сөзді тура мағынасында алып отырмағандығын айтып жатудың өзі артық. Мұндағы «ұстара» сөзі әлеуметтік терең сырды, өмірдің реалистік шындығын танытып тұрған әрі тың философиялық ойға негізделген поэтикалық образ. Абай бұл жерде ауыспалы мағынасында алынған ұстара деген сөз арқылы «қайран жұртының» бойындағы қайшылықтың себебін меңзеп тұр. Осынау образды сөзден туындайтын негізгі ой — тарихи, ұлттық, азаматтық, адамгершілік сана-сезім балаңдығы мен дәстүрлер жұтаңдығынан әбден арылмаған жағдайда «жақсы мен жаманды айырмау» келіп шығады деген күрделі ой. Ұстара сөзі екінші жағынан ұлттық сана-сезім мешеулігінің символикалық бейнесі екендігін де астарлап білдіріп тұрғанын аңғару қиын емес.


Басқа емес ұлы Абайдың, елінің ертеңін елден ерек ойлап күніне жүз тебіреніп, мың толғанған данышпан ақынның «қалың елі, қазағы, қайран жұртының» ең басты ерекше мінінің бірі ретінде «жақсы мен жаманды айырмағанын» атап көрсетуі тегіннен-тегін емес еді. Сондықтан да бұл мәселеге бүгінде атүсті қарауға құқымыз жоқ. Өткендегі нәрселер өткенмен бірге із-түссіз кетпейтіндігін ұмытуға болмай-ды. Әсіресе осы «айырмағандықтың» зауалды зардабынан туындайтын кесапатты құбылыстардың сыр-сипатын түсіну үшін аталған өлеңді толық оқу керек және оған толығырақ тоқталған жөн сияқты. Сөйтсе де, мына бір жайды алдымен айта кетейік.


«Жақсының, жақсылығын бетіне айт нұры тасысын, жаманның жамандығын бетіне айт құты қашсын» деген халықтың қанатты нақылында терең мән бар. Бұл өмір даналығының өздігінен даму заңдылығынан туған мағыналы сөз. Мағынасының тереңдігі сол, жақсының жақсылығын айту шынтуайтына келгенде жақсылықты дәріптеу деген сөз.


Ал жаманның жамандығын айту — жамандықтың тамырына балта шабу ғой. Яғни осылай жақсы мен жаманды айыру, түптеп келгенде ақ пен қараны айыру, ақиқатқа ара түсу, сөйтіп арамзалықтың жолын кесу — шындықтың қолын шешу деген сөз! Міне, сонда ғана әділдікке деген сүйіспеншілік жеңіп, адамгершілік салтанат құратындығы мәлім. Мұндай жағдайда асылдың орнына масыл таласпайтындығы, жақсының үлесін жасық иемденбейтіндігі, тұғырдың тұлпарға баланбайтындығы сөзсіз. Қысқасы, әркімнің ойының дәрежесіне сәйкес өз орнында болып, өз мүмкіндігіне лайық іс-әрекетімен айналысуы, әркімнің «шамасына қарап шалқайып, көрпесіне қарап көсілуі» айналып келгенде бүкіл ұлттың рухани дамуына даңғыл жол ашады екен!


Әркімнің өз жөнін білуі орынсыз оспадарлыққа толы, татымы жоқ тартыс, күрес, күндестіктен арылтады.


Сонымен Абай ұғымындағы «жақсы мен жаманды айырмаудың» салдары неге әкеліп соғатындығын айқынырақ елестету үшін жоғарыда келтірілген шумақтың жалғасына да көңіл аударған жөн сияқты. «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресіз» дегендей, ақын айтып отырған айырмай қараудың салдарынан туатын сорақы құбылыстар аз емес екен. Соның негізгілері ретінде ақын мыналарды ашына айтып, олардың сырын айқара ашып береді.


Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді.


…Бас-басына би болған өңкей қиқым.


* * *


…Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ.


 


* * *


…Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.


Міне, «жақсы мен жаман айырылмаған» жерде, осындай әдібі кеткен әдет, кертартпа, кердең мінез қалыптасады екен. Бұлардың қай-қайсысы да өмірдің өрге дамуына өре салатын, ұлттың рухын кері тартатын, шындықтың жолына шыңырау қазатын, адамгершіліктің төрдегі басын есікке сүйрейтін індеттен де жаман құбылыстар. Өзіңіз ойлап көріңізші, өз сөзінен басқа сөзді ұқпайтын адам өзінен басқаның қамын ойлап, өзгенің мүддесі үшін өзекжарды сөзін айта қояр ма екен? Ондайлар жөнінде Абайдың өзі «түзелмесін білген ез, түзу сөзге сенер ме?» деген ғой. Басқаның сөзін ұғынбау дегеннен шығады, бұл жайында да «қайран сөз, қайран тіл — наданға қадірсіз» деп өзі тамаша айтқан ғой.


Сондай-ақ, бас-басына би болған басқаны емес, бір семьяның өзін ғана көз алдыңызға елестетіңізші? Ондай семьяда бақыт құсы ұзақ қонақтай қояр ма екен. Әрине, би болуға, билік алуға ешкім де қарсы бола қоймас. Адам табиғатындағы осал буынның бірі де осында жатыр. Сөйтсе де бас-басымызға би болуға ұмтылудың өзі әлімізді білмей әлек болу екенін былай қойғанда, арыстанның айға шауып мерт болуын еске түсірмей ме? Ал өткен тарихтың тарауларын парақтай бастасақ, қай елдің де берекесін билікқұмарлық алғанына ондаған, жүздеген фактілерді қиналмастан табар едік.


«Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ» семьяда, елде, ортада жан сүйсінер жаңалық, жарқ еткен жақсылық бар дегенге кім сене қояр екен? Бірлік жоқ жерде шын мәнінде тірлік жоқ екендігін елестету қиынға соға қоймас. Осы орайда бірлік дегенге байланысты айта кететін маңызды бір нәрсе бар, ол рухани бірлік ұлттық сана-сезім кемелденуінің ең басты белгілерінің бірі екендігі. Абай атап көрсеткен, бірлік, береке, шын пейіл жеке адамның ғана желкенін желпілдетіп, мерейін көтеретін адамгершілік зор абырой ғана емес, халықтың да қасиетін үстемелей түсетін моральдық-этикалық ұлан-ғайыр ұлы байлық екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Демек, бұл қасиеттерді көздің қарашығындай қастерлеу қай-қайсымыздың да адамдық, азаматтық парызымыз.


Абайдың сөз болып отырған өлеңіндегі «күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын» деген жолдарын оқығанда ішің мұздап — күлімсі қылық, күншіл мінез ақын жанын жегідей жеп, арқасына аяздай батқаны ойыңа орала кетеді. Шынында да күндестік атты күйкі құбылыс еш уақытта да ешкімге де абырой әкелмеген ғой. Небір елім деп туған ердің де, етек-жеңі мол елдің де түбіне күндестік жетпей қоймаған. Күндестік етек алған жерде адамның ар-ұяты аяққа басылып, азаматтың арманы аяусыз жерленіп, елдің намысы мен халықтың қамы деген аяулы ұғымдар айдалада қалатынын ауық-ауық еске алып отырғанның ешбір ерсілігі жоқ сияқты. Күндестік бой көрсеткен төңіректе ең қауіптісі сол, болмай қоймайтын әйтеуір бір қылмыстың төбесі көрініп тұрады.


Дүниеде себепсіз ештеңе жоқ. Олай болса күндестік күйкі сезімнің тууының басты себебі неде? Бұл мәселеге байланысты Л. Н. Толстой ден қойғызар пікір айтқан екен. «Күндестік сезім, — деп жазады Лев Николаевич, — адамгершілік сезімнің азғындаған түрі. Сондықтан да ол сезім ой-санасы дамымаған кішкене адамдар мен ұлттық парасаты жетілмеген, рухы төмен ұлттардың басындағы балаңдық аурудың нәтижесі».


Демек, Абайдың «Күш сынасқан күндестікке» жан-тәнімен қарсы шығуының себебі түсінікті ғой дейміз. Оның басқа бір өлеңіндегі «бес нәрседен қашық болуға, бес нәрсеге асық болуға» шақыруы осы күндестік індетке жол бермеудің жолдарын көрсетіп бергендігі сияқты.


…Өсек, өтірік, мақтаншақ,


Еріншек, бекер мал шашпақ —


Бес дұшпаның білсеңіз.


Талап, еңбек, терең ой,


Қанағат, рақым ойлап қой —


Бес асыл іс, көнсеңіз.


Абай осы өлең жолдары арқылы «күш сынасқан күндестік» дерттің қалай туатындығын және одан қандай жағдайда аулақ жүруге болатындығын дөп бейнелеген. Өзіңіз ойлап қараңызшы, талап пен еңбек, терең ой мен қанағат, рақым бар жерде күндестік қайдан болсын?! Күндестіктің өзі күннің көзі түспейтін жылымшы жерде етек алатын жылбысқы ауруларды қоздыратын вирустарға ұқсас нәрсе. Яғни жақсы мен жаман «айырылмаған» кезде күндестік «ауру» өз-өзінен қозып шыға келеді. Бір сөзбен айтқанда, күндестік сияқты күйкі сезім ойының орамы жоқ, сөзі сөлсіз, ісі мәнсіз, өз қолынан жарытымды еш нәрсе келмейтін ақыл-ойы «жарымжан», тар шеңберлі адамдардың негізгі қаруы екенін баса айтқан жөн. Қысқасы, Абай айтқан «бес дұшпан», яғни өсек пен өтірік, еріншектік пен мақтаншақтық, бекер мал шашпақтық ойып орын алған ортада туатын күндестік «ауру» адал жанға аяқ аттатқызбайтындығын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ қой дейміз.


Сонымен жоғарыдағы ойларымызды жинақтай келе айтарымыз: ұлы Абайдың «Қалың елім, қазағым…» атты әйгілі өлеңі өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы ұлттық мінезіміз бен психологиямыз дамуының кейбір кертартпалық жағын танудың таптырмас көркемдік кілті дер едік.


Бұл өлең Абайдың ақындық паспортын ғана емес, азаматтық және ұлылық ойының творчестволық платформасын да танытады.


 


Абайдың адамшылық қасиет, адамгершілік және мораль мәселелеріне арналған, сондай-ақ, ұлттық мінезіміздегі кейбір кенеуі кеткен кемшіліктерді көрсететін өлеңдерін оқып отырғанда бүгінгі тірлігіміз еске түседі. Ал қазіргі өміріміздің бүкпесі мол, күрмеуі көп тұстарындағы күмілжіп қалған сәттерімізде ақ пен қараны айқын ажырату үшін ақиқаттың айнасы ретінде Абай өлеңдеріне жүгінетініміз бар. Бұл бір біздің ғана емес, жалпының басындағы жалпылама шындық болуға тиіс. Сондықтан да біз өз басымыз Абайға жүгінбейтін, ақын сөзіне сүйеніп, ақиқатқа айқын көз жеткізгісі келмейтін есті қазақ бар дегенге сенбейміз. Өзіңді өзің білгің келсе, өмірдің өзің білмейтін және өзгелерге де беймәлім сауалдарына жауап іздеген кезде Абай өлеңдерін оқу үстінде көңілге медеу, жүрекке жылу алатын кездеріміз де аз емес.


Осындай сәттерде тағы бір байқағанымыз бар. Ол ақынның белгілі бір өлеңіндегі ұлттық болмысымызға қатысты сыншылдық тұрғыдан айтылған алмастай алуан қырлы терең ойлар басқа өлеңдерінде де мүлде басқа қырынан қиюын тауып қайталанып келіп, одан ары сол бастапқы ойды ғана емес, содан туған сенің ойыңды да әрі тереңдете, әрі толықтыра түседі. Мұны ешқандай да ой қайталаушылықпен шатастыруға болмайды. Керісінше, мұның өзі Абай поэзиясындағы азаматтық ой дамуының іштей табиғи сабақтасқан тұтастық сипатын танытса керек.


Жоғарыда тілге тиек болған «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңіндегі ақынның өзекжарды өткір ойларының заңды жалғасын әрі басқа қырынан тереңдей түсуін оның мына өлеңінен көруге болады:


Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап,


Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.


Қыран шықса қияға, жібереді


Олар да екі құсын екі жақтап.


Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,


Күйкентайы үстінде шықылықтап.


Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,


Күні бойы шабады бос салақтап.


Тиіп, шығып, ыза қып, ұстатпаса,


Қуанар иелері сонда ыржақтап.


He таптық мұныменен деген жан жоқ,


Түні бойы күпілдер құсын мақтап.


Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,


Қайран ел, осыменен жүр далақтап.


Тағы да ойлана оқып, тағы да бір ой таразысына салып көріңізші?! Көз алдыңызға осындағы символикалық сырлы, мұңды образ-суреттерді елестетіп, мұндағы «Қайран ел, осыменен жүр далақтап» деген философиялық терең ойға назар аударыңызшы?! Әрбір жолдан кешегі ғана емес, бүгінгіге де тән таныс-бейтаныс шындық елес бермейді деп айтуға аузымыз барар ма екен?


Бұл өлеңнің дүниенің бір қызығы саятшылықты қызыл тілмен қызықтауға ешқандай да қатысы жоқ. Жасыра бергеннен, қайта жанымыз жабырқай түспей ме, анығын айтсақ, мұнда бір адамның емес, дүйім бір елдің басындағы сол кездегі ұлттық трагедия сөз болып отыр.


Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да, Оған да үкі, тұмар тағылса да, — деп Абайдың айтқанындай, осы ащы шындықты біліп тұрып, тұлпарға тұғырды қарсы қоюдан, яғни қыран бүркітке күйкентай мен қарға арқылы қиянат жасаудан асқан трагедия бар ма екен?! Осында тайға таңба басқандай анық көрсетілген ұлттық кемшілігіміз кешегі кемді күнмен бірге келмеске кетсе өкініш қане?! Ақын Абай, азамат Абай осынау кесапаттың келешек ұрпаққа кесірін тигізбеуін жан-тәнімен тілегендіктен де осыншама ашына айтудан басқаша амалы болмаған сияқты.


Енді осы тұста ақын ойларының іштей сабақтастығы деген мәселеге келейік. Ақын «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде аяусыз ащы сынға алған жайларды есіңізге түсіріңізші! Олар «жақсы мен жаманды айырмаушылық, өз сөзінен басқа сөзді ұқпаушылық, бас-басына би болушылық және бірлік, береке, шын пейіл жоқтығынан туған күш сынасқан күндестіктің» іргемізден берік қоныс тепкендігі еді ғой. Міне, осы сықылды сиықсыз әдет, бұралқы мінездер жайлаған жерде, «ұстарасыз аузына мұрты түскен» елде қыран бүркіттің тағдыры немен тынатындығын ақынның жоғарыдағы өлеңі тамаша елестеткен Бұдан бір өлеңдегі ой толқыны екіншісінде тіпті терең арналы ойға айналып кеткенін көреміз. Нақтылай түссек, ол «күш сынасқан күндестіктен» арылмаған жағдайда күйкентай мен қарғалар қыран бүркітке еш уақытта ештеңе алдыртпайтындығын астарлап айту арқылы — осының өзі ұлттық сана-сезім мешеулігінің   бірден-бір   белгісі  деген   ой  түйіндейді. Шындығында да, қыранның қыран екендігін біле тұра мойындамау, яғни жақсының жақсылығын көре тұра айтпау, жаманның жамандығын көріп жүріп көзге шұқымау, арысы ұлттық, берісі адамгершілік сана-сезімнің жоғарылығын танытпаса керек. Демек, Абай айтқан батыл сындарды батылдықпен мойындай отырып, одан тиісті қорытындылар шығармау азаматтық арымызға нұқсан екен!


Абай айтқан сын, яғни ойлар тым ащы екені рас. Алайда, ол сол сынды елін жек көріп, еңсесін басу үшін емес, керісінше өз жұртының ертеңін өзгеден көбірек ойлап, өзгеше жақсы көргендіктен де оның көргенсіздік жағын көбірек сынауға мәжбүр болғанын есте ұстауымыз керек. Шындыққа сүйіспеншілік, ақиқатқа іңкәрлік жоқ жерде сын жоқ екендігін, сондай-ақ, сыншылдық рухтың өзі ойшылдық көзқарастың көрінісі екенін еске алсақ, Абай айтқан сынға да, ол көрсеткен кемшіліктерге де қырын қарауға тиіс емеспіз. Рухани өсу дегеніміз жоқты бардай, барды дардай етіп, белгілі бір сандық көрсеткішке ғана жету емес, керісінше сапалық өзгеріске ие болу, кемшілікпен күресу, жоқты табудың жолын іздеу, өзіндегі барды, бағалыны жетілді­ру, тарихи сабақтардан қорытынды шығару деген сөз. Осы тұрғыдан қарағанда, Абай поэзиясы мен қара сөздеріндегі тарихи тағлымы зор сынның рухани өсуімізге тигізетін пайдасы ұлан-ғайыр. Сондықтан да өзіміздің кешегімен салыстырғанда қаншалықты рухани өскендігімізді өлшеу үшін, қазіргі қаракет тірлігімізде өткеннің өкінішті кемшіліктерін қайталамау үшін де Абай творчествосының алтын өзегі болған адамгершілік, азаматтық, патриоттық принциптер тұрғысынан айтылған сыншылдық ойларға жүгініп отыру пайым-парасатымыздың деңгейін танытар парыз деп білеміз.


Біз осы жерде патриоттық деген сөзді жайдан-жай айтып отырғанымыз жоқ. Жалпы Абай творчествосындағы патриоттық пафос мәселесі арнайы сөз ететін өз алдына үлкен бір мақаланың жүгі. Сөйтсе де ойдың желісіне орай қозғай кететін нәрсе, қазақ қазақ болып, ес жиып, етек жапқаннан бергі уақыттан Абайға дейінгі аралықта одан артық «қалың елі, қазағы, қайран жұртының» қамын ойлап, қабырғасы қайысқан, жақсылығымен қоса жамандығын жіліктеп айтып берген, туған жұрты мінезінің жарамсыз жағы жанына батпандап батқан ақын да, азамат та өтпеген сияқты. Ал осындай адамды:


…Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,


Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз!


Күншілдіксіз тату болу шын көңілмен,


Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!-


деп кейінгі ұрпаққа өзекжарды өсиет айтқан ақынды, болмаса тақымына қыл бұрау түскен құлындай шыңғырып:


…Бірінді, қазақ, бірің дос


Көрмесең, істің бәрі бос.


Малыңды жауға,


Басыңды дауға


Қор қылма, қорға, татулас!


…Таласып босқа,


Жау болып досқа,


Қор болып, құрып барасың!-


деген жолдарды жанымен, қанымен жазған сөз зергерін осы ұлттың ұлы патриоты деп айтпағанда кімді айтамыз! Абай секілді ұлттық сезіміміз оянуына ең алғашқы ұйтқысы болған патриот адамның мына сияқты іргемізді ірітіп, шаңырағымызды шайқалтып тұрған жайларды көре тұра көзжұмбайлық жасап, айтпауға құқы да жоқ еді:


…Алты бақан, ала ауыз,


Өзін-өзі күндейді,


Жақынын жалған мінейді.


* * *


Ел де жаман,


Ер де жаман –


Аңдығаны өз елі.


* * *


…Бір сөз үшін жау болып,


Бір күн үшін дос болып,


Жүз құбылған салт шықты.


…Өтірік, өсек, мақтанға


Ағып тұрған бейне су.


* * *


…Терең ой, терең ғылым іздемейді,


Өтірік пен өсекті жүндей сабап.


* * *


…Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,


Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.


* * *


…Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,


Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.


* * *


Саудасы — ар мен иманы,


Қайрат жоқ бойын тиғалы.


Еңбекпен етті ауыртпай,


Құр тілменен жиғаны.


* * *


…Өтірік пен өсекке


Бәйге атындай аңқылдар.


* * *


…Сәлем борыш, сөз құлық болғаннан соң,


Қандай жан сырттан сөз боп сыналмай жүр.


* * *


…Алғашқы іші жау боп, сырты күлмек.


Жақынын тіріде аңдып, өлсе еңіремек.


* * *


…Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,


Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.


* * *


…Қазақтың қайсысының бар санасы?


Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.


* * *


…Төңкеріліп құбылған жұрт — бір сағым,


Шынға шыңдап қоса алмас ынтымағын.


* * *


Ар мен ұят ойламай тәнін асырап,


Ертеңі жоқ бүгінге болған құмар.


* * *


…Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,


Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.


Көздің жасы, жүректің қаныменен


Ерітуге болмайды іште мұзын.


* * *


…Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп,


Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.


* * *


Міне, Абай өлеңдерінен алынған осынау оқшау жолдардың қай-қайсысында ақын жанын аяусыз жабырқатқан жарамсыз жайлар мен сол кездің әлеуметтік кертартпа психологиясын көз алдыңа елестететін ащы да ауыр шындықтар бар. Иә, бұлар «соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысып жүріп, елінен етек-бастылықты көп көрген, қаны қара, жаны жара» Абайдың жүйкесін жүн етіп, жанын жегідей жеген типтік жағдайлар екендігіне ешкім де күмәндана қоймас. Ақын сол өзі куә болған, көкірек көзімен көріп, жанымен сезінген қым-қуыт уақыттың қиюы кеткен қырық жамау қисынсыз моралін осы бір өлең жолдарының өзегіне реалистікпен түсіру арқылы өз замандастарының бойындағы адамгершілікке жат құбылыстардың сыр-сипатын барынша айқара ашып береді. Сондықтан бұл жолдарды еріннің ұшымен енжар күйде оқу мүмкін емес. Осындағы әрбір жолда, әрбір сөзде ерігіп жүрген екінің бірінің ойына келе бермейтін терең мән-мағына жатыр. Қалай оқысаңыз да және қайыра келіп қанша оқысаңыз да мұндағы кешегіге ғана емес, бүгінгі рухани өмірімізге де қатысы бар әрі түйсіксіздікті түйреген, әдепсіздікті әшкерелеген, берекесіздікті бетінен қаққан сынаптай өткір сыншыл ойлардың тағылымдық әсер күші ешбір ортаймақ емес, қайта бұрынғысынан да тереңдей түседі. Және бір қызығы, осы жолдардың төңірегінде ойланған сайын ойыңа өткен шақ сілемдерінен бұрын бүгінгі күннің кейбір көлеңкелі жақтары мен көңілсіз көріністері, таныс-бейтаныс мінездері түсе береді. Түсіп қана қоймай өзіңді әр түрлі озбыр ойлардың ортасында омбылап қалғандай сезінесің. Апыр-ау, сонда бір кезде ұлы Абай айыптаған осы бір ешкімге де опа әкеліп, көсегесін көгертпейтін оспадар мінез, ожар сезімдер, қылмысқа итермелейтін қылықтар төңірегінде біз неге шындап ойланбасқа деген ой келеді. Өткен ғасырдың кеселді кемшілігін өз арамызда қайталап қалып жүретіндерге қашанғы кеңшілікпен қарай береміз?! Осы да рухани өскендіктің, осы да ұлттық кемелденгендіктің белгісі ме екен?! Ұлттық, адамгершілік рухымызды жер бауырлатып көрсететін желбуаз жайлар жайында белгілі бір тоқтамға келіп, әлдеқашан тосқауыл қоятын мезгіл әбден жеткен жоқ па?! Абай аруағын сыйлау — Абай айтқан сыры терең сыннан сындарлы қорытынды шығару екендігін тағы да қайталап айтқымыз келеді. Ал Абайға тоқтау өзіңнің ұлттық рухыңды сыйлау, өмірдегі азаматтық ақ жолыңды таныту, адамшылдықтың ақшаңқан дәстүрлерінің дамуына селбесіп септігіңді тигізу деп білеміз!


«Жасыра бергеннен жараның орны жазылмас» дегендей, өкінішке орай, арамызда Абайды оқымай да, тоқымай да алшаң басып жүргендердің әлі де көп екендігін де ашып айтатын мезгіл жетті. Сөйтіп жүріп өздерін осы ұлттың өкілі санайтындығын қайтерсің… Өз ұлтының ұлысын оқымаған, білмеген, сыйламаған адам басқасын басынан басып өтпейтіндігіне кім кепіл?!


Абайға тағзым ету адам бойындағы махаббат пен мархабатқа тағзым ету, құдіреттің жақсылығын емес, жақсылықтың, адамшылықтың құдіретін сезіну арқылы одан өз бойыңа рухани күш алу екендігін ақын өлендерін шын түсінген адам ғана түсінеді. Сондықтан да Абайды оқи алмаған, тоқи алмаған адамның өмір бойы бір бүйірі олқы тұрады.


Жоғарыда келтірілген үзінділерді тағы да бір ой көзімен зер салып, зерделеп көріңізші! Мұнда ешқандай да «жаптым жала, жақтым күйе» деген жалған ниет немесе ақты қара деп, қараны ақ деп қасарысқан қараулық сезімнің ұшығы да жоқ. Бұл жолдарды адам мінезіндегі қоғам мораліндегі және уақыт сахнасындағы кез келген кездейсоқ жайды алып, оны типтік жағдай — заңдылық деп қызылтанау болып, кеңірдек жыртқан керенаулықтың ұшқынын да таба алмайсыз. Бәрі де рас, бәрі де шындық қой және әлі күнге арыла алмай келе жатқан шындық екенін несіне жасырамыз. Классиканың ең басты және бірден-бір шарты мезгіл мен мекен жағынан үш шаққа (өткенге, қазіргіге, келешекке), ал нақты адамға байланысты алғанда үш жаққа да (мен, сен, ол) қатыстылықты, екінші сөзбен айтқанда заңдылықты көрсету арқылы заңсыздықты айыптау екені мәлім. Яғни адамгершілік озық моральға келмейтін заңсыздықты, яки күллі жамандық атаулыны әшкерелеу арқылы заңдылықты, таратып айтқанда жақсылықты, парасат пен сезімді, сұлулық пен сүйіспеншілікті, ізгілік пен ізеттілікті, қайырым мен қанағатшылдықты дәріптеудің тамаша үлгісін осы өлеңдерден көруге болады. Мұндағы жамандықты айыптау — жақсылықты аңсау сезімінен туып жатыр. Және осынау жолдардағы бір адамның ғана басындағы емес, бүкіл «жалпақ жұртының» бойындағы жамандықты жағасынан алып, онымен жағаласып өткен әрі сол жамандықты жасаушылармен өзі де, өлеңі де аяусыз айқасып өткен аяулы Абайдың көкірегін қарс айырған ауыр күрсіністі сезбеу де мүмкін емес.


Қысқасы, осынау жолдың және осы жолдар алынған сол өлендерді тұтастай оқи отырып айтатын нәрсе, біздіңше, Абай ұлылығы «жалпақ жұртының» әлеуметтік-психологиялық портретін жасау арқылы оның типтік болмыс-бітімін барша адамдық, ұлттық, табиғи һәм тарихи қайшылығымен ашып бергендігінде жатқан сияқты. Бұл ретте ескеретін жайт — қайшылық деген сөзді бір жақты түсінуге болмайды. Өйткені қайшылықты ашу рухани даму атаулының басты факторларының бірін көрсетіп беру деген сөз. Өз қайшылығын, яғни өз кемшілігін тап басып танымай, нақты білмей тұрып, ал білгеннен соң, танығаннан кейін соның бәрін мойындай отырып, онымен ымырасыз күреспейінше ешбір ұлт даму диалектикасының даңғыл жолына түсу мүмкін еместігін ұмытпағанымыз жөн.


Сонымен Абай поэзиясының ең басты пафосы адам табиғатындағы және ұлттық психологиядағы жамандық атаулыға қарсы күрес екендігін айта отырып, алайда, осыған орай мына бір жайды да айтпай кету жөнсіздік болар еді.


Абайдың поэтикалық философиясынан туындайтын тың бір ой — өзгеге жасаған жамандығың мен арамдығың ерте ме, кеш пе, сөз жоқ, өзіңе қайтып оралады және сол оралып соққанда орныңнан біржолата тұрмастай етіп ойсыратып соғады, жаныңды жаралап, жазатайым етеді деген ой.


Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,


Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек! –


деп ақын жамандық пен арамдықтың салдары жайында салмақты ой тастайды. Абайға жүгінсек, кісіге жасаған жамандықтан түптің түбі оның өзі жарымжан болып қалады екен! Абай да барлық шығыс философтары айтып кеткен — «жамандық жамандық шақырады» деген ұлағатты ойды қуаттайды.


Ақын «Патша құдай, сыйындым» дейтін өлеңінде әсте жамандық жасаушы адамның алысқа бармайтындығын, «кердең мойын кесіліп, кеселді түйін шешілмей» қоймайтындығына байланысты ойын былай деп түйіндейді:


О да — құдай пендесі,


Түспей кетер деймісің


Тәңірінің құрған тезіне?


Шынында да, «шындық-тәңірінің, тәңірі шындықтың» (Фирдоуси) құрған тезінен құтылып кететін адам жоқ шығар? Бар болса аз шығар. Ақын бұл жерде тәңірі деген сөзді әділдік пен шындықтың метафоралық бейнесі ретінде, яғни ауыспалы мағынасында алып отыр. Және осындағы «тәңірінің құрған тезі» деген терең философиялық образдан туған ой — жалпы шындық пен әділдіктің біздің еркімізден тыс екендігін және табиғатта, яғни өмірде тағы да біздің еркімізден тәуелсіз адамгершілік теңдіктің өздігінен сақталу заңдылығы бар екендігін білдіріп тұр. Мұның өзі Абай дүниетанымындағы диалектикалық тереңдікті танытса керек. Демек, Абай философиясына сүйенсек, жамандық бумерангқа ұқсас құбылыс. Оның зауалды зардабын айналып өту мүмкін еместігін білген адам жамандық жасаудан көш бойы қашық жүреді, ал білмеген адам басқаға жамандық жасау арқылы өзіне-өзі ор қазып, өз басын өзі құрбандыққа шалады деген ой келіп шығады.


Сен аттың жөнсіз оқ,


Тәңірі — қазы,


Тас — таразы.


Тентекті


Сұрамас деп


Қалма,


Серт бұзғанның, біл, орны — шоқ! —


дейді тағы бірде ақын. Жөнсіз оқ атқан, яғни кісіге жөнсіз жамандық жасаған адамның «тәңірі — қазының тас таразысына» түспей кетуі мүмкін емес екен. Сондай-ақ, осы өлеңнен шығатын біреуге екінші біреу қымсынбастан қысым жасап немесе қиянат көрсетіп, жазықсыз жанды жапа шектіріп жатса, ондайлар күндердің күнінде «тәңірінің құрған тезі»-мен «тәңірі қазының тас таразысына» өзінен-өзі келіп түседі деген Абай айтқан ойда материалистік негіз бар екендігін, өмір диалектикасынан туғандығын атап айтқан дұрыс. Жамандықтың із-түзсіз және үн-түнсіз кетпейтіндігі, яки оның бумеранг заңы бойынша қай жерден шықса сол жерге қайтып оралатындығы жайлы Абай философиясының тәрбиелік-тәлімдік үлкен мәні бар. «Адам баласы өз іс-әрекетінің салдарын толық білмегендіктен де тағдыр тәлкегіне ұшырайды» деген Л. Н. Толстой пікірімен жамандықтың салдары, яғни қайтып оралатындығы туралы Абай ойы да іштей үндесіп жатқанын байқауға болады.


Абайдың «мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деген сөзі бәрімізге де таныс. Осындағы мың деп отырғаны:


Сүйтсе де жамандықка бір тоймаған,


Ант ұрғандық қылығын еш қоймаған, —


алтыбақан алауыз алыс, жақын ағайын жұрты, күш сынасқан күндестікпен күн кешкен замандастары екеніне күмән жоқ. Солардың бойындағы жамандықты, ойындағы надандықты айта-айта әбден жаны жабырқап шаршағандықтан да:


Егер менің ішімді жарып көрсең,


Жылауыңды ұмытып, шошыр едің, —


деп ұлы ақын бар шынын айтуға мәжбүр болған сияқты. Қандай ауыр сөз! Міне, содан бері жүз жылға таяу уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде «жылауыңды ұмытып», жаныңды шошытатын, Абайдың жанын жаншыған жарамсыз жайлардан арылып болдық па?! Шыныңызды айтыңызшы?!


1981


Әшімбаев С. Екі томдық шығармалар жинағы.


Екінші том. Әдеби сын. – Алматы, 2007. – 91-112-беттер.


 


Сайтта жайғастыруға дайындағын Анар Малдыбай,


Абай институтының кіші ғылыми қызметкері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу