24.04.2021
  2089


Автор: Мира Сембайқызы

Дос іздеген ұшақ

ертегі


Кішкентай ұшақ ұшқанды қатты жақсы көретін. Күнібойы шаршамай ұша береді, ұша береді. Бірақ бір күні өзіне дос керек екенін түсінді. Сөйтіп дос іздеуге кірісті. Ең әуелі жайқалған ағашқа келді.


– Ағаш, ағаш сенімен дос болсам, бола ма? – деп сұрады.


– Сенімен қуана дос болар едім. Бірақ мен жердемін, сен көкте ұшып жүресің. Мен тамырымды үзіп кете алмаймын. Сондықтан өзіңмен бірге жүретін дос іздегенің дұрыс болар, – деді ағаш. Ұшақ оған рақметін айтып, әрі қарай ұша жөнелді. Енді биік ғимаратқа барды.


– Сен ағаштан да биік екенсің. Сенімен дос болсам, бола ма? – деп сұрады одан.


– Дос болғым-ақ келеді, бірақ мен ұша алмаймын ғой. Өзің сияқты ұша алатын дос іздей ғой, – деп ғимарат оны шығарып салды. Ұшақ онымен қош айтысты. “Ұша алмаса да, жүре алады ғой” деп құрылыс алаңындағы көліктерге барды. Оның “дос болайық” деген өтінішіне қызу жұмысқа кіріскен көліктер:


– Балақай, сенімен ойнайтын уақытымыз жоқ. Оданда өзіңмен ойнайтын басқа дос іздей ғой, – деп арқасынан қағып шығарып салды. “Енді дос таба алмаймын ба?!” деп көңілсіз ұшып келе жатқан ұшақ кенет бір балақайға кезікті. Ол қолындағы қағаз ұшақты ұшырып ойнап жүр екен. Мұны көрген кішкентай ұшақтың қуанышы қойнына сыймай кетті.


– Балақай, балақай, сенімен дос болсам, бола ма? – деп сұрады одан.


– Әрине! – деп қуанып кетті балақай. – Мен асыр салып жүгіре аламын. “Ұшсам ғой” деп армандап жүр едім. Енді саған мініп, ұша да аламын.


Осылайша дос іздеген ұшақ пен ұшуды армандаған балақай достасып кетіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Гүлсезім
Гүлсезім 25.05.2023 23:16
Өте керемет!

Пікір жазу