19.04.2021
  229


Автор: Бейімбет Майлин

Ахыран бастығы

Басқарма жиылысы бірсыпыра салыстырып келіп, Қорғамбекке тоқтады.


— Сол жарар, ә? Өзі партизан, өзі батырақ, өзі екпінді, осыдан артық кіміміз бар біздің? — деді басқарма ағасы көтеріле түсіп.


— Түу... Қорғамбек жарамайды дегендердің...


Сағындық қарсы екенін де, көптің пікіріне қосылатынын да ашып айтпай, бетін тыржита түсіп, біресе шатаб оттың қағазын ақтарып, біресе шотты қаққан боп, басқарманың талқылап отырған мәселесімен жұмысы жоқ адам тәріздене қалды.


— Әй, Сағындық, сен неге үндемей қалдың? Артынан бірдеме болса, "мен қосылмай қалып ем" деп шап беретінің бар. Қарсы болсаң, осы бастан айт "емениенді"1, — деді басқарма ағасы оған шап етіп.


— Мен дегенде жының бар ма осы сенің?


— Емениенді айт деймін.


— Айтып отырған жоқ па жұрт?


— Өзің ше? Басқарма мүшесі емессің бе?


Сағындық үндемеді. Сақан ерніне насыбайын қысып жатып:


— Сағындықтың ойын мен білем, — деді ол, — егін күзетінің бастығына Қорекеңді лайықсынбайды емес. Бірер жұмыс бола қалса акті істеу керек, жазу-сызу керек. Қорекеңнің қолы жазу білмейді, осы жағын айтады ол. Осылай ғой, Сағындық, ә?


Сағындық тағы үндемеді. Бірер мәселе туралы бұра тартса, Сағындық өз пікірін өткізгенше ежеленіп болушы еді, мына Қорғамбектің мәселесі қиынырақ соқты. Қорғамбекті ячейка ұсынған екен деп есітіп еді Сағындық. Басқарма ағасының жеделдетіп отыруы да тегін емес.


— Болсын, болсын... Мен қарсы емеспін, — деді Сағындық аз-кем ойланып, күрсініп.


Ұя хатшысы Қамза Сағындыққа көзінің қиығымен қарап қойды.


Қорғамбек егін күзетінің бастығы болды. Мұны ол қалап алған жоқ. Мал фермасының бастығы болып істеп келеді. О да жауапты жұмыстың бірі. Ячейка хатшысы кеше бұған кеп: "егін күзетінің бастығы боласың" деген соң, сөзсіз ризалығын білдірді. Жұмыстың қай жерінде олқылық болса, Қорғамбек ылғи соған жұмсалумен келеді. Өзін сондайға арнап жаратылған адам деп ұғынады. Қорғамбекке тапсырылған жұмысты, басқарма күн бұрын-ақ "орындалдыға" санап отырады.


Басқарма ағасы Қорғамбекті шақырып алып:


— Егін күзетшілерінің бастығы болдың, ахыран бастығы, білдің бе? Бүгіннен бастап атыңа мін. Егін ұрланса, мал жесе, құс жесе, өртке шалдықса...


— Е, е... — деп тұрды да, — бәріне де сен жауаптысың! Маған тура бағынасың. Күнде таңертең келіп, рапорт беріп тұрасың, — деді.


— Құп болады.


— Ат бере алмаймыз, өгіз жегесің.


— Оныңа көне алмаймын, өгізбен егін күтіле ме?


— Көнесің!


Басқарма ағасының мінезі де томырықтау. Егіннің о шеті мен бұ шеті он, он бес шақырым жер. Өгіз аяң салпақпен жүріп осы егінді аман сақтау оңай да жұмыс емес. Осыны айтып Қорғамбек сөз таластырса, басқарманың кішкене кеңсесін шаң-шұңмен басына көтеріп, үлкен керіске кірмекші. Ол ұят. Қорғамбек сияқты тәртіпті мүшелер басқармасының беделін сақтамаса, былайғы көпшілік бет-бетімен түйе айдамақшы ғой...


Қорғамбек ауыр күрсінді. Көну керек! Қалқозда басы бос ат жоқ. Сиырмен жүрудің қиып екені рас, қиын болса қайтесің! Осы қалқоз бастап ұйысарда сабаудай жүз отыз ат бар еді, содан қалғаны қазір жиырма шақты ғана, басқасы қайда? Басқасының бәрін елден қашқан бай-құлақ астырын ұрлап алумен құртты. Былтырғы егін жинап жатқан кезде, қырық бес ат бар еді, қырман үстінде содан он төрт ат жоғалды, сұмдық емес пе?! Атты айтасың-ау, өткен жылы қырман үстінде егіннің ұрлануы мүлде жойқын еді ғой. О кездегі басқарма ағасы, мұрны қанға малып алғандай қып-қызыл боп, ел қыдырып, қонақ боп, арақ ішуден басқаны білді ме?! Қалқоз мүлкін торыған бай-құлақпен ауыз жаласып, бүлдіріп еді-ау, ол. Сол әліне қатасын айтқан адаммен өш-ақ еді. Қорғамбек екеуінің оты өрелі жанбады. Қорғамбекті осы елден қудырам деп те әуреленген-ау, ол.


Қазіргі басқарма ағасы болсын, ұя хатшысы болсын - бейім. Іс біледі. Басшылықтары көпшіліктің ойлаған жерінен соғып отырады. Бұл Қорғамбек сияқтылардың жігерін өсіріп, жұмыстың қарқынын күшейтті. Аз уақыттың ішінде едәуір табыстары бар. Кемшілік те көп. Үзіп-жұлып жесем екен деп сұғанақтық қылушылар да жоқ емес. Қолқоздың атын, я сиырын мінсе, өлесі қылып әкеп берушілер де жоқ емес... Ауылнай екеш ауылнайды ал, екі күннің бірінде Қорғамбекке записка жазумен болады: "Пәленшеге бір кило май, түгеншеге екі кило қаймақ босатыңыз" деп. Ауылнайдың запискасымен көрінген кісіге қаймақ, май босата берсе, сүт фермасының жоспары орындалмай қалады. Қорғамбек сүт фермасының бастығы болсын да, сүт фермасының жоспары орындалмай қалсын! Оның адамы Қорғамбек емес.


Басқарма ағасы жұлмаланған ескі қағазға махоркадан шашып орап отырып:


— Отырма, Қорғамбек, жөнел! Былтырғы егіннің берекесін бай-құлақ алды деуші ең ғой. Биыл қапы жіберме! Большевик болсаң, биылғы егіннің бір дәні үшін күрес! Мен осыны айтам саған, — деді бұйрық есебінде.


— Құп болады, — деп Қорғамбек күлімсірей түсіп, ақырын басып тысқа шықты. Көңілі көтеріңкі. Көпшіліктің еңбегін дұрыс сақтап, қолына аман тигізсе, одан бағалы жұмыс бар ма?! Осы егіннің жазғытұрғы салынуын бір ойлап көрші, қалқозшылар жалаңаш-жалпы, тым жүдеу еді. Сүйтіп жүріп те осы егінді салып шықты. Не деген еңбек! Осы еңбектің бір түйіріне қиянат қылам деген адамның азу тісін қирату керек! Атып өлтіру керек!


Осы соңғы сөзді ойлағанда, Қорғамбек кенет кідіріп, басын көтерді. Бірер минуттің ішінде баяғы соғыс майданында жүргені, ақтардың отрядымен соғысқандары көз алдына елестеп келе қалды. Соғыстың бәрі соғыс. Майданның бәрі майдан. Қапы бермеу керек! — деді Қорғамбек күрсініп. Осыны айтқанда, арқасы құрыстап, бойы шымырлаған секілденді.


Қалампыр жеңгейдің кеспекті арбаға жегіп, су таситын қызыл кұнан өгізі болушы еді, Қорғамбек барып соны ұстады. Қалампыр жеңгей қабағын түйіп:


— Әдіра қал-ау, мені басынсайшы енді. Бір қора жұмысшыға суды жаяу тасымақ шығармын? — деп өгізінің мойнына о да жабысты.


— Жібер, Қалампыр, мен егін күзетем.


— Мен ше?


— Сиыр жек.


— Арам қатсын сиырың! Басымен алысып жүрсем-ау?!


Қалампыр бажылдасып отырып, Қорғамбектің үйіне жетті. Тарантас арба дайын. Өгіз қамыт байлаулы.


— Ұста мынаның басын, мылтығымды алып шығайын, — деді Қорғамбек.


Қалампыр жегулі өгіздің басын ұстады. Қорғамбек Қалампырдың бетіне қарап күлімсіреді.


— Күлме, қағынғыр, алдап тұрсың ғой мені.


— Неге алдап ем?


— Әдіре қал...


Қалампыр да күлімсіреді.


Қорғамбектің құндағы сынық мылтығы бар. Ашуы мен жабуы бір ақырзаман. Атуы одан да қиын. "Италияның пәлен деген заводында істелген" деп, Қорғамбек оны мақтап та қояды.


— Әбден, қиратарсың талай жауды, бір құс алып көрген жоқсың осы мылтықпен, — деді Қалампыр өгіз басын ұстап тұрып.


— Біздің мылтық атылатын жерін біледі.


— Кімге атылады?


— Жау кездессе атылады.


— Талай жау қамап жатыр еді сені.


— Кел, арбама мінесің бе?


— Мені қайтесің?


— Егін көрсетейін.


— Қой әрі, — деп Қалампыр шегіне түсті де, — қосқа шейін мініп барайыншы, — деп арбаға жабысты.


Басқарма ағасы кеңседен шығып тұр екен:


— Ә, құдай атсын, Қорғамбек! Құдай атпайды-ау сені. Осыдан егінді дұрыстап күзетпе, — деді күліп.


— Құдай кездессе, соныңды мен атып жүрмейін.


— Құлағын дұрыстатып па ең мылтығының?


Қорғамбек қызыл өгізді сирақтан ұрды. Мылтығының айыбын айтқан адам Қорғамбекке дос емес. Не жұмыстары бар екен сонша? Жұрттың жақсы мылтығына Қорғамбек осыны бермейді. Бұл мылтық көптенгі жолдас. Әлекеңнің отрядына қосылып, Торғайдан "Алашорданы" қуып талқандайтында осы мылтықты бір алаш комиссарының қолынан алып еді. Арзан түскен мылтық емес, ол жолда көрген бейнетті адам санап бітіре алмас!


Қалампыр тыным алмастан сөйлеумен келеді. Өзі айтып, өзі күледі.


— Әй, тыңда деймін, саған айтып келемін, —деп Қалампыр Қорғамбекті иығынан жұлқа тартты, — еркек емессің білем.


— Еркек болса қайтпекші ең?


— Құдай атсын сені, жөнді сөз де білмейсің.


— Ал тыңдадым, — деп Қорғамбек күлімдеп, Қалампырға бұрылып, тізесін баса отырды.


Өлке бойының қалың селеуі жол бойында жарлауланып, арбалы кісінің төбесімен бірдей боп, көміп отырады. Түсе беріс қабақтан қылт етіп бір жүргіншінің төбесі көрінді. Доғасы жалтылдап күнмен шағылысты.


— Бұл кім болды екен? — деді Қорғамбек түнере қарап.


— Жүргінші шығар. Жүргізбейін деп пе ең?


— Тегін кісі емес. Жүргінші кісі болса, сонау қара жолмен жүрер еді. Бұл жолды шет адам білмейді. Өзіміздің ауылдан сапар шеккен ешкім жоқ...


Қаспақ беттенген қара торы жігіт, желбейді баса киіп, семіз торы атты ыспалап айдап, Қорғамбектерге төніп келіп, жалт бұрылды. Қабағын түйе түсіп, Қорғамбек енді мықты қадалды оған. Жүргінші жігіт те бір қарап алып, атына шыбыртқыны басам дегенше болмай, Қорғамбек оқша атылып, торы аттың шаужайына жабыса түсті.


— Омарсың ғой сен?


— Салаумаликум, — деді жүргінші сұрлана түсіп.


— Қалампыр, мылтықты әкел!


— Ау, Қореке...


— Жоқ, қозғалма, отыр арбаңда!


Қалампыр сасқалақтап Қорғамбектің мылтығын әкеп, қолына ұстатты. Қорғамбек мылтығының құлағын бірер тырсылдатып қозғап қойып:


— Ал, енді сөйлесуге болады... Қай жаққа барасың? —деді иығын көтере түсіп.


Ауылға барам да.


— Ауыл бар ма сенде?


— Әй, Қореке-ай, жат болып-ақ кеткеніміз бе?


— Жат болмай, жақын болған жеріміз бар ма еді, сірә?


Омар үндемеді.


— Жүр, алға түсіп отыр. Аяңнан артық жүрме. Құтыла алмайсың менен! Сен түгіл, алашыңның шаңырағын ортасына түсірген кісіңмін, білесің ғой өзің!


Омар жолға түсіп аяңдады. Қызыл өгізбен Қорғамбек түсті соңынан. Мылтығын тізесіне қойып, атуға тап бергелі отырған адам тәрізді.


Қалампырдың аузы дамыл табар ма:


— Бетім-ау, Омар екен ғой! Бәтір-ай, адам да бүйтіп өзгереді екен?! Шекесі торсықтай, беті табақтай, қып-қызыл жігіт емес пе еді осы? Бұйырмасынға танымай қалдым. Тентек жігіт-ау, осылар банды боп ұрлық істеп жүр дейтін еді ғой, мұнда неғып келді екен?


— Тыныш отыр! — деп Қорғамбек Қалампырды шынтағымен түртіп қойды.


Қалампыр тыңдар ма оны, Қорғамбектің құлағына аузын тақап:


— Тентек жігіт-ау, сақтаншы, мылтығы болып жүрмесін, мына құрғырың атылатын ба еді? — деді сыбырлап.


Қорғамбек Қалампырды бұл жолы шынтақпен қаттырақ итеріп қойды.


— Тентек жігіт деймін, сақтан деймін, әне, көрдің бе, тізесінің астында мылтығы жатыр! Сұмдық-ай, масқара болмасақ игі едік!


Жауды тұтқынға алғанда, қаруын алмаушылық — партизан кісіге ұят-ау. Сонау мылтықты Омар тізесінің астынан суырып алып, Қорғамбектің өзіне тап берсе, не істер сонда Қорғамбек? Мына мылтық, ескі жолдастығын ескеріп, бірден атыла қояр ма? Соны, әлі өз арбасына мінгізгенше, мына қызыл өгіздің арбасына мінгізіп, торы атпен өзі неге соңынан түсіп отырмады?


Қорғамбек өз-өзінен қысылып, терлейін деді. Қалампырдың қарауында Қорғамбек ешнәрседен қаймықпай мығым отыр еді. Мылтығының құлағын бас бармағымен қозғап қояды. Шатақтың үлкені сол құлақта. "Қорғамбектің мылтығы атылмайды, құлағы бұзық" дегенді Қалампыр ылғи есітетін. Бірақ Қорғамбектің абыржымай мығым отырғандығы Қалампырға да күш беріп, ол көтеріңкі қалыпқа кіріп, сол көтеріңкі қалпын қайтсем сездірем деген адамдай Қорғамбектің иығына асыла түсті:


— Тентек жігіт-ау, ұят болмас па екен мұның, бір кезде осы жігіттің есігінде жүрдің, дәмін таттың... Ағайындығы да бар...


— Байға болысайын дедің бе? Байшылдыққа салындың ба, — деді Қорғамбек оған бұрылып, ежірейе қарап.


Қалампыр сөз таба алмаған кісідей апалақтап:


— Өзіңе ғана айтқаным ғой, тентек жігіт, басқаға айтпаймын ғой, —деді.


— Маған да айтпа!


— Айтпайын, айтпайын...


Қалампырдың өзі өткен өмірдің пердесін ашты: не істемеп еді бұл Омар... Қорғамбекті бастап большевиктердің отрядына баулушы Рагулин дейтін жігіт еді, о да осы Омардың есігінде батырақ боп, бала күнінен Қорғамбекпен бірге өсіп еді. Өзен жағасындағы поселкеден құралған бұлардың отрядтары құрал жағынан тым күшсіз еді. Омар осыны сезіп, бұлардың тоз-тозын шығармақшы боп, ақтың бір топ әскерімен бұлардың соңына түскен ғой. Азамат соғысы басталып, әй-жәй болғанда, осы Омар шын "кеңесшіл" адам болғансып отыра қалды. Майданнан қайтқан Қорғамбекті көргенде:


"Қате кімнен болмайды...", — деп Омар шайып-жуған болды.


Қорғамбек оған жібімеді. Бірақ майдандағы сияқты жапырып істеуге ол кездегі ел жағдайы ерік бермеді. Ел шаруашылығын сабасына түсірудің қамында еді. НЭП саясатын Қорғамбек ұғына алмады. Өз басындағы мықты кемшілік — оқуға, білімге бой ұрмады.


Омардың мықты ылаңы 29-жылдан басталды. Мал-мүлкін судай сапырып бітіріп, өзі қашқындыққа айналды. Шетте жатып ұры ұйыстырып, Қорғамбектердің қалқозының берекесін алып еді, әй, келіп. Егінді де өртетті, малды да тоздырды, өсекпен елді үркітіп, іргесін де аудырды... Не істемеп еді бұл Омар?!..


Ауыл өзен бойында. Өзен болғанда, осы өзеннің аралсымақ иірілімінде опырынып құлаған ескі көңнің орны жатыр. Ол мына торы аттың арбасында келе жатқан Омар мырзаның ата қонысы. Сол көңнің орнында бір кезде сырлы төбелі ағаш үйлер, қатарланған ағаш сарайлар болушы еді. Қазір оның бірі жоқ. Омар мырзаның елден қашып кеткеніне биыл төртінші жыл. "Елу жылда ел жаңа" деген ата мақалы бекер екен, бұл ел төрт жылдың ішінде жаңарып шығыпты. Ескі көңнен шақырым шамасына жаңа қыстау салыныпты. Қыстау болғанда — қала, сымға тартқандай түзу көшесі бар. Ортасында мектебі, клубы, дүкені, астық сарайлары, діңгек қағып орнатқан радиосы. Бір жақ шетте тау-тау қып үйген шөптері, оған жалғас мал сарайлары. Күнде көріп көзі үйренген адамдарға пәлендей таңсықтығы болмас, бірақ Омар мырза торы атпен ілбіп келе жатып, осы көріністі көз алдынан бір өткізіп, ауыр күрсінді.


— Неге келдім осында? Нем бар еді осыларға келіп? Ережептікі дұрыс: мен өз қолымнан жұмыс істей алмаймын. Мен сөзбен орындатуға ғана шебермін, бұйыра беруге ғана шебермін... Бекер болды!.. —деді Омар басын шайқап.


* * *


— Ау, Қорғамбекпісің? Мынауың кім, әй? — деп астық сарайының алдында тұрған басқарма ағасы сонадай жерден даурығып, бұлардың алдынан шықты.


— Бұл кәдімгі бай-құлақ Омар дейтін мырза бір кездегі, қазіргі күнде қашқын, — деп Қорғамбек арбасынан сөйлей түсіп, Омарға қатарласты, — көтерші тізеңді, мылтықты алайын!


Ұр жаңа қос ауыз мылтықтың темірі күн сәулесімен шағылыса, айнадай жалтылдады.


Басқарма ағасы Омардың жанына келіп, біресе өзіне, біресе атына қарап, бірсыпыра тұрып қалды.


— Ал, бұл мырзаны қайтпекшіміз?


— Қайтетініңді өзің біл. Менің міндетім қашқынды ұстау. Ұстадым, табыс қылдым қолыңа, айырылсаң жауаптысың! Бұл мырзаның қандай қылмысы барын өзіңе талай айтып ем ғой. Біздің түбімізге жеткен осы. Анықтап біл. Торы атты көкең мінеді. Қос ауыз мылтықтың иыққа асылғаны осы болар. Қалампыр, өгізіңді ал, бұлдап болып ең...


— Әдіре қал, ат тауып отырғаның осы өгіздің арқасы шығар-ау.


— Олай болмайды, Қорғамбек, жолсыздық болады мұның. Адамын да, атын да ауылнайдың қолына тапсыр! Алсаң, жазу-сызумен ал, — деп басқарма семіз торы аттың о жағына бір, бұ жағына бір шықты.


— Әй, шатабат, бері кел, жаз мынаны. Сендердің заңдарың да бітпес. Жазу-сызуларың да бітпес. Ел қыдырып кеткен ауылнайды күте алмаймын. Маған қазіргі уақыттың мүйнеті қымбат. Даладағы егіннің не болып жатқанын білемісің? Жаз: тобылғы түсті торы ат, екі құлағы артынан ойық, жалы мінер жағында, кекілінің астында бармақ басындай төбелі бар. Сосын... Сосын... "Қашқын Омар мырзаны басқарма ағасының қолына табыс қылды Қорғамбек" де. "Мәгәрки бұл мырза қашып кеткендей болса, басқарма ағасы жауап береді де..."


Қорғамбек қызып сөйлеп жүріп, торы атты доғарыл, әлдеқайдан ер-тоқым тауып әкелді де ерттеді. Қос ауыз мылтықты иығына асып жатып:


— Әй, оқ-дәрісі қайда мұның? Шығар бәрін! — деді Омарға.


Омар үнсіз қызыл қоржынды ақтарып, оқ-дәріні шығарып берді.


— Қалампыр, мә, үйге апар, мына мылтықты.


— Қой әрі, атылып кетіп жүрсе құрғырың!


Басқарма ағасы да, шатабат жігіт те мырс етіп күліп жіберді. Торы атқа мініп жатып, Қорғамбектің өзі де күлді:


— Ойындарың келмесін, атылатын болған ол мылтық, — деді атының басын қымқыра ұстап. — Әй, шыныңды айтшы енді, ұрлап алдың ғой осы атты? Қалқоздың аты ма, сапкоздың аты ма?


Омар төмен қарап тұнжыраумен тұрды. Қорғамбек сыпырта желіп, төтемен асып, сонау қабаққа барып та қалды. Қалампыр Қорғамбектің ескі мылтығын иығына асып, қызыл өгізін жетектеп:


— Қызық-ау, біздің тентек жігіт. Мінезін-ақ ұнатам өзінің, — деді кетіп бара жатып күлімсіреп...


Ымырт жабыла Сағындық үйіне келгенде, қатыны Балжан үрейленіп алдынан шықты:


— Пәле болды! Келді де отырып алды, енді қайтеміз?


- О, кім?


— Омар...


Балжан Омардың нендей күйге кездескенін айтып бергенде, Сағындық июль ішінің тону ыстық түнінде тоңып, қалтыранған адам секілденді. Омардың аты естілгенде, өткен дәуір театрдың ойынындай боп, көз алдынан елестеп өтіп жатты. Қиын-ау, бір кездегі аталас ағайыны, қатар өскен құрбысы. Омардың тұқымынан пәлендей зәбір көрдім деп басқалар айтқанмен, Сағындық айта алар ма? Бір кезде осы Сағындықты Омармен қосақтап кәнпескелемекші де болды-ау, осы ел. Орташаның тоңып бүркеніп, әупіріммен шатақтан құтылып, белсенді болғансын, жаңа-жаңа сенімге ие болып келе жатыр еді...


Сағындық Омармен көріскенде, құлағы шыңылдап, алқымына бірнәрсе тығылған секілденіп, көпке шейін үндей алмай үнсіз отырды.


— Бізді бүлдіресің... Менің ниетім өзіңе аян ғой... Өтінемін, Омар!.. — деді Сағындық қалтыранып.


— Бір ғана түнеп шықсам қайтеді?


— Болмайды. Бүлінеміз... Қайтейін? Қорғамбек сайланғанда-ақ шошынғам... Мен көмекті астыртын берейін, не жұмысың болса да тапсыр, орындайын, — деді Сағындық қысыла сөйлеп.


Омар салбырап үйден шықты. Июль айының түні мұндай тыншу болар ма, жел жоқ, күз жоқ, тынып, мүлгіп, сары масасы азынап, түрлі дауыспен музыкаға ән қосқандай боп түнді басына көтеріп жүр. Шапақ әлі сөнбеген. Көк жиегінде тіркестенген қара қошқыл бұлт еміс қана көрінген тәрізденеді. Әлдеқайда найзағай жарқылдайды. Үздік-создық құрбақаның дауысы шығып, ә дегенше болмай тына қалады...


Омар күрсінді. Түн суреті көп нәрселерді еске түсірді. Отыра қалып, балаша егіліп жылағысы да келді. Осы жүріс не? Осыдай болармын деп ойлап па еді бір кезде? Бас бүлінуі жиырма тоғызыншы жылы. Қашты. Көп бұйыммен кетті. Обалы не керек, осы Сағындықтар көп болысты... Кеткенде: "Осы бұйым сау тұрса, өз өміріме кем болмаймын" деп еді. Ол бұйымның бірі бұйырмады өзіне, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ұры ұйыстырып, қалқозға шабуыл жасап көріп еді, бұ да тиянақсыз болды, қуғын-сүргінге ұшырады. Түрмеге де кіріп шықты. Сүйтіп жүріп қатын-баладан айрылды. Қолдасып жүрген дос-жарлары тарап кетті. Ережеп дейтін туған құдасы бар еді, екеуінің де күйі бір. Екеуі елге беттеді. Бұл ақырғы беталыс еді: я, ретін тауып қалқозға бас сұғып, іштен іріту, ол болмаса, тілін алатындардан топ құрып, қалқозға шабуыл жасау. Серттері осы еді.


Ережептің тілі ащы-ақ, Омарды ылғи шаншып сөйлейді:


— Мен болмасам, әлдеқашан өлетін ең. Тым болмаса ұрлық істей алмайсың, сен неткен адам боласың? — дейді мұны тәлкектеп.


Келе жатқан беттерінде қалың ағаш ішіне түнеді. Маса дегенің түтінше бұрқырайды. Ережеп Омарға үстемдік істеп әдеттенді де, сол әдеті бойынша атты күзетуді бұған тапсырып, ұйқыға кірді. Омар масамен алысып кейіп жүріп, ойына бірдеме түскендей елегізіп, ақырын басып, арбаның қасына әлденеше рет келді. Ақырғы келгенінде, Ережептің бетіне бірсыпыра қарап тұрып, етігінің қонышында жүрген селебе қара пышақты суырып қолға алды. Дұрыс істеді ме, бұрыс істеді ме, ойына салыстырып көрген де жоқ...


... Омар осының бәрін ойлап, мең-зең боп бұралқы иттей қаңғып, беті ауған жаққа кетіп бара жатып, кенет тоқтады. Қарсы алдындағы бір үйдің терезесінен сәуле көрінді, Ептеп жақындап, тыста тұрып көз салып адамын таныды. Қорғамбектің шешесі — Жұпар мен баяғы Қалампыр екеуі бастарын изей түсіп, әңгіме соғып отырады. Қалампыр бір тізерлей отырып, қызып сөйлеп отырды, Жұпар аяқты көсіліп салып, ынтығып тыңдап отыр. Кім білсін, Омарды әңгіме ғып, Омардың өткен дәуірін әңгіме ғып, табалап отыруы да мүмкін-ау!.. Осы Жұпар Омардың үйінде бір кездері күң есебінде жүрді. Үсті-басы алба-жұлба болатын еді. Омар бала күнінде тым ерке боп өсті де, Жұпардың сол жалба киімінен тартып ойнауды қызық көретін еді. Өзі жыртық киімін талай бөксере жыртып еді. Жұпар ондайда Омар күлімсіреп қарағанмен, сол күлімсіреуінің өзі атарға оғы жоқ адамның пішінінде еді. Сол Жұпар осы...


Есік алдында ыңырсып, қасынған малдың дыбысы естілді. Омар дыбысқа елеңдеп, соған қарай ойысты. Кершабдар сиыр бауыры жарқырап, бұзауының қасында күйсеп жатыр еді. Омарға кенет ой түсті: бұл қай жүріс? "Не істесеңдер де көндім" деп, қол қусырып отырмақшы ма? Соның үшін келіп пе еді осында? "Алысам, арбасам, қарысқанды жүн қылам!" деп келген жоқ па еді? Істей алды ма соны? Істеуің сол — өзі тұтқын боп отырған жоқ па? Басқарма хатшысының босаңдығын пайдаланып, "ешқайда кетпеймін" деп бір түнге қолтаңбамен босанып отырған жоқ па? Таң атса, ауылнай келсе, ұстар да жөнелтер. Сосын бұлқынып көр?! Одан да осы түнді жамылып неге жөнелмейді? Кейінде қалған жолдас-жораны тауып, қанаттасып, шабуылды неге салмайды бұл қалқозға? Осылардың өзі бейғам жатқан ел емес пе, ызғытып неге айдап кетпейді малын? Сағындықпен қанаттасып, былтырғы секілді неге салмайды егінге қолды? Соның үшін келген жоқ па?


... Омар асығыс қимылдап, кер шабдар сиырға бас жіп тағып, жетектеп ауылдан шығып, қатты аяңдап белестен асты. Аз-кем тоқтап демін алып, шапанын тоқым ғып, сиырға салт мініп, қақпалап жолға салды. Ауылдан едәуір ұзады. Көңіл көтеріле түсті. Жол үстінде көзге түсіп жүрермін деп, терең сайдан өтіп алып, қырға қарай салды...


Нақ осы кезде Қорғамбек қырдағы егінді бір сүзіп өтіп, сайдың қабағындағы егінге келіп, торы атты шалдырып, өзі қос ауыз мылтықты жастанып жатыр еді. Бір бүйірлеу, тепектеп біреу кетіп барады. Мінгені сиыр, жүрісінен белгілі.


— Бұл қайсының, әй? — деді Қорғамбек ұшып тұрып.


Бұл Омар еді. Қорғамбектің дауысы жер астынан шыққандай болды да, Омар шошып, сиырдан ауып түсе жаздады. Тебініп ұрғанмен сиырдың жүрісімен қашып құтылу қиын. Омар сиырдан қарғып түсіп, жаяу зытты. Сай тым алыс емес. Түн тастай қараңғы. Сайға түсер заман болса, таптырмауы анық...


— Кім болсаң да тоқта! Тоқтамасаң атамын!..


Осы дауыс естілгенде, Омар сайдың қабағына келіп те үлгіріп еді. Енді бір-екі аттаса, қалың шалғынға кіреді. Одан әрі тал, ағаш... Жете ала ма соған? Аяқтан әл кетіп буыны құрып бара жатқан секілді... Тынық түнді тербетіп мылтық дауысы гүрс етті. Омар қалтақтап, сүріне түсіп, түпсіз тереңге түсіп бара жатқан адам секілденіп, көз алдында ербиген талды қармана қулады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу