Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  743


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жарапазан

— Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі бие екен.
Сандық көркі түйе екен.
Әшекейлеп сырлаған
Ақ сарайдай үйі бар,
Ақ бөкендей қойы бар,
Қара сақал, керме иық,
Қандай байдың үйі екен?
Мұхаммед, үмбетіңе жарапазан!

Адыр-адыр таулардан
Айғыр мініп біз келдік...
Ауыздығы бой бермей,
Бай үйіне кез келдік.
Бұдыр-бұдыр таулардан
Бұқа мініп біз келдік.
Мұрындығы бой бермей,
Бай үйіне кез келдік.

Кірсін дәулет, шықсын бейнет,
Айтамын, байлар, сізге жарапазан,
Молдалар ертең ерте айтар азан,
Айтқанға жарапазан қайыр берсең,
Барғанда ақыретке болмас жазаң.

Айтамын жарапазан қожақайлап.
Жылайды қожа-молда түбін ойлап,
Тірлікте қайыр-зекет бермеген жан,
Тұрады ақыретте тайдай тулап.

Айтамын жарапазан еліңізге,
Байлаңыз жақсы орамал белімізге,
...............................................
*(Қолжазбада бір жол қалып қойған.)

Кетеміз мақтай-мақтай елімізге.

Айтқанмен жарапазан тойған бар ма,
Әдетін бұрынғының қойған бар ма?
Әдетін бұрынғының қойып кетіп,
Барғанда ақыретке оңған бар ма?

Айтамын, байлар, саған жарапазан,
Айыпқа бұйырмаңыз есіткен жан,
Айтамын үмітпенен жарапазан,
Кәнеки, мырзалығың енді маған?

Айтқанның жарапазан сауабы бар,
Берсең де, беремесең де не қамым бар.
Астымда мінген атым, шу жануар!
Айтамын жарапазан жапсарыңа,
Дарысын құт-береке бастарыңа,
.............................................
*(Қолжазбада бір жол қалып қойған.)

Қонады кедей байғұс қастарыңа.
∗*(Қолжазбада бір жол қалып қойған.)


Айтамын жарапазан үйіңізге,
Ұстаған үй айнала шиіңізге.
Қой берсең, қозы берсең көпсінбеймін,
Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге.

Ақ үйің айға қарап орда болсын,
Жиылып ұлы-қызың молда болсын.
Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Пайдасы молдалықтың сонда болсын.

Айтамын үйіңізге жарапазан,
Алып шық жылдамырақ, жеңешежан!
Келгенде қайыр-зекет бере алмасаң,
Жібермес ақыретке менің назам!

Жарапазан айтамын мақтап қана.
Тұсыңа жетіп келдік ақтап қана,
Тұсыңа келгенімде, жатқан байлар,
Күтіп ал, мейманыңды мықтап қана.

Мінгенім астымдағы жирен дейді,
Намазды бес уақыт үйрен дейді.
Намазды бес уақыт үйренбесең,
Шынжырлап дұзаққа сап сүйрер дейді.
Бай үйіне берекет,
Қаша берсін бәлекет,
Кірсін дәулет есіктен,
Шықсын бейнет тесіктен!
Жарапазан жарықтық,
Жақсы дейді есіткен.
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің іші ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Қарағай найза қаптаған,
Басына темір саптаған,
Сабы сырмен сырлатқан,
Ұшы болат қырлатқан,
Жауға білек сайлатқан,
Белдеуге бедеу байлатқан,
Қайсы бір байдың үйі екен?!
Адыр-адыр таулардан
Айғыр мініп мен келдім.
Ауыздығы бой бермей,
Сіздің үйге кез келдім.
Бұжыр-бұжыр таулардан
Бұқа мініп мен келдім,
Мұрындығы бой бермей,
Сіздің үйге кез келдім.

Мінгені Пайғамбардың қара қасқа,
Жанында мүсір қылыш, бауы басқа.
Ашуланып шабады қара тасқа,
Қара тас қақ айырылар екі басқа.

Мінгені Пайғамбардың кер деймісің,
Аққаны кекілінен тер деймісің.
Оразаң былтыр кеткен биыл келді,
Бітірін жылдамырақ бермеймісің.

Ораза жыл он екі ай бір-ақ келер,
Баласын мұсылманның жинап келер.
Айтқанға жарапазан жылқы берсе,
Қарасат майданында пырақ берер.

Дегенге, жарапазан, жарапазан!
Келеді таудан құлап жарық қазан.
Белдеуден ұстап кемпір түзге отырар,
Алып шық жылдамырақ, жеңешежан!

Астымдағы тана-ды,
Жатайын деп барады.
Құдайдың күні еңкейіп,
Батайын деп барады.
Қасымдағы бала еді,
Қайтайын деп барады.

Ассалаумағалейкум, жатқан байлар!
Қоңыр қой, қора толып жатқан байлар!
Ол қойды ел көшкенде кімің айдар?
Өгізбен қоңыр шолақ құлың айдар.

Ассалаумағалейкум, ақтан келдік,
Ауылы арғын-найман жақтан келдік.
Жарапазан айтумен үміт қылып,
Балалардың азығы жоқтан келдік.

Бәйбіше айтады: «Боқшадан жаулық бер» деп,
Бай айтады: «Қорадан саулық бер» деп.
Байдың берген саулығын өңгерелік,
Бәйбішенің жаулығын тең бөлелік.

Аяқ-табақ сылдырап,
Құрт бергелі жатыр ма?
Аузы-басы жылтырап,
Май бергелі жатыр ма?
Сары аяққа салып бер,
Сары майға малып бер,
Қыздар берме, өзің бер,
Қыздың қолы сұғанақ,
Жеп қойды ғой бағана-ақ...

Шаңырағы осы үйдің шап-шақ қана,
Осы үйдегі жеңешем аппақ қана.
Сақылығын көрген соң ырза болып,
Жеңешемді жүремін мақтап қана!

Жарапазан айта келдім есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе!
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,
Жауға шауып, батыр болсын несібеңе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу