Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  112


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Сараң бай мен Ғалы арыстан

Онан (анден) соң Әбубәкір — оның (аның) жары.
"Сыдық" — деп ат қойыпты пайғамбары.
Сіздерден (сізлардан) медет (мадат) тілеп, сөз сөйлейін,
Мен — кәріп (ғарыб): барша жанның күнәһары.
Онан соң Хазірет Омар әділ (ғаділ) өткен,
Ұлына (ұғлына) дүре бірлан үкім (құкім) еткен.
"Шапағат мен кәріпке қыла ма?" — деп,
Сіздерден мендей ғасы үміт еткен.
Біреуі шаһиарының — молда Ғұсман.
Құран оқып мұсылман дінін күткен.
Шапағат — махшар күні — бізге қылғыл,
Пайғамбар екі қызын бірдей қосқан.
Онан соң жомарт болған Ғалы - арыстан,
Фатимамен екеуін Құдай қосқан.
"Күнәм көп, шапағат қыла ма?!" — деп,
Қиссаға есіміңізді қылдым дастан.
Онан соң Хасен, Хұсайын — шаһизатым,
Сахаба, ал асқап жамағатым (жамиғатым).
"Дүние мен ақыретте жәрдем (иардем) қылғыл!"
Қабыл ғып мен кәріптің мінажатын!
Иад еттім, пайғамбарды қылдым зары,
Кәріптің болса екен медеткері.
Сіздерден медет тілеп, сөз сөйлейін,
Әулие-пайғамбардың баршалары.
Иад еттім біразырақ Ғазиз атын,
Иа, Алла, қабыл қылғыл мінажатым.
Бұл дүниеде адамдарға ғибрат үшін,
Сөйлейін ер Ғалының рауаятын.
Рауаят имамлардан бізге қалды,
Сахаба пайғамбардың тілін алды.
Атыңнан айналайын Шаһимардан,
Наданды талай-талай жөнге салды.
Билеген жердің жүзін пайғамбары,
Кішісі төрт жарының — батыр Ғалы.
Жазайын ер Ғалының бір қиссасын,
Қалсын да бізден біраз жәдігері (иадигары).
Пайғамбар үмбетіне дін үйретті, Ғалыны:
"Арыстаным (арсыланым)" — деп, еркелетті.
Ғалының патша болған заманында,
Бай болып, Мединеден бір жан өтті.
Ол байдың тамам жаннан дәулеті мол,
Шариғатты ойламай жүріпті сол.
Өзі сараң: ешкімге дәм бермейді,
Қайыр — (ықсан) сауаптан жуыпты қол.
Алдаған сараң байды дүние боқ,
Жинаған алтын-күміс қисабы жоқ.
Үйіне қонақ келсе, жолатпайды,
Асында — ғұшұр, малында зекеті жоқ.
Өзінің мұсылмандық белгісі бар,
Естіген бұрын әдет (ғадат) үлгісі бар.
Намаз, руза, зекетпен жұмысы жоқ,
Еш адам сараңдықта болмады пар.
Бар екенін біледі бір Құдайды,
Көңіліне салды Құдай осындайды.
Үйіне қонамыз деп келген болса,
Ұрып, сабап жіберген бірталайды.
"Сараң бай" — деп, атанды тамам жанға,
Мінезін естігендер қалды таңға.
Қайыршы келсе, сабайды байлап қойып,
"Ұқсас — деп, аңыз қыпты — Қарынбайға!"
Айтады қайыршыға: "Нең бар мұнда,
Менен басқа бай жоқ па өзге алдында?
Келген қонақ сұраушыдан мазам кетті,
Басқа жақта ел болса, бар, кет сонда!"
Жоламастан түңілді жанның бәрі,
Бай-кедей, қатын-бала, жас пен кәрі.
Молдалар шариғаттан сөз сөйлесе,
— Мазамды алмай жүр, —дейді, — әрмән әрі!
Бір күні бір сахаба барды дейді,
Пейілі сараң байдың тар-ды дейді
"Ұрысың ғой мезгілсіз қаңғырған", — деп,
Ұрып, сабап басларын жарды дейді.
Байғұсты ұрып байлап салды дейді,
Пәлеге құтылмастай қалды дейді.
"Сен мұнда неге келдің сұраусыз?!" — деп,
Қысымға неше түрлі алды дейді.
Сахаба түк айта алмай жаман сасып,
Сараң бай ашуланды қара басып.
Ұры деп байлаған боп қойған екен.
Бейшара ел жатқан соң, кетті қашып.
Сахаба өзі батыр, асқан ер-ді,
Сараңнан байқаусызда қорлық көрді.
"Қонба, — деп, — мені мұндай сабады!" — деп,
Ғалыға ертең келіп арыз қылды.
Естіген соң таң қалды жанның бәрі,
Сахаба қайран қалды баршалары.
Бас-көзі қан болып келгеннен соң,
Анық естіп біліпті хазірет Ғалы.
Ғалы ойлады: "Ол байға барайын!" — деп,
"Сараң байды бір сынап қарайын!" — деп.
Үстіне жаман-жұман киім киіп:
«Қайыршы боп, бір қайыр сұрайын!» — деп.
"Бір рақым ол байғұсқа қалайын!" — деп,
"Әуелі қайыр сұрап алайын!" — деп.
"Дұға қылып халіне бейшараның,
Жолына шариғаттың салайын!" — деп.
Ғалы айтты:
— Ашуланба оған, — дейді,
— Тұрыңыз тілектес боп мұнда, — дейді.
— Құдайым бейшараға таупық берсе,
Берейін жолдас қылып саған!—дейді.
Мұны айтып бір есекті мінді дейді,
Ақылы тақсыр ердің кең-ді дейді.
Қайыршы елеусіз бір мүсәпір боп,
Үйіне сараң байдың келді дейді.
Ауылына қайыр сұрап Ғалы келді.
Ол байға тыста жүрген сәлем берді.
Қараса, киімі жаман, жүзі көркем,
Кісіні келіп тұрған көрді дейді.
Қасына жақынырақ жетіп кепті,
Ғалыны көргеннен соң есі кетті.
— Өзіңнің киімің жаман, түсің жақсы,
Шаһарда мен көрмеген кімсің?! — депті.
— Мен жүрген мүсәпірі елдің! — дейді,
— Естіп байлығыңды білдім! — дейді.
— "Бір нәрсе құдай үшін бере ме?!" - деп,
Мен сізді әдейі іздеп келдім! - дейді.
Үйіне кіріп кетті жауап алмай,
Сөзіне құдай деген құлақ салмай.
Үйінен шыға алмады ашуланып,
Ғалының айбатына (һайбатына) шыдай алмай.
Сонда Ғалы сөйлейді тыста тұрып:
— Менің бір батамды алшы қайыр беріп!
Ұруға бұрынғыдай бата алмапты,
Ғалының арыстандай формын көріп.
— Қайыр бер маған біраз тілімді алсаң,
Сөзіме сауап болар, құлақ салсаң.
Ай, сорлы, ақыретте азық болар,
Аз ғана қайыр беріп, батамды алсаң!
Ей, байғұс, қайыр берші маған деймін,
Мен разы болайыншы саған деймін.
Бермесең қайыр-зекет бұл дүниеде,
Барғанда ақыретке жаман деймін.
Әзірейіл бұл жаныңды алар деймін,
Қу басың көр астында қалар деймін.
Бұл малың жылан менен шаян болып,
Жабылып сол уақытта талар деймін!
Ауылыңа келген екем кешке таман! —
Бұл сөздің сараң байға бәрі жаман.
— Беретін бір тиын жоқ жүре бергіл,
Мезгілсіз мазамды алған қандай надан?!
Көп сөйлеп бас ауыртпа сөзің құрысын,
Саулатып жарапазан не ғып тұрсың?!
Басқаны батаңменен жарылқасаң,
Тентіреп елден елге не ғып жүрсің?!
Сөзіне сараң байдың қайран қалды,
Ерлігі тағы қысып ойына алды.
Бір сойқан енді саған салайын деп, Ер Ғалы:
— Шапшаң шық!—деп айғай салды.
Дауысынан қорыққаннан шыға келді,
Шыдай алмай жарты тілім нанды берді.
Ішінен бір мың теңге бергендей боп,
Үйіне қайғы тартып кіреді енді.
Сараң бай танымады Ғалы ерді,
Ол байғұс қайыршыны көзі көрді.
"Пендеңе таупық берші, құдай-ау!" — деп,
Қайран боп батыр Ғалы жүре берді.
Құдай-ау, жаратпасаң неге мұндай?!
Қорыққаннан жарты тілім нанды берді-ай!
Ішпей-жемей қайыр-зекет бермей жиып,
Қайтеді ақыретте жиған малды-ай?!
Ғалы батыр үйіне қайтып келді,
Бастан аяқ көргенін айтып келді.
"Жатқанға бір күн көрге мың ділда!" — деп,
Жар салып жинап алды тамам елді.
— Жан қалмай шақырған соң келсін! — дейді,
— Менің патша екенімді білсін! — дейді.
— Көрге жатқан кісіге сый беремін,
Салтанат тамашамды көрсін! — дейді.
Жар салды осылай деп хазірет Ғалы,
Бұл хабарды есітті жанның бәрі.
"Көрге жатып мың ділда аламын!" - деп,
Жиылған айта алмады жас пен кәрі.
Есітті бұл хабарды ол сараң бай,
Оны да сараң қылған патша-құдай.
"Олжаны тегін жатқан алсам ба?" — деп,
Толқиды байдың көңілі олай-бұлай.
Ер Ғалы тамам елге хабар шашты,
Ерінген осы олжадан жарамас-ты.
"Олжаны тегін жатқан алсам ба?!"— деп,
Сараң бай қатынымен ақылдасты.
— Әй, қатын, патшаға барсам ба екен,
Ерлік қып қалың топты жарсам ба екен?!
Жатқанға бір күн керге нем құрайды,
Бос жатқан ділданы алсам ба екен?!
Қатыны айтты:
— Отырсаң көтің қысып,
Тірідей не қыласың көрге түсіп?!
Қызықпа, тілімді алсаң, осы олжаға,
Бара ма жай отырсаң ішің пысып?!
Еш адам патшаны жеңе алмайды,
Не айтса патша сөзін кек алмайды.
Шаһарда сенен батыр толып жатыр,
Оңай болса, көрге түсіп, неге алмайды?!
Қорқақ па бәрі соның жүрегі жоқ,
Көңілі тасып тұрған зерделі жоқ.
Олжа деп тегін жатқан қызығасың,
Сөзіңнің былшылдаған керегі жоқ.
— Адам деп сөз айтып ем сені! — дейді,
— Келе ме қорыққанның жөні, — дейді.
— Олжаны тегін жатқан алма дейсің,
Құртарсың бүйте берсең мені! — дейді.
Жатқанға бір күн көрге қылма қауіп! —
Сараң бай барайын деп көңілі ауып.
Жатқанға нем құрайды бір күн көрге,
Алайын тегін олжа ебін тауып.
Сараң бай ақша алғалы келді дейді,
Көрмеген бұрын мұндай елді дейді.
"А, патша, ділдаң қайда?!" — дегеннен соң,
Түсерін мұның енді білді дейді.
Сараң бай осы топқа келді жетіп,
Көрмеген адамдарды тамаша етіп.
Алдына кеп патшаның сөз сөйлейді,
Ойында ділда алам деп үміт етіп.
— Ай, патша, тағыңызбен ағар! — дейді,
Кәрібің талап қылып бағар! — дейді.
Бұл байдың қайран қалды сөздеріне,
Еш нәрсе көрінбейді көздеріне.
— Кім жатса осы көрге беремін, — деп,
Көрсетті бір мың ділда көздеріне.
Ғалы айтты:
— Патшалығым менің — дейді,
— Алғаны бір мың ділда тегін, — дейді.
Түспеді көрге қорқып өңшең жаман,
Көрелік ерлігіңді сенің! —дейді.
— Ай, патша разымын саған! — дейді,
— Қылайын қызметіңді тамам! — дейді.
— Біткенше бір күн тамам қасымызда,
Кісілер әзір қып қой маған! — дейді.
— Қызметіңді асырмалық күннен әрі! —
Бұл іске қайран болды хазірет Ғалы.
Біткенше бір күн тамам жібермеймін,
Тұрады осы жерде жанның бәрі.
Ол көрге мақұл көріп жатпақ болды,
Бір күнін мың ділдаға сатпақ болды.
Жатқан соң көр ішіне сараң байдың,
Ауызын кәдімгідей жаппақ болды.
Жатуға бір күн көрге ерінбейді,
Өз малы титтей көзге көрінбейді.
Өзге жұрт қайран қалып, қорқып тұрса,
Сараң бай: "Ділда алам!"- деп, күлімдейді.
Ол көрге: "Ділда алам!" — деп, жатты дейді,
Беттерін қараңғы қып жапты дейді.
Қараңғы көр ішіне жалғыз жатып,
Алаңдап жан-жағына бақты дейді.
Көрге қойып, қырық қадам кетті дейді,
Жалғыздық бейшараға жетті дейді.
Ол байғұс жан-жағына қарап тұрса,
Бір нәрсе жарқ-жұрқ етіп кепті дейді.
Ол нәрсе келе жатыр түсі суық,
Көрмеген мұндай нәрсе өзі туып.
Бір ерні - жерді, бір ерні - көкті тіреп,
Тілімен бұл дүниені алды буып.
Көрінген жылан екен келді жетіп,
Тілдерін олай-бұлай жалаң етіп.
Аузына жарты тілім нан жабысып,
Сонан кейін ол жылан қалды кетіп.
Онан соң Мүңкір-Нәңкір келді жетіп,
Күрзісі таудай екен, қолға тұтып.
Жап-жалтыр көзі жалғыз табақтай боп,
Сараң бай қорықты жаман есі кетіп.
Көзінен от шашырап тұрды дейді,
— Ман рәббик!—деп жауабын сұрды (сұрады) дейді.
— Аулақ жүр, қондырмаймын! — дегеннен соң,
Күрзімен ашуланып ұрды дейді.
Дал-дал боп, күрзі тиіп, кетті сонда,
Салмағы қара жерге жетті сонда.
Періштелер бөлегін жиып алып,
Ақылын әуелгідей етті сонда.
Сараң бай ойбай салды сонда шошып,
Сұрайды періштелер тосып-тосып.
Дауысы талай жерге кетті дейді,
Жер келді екі жақтан бүйірін қысып.
Сараң бай көрде жатып салды ойбай:
— Жолықтым қандай іске — дейді, - құдай?!
— Малынан зекет бермей аздырған! — деп,
Жылан мен шаян келді таудай-таудай.
— Түк бермей еш адамға жүрдің не ғып?!
Нан бердің жарты тілім, кетті қағып,
Біздерді дүниеде аздырдың! — деп,
Жылан, шаян боп малдары жатыр шағып.
Сараң бай көрде жатып, ғазап тартты,
Ғазаптың неше түрлі дәмін татты.
Ұрады періштелер күрзіменен,
Шаққаны жылан-шаян онан қатты.
Сараң бай есектей боп бақырады:
- Өлдім, - деп, - Ойбай, Ғалы! - шақырады.
Тоқтайды: "Ғалы" — десе, ғазаптары,
Періште: — Ман рәббик! — деп ақырады.
Сөзіне жауап таппай жатыр сасып,
Дауысы нашарланды, халі қашып.
"Мен — түйең, мен - қойың, мен — жылқың!"
Жылан мен шаяндар кетті басып.
Азаптың сондай түрлі көрді бәрін,
Білмейді ойбай салып не қыларын.
Ғалының қасындағы көп адамдар,
Есітіп жылап тұрды қатты зарын.
Сараң бай шыңғырады дамыл алмай,
Азапқа неше түрлі шыдай алмай.
Ғалының қасындағы тамам жандар,
Жылайды бәрі қорқып есі қалмай.
Періште неше түрлі азап етті,
Құдайым оған берді мұндай дертті.
Шығады неше түрлі көрден дауыс,
Естіген адамдардың есі кетті.
Жамағат сонда тұрып жалынды кеп,
Бәрісі ақыреттің қайғысын жеп:
— Ей, тақсыр, енді қорқар қияметтен,
Байғұсты енді көрден алыңыз!—деп.
Дауысы сонда шықты тым-ақ жаман,
Жылайды қорыққан соң талай надан.
Шыққан соң ащы дауыс хазірет Ғалы,
Шыдамай енді жүрді көрге таман.
Шыққан соң ащы дауыс, халі қашты,
Баршасы көрге қарай кадам басты.
Тазалап үстіндегі топырағын,
Сағат жарым болғанда, аузын ашты.
Қараса, шала-жансар болған екен,
Көріне жылан-шаян толған екен.
Ажалсыз жан шыға ма, жамағатлар?!
Ғазапты шыбын жанға қылған екен.
Біреуі тыста тұрып сәлем берді,
Ия, Алла, асан қылғыл ондай жерді.
Құданың құдіретімен ол сараң бай
Бір сағатта қырық жылдық азап көрді.
Талқан қып бұзып алды жапқан көрді,
Барша жұрт қайран қылды Ғалы ерді.
Сараң бай есі ауып, құлап қалды,
Сонан соң көтеріп үйге алып келді.
Ол байғұс бір күн, бір түн жатты талып,
Жаны бар кеудесінде қойды салып.
Дем салып Ғалы батыр қойған екен,
Көтерді сонда басын демін алып.
Ол байғұс бір күн, бір түн талған екен,
Құдайым мұндай күйге салған екен.
Отырды қозғала алмай қайран қалып,
Қалжырап есі кетіп қалған екен.
Жарадан сау жері жоқ тұла бойы,
Жабылып шаққан екен жылқы-қойы.
Сараң бай сол бойымен өліп кетсе,
Өлгенде болар еді-ау үлкен тойы.
Бай сөйлейді:
— Жараңдар, келдім қайдан?
Етімнің сау жері жоқ мынадайдан.
Қарайды төңірекке көзін салып,
Енді сөз естіңіз сараң байдан.
Бай айтады:
— Ауылдан келдім мұнда,
Түбіме менің жетті бір мың ділда.
Есіме жаңа түсті, мен сөйлейін,
Қандай күйге мен түстім көр ішінде?!
Жаранлар, көрге түсіп жаттым, — дейді,
— Өз жаныма жамандық еттім! — дейді.
— Шапағат қылғыл, тақсыр, мен кәріпке
Болмаса су түбіне кеттім! — дейді.
Ол байғұс жылап-жылап тағы талды,
Бірнеше шошып, қорқып ойбай салды.
Біразырақ жатты да, есін жиып,
— Аһ! — деп енді басын жұлып алды.
— Бұ дүние, енді білдім, өтеді екен,
Түбіме жиған малым жетеді екен.
Бұл малды көбейтем деп қимағанлар,
Жанына азап-залал етеді екен.
Мен сорлы ділда алам деп көрге жаттым,
Қырық жылдық көр астында ғазап тарттым.
Жалғыз-ақ бір жылан тимей кетті,
Ғазаптың онан басқа бәрін тарттым.
Малдарым жылан, шаян болды, - дейді,
— Көр ішіне баршасы толды, — дейді.
Екі кісі сұрайды: "Ман рәббик!" — деп,
Сөйлесем, күрзіменен ұрды! — дейді.
— Көрмеген екеуінің түсі суық,
Көрмедім ондай адам өзім туып.
Көзі бар маңдайында бір табақтай,
Аузынан от шығады, кеттім күйіп.
Айтамын көп азаптың енді несін,
Қорыққан соң қалмады титтей есім.
Өз малым ғаріп жанға дұшпан (дұшман) екен,
Шіркінді жанға бермей, " досым" — десем.
Жылан мен шаян басты қазған көрді,
Баршасы — өзім малым: көзім көрді.
"Біз — малың: зекет бермей аздырған!" - деп,
Жабылып мен байғұсты талай берді.
Азапқа шыдай алмай көп жыладым,
— Құтылар күн бар ма екен?! — деп жыладым.
"Енді өлсем, тағы сондай қылады!" — деп,
Уайымын соның үшін жеп жыладым.
Азапты қатты көрдім малым үшін,
Барады күйіп-жанып іші-тысым.
Өз малым өз жаныма дұшпан екен,
Иа, тақсыр, шапағат қыл жаным үшін!
Дүниеде жан жоқ екен мендей болған,
Ерінбей өлгенінше дүние қуған.
Өкініп өз ісіне бұл бейшара,
Көзінің жасыменен бетін жуған.
— Мен бұрын мұндай істі білмес едім,
Құлаққа айтқан сөзді ілмес едім.
Боларын мұндай азап бұрын білсем,
Бұл жерге ділда алам деп келмес едім.
Ешкімнің алмаушы едім насихатын,
Дүние үшін көп тарттым көр мехнатын.
Ей, тақсыр, енді білдім бұл ісіңді,
Көрсін деп маған қылған мархабатың.
Сипады сонда Ғалы басын, көзін,
Басына жастық қылды екі тізесін (тізнін).
— Бейшара, көп жылама, басың көтер,
Мәхкам тұт шариғаттың айтқан сөзін.
Бұл істі бір құдайдан білгіл! — дейді,
— Соңынан шариғаттың ергіл! — дейді.
— Өзіңе жиған малың шаян болды,
Дұрыстап зекетіңді бергіл! — дейді.
Құлшылық күндіз-түні етті дейді,
Айтқанын шариғаттың күтті дейді.
Рузасын (оразасын) қаза намаз жиып алып,
Сонан соң тақуа болып кетті дейді.
Ол байғұс тақуа болып дінін күтті,
Сұрады күндіз-түні шариғатты.
Бұрынғы істеріне тәубе қылып,
Онан соң мейман күтіп өмірі өтті.
Қазасын руза, намаз жиып алды,
Байғұсты Шаһимардан жолға салды.
Істерін шариғаттың мәккам ұстап,
Ақырда-иман тауып, дүние салды.
Жараңлар, алдап жүр ғой дүние деген,
Жақсылар ақыреттің қамын жеген.
"Әлужул лайд хіл алжіте үлкен заһида", — деп,
"Көрмейді пейіш жүзін сараң!" — деген.
Бұл айтқан пайғамбарым бір хадисі,
Түзу жолдан азбасын әр пендесі.
Дүниені бұ тіріде қимағандар,
Қор болар ақыретте ғазиз басы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу