Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  165


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Түн қараңғы

Шаштым жұртқа Алланың берген сыйын,
Ешбіреуден ақы алмай жалғыз тиын.
Туған ұлдың қойғанмен атын: "Иосиф",
Мәшһүр болып атану болар қиын.
Елім-Күлік, Айдабол, Арғын-затым,
Алты алашқа жайылған Мәшһүр атым.
Қалам ұстап ұл тумас енді мұндай,
Бір мұхежзат басқаға жазған хатым.
Қылып құмар жасынан дүр тасына,
Қойған салып дарияның ортасына.
Фазылына алып бір Алла, ақ жарылқап,
Қанша өнерді сыйғызған бір басына?!
Түн қараңғы, дарияның толқын іші,
Айналмада су жұтып жүрген кісі.
Кімге даусы жетеді айғайлаумен,
Басы аманның мұнымен болмайды ісі.
Әркім солай, өз әлін шақтамаса,
Ол-арам (адам): ата тузын ақтамаса!
Не болып, не қойғанын білер жан жоқ,
Бір Құдай фазылына алып, сақтамаса!
Қажет емес ешкімнің мақтауына,
Аршыған соқтай қылып ақтауына.
Сөзің кірер құлақтың тесігі жоқ,
Патша Құдай өзі алсын сақтауына!
Өмір бойы алысып жалғанменен,
Үйір боп өңшең жұртта қалғанменен,
Көп соқырдың қайсысы керер дейсің,
Шамша саулап, лапылдап жанғанменен
Текке шығын — көзіңнің бейпіл жасы
Кімге қажет болғаның дүрдің тасы?!
Құлағында тесік жоқ бұл күнгі жан,
Саңырауға сәлем берсең: "Атаң басы!"
Неменеге жарайды жұртта қалған?!
Жақсы қоныс алады бұрын барған!
Көп саңырауға душар боп, қор болдың
Есіл сөзім әр топта құлақ жарған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу