Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  186


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Жалған туралы

Жігіттен мал кеткен соң, құда кетер
Ауыз, тамыр, - баршасы, жүдә, кетер.
Жігіттен бақыт, дәулет сырт айналса,
Жеріне егін еккен - тікен бітер.
Бес жүз қой, бір жүз жылқы біте қалса,
Алдыңнан кеткен тамыр бұлаң етер.
Болса да көзі соқыр, аузы қисық,
Аш адам оның сөзін демес бекер.
Қотанда - қой, өрісте жылқың болса,
Досың түгіл дұшпаның, еркелеткен.
Қолында ер жігіттің мал көп болса,
Ойына алған жеріне құстай жеткен!
Болсаң да, малсыз болып, қанша өнерпаз,
Бейнетің қанша қылған босқа кеткен.
Бейнеттен қашқанменен құтылмайсың,
Соңыңнан, қайда барсаң, қуып жеткен.
Мал-басқа, қына қызыл тасқа бітер,
Жаманға қасақана қасқа бітер.
Біткен мал бір жаманға болып залал,
Жем болып ит пен құсқа о да кетер.
Дүние фәни жалған- қолдың кірі,
Жүрсең де қанша жумай, қолдан кетер.
Көрмеген дүние жүзін жарғанаттай,
Дәнеме жақсылықтан көрмей өтер.
Дүниенің ыстықтығы сондай тәтті,
Көзді-соқыр, құлағын саңырау етер.
Жақсыға айтқан сөзің- алуан шекер,
Жаманға ащы тиер удан бетер.
Шатлық та, қапалық та мәңгі қалмас,
Басыңнан ол һәм өтер, бұл һәм кетер.
Қараңғы, жатпас бұрын, тар қабірге
Оянып, бұл жалғаннан, басың көтер!
Өлімнің, өлмей бұрын, қамын ойла,
Абайсыз жүргеніңде ажал жетер!
Көргенің жалғандағы еш нәрсе емес,
Тыйышың, бір күн өлсең, сонда кетер.
Жігіттер, байлар қанша бай болғанмен,
Деймісің: "Малын көрге ала кетер!"




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу