Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  211


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мәшһүрдің ақындығымен қоштасқаны

Таусылып сабырым менің түгел бітті,
Аң біткен: адал, арам - бәрі кетті.
Орнына арыстанның қалып қасқыр,
Аңға ертті тазы орнына төбет итті.
Орнынан көтеріліп ақылым ұшты,
Қайғы ғам болғандықтан аса күшті.
Қарғалар көгершіннің зікірін салып,
Құдайым дәуірлетті арам құсты.
Көрдің бе көзімізде жас болғанын,
Ерімес жұрттың көңілі тас болғанын?!
Көріп тұр көзі жіті қырағылар
Бас-аяқ, аяқ барып бас болғанын!
Қуат жоқ, қылар бұған, күшіміз де,
Ынсап жоқ қылып жүрген ісімізде.
Тізеден басқа - басты қояр жер жоқ,
Қасірет пен бармағымыз тісімізде.
Жасымнан өлең еді баққан қойым,
Жақсылар бас қосқан жер - айт пен тойым.
Гүл жүзлі, шырын сезді ерлер кетіп,
Тұрарға жер таппады ақыл-ойым.
Құс біткен қонағына кетті қайтып,
Осындай қыс боларын бізлерге айтып.
Таусылып қызыл гүлдер (гүллер), қалды тікеп,
Сайрайды гүлстансыз бұлбұл қайтіп?!
Бар еді жақсылармен жақындығым,
Жаманмен ежелден жоқ мақұлдығым.
Кеткен соң ақыл, сабыр қалай тұрсын,
Жөнелді бірге қаша ақындығым!
Үйде-мүлік, өлең болған, түзде-малым,
Баршаға мағлұм болған менің халім.
Кеткен соң ақындығым, тұра алмадым,
Құр сүлде - денем қалып, жоқ боп жаным!
Тіл қаттым ақындыққа мен сөз бастап:
- Шыныңмен кеткенің бе мені тастап?!
Ескі дос, көптен қимас жолдас едік,
Қалады о да, қайтсін, көзін жастап:
Замана жылдан-жылға болды өзге,
Бap жан жоқ құлақ қояр жақсы сөзге.
Сүйсініп сұхбаттасар жан қалмады,
Менің бар не керегім,- дейді,- сізге?!
Соқырлар қайдан білсін көз қадірін,
Танитын жан қайда бар сөз қадірін?!
Танысын: қарға, бұлбұл - қайсысы оңды,
Жамандар - білмей жүрген өз қадірін!
- Сақтамас, қадіріме ешкім, жетіп!- дейді,
Таусылды бастас кісім бітіп!-дейді.
Тікенге қонақтауға арланғаннан,
Барамын мен бұл жерден кетіп!-дейді.
Ғаламға жарқырадым шыққан күндей,
Бетімде болмай кіршік жалғыз меңдей.
Басқа жан жарқанаттан болмаған соң,
Қараңғы айсыз бұлт, болдым түндей!
Наданмен өмір бойы жүрдім дауда,
Соғыста, жүрген жандай, қалың жауда!
Біледі астың дәмін ауыз байғұс,
Жүргенде, өз басы аман, дені сауда!
Бәрі ауру, жүрген жанның, басы қатып,
Арбалап бейнет жиып, тыныштық сатып.
Көбінің бұрылуға мұршасы жоқ,
Білмейді бал екенін-дәмін татып!
Коп адам сенделіп жүр бостан-босқа,
Ала алмай жақсы сөзден үлгі-нұсқа!
Ақшасын, шығаруға, қимай көзі,
Кісідей кемтар болған, қолы қысқа.
Бай-қимай, жоқ-таба алмай, бос жүр бәрі,
Өлімге бәрі бірдей: жас пен кәрі.
Кеш болса, бір-біріне айтысады:
- Жұмысың, жүрмісің,- деп,- бітпей әлі?
Тарқасады күнде:
- Ертең аламыз!-деп, -алмасақ, құр алақан қаламыз!-деп.
Ертеңі жоқ бір күнге душар болса,
Ойламайды: "Қалай құр қаламыз?!"- деп.
Бізді Құдай бар қылып, қойды жоқтан,
Құтылмаймыз- тура атқан қалақ оқтан!
Жамандыққа келгенде, білгіш-ақпыз,
Құлақ саңырау, көз соқыр - жақсылықтан.
Денемізге жан берді жарық нұрдан,
Нәпсімізді жаратты күшті, зордан.
Қызыл көрсек, шабамыз айлық жерден,
Тіпті пәруай қылмаймыз жайған тордан.
Нәпсі залым болар ма мұндай күшті,
Ерікке қоймай, бізді отқа алып ұшты!
Жайған торға шабамыз бір жем үшін,
Көрсек те торға түсіп жатқан құсты!
Бозбала, бір көрерсің өлім бетін,
Тіл алсаң, өлім бетін, көрмей күтін!
Өлімнен күні бүрын күтінбесең,
Бұрқылдап әр тесіктен шығар түтін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу