Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  196


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Ұқыпты әйел

Бір емес, екеу емес, көп айтыпты,
Әңгіме ететұғын деп айтыпты.
Дүниенің ең артығы жалғандағы-
Нәрсе[сі] үш-ақ түрлі деп айтыпты.
Біреуі - жақсы болсын жатар орның,
Түзеп бақ үй-жайыңды күні бұрын.
Қош, жақсыны арлы зат - тура қыл үй,
Адамның артылтады ғақыл-ойын.
Екінші - тәтті (тәтлі) болсын ішер асың,
Ұмтылып, шауып тұрсын ықыласың.
Бір жанды күтпегенде, неге пайда,
Бар ма еді өз жаныңда- өзің қасың?!
Суымен (шуымен) қандыр мейман тойдың-дағы,
Бастадың, неге қайтып, қойдың-дағы?!
Жалғанның ең артығы, ойлап тұрсаң,
Жарыңыз жақсы болса қойныңдағы!
Сыйлайды жақсы қатын алған байын,
Түрлентіп сыпырады тұрған жайын.
"Қиғаш қас" — деген сөз әуел бастан,
Күтемін, тәубе - деген,- бір өз байын!"
Даяр тұрар ертоқым мінсе атқа,
Байын сыйлап жетеді ол мұратқа.
Қолтықтан көтереді, атын ұстап,
Құдай сондай жолықтырып халал зат[қа].
Келгенін бала деген тістен байқап,
Ішкен асын береді бетін шайқап.
Жатса, даяр тұрады өз қасында,
Әдеппен шешеді етік-байпақ.
Мұнан кейін салады көрпе, төсек,
Пай, кедей, жақсы, жаман - қылмас есеп.
Кәрі-жас маңдайыңа тап болған соң,
Артынан сол қатынның ермес өсек.
Кешікпей жетіп келсін қойыныңа,
Білегін салса жылдам мойыныңа!
Иіскеп, айқаласып тамақ, беттен,
Өзіммен жауап берсе ойыныңа!
Келеді тағы ұйқы жатқаннан соң,
Ойынға жақсы ғашират батқаннан соң.
Қолдарын әрең жазар құшақтаған,
Намаз өтті болып, таң атқаннан соң!
Тұрасың дәрет алып, қадам жасып,
Халаның бірге тұрса араласып!
Құманда су жоқ болып, суық болса,
Суын жылытып, бәйек болса, асып-сасып.
Дәреттен келгенінше даяр қылар,
Қолында құманы бар, қарап тұрар.
Іш дәрет алғаннан соң, даярланып,
Дәретін тәртібімен суын құяр.
Жаяды жайнамазын құбылаға,
Азан айтып, тәкбір оқыр бір Аллаға!
Табысқа, таһил намазын, болғаннан соң,
Ішер ас келеді, даяр боп құзырына.
Отырар орнын сабыр көрпе жазып,
Жуады: аяқ-табақ, ішкен қасық.
Шай самауыр ләззат тағам ішкен шақта,
Отырса қасыңызда сұхбаттасып.
Алған жарың осылай болса керек,
Ғылым, білім, өнерлі, болса зерек.
Ерлерін сондай қатын тәрбиелесе,
Жалғанның азы-көбі неге керек?!
Иман табар сол қатын қылған істен,
Қызметіне тік тұрса ерте-кештен!
Қылған ісі орынша (орнына) бажай келсе,
Ерлері тасып сонда күйге түскен.
Ишарат-айта салған бұл бір сөзім,
Айырман сондай жаннан екі көзім.
Жақсы әйел ерге несіп бола қалса,
Кім қияр сол қатынның басқан ізін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу