Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  246


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мәшһүр-Жүсіптің Мұса Шормановты оның келіні атынан жоқтауы

Бісмілла - сөздің басында
Көрдім бір қасірет жасымда!
Опасыз дүние, а, дариға,
Жан атам өтті, жаранлар,
Иманы жолдас қасыңда!
Сапар да қылды дүниеден
Алпыс жеті жасында!
Арманым іште көп болды-ау,
Көптігі сондай - дерт болды-ау!
Жан тапсырған уақытында
Бола алмадым қасында!
Халайық, бір сөз қозғайын.
Сүннеттен асып озбайын!
Асылық сөйлеп Аллаға
Шариғат сөзін бұзбайын!
Қарадан туып хан болған,
Көргендерге таң болған!
Арманда кеткен кешегі
Хан атамды қозғайын!
Қозғамай қайтіп тұрайын,
Күйікке не ғып шыдайын?!
Айтып болмас іс болды-ау
Қалайша сабыр қылайын?!
Мен Құдайға жылайын!
Сөкпеңіздер, жамағат,
Кішкене жоқтап сөйлейін!
Арғынның жалғыз шырайын!
Бұл Арғынның ішінде
Бар ма еді атамыз сынды (зәшінді)?!
Айтып бір тамам қыла алман
Қылып бір кеткен ісінді!
Өлшеусіз қылып жаратқан
Ақыл, бір қуат күшіңді!
Жібектен арқан есілді,
Талай түйін шешілді.
Сүйіндіктің баласы
Салқынында саялап,
Еркінше шауып көсілді.
Уа, дариға, жан атам,
Дүниеден кетіп қалған соң,
Сонша нәубет кесілді!
Адастым ғой ақылдан
Жиярмын қайтіп есімді!
Өткіздім ғой бұл жаста
Жылаумен ерте-кешімді!
Қасірет оты дау жанып,
Өртеген жүрек, ішімді.
Көзімнен аққан қанды жас,
Ертеден-кешке ағызып,
Алайын сенен өшімді!
Ата-тегін сұрасаң,
Артық бір туған Анайды,
Қаржастың қасқа маңғаз[ы]
Анайдан өніп тарайды.
Жасынан-ақ сөзге енген,
Ойлаған жерден кез-келген,
Заутекен, Дайыр, Тайтеке
Артын болжап қыз берген.
Қалай мақтап айтсам да,
Айтуға Анай жарайды.
Анайдың ұғлы - Мырзағұл,
Олардан қалды үлгі жол.
Құданың берген нәубеті ең,
Бәріне бірдей болды мол!
Қарадан ханға теңеліп,
Пәленше ханның тұсында
Бек болып дәурен кұрды сол!
Байлығының кемі жоқ,
Бектігінің міні жоқ,
Тегіс бірдей ер жеткен,
Бір өзінен алты ұғыл (ұл)!
Құдайым берген несіпті,
Көгеріп арты өсіпті.
Алты ұғлының отауы
Бір арада түсіпті.
Қонған жері той болып,
Қотан толған қой болып,
Мазардай болып ордасы
Ырғалып зорға көшіпті.
Алты келін бір жерден
Ағарып басы көрініп,
Ақ маралдай керіліп,
Тұрғанына жарасып,
Қалқы (халқы) бір жүр қыра
"Бұ жердің аты айтуға:
Ақ келін болсын!"- десіпті.
Алты үғлының ішінде
"Тәті мырзаң атанған
Ат-айғырын ниаз қып,
Қожалардан бата алған.
Сүйіндіктің ұғлынан
Мырзалығын асырып,
Едіге биден бата алған!
Ойлап тұрсам, ағалар,
Асыл бір өткен ғазиздің
Атасы менен бабасы.
Байлық пенен билікте
Қалмаған екен қатардан!
Төті атам баласы:
Байкісі (Байкеше),
Көшек (Күшік) - Үшқасқа, -
Бірінен-бірін айырып,
Қыла алмаған еш басқа!
Байкісі (Байкеше) тұрған жиында
Орта жүздің билері
Жалғыз ауыз сөз сөйлеп,
Ант қылған ауыз ашпасқа!
Абылай ханның асында
Үш жүздің басы қосылған.
Тәтіұғлы Байкісі бұлбұлдайын сайраған,
Бұлақтай ағып қайнаған!
Екі иінінен шамшырақ
Сөйлегенде жайнаған.
Көре алмаған күншілдер!
"Жүрмегір!" - деп, қарғаған,
Тіл менен көзге шет болып,
Өтіп кете қалыпты-ау
Отыз-қырыққа жетпей-ақ,
Шаһбазлар сондай тым жаста!
Өз атасы Шөрекем атадан жетім қалыпты.
Ешкімнен ғақыл үйренбей,
Аузына Құдай салыпты.
Жасынан кіріп билікке
Үлгі мен жолды таныпты.
Аузынан дүрлер төгіліп,
Шам-шырағы жаныпты!
Қайран менің жан атам
Ата-баба аруағын
Құдайым қалап берген соң,
Бұлжытпай ұстап қалыпты!
Байлық пенен билікте
Олардан ешкім аспады.
Қанша бір дәулет бітсе де,
Сонда асып-таспады!
Үзілмей келген асыл тек!
Үзілмей келген асыл тек!
Айта алмас ешкім бекер деп.
Уа, дариға-ау, жан атам
Өзінің тұсында, заманда
Бәрінен келіп асқаны!
Халайық, мұным дұрыс па,
Шариғаттан бұрыс па?!
Сүйікті болған жан атам
Иман жүзді (иүзлі), шырайлы,
Мұсылман түгіл бір туған
Атасы басқа орысқа!
Ең алғаш дуан ашқанда,
Қазаққа низам шашқанда,
Дуанбасы Шоң болып,
Шөрекем сонан оң болып,
Тайында атқа қосылып,
Айтқан сөзі оң болып,
Қатарға кіріп сол жаста,
Құдайым қалап ол баста,
Он төрт жасар күнінде
Сайланған (сайлаңған) екен болысқа!
Құдайым қалап туғызған,
Құдайым қалап туғызған!
Лайым қылып орынға!
Дабысың кеткен жасыңнан,
Рум менен Қырымға!
Ата-бабаң жырт асқан,
Кем жері жоқ-ты бұрыннан.
Хандай(Қындай) еді-ау жан атам,
Ішімде кетті-ау көп қапам!
Елі-жұртым (жұрұтұм) келгенде,
Мұңшылығым көргенде,
Мендейін зарлы-мұңлыға
Үндемей қалу орын ба?!
Жасында кірген жарысқа,
Кеткен бір даңқы алысқа!
Көлеңкең түсті көп жерге
Аяғы алыс қанша елге?!
Бәріне бірдей болғаның
Ағайын - Алаш танысқа!
Ішім бір даулап жанады,
Жалыны жүрегімді шалады,
От түскендей қамысқа!
Қапыда кетті-ау, жан атам,
Ойламаған орында!
Бұйрық бір жетсе, ағалар,
Болжалсыз өлім алыс па?!
Абылайдан шыққан асыл зат
Кенесары хандарға
Жасында жолдас болғаның!
Алашқа мырза атанып,
Онда бір дәурен құрғаның!
Билік айтып, жол бастап,
Ерлік етіп қол бастап,
Қуандық пенен Сүйіндік,
[ Қа]ракесек - Қарқабат,
Мейрамның басып қосқанда,
Көзге жеке көрініп,
Топтан жалғыз бөлініп,
Жеке қара болғаның!
Аспанда жарық жұлдыздай,
Маңдайға біткен құндыздай
Ханның болып еркесі,
Арғынның болып серкесі,
Толған айдай толғаның!
Көрдіңіз бе, жамағат,
Жан атамнан айрылып,
Дүниенің қызық нәубеті
Опасы жоқ боп солғанын?!
Ғақыл мен ғылым бірдей боп,
Бойынан бәрі табылған.
Өзінің айтар сөзінен
Жоқ еді жері жаңылған.
Тіл менен хатқа жүйрік боп,
Алтынды қылыш тағынған.
Россияның ұлығы
Көруге жүзін сағынған.
Не шешен, жүйрік ділмарлар
Жан атам, сенің қасыңда
Бәрінің аузы жабылған!
Мұхит - дария суындай
Ғақылы терең мол еді.
Патшаға әуел барғаны
Елу бесінші жыл еді.
Аққошқар, Шыңғыс, Ыбырай
Бәрі де өңшең данышпан,
Тәттімбет пенен Секербай
Бірге ілесіп барысқан.
Бәрінің болып көсемі,
Тоқталмас тілге шешені
Асқан бір жері сол еді.
Пендеден беті кайтпады,
Қашан бір өтіп кеткенше,
Адамға сырын айтпады!
Ханқожа, Аблыз төре мен
Патша таққа мінгенде,
Екінші барып қайтқаны!
Көзге бір сонда көрінген,
Жан емес сөзден сүрінген.
Газеттерге басылып,
Шаһарлы жұртқа білінген!
Патшаның тұрып алдыңда
Сұраған әмбе (һәмме) сөз онан.
Тайсалмай жауап айтқаны!
Құдайым қалап жаратқан,
Жұртты аузына қаратқан.
"Әмір, мағрұп жүргізіп,
Шариғат сөзін таратқан
Арқада сондай ерлер!"- деп,
Боздап келген не ғазиз.
Парсы мен Ғыжмыр (Кашмир), ғарабтан.
Сәлдесін (салласын) қатем (кітам) ораған,
Қасиеті қардай бораған,
Көруге ғашық жүзіңе
Балқып бір айтқан сөзіңе
Қожа, молда, ишандар
Келген сол әрбір тараптан!
Сондай бір келген ғазиздің
Құрметін біліп жол еткен.
Дүние малын аямай,
Әлхам ықсан (хасан) мол еткен.
Дәлалит қайыр көп қылып,
Ат пенен атан байлатып,
Қоралап қойды айдатып,
Кіре-кіре малменен
Керуендей қылып жөнелткен!
Кәріп-қасер, мүсәпір
Қайырымен күнелткен.
Сырдан келген қожа да
Атажан, сенің қолыңнан
Кем шығар алмай құр кеткен?!
А, дариға-ау, жан атам,
Мұндай қайыр ықсанды
Ілгергі-соңғы жақсыда
Онан бір басқа кім еткен?!
Жан атам еске түскенде,
Ішім бір оттай күйеді.
Өзі тірі күнінде
Жығылғандарды тұрғызып,
Қысылғандарды сүйеді.
Келген бір қожа, молдалар
Ырғап, жырғап жөнелген,
Қатарлап тізіп түйені.
Айғыр мен қошқар бір бөлек, үйірлеп салып, айдатқан
- Бауыры сүтті биені!
Біраз мауқым басайын,
Хикаят жұртқа шашайын!
Сөкпеңіздер, халайық,
Біраз ғана сөйлейін:
Жад (иад) қылып
Жаббар Иені!
Патшаға ауыз тілдескен,
Тең құрбыдан ерте өскен,
Сырттан суық жүрсе де,
Губернатор бастықтар
Көрсе де бір жүзін, елдескен.
Еш ұлық сөзін бұзбаған,
Адаммен дұшпан болмаған.
Сөйлесіп кеткен ұлықтар
- Шақырып бәрі: "Кел!"- дескен.
Өлмейтін адам тұра ма,
Өтпейтін дүние бола ма?!
Бұл опасыз дүниеде
Ойлап тұрсам, ағалар,
Мәңгі суын кім ішкен?!
Өтіп кетті жақсылар,
Кешеде жүрген атамыз!
Атамыздан айырылып,
Асқар таудай болды ғой,
Басымда қайғы, қапамыз!
Бауыры суық қара жер
- Бұ жүрген жанның бәрін жер!
Дем таусылған күнінде
Біз-дағы бір күн жетеміз.
Күйгенімнен сөйлеймін.
Не болғаным білмеймін.
Пендешілік, ағалар,
Кешіргей Құдай қатеміз!
Үй ішінде жақсылар,
Өтіп бір кеткен ғазизға
Қабыл да болғай батаңыз!
Асылы нұрдан жаралған,
Құдайым сүйіп қалаған,
Дәулет кұс қонған басына,
Қыдыр бір келген қасына.
Қайран менің жан атам
Туған бір шақта анадан
Аузына жұрты қараған.
Хан болып тудың қарадан!
Мінезің мен қылығың,
Көркің менен сипатың,
Ғақыл, бақ, ғылым, дәулетің
Қалыпқа Құйған гауһардай
Әр пендеге жараған!
Жан атам еске түскенде,
Оттай бір даулап жанамын,
Өртеніп кетіп барамын.
Айтсаңшы, жұртым, жамағат:
"Қалайша сабыр қыл?!"- дейсің,
"Жыламай қайтіп түр?!"- дейсің.
Мендейін зарлы көрдің бе,
Айрылған гауһар данадан?!
Қайран менің жан атам
Патшадай болған жерінде.
Телі-тентек қоймаған
Билеген қанша елінде
һайбатлы болған орысқа,
Қылғаны келген дұрысқа!
Түкірігі жерге түспеген,
Басынан бағы көшпеген.
Дүниенің түзеп низамын
Дуанбасы күнінде
Ғаламнан озған алаяқ,
Озып шыққан Алаштан.
Патшаның келіп баласы
Сибирский губерния
Бас қосқан жиын жерінде
Патшаның келіп баласы
Жиылған Сібір халқына
Омбының толған даласы.
Сол араға бармаған,
Қасқа мен жайсаң қалмаған.
Қазақтың сонда жиылған
Не түрлік маңғаз сарасы!
Құданың берген бағында,
Артық бақ қонған шағында
Қайран менің жан атам
Әр түрлі өнер (һонер) еткені-ай!
Өзі теңдес жақсының
Бәрінен озып кеткені —ай!
Ғақылының сондай данасы,
Бақ берген артық бар құдай,
Бола алмас адам енді ондай!
Аққошқар, Бидан, Жанайдар,
Жайықбай ұғлы Ыбырай,
Жанайұғлы Жантөре Нөкербек,
Нөке-Момыннан, Әлібек, Мұса-Атығай,
Уәлихан ұғлы хан Шыңғыс - Шыққан бір тегі Абылай.
Бұ жақтан марқұм Секербай,
Шыныбай төре, Шалғынбай
- Бәрінің болдың басында-ай!
Жүзіктің гауһар тасындай,
Сонда бір қылған өнерің
Айта алман теріп қалдырмай!
Ұмтылған - жастай - өндірден,
Берік болған жібек, кендірден.
Сөйлеген шақта халайық
Аузына қарап телмірген.
Қара атының үстінде
Неше түрлі ойын қып,
Өнерін жұртқа білдірген!
Екі стакан қымызды
Баласына патшаның
Торсықтан кұйып бердірген.
Қарсы алдында құс салып,
Үш қабат үйрек ілдірген.
Қайран менің жан атам
Сондай мәжіліс ойында,
Бас қосқан қалың жиында,
Владимир баласын
Ерітіп айтқан сөзімен,
Үйір қылып өзімен,
Хош қылып көңілін күлдірген!
Айдынды шалқар теңіздей,
Ғақылы жазық кең еді.
Қазақтан туды десе де,
Патшаларға тең еді.
Аузына дуға құйылған,
Айтқан сөзі ем еді!
Неше жақсы өтпеді,
Неше жақсы кетпеді?!
Өзімен тұстас жақсының
Бірі болса, бірі жоқ,
Қай пенде өткен міні жоқ?!
Сонда да көбі кем еді!
Айтсаңшы, жұртым, халайық,
Асылыққа тәубе қылайық!
Қатарласқан жақсыда
Айналайын, халқым-ау,
Атамнан асқан кім еді?!
Өзгеше туған ер едің,
Халқыңның қамын (ғамын) жер едің!
Бір біз емес, бар еді
Алаштың ұғлы — Арғынға
Атажан, сенің керегің!
Көлеңкелеп отырған
Құлады менің тірегім!
Айдынды шалқар көл еді,
Дұшпан аспас бел еді!
Ай батқандай қылдың да,
Адастырып жөнедің!
Бұ Сібірдің патшасы
Жолығып сізге өткені-ай!
"Бұқара жұрттың қамы үшін
Омбыдағы ұлыққа
Келейін барып!"- деп едің.
Қайтейін, тірі тұрмады-ау
Бір сапар барып келгенше!
Сағынып сонша асыққан
Дін-мұсылман баласы
Алтын жүзің көргенше!
Пайғамбар кеткен: "Үмбетің - деп,
Үмбетінің қамын (ғамын) жеп.
Сондай-ақ балам деместен,
Айналайын, жан атам:
"Халқым!"- деп, кетті-ау өлгенше!
Несіп бір тартып түр екен,
Алланың әмірі зор екен!
Жұлдыздың (жұлдызның) шыққан (шықған)
Оңалмаған жол екен.
"Кетермін биыл!"- деп еді,
Арманы іште көп еді.
Өз арманын ойламай,
Жұрт жабдығын жеп еді.
Өз басына ойланған
Еш жұмысы жоқ еді
Ойланып барған жолында
Мұндай да болды-ау соңында!
"Тағдырға (такдырға) табдил жоқң, - деген,
Ойлап бір тұрсам, мол екен.
Қыс – қыстауың - Ақкелін,
Ащы бір судың саласын.
Асқар тауға теңедің
Жердің бір жазық даласын.
Алақанмен аялап, Көлеңкеңмен саялап,
"Қанаттыға қақтырмай,
Тұмсықтыға шоқытпай",
Еркелетіп жүргіздің Сүйіндіктің баласын!
Ерте ойландың, бітпеді,
Бітуге сәті жетпеді.
"Қуандықпен Сүйіндік
Егіз туған екі елдің
Қосайын басын,- деп едің
Біріктіріп арасын!"
Алланың әмірі күшті ғой,
Ажалдың желі есті ғой!
Бұзып кетті дал-дал қып
Арғын ұғлы Мейрамның
Жел жағында панасың,
Ығындағы қаласын!
Жазылмас көңілім жарасы,
Жан-жаққа, жұртым, қарашы!
Қамқорда мұндай қорғанды...
...Алды-артынан туысқаннан
Жалғызына шалдырмай,
Құбылып гүл-гүл жайнаған.
Жұртқа мүшкіл (мішкіл) сөз
Ақсұңқар кұстай таранып,
Жан-жағына қаранып,
Құрылған жа[қ]тай кезеніп,
Қызыл тілі безеніп,
Бұлақтай аққан, қайнаған,
Дін ісіне басшы (башчы) боп,
Сардар қаһар арыстандай,
һәмметке белін байлаған!
Қайсыбірін айтайын,
Атажан, енді қайтайын!
Ақыреттің жабдығын
Күн бұрыннан сайлаған!
Атажан, сенің тұсында
Айдынды көлдей көрінген
"Ақ келінніңң даласы.
Рум менен Мысырдың
Біреуіндей көрінген
Отыз үйге жетпейтін
Баянның бір аз қаласы!
Арғын ұғлы Мейрамның
Құдайым берген бағына
Ығында едің қаласы,
Сыртында едің панасы.
Орта жүзде жеті арыс
Өз тұсында, атажан,
Арғынның болдың ағасы.
Алтынды сауыт қаттаудың
Жыртылды ғой жағасы!
Таласпаған бағыңа,
Құдайым берген шағыңа,
Ұлы жүз: Үйсін өрдегі,
Кіші жүз - Алшын төменгі
Бұл үш жүздің баласы!
Дін шырағын жандырдың
Баянаула тауына!
Медресе, мешіт салдырдың
Ғылымға пішкен холланы
Әр жұрттан жиып алдырдың!
Бал, шекер тамып сөзіңнен,
Нұр балқып раушан жүзіңнен,
Жұрттың бір мейірін қандырдың!
"Жұрт астың деген жақсыны
Жарыса сөйлеп келгенде,
Ақылынан тандырдың!
Кетпеген бағың басыңнан,
Өзгеше болдың жасыңнан!
Ескен желдей екпінің
Тасты ерітіп балқытқан!
Қозғалмас қара жер еді,
Ағызып судай қалқытқан
- Екпіні жауған жаңбырдың.
Уа, дариға-ау, жан атам
Хақтан әмір жеткен соң,
Несіпті күні біткен соң,
Опасыз пәни дүниені
Артыңа мұнша неге қалдырдың?!
Жайлаған жерің, атажан,-
Шыбынды көлдің қопасы.
Атаммен еді-ау, ағалар,
Бүл дүниенің опасы!
Өзегімді өртеді
Атамның қайғы, қопасы!
Маған да (мағанан) болды бұ дүние
Сықылды қостың (кұстың) хакасы
Кәріп-қасер, міскінге
Кең еді-ау қандай арқасы!
Бір біз емес, халайық,
Жетім қалған сықылды
Сүйіндіктің баласы,
Жақсы-жаман баршасы!
Қайран менің жан атам,
Күнінде сөйлеп оқыған,
Қалам Шариф құранды!
Ғалымнан ғалым тастамай,
Дін мүшкілін (мішкілін) сұранды.
Мың-мың қылып айдаған
Торылы мен қыланды!
Жетім-жесір, кәріптер (ғариблар)
Қайырымен (хайырымен) жұбанды!
Жылаған мұңлы,мүсәпір
Жан атамның тұсынан
Жасын бір тыйып , уанды.
Дүниенің толған теңізі
Атам бір кетіп қалған соң,
Орта бір түсіп суалды!
Бір Алладан тілеген,
Өнері жоқ-ты білмеген.
"Әмір, Мағрубң - айтқаны,
Көңіліне мақтан кірмеген.
Аруақ-ата жар болып,
Мұңлылар келіп түнеген.
Кем-кетік, нашар, сорлының
Атажан, сенің тұсында
Хақысын ешкім жемеген!
Кісінің көңілін жықпаған,
Бала айтса да, ұнатып,
Дегенінен шықпаған!
Мұсылман пенде баласын
Еш титтей көңілін ауыртып:
"Мынауың былай!"- демеген.
Телі-тентек білместі
Насихатпенен жөндеген!
Бұ қазақтың ішінде
Өткен-кеткен жақсыда
Баршасы түгел табылып,
Атажан, сіздей келмеген!
Өтіп бір кеткен атамның
Жер жоқ-ты даңқы бармаған!
Дүние ақырет ісінен
Қылмаған өнер қалмаған.
Бір шеті - Бұхар, Самарқанд
Бір шеті - Ірбіт, Мекемжар
Орынборым – Сібірде
Асылы бар ма алмаған?!
Дүниеден өтіп кеткенше,
Басынан бағы таймаған!
Сау күндегі қалпыңдай
Ақылынан танбаған!
Дүние бағын сұрасаң,
Тайы қысыр қалмаған!
Тайлағы [жоқ] бота салмаған,
Жасауыл майор, полковник,
Наград: медаль, орденнен
Қалды ма шен атам алмаған?!
Ақырет бағын сұрасаң,
Ишан, қожа, молдада
Құлақ естір жерлерде
Некен-саяқ болмаса,
Кемде-кем-ақ аз шығар.
Атамнан дүние алмаған?!
Бұл опасы жоқ дүние
Кімдер (кімлер) дейсің қалмаған?!
Дін-исламның туындай,
Сүйіндіктің қорғаны.
Мейрамның орта жерінен
- Шамшырақ болып тұрғаны!
Алдынан шықсын иманы,
Қаза қылмай оқыған:
Ораза, намаз, құраны!
Ділалат жер көп қылған
Садақа, зекет, құрбаны.
Алдына келген тар жерден
Бейшара, кәріп, мұңдыға
Рақым, шапағат (шапқат) қылтаны!
Періштелер қайтарғай
Мейірбан (меһірман) болып Құдайым!
Хандай еді-ау жан атам
Қысылып келген мұқтажға
Жақсы-жаман деместен,
Дертіне дуа болғаны!
Дін ісін артық күзеткен,
Дәулетін ондап түзеткен.
Садақа, зекет бергізіп,
Өлгенге хатым қылғызып,
Шариғат ісін жүргізіп,
Көркейтіп дінді безеткен!
"Қазадан бұрын өлді!"- деп,
Арманда жұртым демеңіз.
Орда'[да] Шыңғыс хан өткен,
Орманбеттей (Ормамбеттей) би өткен,
Қайран менің жан атам
Тұғырда сұңқар түлеткен!
Құданың досы (дос-ты) Мухаммед,
Бұл опасыз дүниеде
Арманына кім жеткен?!
Керекуден жөнеліп,
Азар деп зорға кеткені-ай!
Ондағы дос-жар (дошчар) ағайын,
Жібермей құрмет еткені-ай!
Құдадан әмір болған соң,
Таусылар демі Омбыда
Шақтылы уақыт жеткені-ай!
Таһараты бойында,
Тәңір ісі болып ойында
Айналайын, жан атам,
Жайнамаздың үстінде
Сәждеде жатып өткені-ай!
Қожа, молда, дүғагөй
- "Сәлем!"- деп, барша халқыңа,
Бала-шаға, үй іші,
Қалған бір жұрты артына,
Бұрынғы түсіп қалпына:
"Аллаң, "Аллаң – деуменен
Жаңылмай тілі кеткені-ай!
Қайран менің жан атам
Мінезі жұмсақ мүләйім
Қырмызы қызыл жібектен!
Ойлаған ойың кең еді-ау
Оралған арал, түбектен!
"Жаныма батты!"- демедің,
"Науқасым қатты!"- демедің.
Уақыты солай болған соң,
Ақырда (ахырда) кетті-ау себеп боп,
Қазаға келген сұм дерттен!
Несіп болған өз бағың,
Қолдап бір кеткен аруағың!
Губернатор-генерал
Справедливый государь
Секретный қағазбен:
"Спокойно жеткіз!"- деп,
Тәрбиелеп, құрметлеп,
Денесін асыл жөнелткен!
Генерал-губернатордың хақынан
Ғылахинан айтылған сөз
Губернатор Князков,
Ертерек болған Горшаков,
Кашрит пенен Докумил,
Онан соң Гришов (Коршов), Казнаков
Мещеринков мұның алдынан
О да кеткен тұрмай коп!
Бұ патшаның жұртынан
Бар ма екен мұндай генерал (жандарал)
Ерлік пенен білімнен?!
Бәріне мұндай болған жоқ!
"Губернатор Степной,
Колпоковский генерал
Спокойно делінер!"- деп,
Мұндайды қашан көріп ек?!
Бек тыныш дело (тыныш диле) кіргізіп,
Ұлықта болса, жарықтық:
"Жалко! "- деп, аяп, иілген!
Қадірін танып Ғазиздің
Қазақтан бетер күйінген!
Олай-былай қалдырмай,
Сол араға қойдырмай,
Тез жөнелткен жеріне!
"!Тә[ң]ір жарылғасынң - көп айтып,
Сүйіндік халқы сүйінген!
Переводчик қасында
Жігіттің асыл Сарасы!
Ешмұхаммед Шөкіүғлы
Ханзаданың баласы.
Үш жүзді жүріп билеген,
Абылай хан - арғы бабасы!
Ұлыққа жақын болғаны,
Сүйкімді болып тұрғаны
- Ғақылының артық данасы!
Қысылшаң келген тар жерде
Атама қылтан достығын
Ханзаданың, қарашы!
Жетіп келе сүйегі
Ұшқан бір дәулет құсындай!
Өлігі асып тіріден
Басқаға пары қосылмай,
Бар еді кімнің есінде,
Болады деген осыңдай?!
Құданың сүйген құлына
Ғазиз бір лаухи қосылған!
Басқадан артық күтушің
Ізеттеп (ғыззатлап) құрмет етушің!
Омбыдан қоймай алдырған
- Ұстазың қалды дұғагөй!
Бақ құсынан адасып,
Замандас болған тұсында
Кімді іздеп қырға келеді,
Шаһардың ишан, молдасы?!
Кешеде өткен атамның
Иманды болғай жолдасы!
Үш Қарқара, Көктөбе
Он екі жатқан Қазылық
Ақ ордасы бұзылып,
Кетті ғой қайран құлжасы!
Қайда кетті, жарандар,
Қайран менің жан атам,
Сүйіндіктің тұлғасы!
Хақ жарылқап күнәсын (кенесін),
Рақметің мол Алла шын,
Раббым, өзің оңдашы!
Шапағатшы пайғамбар
Досың(достың) ирөр шаһариар.
Атама болып медет жар (иар),
Үмбетіңді қолдаушы!
Өзгеше болған бағынды
Айта алман, ата-ау, шамалап!
Жетіп бір келдің тіріндей,
Қақ жарып дуан аралап.
Жолдағы көрген жан біткен,
Қозыдай шулап маңыраған:
"Қазақтың ханы кетті!"- деп,
Баршасы бірдей зарлаған.
Жүргізбеген шанасын,
Жол үстінде қамалап!
Кәріп-қасер, кем-кетік
Жақсылық кімнен дәметіп,
Жанына қысым келгенде,
Барар бір қайда паналап?!
Кеше атамның тұсында,
Малсыздар байып малданды.
Әркімнің тауып ақылын,
Жоқ қылған дау-шар жанжалды!
Достары сырттан сүйініп;
Зер қадірін білмеген,
Жамандар босқа күйініп,
Сүйіндіктің баласын
Тоздырмай тұрған ісіне,
Сұқтанып әр жұрт танданады!
Ажалға қайрат, өнер жоқ,
Еш нәрсе қолдан келер жоқ,
Нұрым, Иса Бадишов
Тілеулес болған жолыңа,
- Олар да жаман сандалды!
Білдірмей кеттің ішінде,
Көргеніңді түсінде.
Келемін деген сөзіңе,
Зар болып басқан ізіңе,
Балалар мен ағайын
Алданып босқа қам қалды!
Жан кеткен соң денеден,
Халқына қарай ұшқаны!
Нұр болып қылған амалы (ғамалы),
Қор қызы болғай құшқаны!
Керекуден – Хұсайын
Естіп жолын тосқаны!
Ниеті бірге болған соң,
Тәңірінің ода тосқаны!
Достары қылған шүкірлік:
"Денесі қолға келді!"- деп,
"Кетпеген, бақыты өнді!"- деп.
Асыл сондай шаһбазды
Кемітер қандай дұшпаны?!
Шектім бір қапа жасымда,
Арылмас қайғы басымда!
Ниеттес бірге достасы,
Тілеуі бірге бастасы,
Көзінен көріп өткізген
Тар жерде болып басында,
Шыңғыс бір сұлтан қасында!
Қандай халменен өткенін,
Шаһидлікке муафиқ
Таһаратпенен кеткенін,
Ғариблікте сәждеде
Таусылып демі біткенін,
Ла-ила, илла, Алла!
- Тілінде жары еткенін,
Алшынбай ұғлы Қақабай
Ақылын о да жия алмай,
Көзінен жасын тыя алмай,
Айтып бір келген осында!
Бісімілладан сөз басы,
Ағады тынбай көз жасы.
О да осылай сөйлеген
Міржақып еді-ау жолдасы!
Жұман да жазған қалдырмай,
Оның да сөзі осындай:
-"Әлде қандай өтті?"- деп,
"Қай халменен кетті?"- деп,
Оған бір қапа болмашы,
Иманы - деп біл, жолдасы!
Сабақ алып оқуға
Періште болғай молдасы!
Қайран менің жан атам,
Январьдың (ғинуардың) первый басында,
Бейсенбі күні бесінде
Халайықтың келіп ішінде
Жерге бір тиді-ау жамбасы!
Сүйегін үйден шығарған,
Көтеріп қауым-қарындас.
Енді мұндай Арғынға
Көрмек түгіл көзіңмен,
Түгел боп туған асыл зат
Естуге де табылмас!
Мыңнан аса жиылып,
Жаңбырдай болып көз жасы.
Бетінен саулап құйылып,
Тегіс бірдей шулаған,
Жылаған сонда кәрі-жас.
Екі мыңға жақын адамның
Бәрінің болып есі жоқ
Сонша жанның ішінде
Жыламаған кісі жоқ.
Ақылынан айырылған,
Қайғымен бәрі зар қылған,
Дейсің бе соның бөрі мас?!
Мереке болды-ау бұ жұртқа
Денесі өткен Ғазиздің
Ұшқандай жетіп келгені!
Тіріден артық болды ғой
Ең аяғы өлгені!
Россияның ұлығы
Ондай жерде босатып,
Жіберер ме еді өңгені?!
Жүз жылқы, жүз қой, он түйе,
Әдейі ысқат садақа
Қабірге дат сарп қылған,
Сыйытқа бес жүз теңгені.
Қабыл болғай баршасы:
Қожа, молда, кәріпке
Аямай малды бергені!
Естіген пенде жылаған:
Сүйіндіктің ішінде
Айдынды туы құлаған!
Артында қалған ағайын
Шүкірлік қыштан бұл іске,
Баршасын біліп Құдадан!
"Арты жақсы болғай!"- деп,
"Бұзылмай, орны тұрғай!"- деп,
"Үзілмей келген кәрі аруақ (аруах)
Атаға қонған артық ба
Сәкен жанға қонған!"- деп,
- Жұрт болып тілеу сұраған!
"Иншалла, Сәкен тартқандай
- Атасының салтына!"
Құдайға шүкір қылайық:
Жарастықты баланы
Қалдырған оның артына.
Ғылым мен ғақыл, парасат
Міне, сыйып келген лайықты
Жақсылардың қалпына!
Өлі емес әлі, тірідей
Атамның аруақ бақыты(бақтысы)
Сүйіндіктің халқына!
Алты жыл бұрын өзінен
Өтіп бір кеткен дүниеден
Тетелес туған інісі.
Жарасқан ұнап келісі,
Жас күнінен бір болған
Тұрысы мен жүрісі.
Берекелі болған-ды,
Біраз күн аман тұрған-ды
Дұғагөй болып артында Аужан,
Иса мырзалар Ендігі қалған тірісі.
Уа, дариға-ау, атажан
Жылағаннан пайда жоқ;
Қылар да бұған хайла жоқ,
Құдіреттің болды бір ісі!
Жұрт болып:
Сәкен тілеуін Бір
Құдайдан сұрайды:
"Көп тілеуі - көл",- деген, "Бақ берсе,
Тәңірім,оңайдың, Біләл, Жәми балалар,
Көкірегінде сана бар,
Жасынан көрген жетімдік.
"Атам барда жетім бе ек?"
- Деп қайғырып мұңайды. "
Атажан, мені артында
Тапсырып кімге кеттің?"- деп,
Кәбіпжан қатты жылайды.
Есен(асан) бір болғай хисабы,
Бейіштен болып төсегі!
Қайда кетті, жарандар,
Арғынның жалғыз(иалғыз) көсемі,
Мейрамның жүйрік шешені?!
Қожа, молда, ақсақал,
Айтқаны келсін, амин:
"Өзі болып иманды (иманлы)
Оңалар арты!" — деседі.
Шөкем мен Құсан,
Тоққожа, Жасынан бірге жүріп ең,
Не қызығын көріп ең!
"Бұл не?"- деген күн болды-ау,
Атам бір қайда (қинан) кешегі?!
Жұрт болып шулап айтады:
"Сәкенжан, басың көтер!"- деп.
"Көтермесең басыңды
Жүдеп бір жұртың кетер!"- деп.
"Сен басынды көтерсең,
Атаңның аруақ бақтысы
Жар болып медет етер!"- деп.
Көптің аузы дуалы
Халықты болмас бекер деп.
"Енді сен жүріп тұрмасаң,
Атаңның жолын қумасаң,
Әлдекімнің аузына
Қарап тұрсақ, қатты күн,
Сонда бізге ғазиздің
Өлгенінен қиын өтер!"- деп.
Тілеймін, халқым, сіздерден
Бізге де қамқор болыңыз!
Жетімдік бізге түсіп тұр,
Көз қырын салып тұрыңыз!
Пайғамбар көрген жетімдік,
Құдадан қайтсын, ағайын,
Қылған бір қызмет мұңыңыз!
Үй ішінде жылаған
Қожа, молда, ақсақал,
Өтіп бір кеткен ғазиздің
Рухына дұға қылыңыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу