Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  207


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Шонтыбай қажы

Ассалаумағалейкум, ай, Қажеке!
Медине, құтты болсын, бардың Мекке,
Қыл-көпір ол, сираттан өткендей боп,
Сау кайтып есен-аман келдің жеке.
Қажылар опат болған әрбір елден,
Алладан керім екен бұл бір келген.
Сізге біз қалай айтсақ жарасады,
Бөлініп сол қырғыннан аман келген.
Келдің бе есен-аман, данышпаным
Дін үшін қайрат (ғайрат) қылған арыстаным!
Көрісіп пайғамбармен, құшақтасып,
Төрт жармен (иармен) құтты болсын табысқаның!
Медине, Мүнәре көрдіңіз бе?
Жайларда Харам-Шариф жүрдіңіз бе?
Пайғамбар михрәбінде намаз оқып,
Есіктен Баб Әлсәлем кірдіңіз бе?
Келдіңіз сондай абзал жайға барып,
Тілеулес болып жатқан біздер кәріп (ғаріп).
Көз көріп, аяқ жүріп, қолмен ұстап,
Тауап қып айналдыңыз Руза Шариф.
Бір жатқан Әбубәкір, Хазірет Ғұмар,
Тарқаған бәрін көзден көріп құмар.
Келетін ол жебірейіл қадим жайлар
Сайрап тұр көңіліңізде айтсам солар.
Аралап кезіп келдің дүние жүзін (иүзін),
Ұнатып қостағаның құдай сөзін.
Зиарат қылғаныңыз құтты болсын
Фатима—пайғамбардың сүйер қызын!
Мекке мен Мединенің бәрі гараб,
Баршасын көріп келдің қылып талап.
Сол жерде жұртқа (иүртқа) дұға қылғаныңыз
Жүзденіп (иұзланып) Ан-хазіретке қарсы қарап.
Тәкиеге — Мединеге қондыңыз ба?
Нұрланып сондай жайда толдыңыз ба?
Жұма (жұмға) күн зиараттың артығырағы (артықрағы),
Жаннаты Ал-Бақияда болдыңыз ба?
Мүнәбиг, Шылымшия, хазірет Ғұшман, —
Пайғамбар екі бірдей қызын қосқан.
Қажеке, қалды ма екен сізде де арман
Төрт жармен сондай жайда жолығысқан?!
Көзбенен көріп келдің шаһариарды,
Медине, Мекке есімді шаһарларды.
Тұрпаты Хазірет Ғали жоқ болса да,
Қадимжай сол Рузада рухы бар-ды.
Қылдыңыз оған дұға көңілге алып,
Тұрған соң жадыңызға (иадыңызға) құдай салып,
Зиарат қылғаныңыз құтты болсын
Жаннаты Ал-Бақияға тірі барып!
Ибраһим - пайғамбардың жалғыз ұлы (ұғлы),
Сахаба жеті мәшһүр кәтте тұғлы.
Басында дұға қылып тұрғаныңыз—
Имамға имам Мәлік болып тұғыры.
Түз айдап, барады екен несіп тартқан,
Бара алмай не бітірді үйде жатқан?!
Аз уәж пайғамбардың мүғаһараты
Тоғызы бір күмбезде алтындатқан.
Және бар сол күмбезде Ғайша анамыз,
Көре алмай сондай жайды көп санамыз.
Сіз — бір шам жанып тұрған ортамызда,
Айналып біздер — келген пәруанамыз.
Болды ма сізге басшы далил онда,
Бар ма еді ортаңызда терең молда?
Зейнеп, Рахия және де Әм Кашом, -
Қыздары пайғамбардың жатқан сонда.
Басына хазірет Ғаббас барғаныңыз,
Табылған бұ жолда ойға алғаныңыз.
Рузасын имам Хасен көзден көріп,
Қажеке, тарқады да арманыңыз?!
Пайғамбар рузасына паналадың,
Жақсыны жамандардан сараладың.
Бәрін де сахабаның зиарат қып,
Көрістан Бақихыны араладың.
Саны жоқ, хисабы көп мешіт көрдің,
Қыдырып бәріне де жүріп кірдің.
Тамамдап Мединені болғаннан соң,
Қарата һуде тауға енді жүрдің.
Келтірді тәңірім айдап, біл, сіз үшін,
Медине — араладың іші-тысын.
Хазіреті Хамза башлық жетпіс екі
Шаһид пен пайғамбардың сынған тісін.
Зиарат қылдың бәрін, болсын қабыл,
Жерлерге аяқ бастың жетпейтін қол.
Баруға енді Мекке жабдықтанып,
Бет түзеп шығып мұнан жүрдіңіз жол.
Қағазға жаза берсем кетер сыймай,
Көзіңнің ағызғаның жасын тыймай!
Артында дәл бір нәрсең қалғандай боп,
Жөнелдің пайғамбарды ішің қимай.
Жеткізген сондай жайға, Алла тағала-ай,
Қажылар опат болған талай-талай!
"Шыныңмен, Руза-шариф, қалдың ба?!" — деп,
Талды ғой көз артыңа қарай-қарай!
Бір түйе кебеже салған екеу ара,
Көлік жоқ бас-басына дара-дара.
Өң менен түстей болып қала берді
Медине, Руза, Шариф, бес мұнара.
Сусыз шөл, жапан кезіп, таудан астың,
Артыңа бұ жалғанды тастап қаштың,
Арманың бала жастан ойыңа алған
Байтолла қағба болып аяқ бастың.
Түйесін бәдеуилер жаяу айдап,
Иініңе ихрам кидің, рида байлап.
Жамыратқан қозыдай боп улап-шулап,
Жүгірдің ләббайклап сонда айғайлап.
Бұ жалған фәни дүние шықты есіңнен,
Көп қызық көрдің рақат іс күшіңнен.
Шарапат сізден біздер үміттіміз,
Сау барып, есен-аман келісіңнен.
Жалаң бас, болдың сонда жалаң аяқ,
Айырылып ел-жұртыңнан жүріп саяқ.
Тірідей кебін киіп, жөнелгенің
Қайырылып алды-артыңа қарамай-ақ!
Басқаны қажы ісінен қылдың харам,
Шарттарын кітап айтқан айлап тамам.
Қарата Байтоллаға бет қойғанда,
Жөнелдің ұшқан кұстай көкке таман.
Өлімге бердің басты ыңғайланып,
Ақырет жабдығын жеп, соны ойланып.
"Азирфих Әл-куағид" — деген Алла,
Жүгірдің Байтолланы жеті айналып.
Байтолла қара жабу төрт бұрышты,
Көруге көтеріліп көңілің ұшты.
Есіңнен мал-жан шығып кетіп еді
Дариядан бері өткен соң, сонда түсті.
Айналдың Байтолланы көбелектей,
Қарамай жолдағыға баса-көктей.
Қажеке, армандайсың әлі күнге
Қалғанға сонда жаның шығып кетпей!
Көңілді қойған үшін бардың
Хаққа, Болмаған қайтуға ойың еш бұ жаққа!
Келтірген айдап Құдай еріксіз сізді
Жүзіңді көрсетуге біздің баққа.
Тірідей сонда үстіңе кебін кидің,
Желге тоңып, жалаңаш күнге күйдің.
Ғалайық-ғуайықтан түгел кешіп,
Қол сұнып хыжыра сұр тастан сүйдің!
Ұмтылдың дін жолына іштен туа,
Періште ғамалыңа болған куә.
Мақам Ибраһимде намаз оқып,
Хақы үшін ел-жұртыңның қылдың дуа!
Дін үшін қайрат қылған сіз — бір батыр!
Талай бай боқ басында өліп жатыр.
Муминін мумнат дұғаңыздың
Ішінде болдық па екен біздей пақыр?!
Жақсылық, талап ойлап жолға түстің,
Қатын-бала, мал-жаннан түгел кештің!
Су алып өз қолыңнан, мейірің қанып,
Құдықтан зәмзәм Шариф тойғанша іштің!
Қажеке, қабыл болсын бұ қылығың,
Бұйырған бұл өзіңе халал малың!
Күнәны ішкі-тысқы кетіруге,
Суына зәмзәм Шариф шомылғаның!
Бақытына ел-жұртыңның аман келдің,
Шарапат дұға тиіп (етіп), жүріп көрдің.
Рүкін Ғырақ, рүкін Шам, рукін Хатим,
Жүгіріп арасында аттай желдің.
Сағынып сыртыңыздан жұртың жоқтап,
Ап келді бақытымызға Құдай сақтап!
Тұрғандай ол ғаршының саясында,
Рүкін иамайзиде тұрдың тоқтап.
Көрмеген біз білмейміз жер шамасын,
Қарамансаң, қолың ұзын, жол табасың.
Қажеке, айналайын қолыңыздан,
Қағбаның құшақтаған босағасын!
Шақырған сізді сонда тәңірім қалап,
Бас қосып жүрдіңіздер өңшең манап.
Құдайдан күнәһыңның кешілмегін
Қол жайып сондай жайда, қылдың талап!
Бастаған құдай оңға жүрісіңді,
Ұнатты дос-дұшпаның бұл ісінді.
Тіледің сондай Шариф жайда жүріп,
Ағайын, халық, қарындас, жар, досыңды!
Тағы да болсаң тірі, барасың ба?
Барсаң сонда, бізді еске аласың ба?!
Милин хызырын зиарат қып,
Жүгірдің Сафа, Маруа арасында.
Бардыңыз түйе мініп Арафатқа,
Жүрмейді ешкім мініп ол жерде атқа.
Бесін мен намаздігер қосып оқып,
Ұйыдың сондағы көп жамағатқа.
Басына шығып келдің Арафат тау,
Арман не ақша көп боп, болса ден сау?!
Дұғаның шексіз қабыл болар орны
Кім қылар: "Болмайды!" — деп, бұл сөзге дау?!
Сол жерге ап келінген мұқфәл — шариф,
Бесігін Фатиманың және де алып.
Зиарат қылдыңыздар назар салып,
Жалғанда көре алмаған біздер кәріп.
Ойлаған тілегіңді берді құдай,
Күнәдан әбден пәк боп, болдың жұда-ай!
"Болды, — деп, — дұға қабыл" — естігенде,
Жүрегің қуанғаннан жарылғандай!
Жиылған Арафатта көпті көрдің,
Күн бата Мұздалифа тауға жүрдің.
Қалмайтын бір зәредей бойда күнә,
Сол жайға қасиетті енді келдің.
Пайғамбар сонда тұрып дұға қылған:
— Сақта, — деп, — үмбетімді ғазабыңнан!
Күнәсын үмбетлерім ғапу қыл! — деп,
Бір жанын үмбет үшін қылған құрбан!
Құдайдан сол уақытта хабар жеткен:
— Кешілді үмбеттен, — деп күнә біткен!
Нақақтан кісі өлтірген кешілмейді,
Көп алып кісі ақысын бек ренжіткен!
— Құдай-ау, көп түйінді өзің шештің,
Білемін, Қадір алла, сенің күштің!
Бар ауыр екі күнә кешілмесе,
Кешкенде, үмбетімнің несін кештің?!
Сол түнде хақ пайғамбар жатты жылап,
Көз жасын топырақ пен шаңға бұлап.
Наз қылып, досы (досты) еркелеп сұраған соң,
Тақат қып тұра алмады-ау ешкім шыдап!
— Ай, достым, көп түйінді шештің, — дейді,
— Куә бол, періштелер, естің (естідің) — дейді.
— Уұкуф Арафатта тұрған жанның
Күнәсын қанша болса кештім!—дейді.
Қажы барар пайғамбардың жолын қуған,
Махшар күн болса үміткер жасыл тудан.
— Күнәдан арылады пендем, - дейді,—
— Баладай анасынан жаңа туған!
Бізге айтқан хақ пайғамбар құдай сөзін,
Жаратқан абзал қылып тәңірім өзін.
Сол жайды аяғымен басып келген,
Қажының көзге сүрме қылсақ ізін!
Көрерсің іздеп Мекке сол барғаның,
Баянсыз әлі-ақ қалар сұм жалғаның.
Аяқпен басып келген сондай жерді
Қажеке, сіздердің де бар ма арманың?!
Бардыңыз сондай Шариф абзал жерге,
Жарасар қандай айтсақ, сіздей ерге.
Қауым боп жамағатпен оқыдыңыз,
Хұфтанды намазшаммен қосып бірге.
Ғейд күні, оныншы күн Құрбан айда,
Қажы бармаған байлықтан көрмес пайда.
Оқыдың таң намазын сарғайтпастан,
Мәшхар Әл-Харам деген абзал жайда.
Қонақтап сондай жайда жатқаныңыз,
Жалғанды ақыретке сатқаныңыз.
Қажеке, қабыл болсын бастан-аяқ
Шайтанға жетпіс тасты атқаныңыз!
Күн шықпай, міне, келіп даярландың,
Бір-бір қой кісі басы сатып алдың.
Ағызып таудан қанын сарқыратып,
Құдайға жаныңды айтып құрбан шалдың.
Мойыныңнан парыз, уәжіб түсіп қалған,
Кетумен естен шығып фәни жалған.
Тастарды жалаң аяқ басып жүрдің
Үстіне тастаған ет пісіп қалған.
Адамзат қайдан білсін көрмей, әні,
Қайда жүр болса сіздей жұрттың бәрі?!
Не қылып сондай жайда жүреді екен?
Берік екен күдеріден адам жаны!
Қажеке, ажал жетпей өлмей жүрдің,
Арманың не соларды көзбен көрдің?!
Минеде төрт мешіт бар зиарат кәт,
Бәріне аяғыңмен жүріп кірдің.
Үш күндей құрбан шалып оңтайландың,
Барсам деп бала жастан сонда ойландың.
"Болсын — деп — мұныменен парыз тамам!"
Тағы да Мекке келіп жеті айналдың.
Бұ жалған, бәрімізден қалар фәни,
Күн болса барып көрер біздер де, әні.
Хадиша анамыздың жатқан жайы,
Көрдіңіз ол жаннат Әл-махалланы.
Сахаба жатқан сонда әулие көп,
Шаһидтің ол жердегі есебі жоқ.
Кәріптер (ғарыплар) әрбір жұрттан барып өлген
Жетпейді көптігіне жердегі шөп.
Ол бір тау шықтыңыз ғой Кубайысқа,
Айтыңыз көргеніңді біз байғұсқа.
Жете алмай арманда боп жүрген жан көп,
Тон келте болғандықтан, әм қол қысқа.
Жерлерді көрдіңіз бе, ай, жарылған?
Күнәдан әбден пәк боп сіз арылған.
Жұртыңыз келсе екен деп тілеп тұрды,
Көруге ынтызар боп, коп сағынған.
Көрдіңіз пайғамбардың туған жерін,
Тазалап жуып келдің күнә кірін.
Далилдер басшы болған көрсетті ме:
"Зиарат қылдыңыз, — деп, — жер кіндігін!"
Сөйлескен Мұса Хаққа тауында Top,
Тартады қиямет күн Исрафил cop.
Баршасын тамам айлап сіз келдіңіз,
Ақыры зиараттың — Жаббал нұр.
Далилдер басшы болып оңыңызда,
Бірге еріп періштелер соңыңызда.
Әулие Шейх Мұхаммед зияратын
Бастыңыз кіре беріс жолыңызда.
Бар шығар көңіліңізде бұл арасы,
Көп таудың Мекке шаһары - бір дарасы.
Елестеп көз алдында тұрған шығар:
Қырық бір есік, ол - жеті мұнарасы.
Бұ жолда арып-ашқан сізді жақтар,
Шарапат дұғаң тисе, құдай сақтар.
Сауабы (шуабы) өзге жылдан артық болып,
Және де болған биыл қажы - әкбәр.
Сіз — бір ер: Орта жүзге үлгі салған,
Ерлерден қасиетті үлес (ұлыс) алған.
Есіл мен Мойыншақтының арасындай
Оңай боп жүруіңе тоғыз (тоқұз) барған.
Жарасар қалай айтсақ, тақсыр, сізді,
Кез қылып сөйлеткен соң тәңірім бізді.
Арғын, Қыпшақ, Найман мен Керей, Уақ, —
Бастадың басшы болып Орта жүзді.
Ала аяқ сіз — біз жүйрік таптан шыққан,
Көрген соң көлеңкеңді шайтан бұққан.
Ықыласың құдайыңа қабыл болып,
Пірлерден қасиетті бәһра жұққан.
Серкедей жұртты бастап салып кеттің,
Пайғамбар Рузасына барып жеттің.
Қара күреш (грош) тиынсыз қалғандарды
Шарапат дұғаңменен алып кеттің.
Ту болдың заманында бұл Қыпшаққа
Жасыңнан қойған ерсің көңілді аққа!
Жетектеп алып барып енгізгенің (инкізгәнің)
Соңыңнан ергендерді сол ұжмаққа!
Алтын мен күміс өнген көрігіңнен,
Жасыңнан дін ісіне жерігіңнен!
"Шонтыбай, Батырқожа" — атанып ең,
Айырылып қалай қалдың серігіңнен?!
Еді ғой дін жолында шын жақының,
Естуші ек жастан сізді біз пақырың.
Таяныш бір босағаң жоқ үйдей боп,
Қайғымен тарап тұрған сол ақылың.
Тірі адам бұ жалғанға қайтіп тояр?
Мың күнәға бір тәубе қылсаң, жояр!
Батырқожа қажыны айтқан жерде
Көрген жан ішкен асын жерге қояр.
Ендігі бола берсін қалғаны аман,
Сіздердей туа бермес енді анадан!
Шапағат - пайғамбардан, пірден - дуа,
Тиген соң, болғаныңыз қәтеб заман.
Жүзіңе төккен Құдай иман нұрын,
Даярлап Мединеден келдің орын.
Пайғамбар жолын қуған үмбетісің,
Сала көр кәріптерге (гарибларға) көздің қырын.
Пірлердің назар-кәрде, наббат тиген,
Құлсың ғой, уа, алла ғылым — Құдай сүйген!
Өлімге өлмес бұрын басты байлап,
Тірідей тоғыз жола кебін киген.
Рия жоқ парыз іске мақтан деген,
Бетіңді сол қайтарма хақтан деген.
Бет алып бара жатқан уақытыңызда
Тақсыр-ай, бір сөз болды-ау: "Сақтан!" — деген.
"Бүл не?"—деп, жүре бердің ойыңа алып,
Иабинуғқа өтіп, дария түстің барып.
Өткен күн, көрген жан мен жүрген жерлер,
Ұмыт боп бара жатыр ойдан қалып.
Қажекең мұрид қылған Орта жүзді,
Айтайын толып жатыр қай бір сөзді?!
— Бабасы Қажекемнің жеп көрсін! — деп,
Бименде алып келген бір дарбызды.
Әркімнен сондай дарбыз келе берген,
Әр жерде тәңірім сондай бере берген.
Басшы қып нами қазақ Қажекемді,
Соңынан бәрі шұбап ере берген.
Атағы Алты Алашқа сол білінген,
Ауызға ер Шонтекем ерте ілінген.
Пәтерде иесі жоқ бір дарбыз тұр,
Пышақпен елеусіз боп бір тілінген.
"Біреу ғой тағы мұны алып қойған,
Құдайым бере берсе, бар ма тойған?
Қайтеміз алып жүріп сол бәрін?!" — деп,
Қажекең алдына алып мұны сойған.
Аузына: "Бисмилла!" — деп, бір салыпты,
Дарбыздан бір-бір кескен бәрі алыпты.
Алды тәтті болған соң, арты - кермек,
Қажекең жұтып қойып таң қалыпты.
"Кәріпке (ғаріпке) қайда жүрсең, жақ бол"
"Ниетің қалыс болып, хақ бол" — деген.
Болған соң дарбыз дәмі екі түрлі,
Есіңе түсе қапты: "Сақ бол!" — деген.
— Дарбыздың дәмі болды басқа, — депті,
— Кез болдық бір зиянды асқа! — депті.
— Ауызға мұның дәмі келіспеді,
Жеместен бәрің тегіс таста! — депті.
Тастаған бір татпастан сонда бәрі,
Бар екен сол дарбызда бір у—дәрі.
Байқамай сол бір кесіп жұтқаннан соң,
Шарапат қасиетпен сезген, әні!
Жүруге алып қойған түйе жалдап,
Қиын ғой ондай жолда көптен қалмақ.
Бойына Қажекемнің у жайылып,
Дерт болған жүргізбейтін ауыр салмақ.
Болғанын бір сұмдықтың білдің сонда,
Түйеге: "Тәуекел!"—деп, міндің сонда.
Әрі-бері жүргеннен соң ұзамай-ақ,
Бір күйге жан қиналып кірдің сонда.
Күйдірген уы құрғыр, өртеп ішің,
Кетірді сонда бойдан қуат-күшің.
Елжіреп іші-бауырың, от боп жанып,
Бір түрлі қап-қара боп кетті түсің.
Жалғаннан менің көңілім суынбаған,
Қажы бармай күні кірім жуылмаған.
Көрген соң Қажекемді жолдастары,
Қойдай маңырап, қозыдай шуылдаған.
Қажекем өңі жаман қашып қалған,
Бек жүдеп жолдастары жасып қалған.
Дегендей: "Енді қайттік тар жерде?!" — деп,
Қажылар мұны естіген сасып қалған.
— Бір жара болды бізге қиын! — десті,
— Қажының көрдік кеткен күйін! — десті.
— Қараған өзімізге жолдастармен
Қайталық кел Иабнуғқа кейін! — десті.
Қажекең мұны естіп болды наза:
— Ниетім шын құдайға едің таза.
Бетімді пайғамбардан қайтармаңдар,
Өлейін түйе үстінде, жетсе қаза!
Мен үшін тоқтап жолда қонбаңыздар,
Төсекті шөптіктегі оңдаңыздар.
"Мұхаммед құдай дос-ты" — деп, шығып-ем,
Бетімді пайғамбардан бұрмаңыздар!
"Пайғамбар мен сүннәті" — деп, шықтым
Өртеніп өне бойым от боп күйген.
Болар ма көрер күнім барып көзбен,
Құтылып басқа түскен мұндай күйден?!
Шыныңмен, ажал, маған жеткенің бе?!
Бұйрығым түйе үстінде біткенің бе?!
Рузасын пайғамбардың көре алмастан,
Арманда қайран көзім кеткенің бе?!
— Деп, жылап, көп мінажат, қылдың нала:
— Қайтар, — деп, — бұ бәленді
— Иа, Раббана! Пайғамбар шапағатшы өзі қолдап,
Кеңіткен, тарылғанда, Хақ тағала!
Пайғамбар қолдап өзі, пана берген,
Үмбетін қолдан тартып ала берген.
Аузына пайғамбарды алғандықтан,
Жазылып, бойы жадырап сала берген.
Күндердің сондай жерде қиын тары-ай!
Бар құдай пендесіне болған пана-ай!
Өлімнен үмбетлерін алып шыққан
Атыңнан айналайын пайғамбар-ай!
Сөйледім бір күйзеліп талған жерін,
Құтқарып хақ пайғамбар алған жерін!
Оңалып сау-саламат жүріп кетіп,
Жарқырап шамша саулап жанған жерін!
Көп шығар көрген-білген мұнан қалған,
Аузыма сөздің шынын тәңірім салған.
Құдайдан тағдыр жетіп опат болды-ау,
Қажылар әрбір таптан биыл барған!
Кеткенім ұнамайды айтпай мұны,
Сөз емес жаситұғын оны-мұны.
Жылына қажы әкбәр тура келіп,
Еш шексіз өлгендердің болған жолы!
Қаратқан үйден шығып басын оңға,
Бар құдай қасиетті бастап жолға.
Ғазиздер Шариф жайда барып өлген,
Түсер ме қақсағанмен біздің қолға?!
Шонтекем, айналайын, тақсыр-пірім,
Бастаған Орта жүзді кемеңгерім.
Айырылып ел-жұртымнан жүрген күнде
Тарқаған сізді көріп ішкі шерім!
Мен қажы көргенім жоқ сізден басқа,
Ер едің атың шыққан "Алты Алашқа!"
Ерлерім қажы жолында зая болып,
Көкірек-қайғы, көз толып қанды жасқа!
Ажалсыз келдің тірі, өлмеген соң,
Не білер үйде жатқан жүрмеген соң?!
Жандай — дос, балдай — құрдас-құрбылардан,
Сағындым бір де - бірін көрмеген соң!
Өзі қожа күллі қажы кетіп еді,
Ерлікпен бұрын бір қажы етіп еді.
Ишаннан ол Ғайсабек дуа тиіп,
Оның да дәрежесі жетіп еді!
Бұ жолы талай жанды бастап барды,
Жұмақтан онда өлген жан орын алды.
Қарабұжыр, Тентек пен Қанжығалы,
Бәсентиін, Сүйіндік жесір қалды.
Өзіне құлап еді күллі Әжібай,
Ер еді дін іздеген бір қажымай.
Кеудесін жалаңаштап кетіп еді,
Дүниенің көз салмастан көп-азына-ай!
Талпынып әрбір істі қылып бақты,
Мінезбен жақсы қылық жұртқа жақты.
Жасында дәл отыз бес Қағбада өткен.
Сағындым қатты жоқтап бала Ысхақты!
Өзіммен және тату құрдас еді,
Бірге өскен кішкентайдан сырлас еді.
Немере, шөберенің ортасында
Жаныма жалғыз ерген жолдас еді.
Бір таптан Күлік деген жалғыз кеткен
Ер еді жастан әрбір талап еткен.
Бұйырып топырағы Шариф жайдан
Мешіттің Хәрәм Шариф ішінде өткен.
Жолында жүруші еді қысы-жазы,
Жібермей есіл ерді малдың азы.
Жаннаты Әл-Махаллаға барып өлген—
Еламан: Естай ұлы—Жүніс қажы.
Ерлікпен мұнан бұрын сол бір барған
Талап қып аз дәулетпен мешіт салған.
"Рузасын пайғамбардың бір көрсем!" — деп,
Құдайдан зарлап тілеп қылған арман.
Алдымнан өтіп еді сабақ алып,
Жүзінен иман нұры тұрған тамып.
Мен жүрмін әуре болып бұ жалғанда,
Айырылып сол бәрінен қапы қалып.
Дүйсекей: Қапыл ұлы Шашке барған,
Бай еді бейнет көрген шаруа-малдан.
Қызығын көп дәулеттің көріп көзі,
Мекке мен Мединеге барып қалған.
Төрт түлік малға толған айналасы,
Бай еді бұзылмаған сол қаласы.
Байлар кеп бармай қаңғып үйінде өлген,
Болғанмен неме керек сан қарасы?!
Жайылма, Ақкөл менен ел Тентектен,
"Шұбар төс, шынжыр балақ" — шыққан тектен.
Сарп қылып дүние малын барған Мекке,
Жан өтпес қара қазақ Әлібектен!
Қажы барған мал қызығын әбден көрді,
Бай болып, бармағандар қаңғып жүрді!
Қызықты дәулетінен қашып кеткен
Баласы Сұңқарбектің Бәйтен ер-ді!
Айтқан жоқ мұның бәрін ешкім маған,
Ілмейтін кісі көзге мен — бір таған!
Інісі Шыңғыс қажы: Қара бұжыр—
Бәйтен мен бірге барған батыр Таған.
"Қызыл тіл—бозбалалар,—өнер алды",
Талап қып кағба қажыға екі-үш барды.
Төлеңгіт Ерке сары інісі еді,
Айталық абзал туған батыр жанды.
Қыстауы — Қарағайлы - Уақ еді
Жадыраған жазғы күндей шуақ еді.
О да өткен Бейсен қажы бұл сапарда,
Жасынан ойлағаны тауап еді.
Көңіліне жастай Құдай салған еді,
Тағы бір мұнан бұрын барған еді.
Ермұхаммед қажы өлді, заты—Сырым,
"Итемген" бұрынғы аты қалған еді.
Қажылар айтылмаған мұнан да көп,
Мен қылдым білгенімді әңгіме кеп.
Сөйледім қысқа қылып, көп ұзартпай,
Ұзартсам, мылжыңдықтан бола ма деп.
Жылында қажы-әкбәр қажыға барған,
Көп рақат қанша жиған көрді малдан!
Құдай менен пайғамбар қалаған соң,
Айтылмыш өңшең ерлер сонда қалған!
Келмеген бір де - бірі Әжібайдың,
Бөбекей — Фиан молда Шегебайдың.
Айтайын қайсы бірін жұрт білмейтін,
Аты бар, атағы жоқ бықсық байдың?!
Жаннаты, Әл Махалладан қылған жайын
Басына тас қойдырған қылып дайын.
Мал-мүлкін талақ салып: "һу!" деп кеткен,
Айтыңыз жеті рудың Үсен байын.
Күн бұрын жабдықталып (жабдықданып)жайланбаған,
Ашылып, жүрер жолы байланбаған.
Партия, мәжілістің-бәрін тастап,
Алданып жұрт сөзіне айналмаған (айланбаған)!
Жұрт көрген оның байлық, салтанатын,
Бала - жетім, жесір боп қалды қатын.
Сабаз-ай, Шариф жайға барып өлді-ау,
Періште шақырған соң атап атын!
Жарасар атты кісі мінсе тайды,
Жаратқан Құдай артық Күн мен Айды.
Елі - Алтай, қыстауы—Есіл, қажыда өткен —
Інісі Баймен қажы — Жақсыбай-ды!
Сөз шашқан ақын Мәшһүр талай жерге,
Ағады судай шапшып биік өрге.
Сары қозған: молда Иманқұл інісі еді,
Қылышбай қатынымен барған бірге.
Бір барып келіп еді мұнан бұрын,
Жан екен көрген рухы құдай нұрын!
Бұ жолда қатынымен қабат өліп,
Пейіштен жатып алды, алып орын!
Ерлерді қозғап Мәшһүр мақтасын да,
Есілдей тасыған соң, ақпасын ба?!
Бір зәкиге сақшы, Мұхаммед көрші болып,
Қалыпты Байтолланың қақпасында.
Басына тас орнатып, жазу қойған,
Ерлер ғой құдай нұрын көріп тойған.
Топырағы Шериф жайдан бұрқ еткен соң,
Қатынымен екеуін бірге қойған.
Батырқожа қажекең сол жерде өлген,
Сұраусыз онда өткен жан ұжмақ кірген.
Бабасы Шонтекемнің және сонда,
Төртеуін тақсыр өзі қолдан көмген.
Сұм жалған әуре қылған бір параны,
Жалған ғой жалмап жұтқан хан-қараны!
Сөйлейді аса мақтап жолдастары —
Қақсал: Монтай баласы — Төртқараны.
Қайратты, дұшпан қорыққан арыстан-ай!
Жасынан жақсылармен жарысқаны-ай!
Сөйлеген өсиеті—бір кітап сөз,
Шаһбаздың сөзге жүйрік данышпаны-ай!
Қалмаған орнын ұстар жақсы бала,
Ағайын артындағы жай аз ғана.
Жұлдыздай Өмірзая туып, батқан,
Болғанын арты қысқа қара, сана!
Бабасы Қожамқұлды Алаш білген,
Дін жолын, өлім қамын ойлап көнген.
Інісі: Ақбөбектің Жайпаң қажы,
Жаннаты Әл-Махалланың өзінде өлген!
Төртқара:
— Жүр, Жәке, — деп барған екен,
— Қалдырмаймын, — деп, бедел салған екен.
— Мінезі қатын-балам жаман еді,
Барсам, бұзар,—деп, келмей қалған екен.
— Қалуға келдім ойлап мұнда, — депті.
— Иа, Мұхаммед-Мұстафа, қолда! — депті.
— "Қажының орны бар", — деп, — әуреленіп, Талпынбасын көп қожа-молда! — депті.
Адамның жатпас қарап өнерпазы,
Сайраған Мәшһүр—жаздың қоңыр қазы.
Таптан — жеке, рудан жалғыз барған —
Ер екен Жағалбайлы-Бәден кажы!
Қажының ол Қарабай жамағаты,
Қызы еді Мәштек абыз-Зәбира аты.
Тауында Тор, Сина шаһид болған,
Қабыл боп хатым-құран салауаты.
Баласы Тәтеқажы бірге барған
Батырқожа қажыны бәделге алған.
Бір өзінен үш құжы аттандырып,
Бұған да түгел болған фәни жалған.
Адамның бұ жолда өлген бәрі сара,
Тілеуін қабыл қылған хақ тағала.
Фатима бұлағында қаза болған —
Халқынан Қарақозған – Мырза қара!
Адамды біткен дәулет түрлентіпті,
Түбіне бұ дүниенің кім жетіпті?!
Құлажан - Сәдібектен — кетіп еді,
Алладан қаза жетіп о да өтіпті.
Қажылар сол жайда өткен ұжмақ кірді,
Тілеуін көңілге алған Құдай берді.
"Ойында озған-шында озар", — деген осы
Айтыңыз: Ерден ұлы Бименде ерді!
Атасы Алаш білген Ерден батыр,
Ту ұстап, тұлпар мінген, тігіп шатыр.
Бименде ер сонан туған, ерлік қылып,
Жастанып Байтолланы жаткан акыр.
Ұраны - Бағаналы: Барлыбай-ды,
Бабасы жау шайқаған Сандыбай-ды!
Қалай айтсаң жарасар Бименде ерді,
Жастанып барып жатқан Шариф жайды.
Ұлытау, Қаракеңгір қонысы еді,
Қылған іс, жүрген жолы дұрыс еді,
Бәйгеден қосқан аты шаппай келген,
Найманның бала жастан болысы еді.
Дүниеде сүріп дәурен, қызық көрген,
Бақыттың шамасы жоқ оған берген.
Інісі - болыс болып жүрген Сауқым,
Күйік боп көз алдында жастай өлген.
Баянсыз бұ дүниеден көңілі қалған,
Екенін әбден білген фәни жалған.
Қатынды — тұл, баланы жетім тастап,
Ерлікпен дүние шашып, қажыға барған.
Алланың салғанына пенде көнген,
Біреуге - кеш, біреуге ерте келген.
Сол былтыр Жүзінұлы Жылқайдарға
Табысып болыстықты қолдан берген.
Жасынан әр өнерді талап еткен,
Мақсатқа ойына алған түгел жеткен.
Найманның бірсыпырасын ертіп алып,
Жалғанды талақ тастап, қажыға кеткен!
Қалмайды кімнен дейсіз фәни жалған?!
Бас қосып өңшең ерлер Мекке барған.
Мұхаммед рахым ишан ғазиз ерді
Жолдас қып дін жолында ертіп алған.
Жан еді артық туған Ноғай заттан,
Сөзі анық ол кітапқа жазған хаттан.
Алланың сүйген құлы болғаннан соң,
Мекке мен Мединеге барып жатқан.
Көңіліне білген жанның түсті жара,
Болған соң хақ тағдыры не дүр шара?!
Жатырқап: "Нәсілі ноғай!" — демесеңіз,
Кісі еді Атбасарда жеке қара.
Жолдас боп Бимендемен барған бірге,
Шариф жай барып жатқан абзал жерге.
Шам шариф, Мысыр, Бейрут патшалары
Таңданған: "Неткен жан!" — деп Бименде ерге.
Сықылды керуен дүние болып көшкен,
Шамшырақ жүз жыл жанған бір күнде өшкен!
Ішінде өзге жанның формы бөлек,
Көрініп коп ішінде көзге түскен.
Мұнда да басшы болған қалың елге,
Бақыты асқан өз тұсында күннен-күнге.
Қарата өлеріне өнер қылып,
Болды ғой шет болғандай көз бен тілге!
Ел Найман алты болыс айналасы,
Байлықпен малға толған сары даласы.
Бағаналы, Балталы баласына
Сықылды болып өткен дуанбасы.
Көрінген топ ішінде мойны құдай,
Тасыған мырзалығы аққан судай.
Найманның жеке қара төресі еді,
Көтерген хақ пайғамбар жасыл тудай.
Жұмыс жоқ бұ жалғанда онан қалған,
Арманын қылып өткен ойына алған.
Құйқылжып, төңкеріліп сөйлегенде,
Сөзіне дінсіз кәпір пейілін салған.
Болғаны Атбасарда үштің бірі,
Күнде той, күнде базар жүрген жері.
Жалғанда армансыз боп өтпеді ме,
Пейіштің болып орны сол хақ төрі?!
Сескенген дұшпан көңілі көрсе бойын,
Адам байқап болмаған ғақыл ойын.
Қамы үшін дін-мұсылман тілеу тілеп,
Қалдырған Мединеде мәулед тойын.
Ісіне дүние — ақырет басшы болған,
Ақшасын төрт жүз теңге берген қолдан.
Алты жүз теңгеменен мәулед қылып,
Хақына дін-мұсылман дұға қылған.
Басшы боп ойлап тапқан мұндай ойды:
Сойдырған сатып алып отыз қойды.
Ac — күріш, шай мен нанды төгіп шашып,
Аш-арық сол жердегі әбден тойды.
Шөнтекем — Арғын, Қыпшақ болған басы,
Батырқожа қажы боп төл жолдасы.
Кіші жүз: Ахмет қажы, ер Бименде,
Бас қосып сол қазақша берген асы.
Отыз күн Мединеде сол жатыпты,
Қызыққа бұ жол барған көп батыпты.
"Мұндай жан қазақта да бар екен!" — деп Медине,
Мекке халқы ұнатыпты.
Жаратқан абзал қылып тәңірім, әні!
Көзіне көрінбеген дүние малы.
Шаһардың Мекке пақыр-пақырасы:
"Өлді, — деп шуласыпты — қазақ ханы!"
Алтынды боқтай көріп, дорбалаған,
Кем-кетік маңайына қорғалаған.
Ғайридцин басқа мазһаб төрелері
Құлдай боп кызметінде жорғалаған.
Таусылмас есіл ердің айтсам кебі,
Табылар тараулатсам сөздің көбі.
Өсиет Орта жүзге үлгі салған,
Айтсам да қалай мақтап, келер ебі!
Құлақ сал үшбу сөзге, азаматым,
Жайылған алты Алашқа жазған хатым.
Той қылып дүйсені күн-мәулед мейрам,
Оқытқан пайғамбарға құран-хатым.
Дер едің: "Періште ме?", — көрсең түсін,
Айтайын толып жатқан қайбір ісін.
Қажылар Шариф - жайда қылтан соны,
Күллі мумин-мұсылман тілеуі үшін.
Онда өлген жанға жоқ-ты сұрау ғазап,
Дейсің бе айтылған сөз ойын - мазақ?
Оқытып сондай мәулед, тілеу тілеп,
Еш бұрын қылған емес біздің қазақ.
Жұрт сүйсінген Шонтекем келгеніне,
Құданың біз ризамыз бергеніне!
Күллі мумин мұсылман баласынан
Бір дұға қажылардың өлгеніне!
Бар құдай қажыларға рахмет етсін
Дос-жардан артта қалған дұға жетсін.
Мақал бар: "Аз сөз — алтын, көп сөз—көмір".
Аяғын енді Мәшһүр тамам етсін.
Сөз қылған қажыларды Мәшһүр-Жүсіп,
Кетеді бір сөйлесе желдей есіп.
Пайдам жоқ бір басыма қылған титтей,
Сонымен бара жатыр ғұмырым кешіп.
Жалғанда жапа тартып, жүдеп азған,
Шыға алмай болдым әуре батпақ саздан.
Халық - жұрттан ізгі дұға үміт етіп,
Мүсәпір-Мәшһүр-Жүсіп мұны жазған.
Құдайдан тілек тілеп, көтердім қол,
Жүруге талап қылып бір сапар жол.
Қызмет қып алдыңызда аттай желдім,
Қажеке, көріскенше қош-аман бол!
Бір дұға еске бізді алғанында,
Көз бір қырын, көгерермін, салғаныңда.
Ала гөр жадыңызға ай, қажеке,
Және де сол жайларға барғанында!
Жазылмас жүрегіңе түскен жараң,
Көп болған құдайды ойлап хамадшынаң.
Аталық үміткермін шапағатыңнан,
Тілеулес қияметтік біз — бір балаң.
Дүниеден біз де бір күн қыларымыз көш,
Дәрмен жоқ күресерге, қайнайды іш.
Жазылды үшбу нұсқа жылан жылы
Жылында мың сегіз жүз ол тоқсан үш.
Ісінен дүние - ақырет хабары жоқ,
Сол мұнан артық өнер (һөнәр) табарым жоқ.
Опасыз бұ жалғанның ортасында
Бір жерге тұрақтарға қарарым жоқ,
Өлгендер шақырады: "Жүр!" - деп,
"Жүр!" - деп, "Қиямет болсын тез сол, бірге көр!" — деп.
"Сіз келсеңіз, қиямет болар еді!
Біздерді коп сартайпай, жылдам кел!" — деп.
Біз қашан оларға айттық: "Бізді күт!" — деп,
Қоймайды еркімізге кепіл (қабыл):
"Тез жет!"-; Іште тумай жатқандар, о да айтайлар:
"Сен кетсең, біз шытармыз, кетші, кет!" - деп.
"Жүр, жүр!" - деп, біреу тартып, біреу қуар,
Әркім де ақыл болса, осыны ұтар.
Мақал сөз бұрынғыдан бар емес пе:
"Бір жақтан біреу өлсе, біреу туар!"
Есіктен біреу тұрса: "Жүрші, жүр!" - деп,
Үйде біреу отырса: "Кетші, кет!" — деп.
Не барқадар табарсың сонда отырып,
Үйде біреу отырса: "Тұр, жөнел!" — деп.
Бұ дүние, ойлап тұрсаң, менде осындай,
Не барқадар тұрғаныңмен, міне осындай?!
Өлімнің өлмес бұрын қамын ойла,
Өлімді біліп ойла, ғапіл қалмай!
Мәшһүрдің шығар сөзі қалай-қалай,
Белгісіз не болары екіталай.
Қаңғырып ел ішінде күн өткізбей,
Жеткізсін шариф-жайға Хақ-тағала-ай!
...Ажал бір қайда болса, бір-ақ келер,
Өлмей ме жаман үйде ауырып жатып?!
Жай жатсаң, үйде қарап бос қаларсың,
Қашқанмен, Тәңірі алдына бір барарсың.
Қыбырлап тіршілікте жүре (сүре) берсең,
Жүрсең де бірде қалып, бірде аларсың!
Шыныңмен бұ жалғаннан өттің, кеттің,
Мақсатқа ойыңа алған барып жеттің!
"Аста білсе — дегендей — доста білмес",
"Бірі болса, бірі жоқ" — болып кеттің!
Іш қайнар, күресерге амалың жоқ,
Жауға қылған сыртында қамалың жоқ.
Жыландай басқан ізің білінбейді,
Бұрынғы қайран жастық амалың жоқ!
Ит дүние, іздеп мақсат, түстің жолға,
Аяғың кетпей теріс, басқан оңға.
"Адамның ойлағаны болмайды" — деп,
Түспейді көңілдегі, сірә, қолға!
Басында биік таудың шынар ағаш,
Тал менен бітер қайың сол аралас.
Дәурені өз басыңнан бір өткен соң,
Артына фәни жалған бір қарамас!
Жапырақ жазғытұрғы — жердің көркі,
Бұ дүние — бұлаңдаған қызыл түлкі.
Нәзіктер ғақылы дана, парасатты,
Жетпейді бағасына дүние — мүлкі.
Сабырлы адам асықпайды артын ойлап,
Дүниені өткізеді күліп, ойнап.
Сыртына сыр шығармас сабаздарың
Парасат, ғақыл менен білер ойлап.
Жақсыны біле алмайды жаман танып,
Тоқтамас кейбір адам тілге нанып.
Жақсының жақсылығын біліп сырттан,
Жүреді кей даналар көңіліне алып.
Жақсыны қайдан білсін жаман адам?!
Малменен адамсынған кейбір надан!
Бір мақсат көңіже алып, жүрмін іздеп,
Бозбала, бола көрме әуре бізден (біздан)!
Кім білсін осы күнде біздің халді-ей,
Сырты алтын көрінсе де, іші жезді-ей?!
Бір жерде Мәшһүр кеңес құрады екен,
Жұрт мойнын бұра ма екен жақсы сөзге-ей?!
Мен жүрмін мақсат тілеп сол қысы-жаз,
Қолға алдым қалам, сия, һәм ақ қағаз.
Ерге ер серік болып түгел туған
Көп емес, бір таптан табылар аз!
Жайылған Мәшһүр сөзі талай жерге,
Есілдей аға берген биік өрге!
Құрметін жақсылардың танитұғын,
Құдайым ғұмыр берсін талапты ерге!
Түрленіп күннен-күнге Мәшһүр жүрсін,
Дүниеде не бар, не жоқ, жүріп көрсін!
Таныған асыл қадірін сабаздардың
Мақсатын тәңірім өзі бере берсін!
Мен жүрмін — барлық-жоктық, ойыма алмай,
Дүние жүр қашсам-дағы қуып қалмай!
Құрметтеп ғылым қадірін біжен жанға
Жүремін тірлікте тілден салмай!
Жүремін: "Иа, Алла!" — деп,
Хаққа жылап, Жаманнан қайыр білмес қашып жырақ,
Нәрседен сол көз көрген ғибрат алып,
Кім жақсы, кім жаманын — көріп сынап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу