Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  147


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Әбушақыма

Жамағат, тыңдасаңыз, сөз тастайын,
Құрбылық қақы үшін сөз бастайын .
Ғайып қып қателерді байқап ата
Алаңмен бір қиссаны мен бастайын.
Жаманның тарлығына көзім салдым,
Қолыма жазайын деп қалам алдым.
Шапағат, пайғамбардың құрметі үшін,
Қиссасын Әбушақыма жаза салдым.
Ғүмардай жан тумаған ғадатлатлы (әділетті),
Дүниеден еш жимаған салтанатты.
Ғұмардың патша болған заманында
Бар екен бір баласы Шақыма атты.
Секілді Иосифтайын (Жүсіптейін) жүзі айдай,
Көрген жан сипатына таң қалғандай.
Зарланып, Құран оқыса, оның үні –
Тартыпты пайғамбарға аумай, талмай.
Зейіні Шақыманың кеткен асып,
Қайғысын сақабаның жүрген басып,
Дауысын пайғамбардың сағынғанда,
Құран оқытар Шақымаға шуылдасып.
Нұр берген Шақымаға Алла-Тағала,
Сипаты қор қызындай, ах, дариға!
Лух ілмыханоз шын нұр сипатын
Құдайым артық қылған шаһызада.
Жиырма - жаңа келген ердің жасы,
Хасен, Хұсайын - Шақыманың жан жолдасы.
Сейілге Шақыма бас боп шыққан екен,
Жиылған өңшең шора сайдың тасы.
Қайратын Әбушақыма қаламайды,
Болғанын халі нешік біле алмайды.
Бір жерде келе жатып, басы ауырып,
Атына ғазиз сұлтан міне алмайды.
Науқасы бек қинайды ғазиз ерді,
Қарамай өзгелері жүре берді.
Бар екен бір жөһиттің (жөйиттің) жалғыз үйі,
Қалжырап Әбушақыма зорға келді.
Жөһит көріп жас балаға назар салды,
Жас бала мұсылман деп ойына алды.
- Ғұмардың баласымын, - дегеннен соң,
Тезірек сарайына алып барды.
Ойлайды кәпір қастық қылайын деп,
Құмардан осы жерде шығайын деп.
Бір түрлі баласына жала жауып,
Ғұмардың ғаділдігін сынайын деп.
Барады тәубе қылмай күні өтіп,
Кәпір тұр жас баланы құрмет етіп.
- Жұтып қойсаң, басың тез жазылар, - деп
Бір аяқ арақ алып келді жетіп.
Арақты сусағаннан алды жұтып,
Шақыма мас болады есі кетіп.
Есі-түсін біле алмай сандалады,
Шақыма арақ ішіп, халі кетіп.
Бар екен бұл жөһиттің жалғыз қызы,
Ер жеткен адам екен оның өзі.
Ол кәпір тез жүгіріп, қызына кеп,
Кәпірдің кәпірлігімен айтқан сөзі:
- Айналайын, жан балам, бұ сарайға кір, -
- Бір жігіт бар ішінде, нұр сипатын көр! -
- Әдейі іздеп әкелдім күйеулікке мен, - де
- Мойынынан құшақтап, ауызынан сүй! -
Қыз шайтан Шақымаға келді жетіп,
Қыз сонда қуанады оны көріп.
Әбушақыма есі жоқ мастығынан
Қалыпты сол арада ойнап - күліп.
Әбушақыма мастықпен шайтанға ерді,
Бір-екі кәпір қызын зина қылды.
Біраздан соң сол жерде жиып есін,
Аттанып Әбушақыма жүре берді.
Ойына қылған ісі келіп түсті,
Тітіреп өне бойы, жүрегі ұшты.
Мүбарак екі көзі жасқа толып, Жылайды:
- Көрмеймін, - деп ол, - пейішті!
Нешік хайла қылайын адамзаттың баласы,
Мендей күнә қылмайды жер мен көктің арасы.
Мендей жаңылған болмайды, не деп тәубе қылайын,
Тәңірім мақұл кермесе, көз жастың жоқ панасы.
Кетіпті бір азырақ күндер толып,
Ажал келсе, жатамыз ғаріп болып.
Әуелі Шақымамен жолыққанда,
Қалыпты кәпір қызы буаз болып.
Биопа бұ дүниеден пани болсақ,
Иман бір барша жанға болған ортақ.
Тоғыз ай, он күн тамам болғаннан соң.
Туыпты ол шайтаннан бір жас бала-ақ.
Жөһит көріп баланы қайран қалды,
Баланы етегіне орап алды.
- Баласын өз қолына берейін! - деп,
Патшаға, дәл Ғүмарға, алып барды.
Сол жөһит өзі дінсіз кәпір екен,
Кәпірдің ойлағаны ақыл екен.
Әбушақыма, хазірет Ғұмар менен
Мешітте құран оқып отыр екен.
Күнәға Әбушақыма қалған батып,
Кеткені бұ баланың жалғыз жатып.
Мешітке кәпір жөһит кіріп келіп,
Тастады жас баланы шырылдатып.
Шақымаға бала ұмсынды дәл білгендей,
Қылғаны бұл баланың дінге кірмей.
Алдына патшаның келіп тұрып,
Сөйледі сонда кәпір бір сүрінбей:
- Патша едің жұртыңа ғаділ, - деген,
- Жақсы атың жеті жұртты білер, - деген.
- "Ғаділ Ғұмар-атанып, - асыл бекзат",
Биледің түзулікпен кәпірді сен.
- Сейіл құрып жалғыз ұлың
Шыққан екен далаға.
Бас ауырып кез болды
Біздің сарай-[панаға].
Зорлықты жалғыз қызыма
Қылғаны анық болмаса,
Күйдірмеймін текке жалаға!
Бұл сұмдықтың түбіне
Көзің салып қарашы!
Қара қылды қақ жарған
Ғаділдігіңе қарасам,
Мұның бітпес жарасы!
Қатын қылды қызымды
Сондай да қылық қылар ма
Ер Ғалының ағасы,
Ғаділ Ғұмар баласы?!-
Сонда өнерді тәңір берген
Бұлбұлдайын тітіреп,
Ғаділ Омар сұңқылдайды.
Ол Ғұмардың қаһарына
Шыдай алмай тас мешіт былқылдайды.
XXX
Кәпір қорықты Ғұмардың қарасынан,
Жаралған Ғұмар нұрдың падасынан.
Ғаділ Ғұмар Шақымаға көзін салып,
Сұрады:
- Рас па? - деп, баласынан.
Бүл іске Шақыманың іші күйді:
"Келді ме жас басымнан ажал?!" - дейді,
Ғүмардың қаһарына шыдай алмай,
Жас бала бөгежектеп, үндемейді.
Шақымға бұл пәлені Тәңірім салды,
Балаға айдаһардай қаһарланды!
Мешіттен қол-аяғын байлап алып,
Сүйретіп дариясына алып барды.
- Апылаққан жылдам мұнда келсін! - дейді,
- Жазасын бұл баланың берсін! - дейді.
- Жүз қамшы жылдам-жылдам бұған соғып,
Астында бүл дарияның өлсін! - дейді.
Апылаққан тез жүгіріп жетіп келді,
Ғұмардың қаһарына шыдамас енді.
Бүтін шаһар Ғұмардан тітірейді,
Бетіне келетұғын жан бар ма енді?!
Ғұмардың мұндай іске пейілі тар-ды,
Апылақ қамшы ұстап даярланды.
Бұрынырақ, а, дариға, өтіп кетті,
Бір хайла қылар еді пайғамбар-ды.
Ғұмардың бұл қаһары болды күшті,
Есітіп Ғүсман ер жүгірісті.
Бұл істі талқан қылып кетер еді
Кішкене тұра тұрса Құдай дос-ты (досы).
Жиылды бүтін шаһар дар басына,
Ғүсмандай қайрылмайды жолдасына.
- Пайғамбардың төрт иары емес пе едің?!-
Ғұсман келіп жылайды патшасына.
Ғұсман келіп иғылап:
- Зейнұр! - дейді,
- Атанған Ғүсман едім мен дүр - дейді.
- Жетім қалған ерлерді пайғамбардай көріп,
Тәубе қылса, күнәсын кешір! - дейді.
Айтады Ғұмар шыдай алмай:
- Ғүсман иарым,
Сөзіңе құрбан болсын менің жаным!
Бұл сынды енді менен сұрамаңыз,
Қан төгілмей кешілмес күнәларым.
Келеді естіп жанып Ғалы арыстан(арыслан),
Жас ағып екі көзден, қып-қызыл қан.
Ғұмардың қасына келіп, жауап айтып,
Тұрады:
- Сабыр қыл, - деп, - иа, арыстан!
Хазірет Ғалы жылайды,
Ғазиз қылып сұрайды:
- Бабам болса, бүл іске
Бір хайланы қылар-ды!
Өтіп кетер қайран ер,
Кімді жұтпас қара жер?
Құрметі үшін бабамның
Осы жолы маған бер!
- Сөзіңе жаным құрбан, хазірет Ғалы,
Бұл дүние, баршамыздан, қалар пани!
Күнәға сіз де, біз де жоламаспыз,
Біздерді еліктеп кетер күнәһилары.
Сақаба отыз үш мың бәрі келді.
Жалынып сұраса да, еш бермеді.
Баланың байлап алып қол-аяғын,
Апылаққа бұйрық қылып:
- Соқсын! - деді.
Жатқызды қара жерге туған айды,
Ақ нұрға Апылақ қолы бата алмайды.
Бір-екі қамшы бірлан соғып еді,
Шырқырап ғазиз сұлтан жата алмайды.
Ғүмардан бұ дүниеде ғаділ жоқ-ты,
Көзіне Апылаққанның жас толыпты.
Амалсыз патшадан қорыққаннан,
Апылаққан шыдай алмай онды соқты.
Шақыма айтады:
- А, дариға, ғазиз жаным,
Барады қамшы өтіп, ғазизларым!
Балаға ата жақын болмай ма екен?!
Жәнібек, қиналды ғой кәріп жаным!
- Етіңе қамшы өтті ме, балам! - дейді,
- Мен айтсам, тамұқ оты жаман! - дейді.
- Құтылсаң қамшы бірлан, жақсы болар,
Тез соғың, сөйлетпей жылдам! - дейді.
Сүйріктей ақ етіне онды соқты,
Қиналып ғазиз сұлтан төмен бұқты.
- Соғыңыз үсті-үстіне! - дегеннен соң,
Сахаба шыдай алмай, шуылдапты.
Қамшымен Апылақ отызды ұрды,
Етіне қызыл алма қамшы кірді.
Сөзіне Ғұсман, Ғалы құлақ салмай:
- Отызға онды соқ! - деп, бұйрық қылды.
Қырықты соқты аулақ қан батырлар,
Батырлар иман айтып, тұр жақындар.
Әбушақыма қамшы өтіп, зарлыққылар,
Қызыл қан (гүл) бойларынан судай ағар.
Ғүмар айтты:
- Апылаққан, құлым! - дейді,
Батты ма бұған сенің қолың? - дейді.
Апылаққанға сол жерде ашуланып:
- Жиырма жылдам бұған соғың! - дейді.
Апылаққан қорыққаннан жиырма соқты,
Сол жерде Әбушақыманың халі кетті.
- Ішім күйіп барады, сусын бер! - деп,
Сол жерде Шақыманың тілі шықты:
- Айналайын, жан атам, таудан үлкен,
Көп қатем, махшар күні шерменде мен!
Әуелі берші оң батаң, рақым өзің!
Жалғыз ұғылың тезірек өлсін десең!
Андулы дұшпан кез болар,
Қол - аяғым байлаулы,
Қолымнан не келер?!
Құдай үшін балаңа
Бір жұтымдай сусын бер!
Қылған ісіңе разымын,
А, дариға, атам! - дер.
- Жас бала, Әбушақыман, ақылы зерек,
Күнәға көп сусын неге керек?!
Ішірейін ақыретте шарапларны,
Тағы да қылды жарлық:
- Онды соқ! - деп.
Апылаққан шыдай алмай онды соқты,
Етінде қамшы табы жетпіс бопты.
"Бір көріп жан барында қарайын!" - деп,
Анасы шыдай алмай жетіп кепті.
- Құлыным қамшы астында болды, - дейді,
Еркін өсіп жетпеген көркің, - дейді.
Сайрайын да, қызыл гүл.
Ай, дариға, жан бұлбұл!
Махшар күні болғанда,
Алдымнан, ұғылым, әзір бол!
Атаңа қарсы кім келер?!
Боздағым, енді аман бол!
Ер Ғалы қаһарланды анасына:
- Бір жұтым су бермеді баласына!
- Тезірек онды соқ! - деп, әмір қылды,
Етінің қамшы керек жарасына!
Апылаққан лаж таппай онды соқты,
Етіне қамшы табы сексен бопты.
Қамшы табы сол жерде ішке түсіп,
Тілдері ғазиз султан байланыпты.
Жояды нұр сипатын қызыл гүл-ді,
Өлуге Әбушақыма жақын келді.
Ғұмарының іші жанып баласына:
- Тағы да онды соқ! - деп, әмір қылды.
Апылаққан лаж таппай онды соқты,
Соқпасқа ғазиз жаннан өзі қорықты.
Соққанда денесіне тоқсан қамшы,
Сол жерде ғазиз султан жаны шықты.
Кәпірлер бұл ісіне қайран қалды,
Мұсылман бәрі жылап зарлық қылды.
Ғұсман, Ғалы үстіне қара киіп,
Жоқтығын пайғамбардың жаңа білді.
Көктегі періштелер қара киген,
Ұжмақтағы қорлар көріп, зар еңіреген.
Он сегіз мың ғаламның бәрі жылап,
Ұшқан құс, жүгірген аң тітіреген.
Ұжмаққа Әбушақыма кетті жаны,
Жүк болған ол кәпірге ердің қаны.
Қамшыны ғаділ Ғұмар қолына алып,
Жаны жоқ сүйегіне онды салғаны!
Соңғы соққан өзімен - жүзге жетті,
Құшақтап жалғыз ұғлын аза етті.
Ғұмардың іші күйіп баласына,
Көзінің нұрлы жасын бір сүртпепті:
- Кешті ме екен күнәһым
Пайғамбарының парасы?!
Екі көзім қарасы!
Сипатыңа сабыр қылайын!
Ғарасат майдан болғанда,
Қылғаныңа ренжіме, жан балам,
Күнәһың қалса, мойнында,
Келсе шамам егер де,
Көзім қырын салайын!
Ғұмардай жан тумаған ғадалатты.
Баласын өз қолынан қылды опатлы.
Ғүсман, Ғалы көтерді Әбушақыманы,
Олардың (рухына) айт салауатты!
Жер жүзі періштеге тұтасады,
Жол тимей бір-біріне ұрысады.
Құрметтеп Әбушақыманы шариарлар,
Қасына пайғамбарының қойысады.
Өлең мен өнер керек жолдасына,
Әр түрлі бұқсаң өтірік болмасына!
Түсінде Шақыманы Ғалы көрсе,
Отыр екен пайғамбар оң (тізесінде) жағында:
- Бұ жалғаннан баланың
Атасы екен - қорғаны!
Мені аяса, жан атам.
Халім харап болғаны!
Қабырға алып келіп қойғаны!
Періштелер жиылып,
Анадай жерде тұрғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу