Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  156


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Сүлеймен мен Байғыз

- Менен соңғы патша болғандар мұнан ғибрат алсын! Біреудің көзге көрінісі құмырсқадай болса да, тауып айтқан сөзіне құлақ салып тұра қалсын!- деп, кітапқа жаздырып, кейінгіге қисса қылып кетті.

Ескі сөз бұрынғыдан қалған екен,
Жаңа сөз қанша айтқанмен жалған екен.
Пайғамбар тақ Сүлеймен болған күнде
Бір сұлу тандап жұрттан алған екен.
Әрқашан адамзатқа нәпсі қалып,
Талай жан қатын алып болған ғаріп.
Сол қатын не айтқанын қылдырыпты,
Патшаны тақ Сүлеймен билеп алып.
Жолына қылып пида жанды дейді.
Бір қатын билеп-төстеп алды дейді.
Аспанда құстай ұшып жүрген тақсыр
Пенде болып бір қатынға қалды дейді.
Дүниенің біліңіздер шын-жалғанын,
Қолқана жалған дүние қол салғанын.
Патшаға тақ Сүлеймен қылдырыпты
Сол қатын қоймай ерікке ойға алғанын.
- Қолың жетіп тұрғанда, қарма! - дейді,
- Атың жүріп тұрғанда, шарла! - дейді.
- Жананым, жаннан артық жақсы көрге
Жалғанда ойға алғаның бар ма?! - дейді.
- Өлшеусіз мұнан да зор бақ болса екен,
Сары ала саф алтыннан тақ болса екен!
Болғанша қиамет - қайым тот баспайтын
Кіршіксіз үй сүйегі ақ болса екен!
- Жанымнан өтті сенің айтқан сөзің,
Отырсам бәрі түгел көріп жүзің!
"Не нәрсе тот баспайтын бұ жалғанда?!"
Ақылды, данышпаным, айтсайшы өзің!
- Домбыра күй шертілер тиегінен,
Сөз саулар ақынның жақ иегінен.
Болғанша қиамет-қайым тот баспайды
Үй салдыр тамам құстың сүйегінен!
Сүлеймен зайыбының тілін алған:
Жиғалы тамам құсқа айырау салған.
Тамам құс бірі қалмай жиылғанда,
Бір құс бар, байғыз деген, келмей қалған.
- Бара гөр байғызыма, құлдық қылып
Болғанша қызыл-шақа жүнін жұлып.
Мұрнының тесігінен жүн өткізіп,
Алып кел келмесе де зорлық қылып!
Қаршыға байғыз құсқа барып келді.
Ай жүріп, ара қонып артып келді.
Мұрнының тесігінен қыл өткізіп,
Сорлыны дедектетіп алып келді.
- Байғыз-ау, кейін қалдың ғақыл тауып,
Қаршығам арып қалды - ау саған барып.
Тұлғаның тұла бойың тұңғышыңдай
Боласың неге тұлға өлмей қалып?!
- Патша әділ болмаған соң, күн көре алмай,
Өлерміз зоршылықпен жем жей алмай.
Өлік пенен тірікті салыстырып,
Екеуін жатыр едім теңгере алмай.
- Алдымнан келе алмассың енді қайтып,
Онан да жалынып бак шыныңды айтып.
Тіріні - өлі менен салыстырсаң,
Білдің бе екеуінің қайсысы артық?!
- Табылса әділ патша, арызымды айтып,
Кетермін мекеніме бір-ақ қайтып.
Өлі менен тіріні теңгеріп ем,
Тіріден болды өлінің біреуі артық!
- Кез жұмбай дария кештім пенделіктен
Көрмедім пайда жиған дүниеліктен.
"Өлу шық, өлмек артық - кем жоқ, "- деуші еді,
Тіріден өлі артылды не себептен?
- Жалғанда аз күн теріп нәсіп жерміз,
Білмейміз бұ жүргенде, не үшін жүрміз?!
Кей адам ерте жатып, кеш тұрады,
Оны біз тірі демей, өлі дейміз.
- Кеш тұру, ерте жатып кесір жасқа,
Жаздырып қою керек мұны тасқа.
Бөгеліп күні бойы келмей жаттың,
Бар ма еді алданышың мұнан басқа?
- Шамалап өз бойымды меңгере алмай,
Барамын жүріп қисық, жөнделе алмай.
Еркекті қатын менен салыстырып,
Екеуін жатыр едім теңгере алмай.
- Байғыз-ау, құтылмасаң шыныңды айтып,
Өлерсің зоршылықпен бейнет тартып.
Еркекті қатын менен салыстырсаң,
Білдің бе - екеуінің қайсысы артық?
- Еркекті ессіз қылып қара басып,
Зор болды ұрғашыға араласып.
Еркек пенен қатынды теңгергенде,
Бір қатын артық шықты саннан асып.
- Көз жұмбай дария кештім пенделіктен,
Көрмедім пайда жиған дүниеліктен.
Құдайым артық-кемсіз жұп жаратқан:
Болғаны қатын артық ол неліктен?
- Жалғанда аз күн теріп нәсіп жерміз,
Білмейміз бұ жүргенде не үшін жүрміз?
Кей адам қатын тілін алатұғын
Біз оны еркек демей, қатын дерміз.
- Қаралдың жұдырықтай, ақылың зор,
Қатын тілін алғанды қылдың ғой қор!
Айырдың қан төгетін көп кінәдан,
Байғызым, қанша дүние тұрғанша тұр!
Қылыпты тамам құстың бәрін азат,
Байғыздың бұл сөзіне көп болып шат.
Қатынның басын сонда алдырыпты
"Сен мені жұртқа рәсүр қылдың, - деп, - мат!"
Талайды қатын жолдан аздырыпты,
Ақымақтың көбіне көр қаздырыпты.
"Хазірет сөзі кейінгіге қалсын, - деп, - жад!"
Кітапқа мұны-дағы жаздырыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу