Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  135


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Сыздық Мешімбайұлына

(БІРІНШІ ӨЛЕҢ)

Шешмадай өлең түбін күнде қаздым,
Жете алмай тұщы көзге, жүдеп, аздым.
Елі-Алтай, аты-Сыздық тәржіменге,
Намына махаббаттан бір сөз жаздым.
Қуандым талапты інім табылған соң,
Бәйгеге ат сыналар шабылған соң.
Жер алыс болғанменен, көңіл жуық,
Хат жаздым құмарланып, сағынған соң.
Жерұйық – кеудем толған, кілті-тілім,
Сөйлеткен кілтін ашып ғылым, білім.
Әркімнің кілтін бұрап жібергендей,
Сөйлеттің сонша алыста жатып, інім!
Аузым-садап, ішінде дүрдің тасы,
Танымаған кетеді, деп: "Судың тасы".
Қаншама асыл тастарым жатып тозды,
Алушының жоғынан, шықпай басы.
Тастарының ішінде гауһары бар,
Тілім-қанжар, тілінің жауһары бар.
Шебер құдірет орнатып жасап қойған
Не қылса, ерік өзінде, ол Харидар.
Бір нәрсені сөйлесем, тиіп, шатып,
Шешілмес, күлгеніңе қалар қатып.
Наркескендей біреуін тіліп тастап,
Кейбіреуін салады табандатып!
Іздемейді бұл сөзім басшы, қосшы,
Біреуге-ащы, біреуге болып тұщы.
Уысыма бір түскен - оңалмайсың,
Құй жерге кір, қүй мейлің аспанға ұшшы!
Қызыл жүз қурай болып келді күзге,
Мен бұрынғы қалпымнан болдым өзге!
Табанына талайдың қадаламын,
Тікенектей кез болып ащы сөзге!
Нандырайын десем де, нанбаған соң,
Қартайсам да, өнерден танбаған соң.
Жорта болып жатырмын мен тікенек,
Көріп ешкім қадірлеп алмаған соң.
Тірілікте олжадан құр қалмасқа,
У-күшала қосамын кейде алмасқа!
Оңыменен қадалам ағаш оқтай,
Дәнемені білмейтін и салмасқа!
Хош енді, Сыздық мырза, хатыңды алдық,
Ісі жоқ бұл жалғанның бізге тандық.
Бізді аға, өзіңді іні көргеніңе
Сөзіңнің мазмұнына әбден қандық.
Қуандық, Сүйіндікпен егіз болған,
Шалқар қол шамалас, теңіз болған.
Амандасып, бас қосып, даярласып,
Көрісіп, жүріспесек, неміз болған?!
Кетеді нәмәрт адам сөзді жұтып,
Бұл сөзді тірі жүрсең, кетпе ұмытып.
Ағама, Фазыл(Бәзіл) мырза Сайдалы орны,
Ай жатсам, ауырламас алған күтіп.
Бақ қарап, Сайдалыға қыдыр қонған,
Жұқартып Фазыл мырза біраз жонған.
Шашқан - төккенімен қабыл болып,
Ұйытқы боп аймағына, қыдыр қонған.
Екіге бөлінді ме Теңіз елі?!
Аунады қай жағына елдің көбі?
Болған соң тұсымызда білу керек,
Бұ да бір - оңдап жазса, сөздің кені.
Қанша үлкен болғанменен, болып басшы,
Ауызға алмаушы едік, болып ашы.
Теңіздің бөлінген соң, кетті сәні,
Бұл сөзге аз перевод керек мәні.
Керейдің жазғытұры суын татып,
Басында ат шалдырдым біраз жатып.
Қойшы да, қоймашы да болыс боп жүр,
Ноғайға жан қысылса, қызын сатып.
Байжігіт, көріп едім сым, тасынды,
Жер алыс, айыра алмай дос, қасыңды.
"Ешкімнің қалтасына сыймайды ғой, -
Деп едім, - мұнша сөзді, - мен - басынды".
Барушы ем анда-санда солай таман,
Өтуші ем көрмей залал есен-аман.
Аралап ағып өткен жолаушыға
Мінезі иттерінің қандай жаман?!
Сен, міне, елімізді ағып өттің,
Бұрылмай кеткені рас біздің беттің!
Жатқанда Төртуылда тыйышымды алды
Күшігі шәу-шәу үріп көк төбеттің.
Тимеймін мен ешкімге тектен текке,
Кез келер, ажалды андай, өкпе, кекке!
Сөзіме бастан —аяқ түсінерсіз,
Кез болып жолыққан күн Қиямбекке.
Аман ба Мұхаммедтің мал мен басы?
Көп аққан перзент үшін көзден жасы!
Ақпейіл, өзімізге махабатлы,
Сұраймын және аман ба Қант баласы?
Фазыл да осы уақта тұрған қолда,
Қарнаққа оқып келген Шауқар молда.
Айтуға көрген сөзін пысық еді,
Бұл күнде аман-есен бар ма сонда?!
Жүйрік бар озып жүрген мыңнан, саннан,
Үлгілі бір өрнекті сөйлеп ханнан.
"Төрт асыл, бес береке" - сұрапсың сен,
"Бұл күнде табылады, - деп, - қандай жаннан?!"
Қалмасын құр жадағай, құр далада,
Кем шығар түгел қылған хан-қарада.
Еркекте: бала, қажы, қожа да бар,
Әйелде - бар бәйбіше, жан - балада.

(ЕКІНШІ ӨЛЕҢ)
Қолына енді Мәшһүр қалам алсын,
Өнерін тірілікте неге тансын?!
Сағынған алыстағы ағайынға,
Намына махаббатты бір сөз жазсын.
Қағазға жазылған сөз артта қалсын,
Бар болса талапкерлер, танып алсын.
Әр жерде жұрт аузында әңгіме боп,
Құлақтың, естігенде, құрышы қансын!
Орта жүз: Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман,
Дүниенің төрт бұрышына қанат жайған.
Баласы бір Арғынның он екі рулы,
Бозбала мен айтпасам, білсін қайдан?
Соз айтпай ата-тектен ұнаспайды,
Адамнан еш мақұлықат құны аспайды.
"Арғын болсаң, Алтай бол!"- деген мақал,
Арғыннан - Орта жүзде ел аспайды.
Мейрамның бір тіреуі - бес баласы,
Қуандық, Сүйіндік пен ел сарасы.
Қаракесек: Қазыбек қаз дауысты,
Ішінде:Қозған, Қақсал аз ғанасы.
Мәшһүрден табылады сөз сарасы,
Атбасар: жері жазық, кең даласы.
Көрінер көзге жылы шаршы топта
Алике, Байдалының бозбаласы.
Ел қайда Алике мен Байдалыдай,
Ер қайда Аққошқар мен Сайдалыдай!
Нұраны, Есіл менен көріп өткен,
Деп айтар барса қайда: "Уа, дариға-ай!"
Қашыры, Қарақұйын - жер сауыры,
Жатады қап-қара боп қыс бауыры.
Өзені: Керей, Қыпшақ шөбі шүйгін,
Анда-санда соғатын бар дауылы.
Басың доп боп, Алланың айдауында,
Барсаң егер биенің байлауында,
Тоғанастың көлі бар тоқсан екі
Екі өзеннің арасы - жайлауында.
Әркім әуес баруға көрген жерге,
Дүние жүзі көркейіп кірсе түрге.
Сыздық мырза, сөзімді сөкпегейсің,
Ұрпағы Сайдалының Фазыл ерге!
Талапкер, жас та болсаң, сен бір сері,
Ұмытпа бұл сөзімді жүрсең тірі.
Атбасар жәрмеңкесі жаздыгүні,
Бас қосқан Арғын, Найман жиын жері.
Ежелден Есіл, Нұра - ел қонысы,
Көбейіп қарағайынан кетті орысы.
Бөлінген Дәулетбектен бөлек елдің
Болғанын біле алмадым кім болысы.
Білмедім: кімі жарлы, кімі байын,
Басқаның бір Фазылдан білмен жайын.
Табамын адаспастан жалғыз соны,
Аяқтап Есіл, Нұра барған сайын.
Қонаққа қарайтұғын көз алартып,
Жаманға қарамаймын құнымды артып.
Фазылдан аттанған соң төмен қарай,
Кетемін Тортуылға түзу тартып.
Кісіден табылады дінге берік,
Түгендер бермегендер нәпсіге ерік.
Халипа ұмытпайтын бір жеңгеміз,
Жаралған қолайлы боп ерге серік.
"Құдай бір, хақ, - деп айтса, - баста тілің!"
Шын білсе, тіліндегі жаны-ділің!
Денеңмен аянбастан қылып ғамал,
Пайғамбар сүннетімен өтсе күнін!
Береке - анық осы бойындағы,
Ұғарсың, айтылса сөз ойындағы.
Бесінші: екі дүние нұры-ғылым,
Ғамалдан, ұстамасаң, жойылмағы.
Салауат және бірі қайырменен,
Кім білер мұны оқып зайырменен.
Төртінші-сол береке - ғаділ айту,
Құс тілін көңіл ашып майырменен.
Және де рақым-шапғат, сен қайдасың?
Сөзінен әуелгі айтқан ер таймасын!
Бұлардың қатарына қосылмайды,
Ойласа, елді қойып, өз пайдасын!
Төрт асыл, мұныменен береке-бес,
Түсерсің мазмұнына, болса, ақыл, ес.
Құраннан аят, дәліл көрсетпесем,
Сұраусыз болсын құным, басымды кес!
Қожадан қол көтертпей қалатын жай,
Көрініп: аты-ұлындай, қызындай —тай.
Жасық боп, жақсы атадан-жаман туған
Бар екен Сарыобада бір бықсық бай.
Тыңдаған азаматқа бұл сөзім шын,
Көңілі ақымақтардың-қараңғы түн.
Орнымен бұл сөзімді шешкен жанға,
Еңбексіз, ер өлтірмей, беремін құн.
Жанады отқа заулап қойдың қиы,
Ақынның сөз сөйлесе, түсер күйі.
Кеудесін адаммын деп көтергеннің,
Байқалады бар - жоғы баста миы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу