Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  168


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Хұсайын Боштайұлы

Айтамын әңгіме үшін аз ғана сөз,
Сөйлеуден тіл қалады, жұмылса көз.
Денеден демі біткен уақытында,
Ұр адам киіп жатқан үш қари бөз.
Алланың-атқан оқтан-ажалы тез,
Айырылған асылдан(ақылдан) осы бір кез.
Секілді-кен топырақтан алтын кетті,
Ендігі қалғаны не: мыс пенен жез.
Қадірін сол алтынның білмедік біз,
Тіл, айтып, сөз-гауһарын жібекке тіз.
Атадан мұндай дана туар деме,
Ендігі туған ұлдан күдеріңді үз.
Тар болды жүруіңе малдан дала,
Немене қорғаны жоқ тұрған қала?!
Он бестен сол он алты жасқа келіп,
Атанып: "Боштайұлы", - туған бала.
Таппассың мұндай алтын, іздеп қара,
Көңіліне халық-ағайын түсті жара.
Жүргені біраз күнше тәуір еді,
Ісіне құдіреттің бар ма шара?!
Әулие Төлебайдай болса баба,
Тұқымы дұшпандарға болмас таба!
Өлі аруақ бірден-бірге підия берер,
Қорындай үзілмейтін қара саба.
Екінші:өсіп - өніп Еламаннан,
Шаһизада, кем болмаған төре, ханнан.
Басына жеті атадан бақыт қонған,
Уақытында асып өткен сан адамнан.
Баласы Тұрсынбайдың: Бәзіл, Боштай,
Үшеуі бір ұядан ұшқан құстай.
Екі өсім: мал мен басқа бірдей келіп,
Кеңітіп шалқып жатыр сер қоныстай.
Хұсекең онан туған бала емес пе,
Данышпан, дария көлдей дана емес пе?!
"Жалғыз-ақ қожа тумас булардан!" - деп,
Айтқаны Мұса мырза бар емес пе?!
Мұсаның үлгісін жұрт көп айтады,
Қайғысын әлі күнге жеп айтады.
Көрмеген сол ерлерді-біз - баламыз,
"Әулие!" - көрген жандар деп айтады.
Бір басы - базар болған:күнде жиын,
Дүниенің төрт бұрышына салып миын.
Атасы басқа жұртқа еш нәрсе емес,
Ағайын, туысқанға болды қиын...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу