Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  169


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Қажыларға

Жадыраса ғаріп көңілің жаздай болған,
Айырылған көп тобынан аздай болған.
Біздерден осы күнде не сұрайсыз,
Айырылған ел-жұртынан қаздай болған?!
Айырылған ел, жұртынан біз бір сорлы,
Жас аққан көзімізден біз бір мұңды.
Бұлбұл құс Гүлстаннан айырылған соң,
Бағасы болмайды екен торғай құрлы.
Үшбу күн:ішім - түтін, сыртым - бүтін.
Ем болар ішсем қанша аққу өтін?!
Қадірлі түп ағашы ұжмақта да,
Апарса басқа жайға болар отын.
Ағайын алыс кетті туысқаннан,
Қадірлес ойнап өскен мың мен саннан.
Тағы да бір Жүсібің (Иосифің) қасірет шегіп,
Түңілген хазірет Жақып(Иаков) мал мен жаннан.
Өсірген желпіп, күтіп ана қайда?!
Әр іске ықтияр жоқ, бір Құдайда!
Жазын - той, қысын - ойын-күлкі қылған,
Мәшһүрдей енді оларға бала қайда?!
Бас қосқан бір төсекте қатын қайда?
Ағайын, бір туысқан жақын қайда?
Қандай ұл, қанша дайын қызлар қайда?
Әрқайсы қала берген әр бір жайда.
Жүруші ем қаздай қалқып, елдей көшіп.
Еркелеп ұрттап төгіп, шайқап ішіп.
Замандас, құрбы, құрдас балдан тәтті
Бәрінен бүл дүниенің кеткен кешіп.
Көзінен ғаріплердің ағар жасы,
Ат пенен не көрмейді адам басы?!
Әркім-ақ ғибрат қылып ойлау керек,
Алланың болған дүр деп бірадасы.
Хат-хабар әр тараптан келіп жатыр,
Ажалды әр бір жайда өліп жатыр.
Ойдағы-қырдағының хал - ахуалын,
Ташкентте жатып Жүсіп біліп жатыр.
Арқадан биыл көп жан қажы барған,
Барам деп көбі соны қылған арман.
Құдай мен пайғамбары қалаған соң,
Бұйырып топырағы сонда қалған.
Қызыл тау, Баян аула - өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Қан жұтып, қайғы үстіне қайғы жамап,
Қозғалды оттай қайнап ішкі шерім.
Бұйырған тұз нәсібі айдамас па?
Ер жігіт басты өлімге байламас па?
От түсіп, Гүлстаны өртенген соң,
Бұлбұлы Сүйіндіктің сайрамас па?
Сарыарқа, өсіп-өнген жерлерім-ай!
Дін үшін қылған қайрат шерлерім-ай!
Хақ жолға жанын қиып, басын берген,
Шайтанға ерлік қылған ерлерім-ай!
Бірі ата болғанда, бірі - қайын.
Көңілімде сайрап тұрған бәрі дайын.
Әрбірі әр бір жұрттың серкесі еді,
Құдайым жаннат қылсын жатқан жайын!
Қьшмайды ешбір арман ол жерде өлген,
Тілегін шаһбазлардың тәңірім берген.
Қылмаңыз олар үшін ешбір уайым,
Ұжмаққа тірі барып, тура кірген.
Айдабол, Күлік, Қаржас- Мақпалым-ай!
Бәйге алып талай тойда шапқаным - ай!
Ерлердің бас қосқан құсасымен
Ел кезіп, диуанадай ақтадым-ай!
Бас қосып өңшең ерлер барғанын-ай!
Қайырын берсін Алла қалғанына - ай!
Амалмен әр бір түрлі әркімді алған
Опасыз пани дүние жалғанын-ай!
Қадірлес қалың ашна, көз танысым.
Ағайын, - бәрі жақын, жоқ алысым.
Мал-жаннан түгел безіп шейіт болған,
Қадірлі өңшең қабылан, жолбарысым!
Әрбірі жомартлықта Атымтай да!
Дүниеге ондай ерлер келмес қайта.
Ерлерден біраз ғана сөз қылайын,
Шарапат барып өлген артық жайда.
Ата дос болғанынан Құдай қосып,
Құйрық пен бауыр турап, төстік жесіп.
Батасы бір-бірінің қабыл болып,
Үбірлі-шүбірлі боп кеткен өсіп.
Бабасы Төлебайға бақ қараған,
Туыпты Едіге, Еламан бір анадан.
Тұрсынбай:онан-Бәзіл, Боштай туып,
Уақытында асып өткен хан, қарадан.
Баласы бай Бәзілдің Шегебай-ды
Ерте ойлап, есіне алған бір
Құдайды. Жаннатіл, Бақияға барып өлген,
Жастанып шарапатіл жақсы жайды.
Қүран мен тәпсір еді ұстағаны,
Қош көріп молдаларды қостағаны.
Ниеті дін, исламға жақын болып,
Құдайдың жақсы жолға бастағаны.
Жасынан дін ісіне болған мықты,
Ұнатып өзге өнерден молдалықты.
Сарып қып дүние шашып барған қажы,
Билік пен керек қылмай болыстықты.
Қадірлес, халық, ағайын, қарындасы,
Таласып бірдей өсіп - мал мен басы.
"Ойында озған-шында озар,"- деген сөз бар
Тұрағы пайғамбардың болып қасы.
Қалыпты Байтоллада Шегең жатып,
Алған соң оны Құдай өзі ұнатып.
Жаманға дәнеме емес, жақсыға —арман,
Тұрғанда Хұсайынға қатты батып.
Жүсеке, қажымаңыз бұған жасып,
Кетпесін көңіліңізді қайғы басып.
Жер қараған алдыңызда-көш басшыңыз,
Шапағат барша жанға болса нәсіп.
Уайымсыз болып өткен бас пен малдан,
Түгел боп баршасына дүние-жалған.
Балалар артта қалған қапаланып,
Еш бейнет, қылмаңыздар оған арман.
Тұрады кімнен өтпей дүние-жалған,
Арманын қылып өткен ойына алған.
Олардың өздеріне еш қайғы жоқ,
Қасіреті бізге қиын артта қалған.
Бәйбіше, қамықпаңыз еріңізге,
Асқар тау, биік, заңғар беліңізге!
Ұжмақтан орныңызды даярлапты,
Көшбасшы барып қонар жеріңізге.
Бұл дүние, ол дүниеде паналарың,
Өлмесе қайда кетті бабаларың?!
Өткенге өкінбеңіз уайымын жеп,
Енді аман болсын... балаларың!
Қанша айтып қақсағанмен, алғаның жоқ.
Айырылып жамандықтан қалғаның жоқ.
Қызылды ұлдан артық қылып берген,
Құдайға біле білсең, арманың жоқ.
Талай бай боқ басында өліп жатыр,
Кімнің кім не болғанын біліп жатыр.
"Бірінің-өзі, бірінің көзі жақсы,"
Жан-жақтан балаларың келіп жатыр.
Қасында бір құдасы бірге барған,
Іс еді көптен бері ойына алған.
Еламан: Байжан ұлы - Жүсіп қажы,
Жаннатіл Бақияда бірге қалған.
Бәйбіше, Балғын, бұған налымаңыз
Қайғымен арып, жүдеп, арымаңыз.
"Жалғыздың жары - Құдай," - деген сөз бар,
Артында Тай бейшара қалған жалғыз.
Бір нәрсе тірлікте көрсең Тайдан,
Жандар көп өсіп - өнген осындайдан.
Құдайдың бір жарылқар күні бар-ды,
Тілей бер күдер үзбей бір Құдайдан.
Олардың жаннат болсын жатқан жайы,
Қосылып пайғамбармен бір құдайы.
Өтіпті Темірболат Ақпан ұлы Қадірлі
Сүйіндіктің құтпан байы.
Бабасы Малгелдіні алаш білген,
Бақ аруақ Төлебайдан жалғас келген.
"Табылар, бай мақтанса," – деген - осы,
Жаннатіл Бақияның өзінде өлген.
Өзі еді дәл айтулы қара көктің
Шұбар тос, шынжыр балақ, дегдар тектің.
Кетпеген тұқымынан байлық аты
Шолпаның, ұйтқысы еді Сүйіндіктің.
Ерлерді айт қажы барған дүние шашып,
Балықтан Нами шыққан жұрттан асып.
Жаралған шын - ақтемір, болат екен,
Өліпті байлығына құп жарасып.
Ойға алған өңшең ерлер бір Құдайды,
Әркімге мұндай өлім табылмайды.
"Өлді, - деп, - Мәдинаның жауарында",
Есіттім Құдияр ұлы Мұсабайды!
Мұсабай-Исабай деп аты шыққан,
Насиқат, ғалымдардың сөзін ұққан.
Туысқан, ақыреттік бауыр екен,
Ағасын іздеп барып сол жолыққан.
Жалған деп, күдер үзген бүл дүниеден,
Жай алған ерте барып ол дүниеден.
Өтіпті ақырында қоныс қарап,
Бірі-Мекке, бірі-Мәдинадан!
Баянтау, өсіп едім, қаласында.
Арқаның сахара, майдан даласында.
Малдыбай қажы өтіпті деп есіттім,
Мекке мен Мәдинаның арасында.
Ақырет қызығына жүрген тоймай,
Сағынып жүруші едік күліп, ойнай.
Пайғамбар дауазасына ғашық болып,
"Барам!" - деп, жүруші еді, айтып қоймай.
Су ішіп, зәм-зәм шәріп қанды ма екен?
Құдайдың уағдасына танды ма екен?
"Қажыға сіз барасыз ғой!" - деуші едім,
Барғанда бізді ойына алды ма екен?!
Түскенде солар еске сағынамын,
Сағынып, сағынбай да не қыламын?
Кеткенде мінездері түсіп еске,
Айырылып ақыл, естен жаңыламын.
Бір жүрген дін жолында жолдасым-ай!
Тар жерде жолдас болған мұңдасым-ай!
Есімнен өзге кетсе, сен кетпейсің,
Бастасым, молда Ғали, құрдасым-ай!
Бұхарда тұрушы едің қағаз жазып,
Сарғайып дін жолында, жүдеп, азып.
Сен кетіп бұл жалғаннан, мен қалғанға,
Білмеймін не қыларым, тұрмын қажып.
Барып ең биылғы жыл қажы қайдан?
Тиетін бір жан едің көпке пайдаң.
Күйініп сенің өле қалғаныңа,
Мен тұрмын көңілім тоқтап мұндай жайдан.
Кемелге келіп едің жаңа жетіп,
Бір қазақ не болады сенен өтіп.
Өртеніп өз - өзімнен от боп күйдім,
Қалған соң есіл ғылым текке кетіп.
Есіме, өртенемін, сені алғанда,
Көре алмай кеткен қызық сұм жалғанда.
Еңбегі жаста қылған босқа кетіп,
Бәрінен бұл барғанның сен арманда.
Жоланнан: Мұсабай мен Омар барған,
Аркада қажы бар ма бармай қалған?!
Жаннатіл мұғаллада маупін болып,
Арманы тамам болған ойына алған.
Екі бас барған екен ел - Қаржастан.
Нұсқа боп, жайылған сөз болсын дастан.
"Құтылмас ерден иман," - деген сөз бар,
Ер еді аты атанған бала жастан.
Жолдасы Хұсайынның - Байқошқар би.
Жасынан қылған Өнер, әр түрлі күй.
Күлдіріп ойын сөзбен жүруші еді,
Алыпты ақырында Ұжмақтан үй.
Кестеден: баласы мен Шұпан кеткен.
Ер еді құдай үшін мейман кеткен.
Қылған қайыр, ықсаны қабыл болып,
Жаннатіл- Бақияда ажал жеткен!
Қозғаннан: ер Атажан барған екен.
Ерлікпен Құдайды ойға алған екен.
Келді деп естілмейді жазған хатта,
Табылмас өңшең ерлер қалған екен.
Биылғы, өкпеледім, өткен жазға.
Ағайын, енді маған қағаз жазба.
Халқынан Қаракесек: Жүсіп қожа,
Жолдаспен жетпіс шақты барған қажыға.
Бұрын да неше қабат барып еді,
Ойына Хызыр ата дарып еді.
Жолдасы ақыреттік - Ақай қажы
Бұйырып топырақ сонда қалып еді.
Бұл жолда жамиғатын кеткен алып,
Дүниені парһам ұрып, талақ салып.
Жолыққан ақыреттік достасына
Әдейі тірілікте іздеп барып.
Өзі өліп, жамиғаты келген қайтып,
Қаншама қасірет, жапа тартып.
Аты бар, атағы жоқ бықсық байды
Шаршайын қайсы бірін сіздерге айтып.
Кеткенін қажы тәуір көргенім жоқ,
Ұнатып көтеріле барғанын көп.
Ерлердің іске жарар бәрі өліпті,
Кім өліп, кім қалғанын білгенім жоқ.
Ал, енді, қанша айтқанмен, олар кәне?
Мекке мен көріп өлген Мәдинаны.
Дал болып, ойран көңілім сынық болып,
Мәшһүрдің күр шықпаған шыбын жаны.
Келмеген ойға алғанның бір де-бірі.
Қазақтың қасқа, жайсаң кемеңгері.
Шықпаған кеудесінде ыстық жан жүр,
Сөзге ұлы көрініп, көзге-тірі.
Ғам басып тұнық көңіл лайланған,
Ашылмай бақ, талайым жол байланған.
Кісіде суға кеткен ес қала ма?-
Дүниенің зардабымен шыр айналған.
"Мәшһүр" деп, әр баланың қоймас атын,
Алашқа қылған ашна хихаятын.
"Садаға қара ұлың құлдан," - деген,
Ұл табар буаз болса, сол бір қатын.
Жасынан Жүсіп көнген жоқтығына,
Алданған аз [күн] карын тоқтығына.
Қарайлап қарға менен ит қалады
Ел көшіп, кеткен жұрттың боқтығына.
Жазғаным осы сөзді бәріңе айтып,
Көбіңнің ықыласыңнан көңілім кайтып.
Таппаса керек қылып іздеп біреу,
Бармайды көшкен жұртқа ит те қайтып.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу