Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  242


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Ізбас қажы

Мен өзім үйден шығып Далба бардым,
Ізбасқа жолықпақты ойыма алдым.
Қажы алхырмен жүзін көріп,
Суынан зәмзәм Шәріп ішіп қандым.
Далбаға бара қалдым қадам басып,
Ізбаспен көрісуге амандасып.
Көз көрген пірәдарлар жоқ болған соң,
Бола алмай бұрынғымдай кеттім жасып.
Сұрадым мен Ізбастан бастан-аяқ,
Қалған жоқ айтпай сөзін менен аяп.
Шыбын жан шықпаған соң келген екен,
Өлуге, өлмесе де, жақын таяп.
Көңіліне білген жанның түсті жара,
Салған соң тәңірім басқа не дүр шара?!
Зырқырап елден бұрын Ізбас келді,
Бөлініп бәйге атындай жеке қара.
- Бас қосып тамам қажы жүрдік, - дейді,
- Көрмеген тамашаны көрдік! - дейді.
- Ауырып-сырқап, науқасты болыңқырап,
- Есен-сау Мекке барып кірдік! - дейді.
- Қырық бір күн сол Меккеде жаттық, - дейді.
- Бұйырған су мен тұзды таттық, - дейді.
- Күнге күйіп, жел тиіп, ыстық соғып,
Ауырып, қара ағаштай қаттық! - дейді.
- Үстінде Байтолланың қара жабу,
Байларға рақат екен сонда бару.
Күші жетіп, шамасы келген жанға
Жалғанда зор күшті арман - көрмей калу.
Байтолла - айналасы мешіт, храм.
Ішіне жұғын болмас жүз мың адам.
Төрт жерде төрт имамның махрабы бар,
Айта алман қалдырмастан түгел тамам.
Мешіттің төбесі ашық, іргесі бар,
Көлеңке шатырлаған түрмесі бар.
Байтолла ортасында қос төбелі,
Үстінде қара жабу пернесі бар.
Оңтүстік қырық кез жерде - Зәмзәм Шәріп,
- Су іштік тоя, - дейді, - сонда барып.
- Шомылдық, төбемізге құйдық! - дейді,
- Еркімізше кенелдік рақаттанып(рақатланып).
- Ихрам киіп, рида біз байланып,
Жүгірдік Байтолланы жеті айналып.
Зиарат қанша десең табылатын,
Тыныш тауып жата алмады к біз жайланып.
Жүгірдік Сафа, Маруа арасына,
Отырдық алтын науа панасына.
Ауызбен айтып адам тауыса алмас,
Сол жердің көз тойғандай шарасына.
Екі тас ханнан менен сонда, - дейді,
- Бос жер жоқ зиараттан онда, - дейді.
- Дегені: "Қатим диуар" - ескі үй-жұрты,
Осылай оз байқауым, молда!- дейді.
- Байтолла айналасы - тастан қорған,
Әр жерде бір-бір сын тас - қада тұрған.
Есіктің биіктігі үш кез жерде
Сөйлесем бір күн, бір түн, айтып болман!
Есігі екі сағат ашылады,
Күйдіріп жын-шайтанды қашырады.
Екі бас кірген адам намаз оқып,
Құдайға құлшылық қып бас ұрады.
Қақ қасында Қубайыс деген тау бар,
Соған жиылып барады барша жандар.
Сол жерді көзіменен көрмегеннің,
Дариға, іште кетер көп армандар.
Жөнелдік түйе мініп Арафатқа,
Күндік жер екі ортасы жортар атқа.
Түйемен екі қонып әзер жеттік,
Жаңылыс - жазбаған соң бәрін хатқа.
Жолда бар Мұздалифа - таудың бірі,
Күнаның төгілетін сол бір жері.
Жігіттің анасымен зина қылған,
Сол жайда тазаланған күнә, кірі.
Жағалап, төрт мешіт түр, міне бардық,
Бір-бір қой кісі басы құрбан шалдық.
Табан тері сойылды, қол ойылды,
Демейміз сонда тағы: "Шаршап, талдық!"
Бұрынғы ойға түсті жастығымыз,
Қып-қызыл тас төсек пен жастығымыз.
Білмейміз күннің өткен, өтпегенін,
Кісідей арақ ішкен мастығымыз.
Қой айдап келеді екен бәдәу-араб,
Бір қой алмай қалмайды ешкім қарап.
Шалған соң құрбандығын, киім киіп,
Қажылар бет-бетімен кетер тарап.
Сонан соң Мекке келіп жеті айналдық,
Тәспі алып, Құран алып, ыңғайландық.
Жабудан ақша беріп, кестіріп ап,
Қайтуға енді ел-жұртқа оңтайландық.
Кірекеш - түйе тізген бәдәу-араб,
Дені саулар жайлысын мінер қарап.
- Бармай - ақ Мәдинаға қайтамыз! - деп,
Сол жерде болдық біздер екі тарап.
Исабай шетке шығып, айғай салған:
- Бар ма, - деп, - сірә, үмітің пайғамбардан?!
- Бетіне махшар күні қарай алмай,
Келіспес шапағаттан мақрұм қалған! -
Деген соң айтқанына біздер көндік,
Бір басшы дәлил алып, соңына ердік.
Меккеден төрт шақырым жер шыққан соң,
Исабай опат болды, соны көрдік.
Қылмас па ек артық құрмет білсек, әні?!
Біздерге енді айналып келу кәні?!
Мекке мен Мәдинаның арасында
Қалды, - дейді, - Шалқиман диуананы.
Қылған ісін халайықтан көріпті,
Бір емес, екеу емес сан көріпті.
Сол құдықтың басында тіке тұрып,
Таяғына таянып жан беріпті.
Қорлықпен өтесің бе, дүние боқ,
Адамзат - аң: аңсызда ажал - бір оқ.
Сол құдықтың басында қалуы анық,
Жығылғанын көзінен көрген жан жоқ.
Қолынан қойған жан жоқ жаназалап,
Не қылсын тұрғаннан соң Құдай қалап?!
"Ұры бар!" - деп, өздерін қорқытыпты,
Ащы суға тоқтатып төрт күн қамап.
Ойлайды күші жетсе, жұрт баруға,
Шамасы келсе, ойлайды кім қалуға?!
Қажыларға түрлі айла қылады - міс.
Бәтшағар бәдәуилер ақша алуға.
Түйелер қатар-қатар тізіліпті,
Көздері жол үстінде сүзіліпті.
Мәдинаға таянып барған кезде
Жаябай түйе үстінде үзіліпті.
Апарып Мәдинаға қолдан көмген,
Дүние керек жері сонда - ақша берген.
Айдаболда: Жылқыайдар Майқара ұлы
Жаннатіл Бақияның өзінде өлген.
Ауырып Мәдинада Төлжан қалған,
Малдыбай қайтпастықты мойнына алған.
Мекке мен Мәдинада өлген жанлар
Бар ма екен, уа, дариға, соларда арман?!
Әділше келіп өлген Орынборға,
Ауырып Ізбас келді әрең зорға.
Жылқыайдар, Жаябай мен Исабайдың
Келмеді бір де бірі біздің сорға.
Жылқыайдар, Жаябайды топырақ тартып,
Малдыбай, келер ме екен Телжан қайтып?!
Мінезін бастан-аяқ Исабайдың
Қоймайды дамыл-дамыл Ізбас айтып.
Бақтыбай сау-саламат аман келді,
Қаржастан жалғыз барған бұл бір ер-ді!
Ауырып-сырқап, науқасты болыңқырап,
Бұқабай өзгесінен шабан келді.
- Көп, - дейді, - әңгімесі Бұқабайдың,
Ерлікпен аты шыққан Бақтыбайдың.
Қанжығалы:Тінеке деген қажы
Қасында бірге барған Жаябайдың.
Жарыстан бұл Бақтыбай қашан қалған?!
Байланып жастан аруақ, ат атанған.
"Ерден иман құтылмас, "- деген сөз бар,
Дүниені шашып-төгіп Мекке барған.
Далбадан жалғыз қара Ізбас шықты,
(Бір тоға адам еді дінге мықты.
Ерлікпен жапа-жалғыз кетіп еді,
Бақтыбай көп көріпті жалғыздықты.
Жалғыздық жарасыпты бір Құдайға,
Ондай алыс жер түгіл, елде оңай ма?!
Таптан - жеке, рудан жалғыз барған
Не деп айтсаң, жарасар Бақтыбайға!
Сүйіндіктің қасқа мен жайсаңы өлген,
Тілеуін онда өлгеннің Құдай берген.
Артына қарайлаумен дүние тілеп,
Дін-есен Қанжығалы, Керей келген.
Әділше артық екен қара басы,
Мұндағы не бітірді іні-ағасы?!
Оны да өз әлінше мақтап айтты,
Қасында бірге барған Баймолдасы.
Сөйлесе, бәрі шешен тілін безеп,
Бас қосылса, кім қалар бойын тежеп?
Хұсайын, Тәнті, Әкімбек, Мақан мырза-
Баруға енді қажыға келді кезек.
Жата ма Темірболат бармай жайға,
Қажы парыз емес пе екен Молдабайға?!
Қарақозы, Тайкелтір: Елеу, Есбай, -
Бір ауыр бұл бір салмақ түскен байға.
Төрт мырза - заманымда төрт үлкен бай,
Бәріне қанат жайған мен сұр [сүр] таңдай.
"Өзімде жоқ болса да, халқымда бар,
Біреуі апарар!" - деп, көңілім жай.
Сұқтанбан: "Соғым бер!" - деп, семізіңе,
Бір мінің жоқ, кез салсам негізіңе.
Өзім шамам келмейді ойланғанмен,
Обалым осы айтылған сегізіңе!
Исламның бес парызы:біреуі - иман,
Жақсы екен жігіттікте нәпсі тыйған.
Қазаққа ғазаттық жоқ осы күнде
Қажы бару, Құдай үшін жанын қиған.
Парыздың екіншісі - бес намазың,
Өтеді шолақ дүние: қыс пен жазың.
Ақшаң мыңға жеткенің ұмтылып бақ,
Талпынып әуре болма дәулеті азың.
Мың тұрсын, жеткізіп бақ сегіз жүзге.
Бара алмай қалсаң-дағы күдер үзбе.
Тіпті шамаң келмесе, әуре болма,
Құлшылық жоқ па басқа мұнан өзге?!
Ораза, зекет пенен - екі парыз,
Мойныңа құтылмасаң болар қарыз.
Тілеп қал қажетіңді тіл барында,
Құдайға өлмей тұрып қылып арыз (ғарыз).
Өлген соң тоқталады, тілек жүрмес,
Мал-жаның қимағанмен көрге кірмес.
Өзіңдікі болғанда, қимылдап қал,
Өзіңнен дәрмен кетсе, түк те бермес.
Бірі: қажы – бес парыздың – бай адамға,
Төрт түлік төңірегі сай адамға.
Парыз емес уақа жоқ бармаса да,
Ауқаты аз, қолы қысқа жай адамға.
Пайғамбар: "Байлар қажыға жүрсін!" - депті,
"Мені келіп үмбетім көрсін!" - депті.
"Шамасы жете тұрып келмеген жан-
Иа иһу иа насараны өлсін!" - депті
Байлар-ау, мен айтайын, ғапіл қалма,
Тоймай ма әлі көзің дүние-малға?!
Құдайдың сүйер досы Мұхаммедтен
Тіл алсаң, қарманып бақ, қарғыс алма!
Пендесі Құдай сүйген қажыға барар,
Қажыға барған күнәдан тазаланар.
Шапағатың қабыл боп жетпіс жанға,
Жеті атаң жетпіс почетіңе жарылғанар.
Құдайым несіп етсін үшбу жолды,
Жеткізгей талап қылған мүмін құлды.
"Ондай жер бұ дүниеде жоқ шығар!" - деп,
Сөйлейді аса мақтап Стамбулды.
- Бас қосып барша қажы жүрдік, - дейді,
- Көрмеген көп қызықты көрдік! - дейді
- Атанған Стамбулда "үштің бірі",
- Мешітке "Айя софия" кірдік! - дейді.
- Сол мешіт тауда, - дейді, - орнатылған,
- Шеберлеп не еткен ұста оны қылған!
Төрт жүз тірек, тап үш жүз қандилі бар,
Қандиллар орнатылған саф алтыннан.
Алыстан көрінеді мешіт басы,
Заңғар таудай біп-биік мұнарасы.
Терезе есеп санын жан білмейді,
Бәрі есік қатар-қатар айналасы.
Орнатқан бағанасы мрамор тірек,
Баршасын байымдауға зейін керек.
Әр есіктің екі жақ қайырылыста,
Су ағып келіп тұрған екі шүмек.
Шүмегі самауырдай бұрамалы,
Келтірген суды ағызып бір амалы.
Су қай жақтан келгенін біле алмайсың,
Нанбайсың, кермеген соң, сұрама, әні!
Көрумен аузымыздан су ақты құр,
Сәулесі көңілді ашып жап-жарық нұр.
Жоғары қол жетерлік шақты жерде
Бір шайнек, бір ақкесе асулы тур.
Шайнектен ақкесеге су құйылған,
Ағызып келтірген су бір қиырдан.
Қанша жан ішіп жатыр, таусылмайды,
Барады Құдай айдап, дәм бұйырған.
Түгелдеп айта алмаймын барша қалпын,
Әншейін шет пұшпақтап айттым салтын.
Үш жерден жылан тескен тесігі бар,
Бір табыт: ұзыны үш кез, һәммасы алтын.
Ол күнде көргенменен біздер, әні,
Түгелдеп бұрыштай ғып сөйлеу, кәні?!
Жеті тау бар - бұл шаһар соған сыйған,
"Бес жүз елу бес,"- дейді мешіт саны.
Мешіт кеп сан-сапасыз толып жатыр,
Үлгілі хан (сан) өрнекті салған батыр.
Дүние жүзін кезсең де көру үшін,
Мұндай мешіт болмайды әуел ақыр.
Ей, молдам, оқымадық сіздей болып,
Жүрмесін надан қаңғып біздей болып.
Бес саусақтың таңбасы бір таста тұр,
Аппақ қарға басылған іздей болып.
Адамзат не біледі, үйде жатса,
Ащы менен тұщыны білер татса.
Не керектің табады бәрін өзі,
Әйтеуір мол боп жүрсе қалтада ақша.
Мәдина, Мекке менен мүбарак жай,
Шаһар жоқ зейнеті артық Стамбулдай!
Қайда барса қадірлі көрінді ақша,
Барса керек бүл жолға ақшалы бай.
Бір саптияқ (саптыаяқ) байланып бардық, келдік,
Келген соң аман-есен, жұртты көрдік.
Бұл жолда денсаулық пен ақша керек,
Кәне, біз онан басқа нені білдік?!
Тау тесіп, жол салыпты, біз түнде өттік,
Тау тесігі [бар] екенін білмей кеттік.
"Көк қайда, жер қайда?" - деп, кім ойлапты,
- Жұлдыз қайда кеткен?! - деп, тамаша еттік.
Үркер мен Таразыны бір-ақ көрдік,
Сол қай жақта тұрғанын қашан білдік?!
Итпелеп көрінгеннің соңына ердік,
Деп жүрміз ғой: "Бірталай өмір сүрдік!"
Отырған біз иесі ішер астың,
Кезінде бурыл тартқан сақал-шаштың.
Жері екен баратұғын әдейі іздеп,
Өзіндей уылжыған өткір жастың.
- Жазған ғой бір көруді бізге! - дейді,
- Қарт басқан, қалжыраған кезде, - дейді.
- Сөйлеуге дымым құрып қалдым шаршап,
Сөзім жоқ енді айтарлық өзге! - дейді.
Жиылар күнде-күнде жұрт сиязға,
Бар ақшасын төгеді бір оязға.
Орысқа - бар, өзіне бұйырмайды,
Сараң болып барады жұрт ниязға.
Молда бар, мешіт бар деп ойға алмайды,
Ғаріп, пақыр, міскінге көз салмайды.
Жүрген, тұрған жолына бұл орыстың,
Үй басы шығын жинап күр қалмайды.
Дін ісін ойламайды жарлы, байы,
Болмады бұрынғыдай жұрттың жайы.
Бұл орыстың жолына төгіп, шашып,
Таусылды-ау еттен өтіп жілік майы!
Қайтыңдар бұл пейілден, біздің қазақ!
Тыйышынды мен алмаспын күнде қажап.
Орнын таппай жұмсаған мал-мүлкіңіз
Шаян болып тартқызар өзіңе азап!
Кеңге сал пейіліңді, бағың тасар,
Есіңе ал: аш болмасын ғаріп-қасар.
Қолы ашық бұл дүниеде мырзаларға
Ұжмақтан періштелер есік ашар.
Кей адам қонақ көрсе, үйге қашар,
Кім барады бай болмай, болса нашар?
Сараңды елден бұрын тамұққа айдап,
Бұқтырып періштелер отпен басар.
Өлең жаздым екі жүз қырық сегіз жол,
Айта берсем, кеудемде мұнан да мол.
Қағазың бір тиындық ділла болды,
Шырағым, енді маған риза бол!
Игібай, жазып қойдым қағазыңды,
Өзің біл - бойыңа өлшеп, көп-азыңды.
Жалғыз маған жүгінді арта бермей,
Бірдей тарт екеумізге таразыңды.
Замандас, жаның құрбы, інім едің,
Бір табақ қағаз маған беріп едің.
Айтып қой: тағы менде қолқаң болса,
Өзің ойға нені алып келіп едің?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу