Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  203


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Ағашсыз жапырақ

Болып мас татып алып арам астан,
Кәріп бас өз жанына болған қастан.
Махаббат, мархабатлы болмаған соң
Уыз жас қалды көңілім замандастан!
Наданға бұл арнауы келсін қайдан?!
Көп надан іздегенін табар қайдан?!
Қорлықта қазақ халқы қалғандығын
Көремін тән ғалымын сараң байдан!
Жас бауырым, қалма ұтылып жыл мен айдан,
Білімің артпай ет пен қара шайдан!
Надандар: «Қаңғыған!" - деп, шыдатпайды,
Шәкірттер оқып келсе әр бір жайдан.
Жігітлер, сараңдықты қылма кәсіп,
Болмайды сараң жанға жұмақ(ұжмақ) нәсіп.
Болса да өзі тақуа, өзі сопы,
Тозақтан құтылмайды сараң қашып.
Алмасаң өз фазылыңа біздер кәріп,
Күн көрер зағип пендең қайда барып?!
Сараңға жарылқау жоқ, қарғауына,
Айтылған пайғамбардан хадис-Шәріф.
Қылыңдар сахилықты жастан машық,
Жомартқа сегіз ұжмақ есігі ашық.
Сахи адам - бір Алланың сүйер құлы,
Болса да бөгеті жоқ қандай пасық!
Аят пен жалған болмас хадис сөзі,
Әр жерде білгендердің көрді көзі.
Өзі істе кедей ессіз жөн білмейді,
Болғандай бұ жалғанда дым-ақ өзі.
Жомарттық қыл, жақсылық орнын тауып,
Таппасаң, ысыраптан бар үлкен қауіп.
Көңіл қой болар іске, көзіңді сал,
Алаңдап күн өткізбе, босқа шауып!
Күн бұрын істер істің тәртібін біл,
Көзге түс, ауызға ілін, майданға кел!
Дайын-ды, қылған ісің нығыз болсын,
Дүниеде көретін өзің... мың жыл.
Өзгеден ғылым парыз - бұл дүниенің,
Болмайды қайда барсаң мұнсыз қамың.
Ниеттің ақыретінде болса мытлы (мытыр),
Жұмыс қыл шығатындай ертең жаның!
Білгендер соңын ойлап қайғы жеген,
Нәрсе жоқ бір өлетін онда (тиген) неген.
Дүние тап, еңбек қыл да өнерменен,
Мақал бар: "Ойын[да] [озған]шында озар!"- деген.
Жалғанның келер - кетер ісін ойла,
Жарыстыр ақыретін тағы қойма!
"... на қой біріменен боламын!" - деп,
Басынды (баһынынды) керексіз ғып өзің жойма!
Жәннатта ал сыбағанды, дүниеде де ал,
Бірі-мал, бірі амалсыз жүрмейді бал.
Тыныштық керек болса, бір жаныңа,
Өзіңді ғылым бірлан (һунарға) өнерге сал!
Өнерсіз, жігері жоқ, қолсыз кісі,
Жарымжан қайдан түгел оның ісі?!
Кем соқпа жақсы біліп үйренуді,
Түбірсіз болған емес тағдыр ісі.
Талапсыз, қайрат қылмай, іс бітпейді,
Ерте ойлап қылмаған іс кеш бітпейді.
Түгел тәпсірлей(тығырлай) бір қарап тұрма,
Деп қойма: "Соң түбіне көз жетпейді".
Жастарға күшті парыз, жақсы талап,
Отырма жігіт болсаң, босқа қарап.
Сақтайтын бір басыңның есебін біл,
Күш-қуат кетіп қалмай бойдан тарап.
Пайдасыз нәрсені ойлап кепті миым,
Мақсат боп жұтқан, тұтқан, киер киім.
Төреші, өзің іске жарата гөр,
Күн қақты болып қалдым, жетпей иім!
Тұрсам да, озбан үміт, шаршап талып,
Ойым бар: "Бір жетермін, - деген-барып!"
Бірі боп көзге күйік, жүрмей-ақ қой,
Құрбыдан өзің теңді кейін (киөн) қалып.
Қорлық бата өтіп кетті кәп күн кешіп,
Кәсіп жоқ үйде отырып, тамақ ішіп.
Мұнымен түсті жастар жұрт алдына,
Бос сөзге бейпіл ауыз желдей есіп.
Халықтың бар жұмысы - қысыр кеңес,
Бұл ісі артқа жасқа пайда емес.
Ағашсыз көк жапырақ шықпағанда,
Әріпсіз қайдан берер ғылым жеміс?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу