Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  330


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Қолыма қағаз, қалам алайын да

Қолыма қағаз, қалам алайын да,
Лапылдап тал отындай жанайын да.
Естіген, көргенімді әңгіме ғып,
Дүниенің базарына салайын да.
Бұлбұл құс гүлстанда гүлге ғашық
Көбелек, сірә, жүрмес оттан қашық.
Көлеңке денесінен қайда кетсін,
Өлең-жыр бізге сондай болған машық.
Ойласаң, бұ жалғаннан кетпеймісің,
Мезгілсіз, келсе мейман, күтпеймісің.
Хан-қара, бай-жарлының бәрі де өткен,
Жалғаннан сен де бір күн өтпеймісің?!
Әркім —ақ өліп жатыр боқ басында,
Біткен соң санаулы дем, тоқтасын ба?
Бұл тойға бұрын барып, орын алмай,
Отырып қаласың ба от басында?!
Шабыт қыл қыран құстай шарыққа ұшып,
Шақырсын саятшылар жемін тосып,
Біреуі көп қарақұс болып жүрме,
Көрінсе қайда жемтік, соған түсіп.
Бұ жалған қанша қусаң, ақыр-өлім,
Аларсың бір сыбаға онан тыйым.
Дүниеде өзің өлсең, сөзің қалсын,
Сөйлеп қал осындайда, қызыл тілім!
Туған күн ертеңменен кешке батар,
Саудырап он саусағың көрде жатар.
Бүл дүние тынымы жоқ ескен желдей,
Қаңбақтай бір күн еріксіз домалатар.
Кетесің бұ жалғаннан еріксіз өзің,
Құйылған құмға толар екі көзің.
Жылқыдай жау айдаған кетсең жытып,
Қазылған жолдай болып қалсын ізің.
Сұм жалған, қызығына жүрмін тоймай,
Мінезді жастықтағы(жаслықтағы) әлі қоймай,
Ап кетсе абайсызда ажал бір күн,
Жүргенде біз далақтап күліп - ойнай.
Боламын кейде жүйрік, кейде жорға,
Бұл дүние көп қуғанмен түспес қолға.
Байланып арқан жіпсіз аяқ пен қол,
Кете алмай жүргенім ғой ұзақ жолға.
Басыма қыла алмадым пайдалы істі,
Жұмыс пен ылғи залал өмірім кешті.
Пенденің ойлағаны болған бар ма,
Алланың әр не қылса, әмірі күшті.
Дүние-ай, талмай қуып жете алмадым,
Нәпсімен болдым даулы, біте алмадым.
Мойныма үзілмейтін арқан түсті,
Қайрат қып, үзіп тастап кете алмадым.
Табылды өз бойымнан екі дұшпан,
Біреуі іштен болғанда, бірі-тыстан.
Ұста жоқ алтын, күміс тілін білген:
Қорытып айырып алар бізді мыстан.
Асылымыз болған біздің лай балшықтан,
Бар қылып жаратқан Хақ бізді жоқтан.
Біз жүрміз тазаланып, арыла алмай,
Нажасат үстімізге жұққан боқтан.
Қалыпқа, ұста қойса, кірпіш болдық,
Қаланып қой қораға, тас боп тұрдық.
Ең іске жарағанда болдық қора,
Мұнымен бұ жалғанда қалайша ондық ?!
Лай болып, басылмадық қырық күн ұдай,
Сылдырлап шығар едік ақ шыныдай.
Базарда қымбат пұлға өтер едік,
Қайтейік жазбаған(иазбаған) соң патша құдай?!
Кен болып, бола алмадық мыстың тасы,
Хайуанның болып жүрміз бергі қасы.
Мыстан-күміс, күмістен алтын айырып,
Табылса, алар еді-ау ол ұстасы!
Түспес ек, алтын болсақ, қолдан-қолға,
Керек қып алар еді әркім пұлға.
Дәнемеге жарамай қалғаннан соң,
Қосып, шатып жүрміз ғой тұзды сорға.
Темір болсақ, дүкенге түспес пе едік,
Көркейіп бұрынғыдай өспес пе едік?!
Пышақ, балта, қанжардың бірі болып,
Болаттай кез келгенді кеспес пе едік?!
Болмадық тым болмаса қара темір,
Ерітіп ағызбай ма қызған көмір?!
Қолында көрінгеннің қайрақ болып,
Таусылып қоршылықпен өттің өмір.
Біз жүрміз үкі құстай, күзетіп боқ,
Алады кім көрінген бір-бір тал шоқ.
Қызығып жүнімізге қылады әуес,
Ол жүннің өзімізге пайдасы жоқ.
Көреміз үйтіп-бүйтіп күнімізді,
Шығармай, жұрт естір деп, үнімізді.
Күндіз ұшып жүруден бой сақтадық,
Алған соң әркім жұлып жүнімізді.
Сықылды менің сөзім қызыл түлкі,
Қызықты түлкіден де ажар көркі.
Үстіңнен - құс, астыңнан ит жүгіртіп,
Тамаша көрген жандар қылар күлкі.
Пайда жоқ бір тиындай басымызға,
Сауысқан, қарға үймелеп қасымызға.
Жүзінде жалған дүние түк бітірмей,
Өткіздік өткен өмір - жасымызға.
Жалғаннан қыла алмадық біздер пайда,
Ойлаған жанның қамын(ғамын) сабаз қайда?
Түні өтіп, бұ жалғанның таңы атқан соң,
Белгісіз боларымыз қандай жайда?!
Бұ дүние-айсыз бұлт, қараңғы түн,
Жалған сөз-ер жігіттің бойына мін!
Жалғанға жетемін деп қуа берсең,
Таң атып, жарық сәуле, шықпайды күн!
Жаяудың қанша жүрсе, шықпас шаңы,
Асырауға көнбес мал боп түздің аңы.
Көрерсің өз бойыңды өзің сонда,
Жарқ етіп ақыреттің атса таңы.
Біраз күн бұ жалғанға алданарсың,
Дүниені өтпес біліп малданарсың.
Күн болса құдай алдын бір көретін,
Біле алмай қайтеріңді сандаларсың.
Қыл көпір қияметтің қылдан тайғақ,
Періште төрт мұқарраб барар айдап,
Қол-аяқ куә болып қылмысыңа
Шығады өз денеңнен сегіз айғақ.
Жүргейсің бір құдайды ойыңа алып,
Алдына мөлиерсің еріксіз барып.
Жан беріп, мұндағыдай жалған сөйлеп,
Шараң жоқ құтылатын онан танып.
Өлген соң тірілу жоқ, әркім білер,
Дүниеде не қылғанын сонда көрер.
Құдайым фазынына алып оңдамаса,
Қылық жоқ бізде орынды жөнге келер.
Сарғайдық, көп ойласақ, санаменен,
Күйдірмес бізді өтірік жаламенен.
"Тар жол, тайғақ жерлерге" қыстырылмай,
Жүрейік жазы жапан даламенен.
Алланың қаһарынан рахматы көп,
Күн бұрын таусылмайық біз уайым жеп.
Жалғанды қызықпенен өткізейік,
Қурайық әрбір түрлі әңгіме кеп.
Біз үшін жаратыпты бұ жалғанды,
Демейді онша жақсы құр қалғанды.
Жаратқан пендесіне тәңірім қорған,
Қылып өт, бозбалалар, ойға алғанды.
Шәйт қыл, қыран құстай шарыққа ұшып,
Жалғанды басып, жаншып, судай кешіп.
Мылтық ат, тазы жүгірт, қаршыға сал,
Жүйрік пен, келсе шамаң, сұлу құшып.
Кетпендер ішке сақтап арманыңды,
Қылып өт жалғанда ойға алғаныңды.
Өлген соң, болсаң қанша, кім біледі
Басында қай төбенің қалғаныңды?!
Бозбала, тірілікте ойнап-күлсін,
Көзге түс, әр іс қылып, халқың көрсін.
Ат шығар әр нәрсеге басың шатып,
Аузында дос-дұшпанның атың жүрсін.
Дүниенің базарында арзан нарқым,
Болса да нарқым арзан, қымбат-даңқым!
Қадірім жоқ тірілікте ағайынға
Өлген соң: "Әттегене!"- дерсің халқым!
Қадірім жоқ күнде көрген ағайынға
Ағайын - сатып, "Алаш" алайын ба?
Бәйгеге бабым тауып қосар жан жоқ,
Лағып айдалаға шабайын ба?!
Қадірден қалдың, ашына, танысымнан,
Жасымнан шыққан жұртқа, дабысымнан!
Тұғыры айырбастың сықылдандым.
Айырылып жас шақтағы шабысымнан.
Тұрады топты көрсем, бүйірім қызып,
Делебем айғай шықса, кетер қозып.
Алдыма ұзап түсіп, бәйге алған жоқ,
Бір басты, екі аяқты менен озып.
Бозбала, жүрген жерім күнде жиын,
Тауыстым ойлай-ойлай бастың миын.
Қатыннан енді мендей ұл туғанмен,
Шығуы Мәшһүр болып болар қиын.
Біздерге бүл өнерді берген құдай,
Бола алмас кейінгі жан бұрынғыдай.
Сегіз қиыр шар тарап түгел келіп,
Әркімге Мәшһүр болу болмас оңай.
Жұрт айтар: "Біздерге ондай болу қайда-
Әңгіме болып жүрген әрбір жайда?!
Қоңыраудай құр сылдырлап, іште дән жоқ,
Жерім жоқ Мәшһүрліктен көрген пайда!"
Сыртым сау, өртенемін ішім күйіп,
Жасымнан еркелеткен халқым сүйіп.
Зарарлы адамзатқа тікендеймін,
Соқтығып көрінгенге сөзбен тиіп.
Болмадым көлеңкелі, миуалы ағаш,
Сүйсінген дабысыма тамам алаш.
Барады басым жерге иілместен,
Сықылды қаттылығым емен ағаш.
Ағашы бола алмадым өрік, мейіз,
Бал мен қант ләззатындай сөйледім сөз.
Жарқырап топтан озып бәйге алғанмен,
Ағалар, шықпайды екен басқа мүйіз!
Бұлбұлдай заманымда жүрдім сайрап,
Барады өнер, шіркін, іште қайнап.
Дүниеде қанша дәурен сүргенменен,
Жатармыз бір төбенің басын жайлап.
Қызыл гүл, не пайдаң бар толғаныңмен,
Күз болса, жұмысың жоқ солғаныңмен.
Мәшһүрі ақыреттің бола алмасаң,
Не пайда бұл жалғанда болғаныңмен.
Алашқа болған таныс жазған хатым,
Ұрғаным Сүйіндік пен, қазақ - затым,
Болмаса ақыретте бір пайдасы,
Құрысын елден бұрын Мәшһүр атым.
Білмедім мен залалын о басынан,
Сөйледім әрбір сөздің жобасынан.
Көпке ортақ қызыл тілді аямадым,
Үміт қып дін қарындас дұғасынан.
Сөз білген соң, сөйлемей қалу айып,
Қорқамын кете ме деп аяқтайын.
Белгісіз не боларым мұнан былай,
Тілеймін көптен дұға қолым жайып.
Не болар мұнан былай бұл кәріп бас,
Әркімге бола бермес екі елу жас.
"Халықтың тілі, құдайдың қаламы!"- деп,
Қылыңдар жақсы лепес, дін-қарындас.
Елек қойып болмайды ел аузына,
Өлеңім, бірте-бірте кел аузыма.
Иншалла, жүрсем аман, болман жаман,
Ілінсем жақсылықпен ел аузына.
Әрқашан үмітім бар жақсылықтан,
Жас едім, қариялардан кеңес ұққан.
Аузыма қызыр бабам сөз салған соң,
Сөз қылып жаза бердім бардан-жоқтан.
Өнерім, сөз сөйлесем, судай тасқан.
Сөзім бар тасқандардың көңілін басқан,
Мүбәрак ғазизлардың көрдім жүзін,
Жерінен жүрген-тұрған шайтан қашқан.
Әркімнің, айтқан сөзім, көңілін ашқан,
Кітапқа жанасалап жақындасқан.
Аяғым, кете керме жаман жолға,
Қыдырдың қыдырғанда ізін басқан.
Сөзімде, кешіріңдер болса хата (қате),
Біздерге дарып кеткен өлеңші ата.
Болсам да мұнан былай өлі-тірі
Үмітім-баршаңыздан жақсы бата!
Қылсам деп үмітім жоқ дүние пайда,
Біздерге өткен дәурен енді қайда?!
Қылсын, - деп, - құдай рахмат - етіңіздер,
Белгілі жұрт білетін қалсам жайда.
Жүргенмен не бітірдім тірі болып,
Көңілдің тазармаған кірі болып.
Қоршылық мұнан артық болсын қандай,
Қалған соң көп моланың бірі болып.
Сайраған көңіл ашып қызыл тілім,
Көтерген еркелігім қайран елім!
Қыламын бұ жалғанда нені арман,
Тіріден болса артық өлген күнім?!
Түзелсе әуелгіден ақыр соңым,
Бұл күнде бірдей боп жүр бары-жоғым.
Болам деп мұнан былай әлдеқандай,
Қанша айтып жатқанымның бәрі-өз мұңым!
Оянбас сұм жүрегім ұйықтап жатқан,
Күнәға мұңлық басым күнде батқан.
Өткіздім ұзын түнді ұйқыменен,
Малдай боп бауыздалмай арам қатқан.
Құдайға жыламадым ерте тұрып,
Қақпалап, мініп лағын, мойынға ұрып.
Пайдасыз лағу сөзбен күн өткіздік,
Беталды үрген иттей түзді қорып.
Аллаға біз қылмадық жағар істі,
Қап-қара күйеден де қылдық ішті.
Он бес пен жиырма бес-ол-денсаулық,
Бадырайып жас жеткен соң көзге түсті.
Өткіздік екеуін де қадірін білмей,
Енді жұрт кімге күлсін, бізге күлмей!
Бәрі де туған жанның өліп жатыр,
Тұрсын ба енді нәубет бізге келмей?!
Білеміз өлуді анық, жабдығы жоқ,
"Әлі көп жасаймыз!" - деп, көңіліміз тоқ.
Қоңыздай кетсек бір күн домаланып,
Бейнетпен, қалар тегіс, жиылған боқ.
Құдай-ау, алдандырдың бізді жоққа,
Мұнша құмар қып қойдың дүние боққа.
Есі енбеген баладай ұмтыламыз
Жан үзіп жанып тұрған қызыл шоққа.
Өткіздік ойынменен балалықты,
"Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал" шықты.
Бір дұшпан иегімнің қақ астында,
Соңымнан қайда барсам қалмас тіпті!
Адамға үлкен дұшпан-жұтқын тамақ,
Үлкен жау, ұйықтамасаң, болар қабақ,
Тығынын бір тесіктің толтырам деп,
Күнәны үсті-үстіне жүрміз жамап.
Адамға күнә қайдан?
- Көз бен тілден!
Қаңғырып әуре болдық іздеп елден.
Көрген көз, сөйлеген сөз, - бәрі күнә,
Іздеуге (ізлеуге) қажет емес бөтен жерден.
Қайтпадық тәубе қылып жасымыздан,
Ақымақтық талай кешті басымыздан.
"Бір жақта күнә деген жүр ғой"- десек,
Табылды өзіміздің қасымыздан.
Күлуші ек бала күнде сақалы аққа,
Аяңдап біз де келдік өлер шаққа.
Баяғы бала күнгі ойда жүрміз,
Жіберіп көңілімізді әр тарапқа.
Жас жетіп ер ортасы болдым өзім,
Тәубені, өтіп кетті, қылар кезім.
Бала-шаға, көр-жермен айтысамын,
Астына иегімнің түспей көзім.
Жас күнім өтіп кетті ақ алмастай,
Күн болды іздесек те, таба алмастай.
Кеткен жас, ағарған шаш, - есепке алмай,
Ойнаймыз жастарменен замандастай.
Мінезді бозбалалық кайта бастап,
Былғадық адамдықты мұнша ластап.
Әмір, Мағрұб орнына өсек айтып,
Әр жерге төрт-бес ауыз өлең тастап.
Құдай сөзі-Құранды қойдық жауып,
Келін-кепшік, көр-жерге көңіл ауып,
Азан үшін шайтанға жаратылған,
Бір итті өлең деген алдық тауып.
Дүниеден озамыз деп, көп жарыстық,
Жетпесті мұнша қуып арпалыстық.
Шақыртып әр жерде азан шайтан үшін,
Біз-дағы пособлять қып ат салыстық.
Жері жоқ бізден жастық мінез қалған,
Жетеді іздегенге шын ойға алған.
Жүгіртіп көз соңынан көңілімізді,
Біз жүрміз көрмей дамыл, қуып жалған.
Шындыққа баса алмаймыз жұмылмай көз,
Тоқтармыз болған күні келігім-бөз.
"Алсын - деп - бізден ғибрат естіген жан!"-
Жатырмын сөйлеп жұртқа әр түрлі сөз.
Әңгіме кімнен шықсын, менен шықпай?
Айтқанмен, құр қаласың көбің ұқпай.
Сөз қылып барды-жоқты жаза бердім,
Ықыласты қарындастың көңілін жықпай.
Болмағың жақсы-жаман әуел бастан,
Белгілі ат болары құлын жастан.
Өң беріп, жылтыратып ысқанменен,
Болғанын, көрдің бе айна, қара тастан?!
Қара тас ең болғанда қайрақ болар,
Балта, шот, пышақтарды қайрап болар.
Дөңгелек диірменге шарық болып,
Ұндай қып көрінгенді шайнап болар.
Ай орнын аспандағы бұлт алып,
Орнында дүр гауһар - су тас қалып.
Құр тікен, қызыл гүлсіз, қолға түсіп,
Ауызға қант орнына заһар салып.
Береке,мейір,шапқат болды ұмыт,
Күн бұрын күдер үзіп, көңілің суыт.
Жақсылар ай сықылды - бәрі кетті,
Аспандап жүрген жанның бәрі-бұлт.
Есекті сасқаныңнан дейсің тұлпар,
Бәйге аты боламын деп өгіз іңкәр.
Аспандап ұзақ карға ұшқанменен,
Бола ма қыран болып, лашын, сұңқар?!
Келмейді өткен өмір жоқтағанмен,
Түк өнбес ұрып, соғып боқтағанмен.
Жолаушы жол үстінде көрмес хызыр,
Далаға отсыз, сусыз тоқтағанмен.
Дүниеден, шапқан аттай, өткен өмір,
Қарақшы - көрдің басы - бәйгелі жер.
Кім озып, кім қалады-мағұлым емес,
Бәйге алсаң, сол жерде озып, болдың ғой ер!
Өмірді қымбатқа алған-арзан саттық,
Жастықтың қадірін білмей босқа жаттық.
Күнәны - арзан, сауапты қымбатсынып,
Обалға белшемізден күнде баттық.
Біле-көре білместің қылдық ісін,
Қайта-қайта айтамыз оның несін?!
Бір оңай сез айтуға тауып алдық:
"Құдай өзі әйтеуір құлым десін!"
Тұқым салмай, алар ма егін орып,
Кім бал алы болыпты бойдақ жүріп?!
"Еккен орар, - деген сөз, - берген алар",
- Көрдің бе бәйге алғанды қарап тұрып?!
Түн болса, белгілі тұр бір жатуы,
Үміті барша жанның - таң атуы!
Түсіне сәтенсіздің бөз кіреді,
Әркімнің жақсы көрер бір татуы.
Ит сүйекті түсінде кеміреді,
Шөлдеп жатқан айнымай су көреді.
Түсіне саудагердің ақша кіріп,
Ояна сап базарға жүгіреді.
Ішпек, жемек, ұйықтамақ, қатын құшпақ,
Біреу тері уқалап, біреу-пұшпақ.
"Мал, бала, мәртебе!" - деп, алас ұрып,
"Алдымда, - ойламайды - бар - деп - қыспақ!"
Біреу - жылқы, алданып біреу-қойға,
Теке сеніп сақалға, түйе - бойға!
Әркім сеніп өзінің сүйгеніне,
Бұл күнде алмай кетті құдайды ойға.
Өнерге ұмтылмайды-ғылым, білім,
Сол үшін басқа жұртқа болдың тілім.
Кеңірдек талай-талай келіп еді,
Қайтейін: "Бөтені жоқ, бәрі, - өз елім!"
Аралас ор түрлісі адамзаттың,
Көп жүрдік біз ішінде бөтен-жаттың.
Төбеңе көтерер ең, қазақ, сорлы,
Әрине, бірі болсам, ноғай, сарттың!
Айыбым: мен де өзіндей болдым қазақ,
Көп болмай, бола қойсын ақылым аз-ақ!
Аласың кімнен бәйге мұнша аптығып,
Өлеңмен қылғаныңмен мұнша мазақ?!
Қара жол әркім жүрген қалар жатып,
Көшпейді күні жетсе, кім түн қатып?!
Құдайдың өзі берген бір нәубеті,
Ешкімнен алғаным жоқ өлең сатып.
Мергендер түздегі аңды алар атып,
Сілесі, қолға түсер, әбден қатып.
Саф жауһар, асыл болат, өткір қылыш,
Тот басар суырылмастан қында жатып.
Ерімес қалған көңіл мұздап, қатып,
Жасытып, тастаған соң жабырқатып.
Бір делдал қолына алып, қыдыртпаса,
Сандықтан шықпаған пул қалар жатып.
Қымбатқа жолай алмас әркім батып,
Білерсің бал екенін көрсең татып.
Қиын-ды жеткізуің бағасына
Өзіңді, базар салып, өзің сатып.
Бейнетің қанша қылған жанбаған соң,
Кім көреді базарға салмаған соң.
Жез де бір, алтын да бір жерде қалса,
Қадірлеп ешкім қолға алмаған соң.
Мүйіз жүр насыбайға шақша болып,
Көркейер қорғанды жер бақша болып,
Қадірлеп жұрт қолына алғандықтан,
Қағаз жүр алақандай ақша болып.
Тастады жазып құдай жолдарыңа,
Қарайсың онды қойып, солдарыңа.
Бірі де көп нәрсенің жерде жатқан,
Керек қып алмаған соң қолдарыңа.
Қызығы жаңа жұрттың бір екі-үш күн,
Жеңсігің жеріген соң, келер көшкің.
Пайдасын сыртындағы керек қылмай,
Суынан ішіндегі келеді ішкің.
Сөзімді тыңдай берсең, тарқар шерің,
Кетеді тазаланып ішкі кірің.
Ішіне осынша су сыйған ыдыс
Керек деп ойламайсың бір де бірің.
Бұлбұлды танымайсың тұрған сайрап,
Атасың торғай ғой деп, таспен байлап.
Таусылмас бұл не қылған су демейсің,
Бұлақтай ағып жатқан көзі қайнап.
Заман жоқ, ырыққа жүріп, оң айналған.
Бәрі де қиын істің оңайланған.
Бұзылып, әсіресе, біздің заман,
Көлдей боп қой тоғытқан, ылайланған!
Қоғалы шамға білте мақтаны алар,
Алғанмен майсыз мақта қалай жанар?
Жауын мен жел тиетін жерге қойсаң,
Саулап жанып тұрғанмен, сөніп қалар.
Дүкеннен жаңа шыққан, - мен, - бір мақта,
Бозбала, жағып қара, майым тап та.
Түніңді күндіз қылып жіберейін,
Жаңбыр мен жел тимейтін жерге сақта.
Көбінде бас болғанмен, ақыл бар ма,
Ісінде ойлап тұрсам, мақұл бар ма?
Жіп қылып, ұршыққа иіріп, зырылдатып,
Кез болдым уқаланып қатындарға.
Қолынан қатындардың алмайсың ба,
Лайы жоқ, тұнық суға салмайсың ба?
Майымды көп қыл-дағы, жағып қара,
Тамаша жарығыма қалмайсың ба?
Жатырмын айтып мұны қауым көпке,
Жаманға —жоқ, жақсыға —біздің өкпе.
Ұялмай не бетіңмен сөйле дейсің,
Ұршықта келеп болып жүрген жіпке?!
Келеді жаңа ашылып сөздің жігі,
Шаршап жүр, ауыр болып артқан жүгі.
Иін тауып таққан соң қарағайға
Сөйлейді қандай онды қойдың шегі?!
Сөйлетер бір кісім жоқ бабым тауып,
Бағатын желпіп күтіп, кежім жауып.
"Шауып ал аяғыңды, ақса!" - дейді, -
Бәйгеге қара қарын тоқтай шауып.
Бермен қайт, шырқап, көңілім, аспандамай,
Іше бер адал болса, ас таңдамай.
Аяғым, қара жерді ойғандай бас,
Жабырқап, сүйретіліп, ақсандамай.
Ер ме едім қажитүғын қара сөзден,
Үшқары ендігі үміт-біздің бөзден.
Табам деп жұпар иісін, әуре болма,
Малманың шелегінде жатқан бізден.
Өмірімде(ғұмырымда) ұйықтап өтгім, болмай ояу,
Көп артық жаман аттан - жүрген жаяу.
Кісіге күтіп кимес киім болып,
Өң берген неше түрлі кетті бояу.
Ғибрат көп жазған біздің хатымызда,
Бір лақап қосақталған атымызда.
Дәнеңе жоқ бойымызда іске жарар,
Асылдық болмаған соң затымызда.
Мәз болып, езу тартып күле алмаймын,
Ажалсыз асыкканмен өле алмаймын.
Білмеймін: өлі екенім, тірі екенім,
Өзімді-өзім айырып біле алмаймын.
Жүремін есептемей, аманмын деп,
Айта ма есек өзін "наданмын" - деп.
Жұрт көзіне түсуден бой сақтаймын,
Ешкімге керегі жоқжаманмын деп.
Биікке, бой өсе ме, асылғанмен,
Жан сақгап, бойды аулақка қашырғанмен,
Түсерсің, жақсы болсаң, жұрт көзіне,
Жоғалмай, қанша өзіңді жасырғанмен.
"Мен сондай жақсымын!" - деу жарамайды,
Бойыңа кісі ақысы тарамайды.
Аспандап ұзақ қарға ұшқанменен,
Оған жұрт керек қылып қарамайды.
Тұрағы биік шында болған сұңқар,
"Шығады жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар".
Түсуі ел көзіне кем болған соң,
Солардың естіген жұрт атына іңкәр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу