Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  208


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Алтын табақ

Біссімілла деп бастаймын сөздің басын,
Хаққа құлдық қылып төк көздің жасын.
Дүниеде кім құлшылық қылып барса,
Сол алар қияметтің дәрежесін (даражасын).
Аллаға қылған істің бәрі аян(ғаян),
Халал істеп ісінді, Хаққа таян. Хикаят:
"Алтын табақ", - деген сөзді,
Тыңдаңыз құлақ салып, қылам баян.
Адамға сырлас кісі-қанат, құйрық,
Кеудем - сөзге, он саусақ хатқа жүйрік,
- Хақ пайғамбар достыма барып кел! - деп,
Бір Алла Жебірейілге қылған бұйрық.
- Жұмақтан алтын табақ алып кел! - деп,
- Ішіне бал мен халуа салып кел! - деп.
- Алтын табақ мәнісін сұра-дағы, - Бұйырды:
- Көп кешікпей барып кел!- деп.
"Көңіліне басқа ниет алма!" - деңіз,
"Дұшпанның өсегіне қалма!" - деңіз.
"Алтыннан көркем, қылдан жіңішке?
Дүниеде балдан тәтті бар ма?"- деңіз.
- Кешікпей, - Жебірейілге, - кел! - деп айтты
- Табақты пайғамбарға бер!- деп айтты,
- Алтын табақ, қыл мәнісін сұра-дағы,
Төрт жардан бастан - аяқ біл!- деп айтты.
Жебірейіл жетіп келді пайғамбарға:
- Бұл табақты жіберді Қадір Алла!
Ер басына бір-бір ауыз сөз сөйлеңіз,
Кеңесіп, бір-біріңмен ақылдаспа!
Сөйлесіп, бір-біріңмен ақылдасып,
Шариғаттың жолынан кетпе асып.
- Бұл не деген бек қисын іс болды? - деп,
Төрт шадияр қайран қалып, қалды сасып.
Алланың жарлығымен қосты басты,
Шешуге бәрі қойып ықыласты.
Әуелі бұрын ашқан-хазірет Әбубәкір
Бұл сөзге жауап беріп аузын ашты:
- Алтыннан көркем білдім Ислам нұрын,
Балдан тәтті көремін - зәмзәм суын.
"Намазда дүниені ойлаймын ба?"- деп,
Қылдан нәзік жіңішке - менің көңілім.
- Пәлі!- деп, - алтын табақ үн шығарды,
Әбубәкір-сыдық қуантты пайғамбарды.
- Артындағы қалғанын сен айтшы!- деп,
Хазіреті Ғұмарға жылжып табақ барды.
- Құдай нұры көркем дүр алтын тастан!
Ғүмар да: "Қайтеді?"- деп, жаман сасқан.
- Осы балдың тәттілігі тең болмай ма,
Иа, Расул, сізбен бірге ішкен астан?!
Ғибадат - ақыреттің азығы еді,
Бес намаз - ислам діннің қазығы еді.
Екі кісі жүгініп отырғанда,
Жүрегім жалғыз қылдан нәжік еді.
Төрт жардың өзге жаннан ақылы зерек,
Пайғамбар - ортасында бір бәйтерек.
Әбубәкір, Ғұмардың сөзі бітті,
Зон нұрайын Ғүсманға келді кезек.
- Сөзі – алтыннан - Құранның жарық жүзі,
Балдан тәтті Расулдың айтқан сөзі.
Намазға таһарат алып отырғанда,
Жіңішке қылдан нәжік(нәзік) көңілім өзі.
Қош көріп, бұл сөзіне:
- Пәлі!- деді. Шат болып төрт жарменен пайғамбары.
Табақтан сол уақытта үн шығыпты:
- Сөйлемей, неге отырсың, арыстан Ғалы?!
- Иа, Зулжалал, медет бергейсің өлгенімде,
Ғазірейіл жан алқымға төнгенінде.
Көңілім намаздағы қылдай еді,
Соғысып кәпірлермен жүргенімде.
Ішінде айтып жатыр Қалам-Шәріф,
Жақсы сөзге мейірің қанар, жүрек жарып.
Балдан тәтті көремін, ей, жаранлар,
Ac ішсем, Хасен, Хұсайынды қасыма алып.
Бір Алла қонақ қылсын жұмақ үйге,
Біздерді түсіріп жүр талай күйге.
Алтын табақ Расулге келді жетіп:
- Құдай досты (досы) пайғамбар, өзің сөйле!
Сөзі мынау Расул пайғамбардың,
Жауабы тамам болды төрт шаһариардың.
- Алтын толса дүниеге, керегі жоқ,
Нұрын абзал (афзал) көремін бір Алланың!
Пайғамбарды алтын табақ сөйлетті,
Жебірейіл табақ тастап қайтып кетті.
- Төрт жармен басын қосып, тағам жесем,
Сары балдан - тузы жоқ көжем тәтті.
Бұл сөзге құлақ салған Ғұсман, Ғалым,
Оны ғалым жаратқан патша Кәрім.
- Алла досы, пайғамбар болса мадағы,
Қайтеді, - деп, - қылдан нәзік менің халім?!
Сол кезде би Фатима үйге кірген, Керемет
Фатимага Құдай берген.
- Пайғамбардың перзенті сөйлесін! - деп,
Сырғанап алтын табақ жылжып берген.
- Сіз алтыннан бабамның нұры артық,
Ұрғашы ерін күтсін, мехнат тартып.
Сары балдан ләззатын артық көрем,
Ерімнің бір жұтым сусынынан ішсем сарқып!
Әйелдер ер қызметін қылсын жылдам,
Өлгенде, даяр болар жұмақ-иман.
"Ерім қызметіме риза бол май ма?"- деп,
Көңілім жіңішке болады-жалғыз қылдан!
Әртүрлі әрқайсысы айтты сырды,
Құрметтеп ортасында кәміл пірді.
Тақпақтап бір сахаба суретінде,
Жебірейіл басқа түрмен үйге кірді.
Алтын табақ сөйледі Жебірейілге:
- Мені әкеп тастап кеттің Мәдинеге!
Құдайдың өзі сүйген елшісі едің,
Иа, Мұқараб періште, өзің сөйле!
- Алтыннан абзал білемін Құдай нұрын,
Балдан тәтті көремін кәусар суын.
Тәңірім пайғамбарға жұмсағанда,
Қылдан нәжік(нәзік) жіңішке - менің көңілім!
Пайғамбар Мәдинада дәурен сүрген,
Тұрады хабар алып Жебірейілден.
Үйретті аққан судай шариғатты,
Дін ашты, мешіт салып талай жерден!
Жебірейіл осы сөзбен болды ғайып,
Құдайдың құдіреті бар таңғажайып.
Жұмақтан келген балдан жалап бәрі,
Пайғамбар дұға қылды қолын жайып.
Балдан жалап қуанды төрт шаһариар,
Оларды абзал қылған Қадір Жаббар.
- Жұмақтан бір табақ бал келді!- деп,
Отыз үш мың сахаба алған хабар.
Есітіп көп сахаба келді бәрі,
Жан қалмай Мәдинада жас пен кәрі.
Сахабалар өкпелеп жылағанда,
Қатты ұялып отырды пайғамбары.
Ей, тақсыр, досты болдың бір Құдайға!
Жарығы бұл дүниенің күн мен айда!
Жұмақ мүлкі пірадарге харам ба еді?
Иа, Расул, бұл сараңдық сізге ұнай ма?!
Жыласты пайғамбарды ортаға алып,
Жұмақтан келген балдан құры қалып.
Пайғамбар жүрегі еріп, есіркеді,
Жұмақтан келген балдан мақрұм қалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу