Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  230


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Құдайым жексенбі күн жер жаратты

Құдайым жексенбі күн жер жаратты,
Жер-суды әуел бастап - бір жаратты.
Тау мен тас, ағаш пен шөп, көл мен өзен
Түріндей текеметтің түр жаратты.
Жерлерден аға берді бұлақ қайнап,
Гүлденіп бәйшешектер, бұлбұл сайрап.
Жексенбі, дүйсенбі мен, - бұл екі күн
Жер жүзін тегіс қылды түгел сайлап.
Сейсенбі - жер, сәрсенбі күн көкті қылды,
Құдіретпенен қылған ісін неше бөлді.
Көкті жерге пар қылып жарастырып,
Ай мен Күн, жұлдыздан перде құрды (түрді).
Екі күн - Жер, екі күн Көк жаратты,
Бір-біріне екеуін жұп жаратты.
Бір сағатта қылуға құдіреті бар,
"Пендеме ғибрат болсын!"- деп жаратты.
Кітаптан көргенімді айтпан теріс,
Құдіреттің қылған ісі тіпті келіс.
Ырзық, несіп-қоректі ішіп-жейтін
Жаратты бейсенбі күн бәрін тегіс.
Аспан - биік, Жер - төмен, тау, тас - қатты,
Ат аяқты болғанда, құс-қанатты.
Заһардан - бал, тікеннен гүл шығарып,
Жұма күні жаратты адамзатты.
Құдіретпен он сегіз мың ғалам болды,
Бәрі - қабық, маңызы адам болды.
Құдайдың құдайлықпен қылған ісі
Жаралып алты күнде тамам болды.
Кім айтар: "Қылған ісім болмасын", - деп,
"Орынға осы жұмыс тұрмасын", - деп.
Сабырдан сабақ берген білген жанға:
"Асығыс пенделерім қылмасын, "- деп.
Жаратып он сегіз мың ғалам мүлкін,
Ешбірін кем қылмай ажар, көркін.
Үстінде Құдірет өзі патша тұрып,
Өзді-өзінің бәріне қойды еркін.
Сонда жарлық түсірді Көк пен Жерге:
- Тауға, қарһа, алдыма кел, - деп, - бірге,
- Ай, Күн, Жұлдыз, ағаш, шөп, - шашбауыңмен
Ажарланып, көркейіп кір, - деп түрге.
Құдіреттің жарлығынан қатты састы,
Алдына құлдық бас, тәубе - қойды басты.
Көк пен жер бірдей шулап қоя берді:
- Атыңа тағфин, - деп, аузын ашты.
Ауыз бар, жоқ болса да бас пен шеке,
Екеуі бірдей айтты, емес жеке. "
Сонда жердің ашылған аузы қай жер?"-
- Десендер, осы күнгі тұрған Мекке!
Мұнымды бекер деген кітап қарар,
Халқыма білгенімді айтсам жарар.
Көк пен Жердің аузы сол болғандықтан,
Құдайға жылаушылар сонда барар.
Құдірет айтты: - Бәріңе мен бердім дем!
Мен бермесем, кәнеки, беруші кім?!
Мүлтіксіз ғып жараттым тепе-тегіс (теп-тегіс),
Бірінді-артық, біріңді қылмастан кем.
Еш біріңе сыяпат жоқ тарлығым,
Бұйрықты емес кесімді - бұл жарлығым.
Ортасына бұл көптің тастаған сөз,
Білсін - деп, баршаға ез барлығым.
Ерік, ықтияр өзінде көк пенен жер,
Ай мен Күн, бұл кеңеске сендер де кір.
Тау мен тас, шалқып жатқан дария сулар,
Көремін алаламай бәрінді бір.
Мен қинап еш біріңді зорламаймын,
Тозаққа түсірем деп торламаймын.
Біріңді - артық, біріңді кем көрмеймін,
Бәрі - өз мүлкім, жасытып, қорламаймын.
Қысылып жарлық сөз деп қалма! - дейді,
- Ерік өзінде жақпаса, алма! - дейді.
- Сақтауға бір аманат ие болып,
Ішінде бір талапкер бар ма?! - дейді.
Күрсінді сонда бұлар демін алып:
-Айтып тұр ғой таңдауын бізге салып.
"Біз сақтаймыз!"- деп, оны, батырсынсақ,
Жоғалармыз бір іске ұшырап қалып.
- Жарлығыңа біз мойынсұндық! - дейді,
- Неге арнасаң, сонымен тұрдық! - дейді.
- Сауап, ғазап жағына бастырмай-ақ,
Еркімізбен жай қойсаң, құлдық! - дейді.
- Ауыр ғой бұл аманат Қап тауынан,
Шыр айналған Жер мен Көк жақтауынан.
"Аманат" деген аты ауыр екен,
Қарсылық емес, қорықтық сақтауынан.
- Бәрі өз мүлкім осынша ғалам, - дейді,
- Қашып түр қорыққандықтан тамам, - дейді.
- Көптің бірі болумен кетесің бе,
Сен қайтесің, бейшара адам?! - дейді.
Адам сонда қуанып ұшып тұрды,
Дарғаһына Құдіреттің қол қусырды.
- Аманатыңды ап кел де, арқама қой,
Бас - омақа, [міне, ] арқам - қара жол-ды!
Сонда көңілі дәуірлеп ұша берді,
Шын ықыласын Құдайға қоса берді.
- Міне, басым - жолыңда құрмалдық! - деп,
Домаланып арқасын тоса берді.
Сонда Құдай не дейді - құдірет өзі,
Жұртқа шашқан жария ғып мынау сөзі:
- Көк пен Жер, Ай менен Күн, тау мен дария
Адамның адамдығын керді көзі.
Аспан биік болғанда, Жер - аласа,
Таулар зор, дариялар мол - көз қараса.
Ай мен Күн қандай жарық, жұлдыздар көп,
Жаралған бәрі оңды боп бір тамаша!
Болыңдар бұл турада бәрің есті,
Алуға аяқ баспай міндетті істі.
Мынау адам жығылды құшақтай-ақ
Қуаты ешқайсыңнан емес күшті.
Бәріңнің түгел тұрды ғақыл-есің,
Түп-түгел өз бойында қуат-күшің.
Қорғанып қала бердің міндетті істен,
Өзіңнің өзіңменен болып ісің.
Мынау Адам өзімен болмай ісі,
Әзінен кетіп қалды ғақыл - есі.
Есі-дерті істе емес, Иеде боп,
Нәрсені мойнына алды жетпес күші.
Бәрі жария қылған іс, жоқ мұнда ұрлық,
Пенде білмес табарын неден қорлық.
Ғақыл-есі кеткеннен Иесіне
Өзіне-өзі қылды әбден зорлық.
Махаббат үміткер боп бір Алладан,
Айтқанмен жұмысы жоқ не мағынадан.
Ойға салмай, ойламай соқтыққаны
Тұрарлық боп айтуға деп: "Бұл надан!"
Құмарланып бұл жолға өзі түсті,
Мұнан аулақ қыламын бұл екі істі.
Не нәрсеге кірсе де, тартпай басын,
Міндетімен беруге қуат-күшті!
Аяп кетіп бүл жерде мейірім түсті,
Мұнан аулақ қыламын бұл екі істі.
Ғылым менен ақылды бердім бұған,
Бәрің бұған боласың құлақ кесті.
Ғылым, ғақыл, мінекей, - бұған лайық.
Бірі кеме болмай ма, бірі - қайық?!
Бір адамға екеуі орнаған соң,
Қалай ақсаң солай ақ, Еділ, Жайық.
Адамзатқа беріліп ғылым, ғақыл,
Соның үшін дүниеге болды нақыл.
Білмес, бермес - Құдайда екі-ақ іс бар,
Ніжеллікті (қабылдықты) білмейді бермес ақыл.
Қалай екен Құдайдың сыйлағаны?!
Табылмайтын сый(сын) екен қинағаны!
Ғақылменен ғылымды болды әшкере
Бір адамнан басқаға қимағаны.
Мен сөйлесем, қалмайды сөзден шартық,
Ар жағында емес мол, көзі тартық.
Адам ата сол күнде жаралғаннан,
Өзге күннен жұманың қадірі артық.
Жан —жануар адамға қойды қолды,
Адамменен көркейіп дүние толды.
Арқасымен Адамның дәреже алып,
Өзге күннен жұма күн абзал болды.
Көркейген не нәрсе бар Адам келмей?!
Немен адам болады —жүрсің білмей!
Болмаса алтын емес, күміс емес,
Жаралған жеті күннің бәрі бірдей.
Құмырсқа қыбырлайды, о да жүрсе,
Жұрт құлағын салады ит те үрсе.
Құстың бәрі бір басты, екі аяқты,
Адам сол - адам болып санға кірсе!
Қисыққа (һыменқыд) тартылмайды біздің қалам,
Кетеді жазған сөзін сөйлеп тамам.
Жан мен сақал, ауызда сөз болғанмен,
Оныменен саналып болмайды адам.
Есектің де байқасаң жаны бар ғой,
Деп айтпайды оны ешкім: "Жануар ғой!"-
Жұрттың көбі "Есектей адам!"- дейді. "
Айдап жүрген, - деуменен - малы бар ғой".
Қалам - піспек, дәуітім - қара сабам,
Мас қылайын қымызбен келсе шамам.
Текеде де сақал бар, көр, нанбасаң,
Соныменен, кәнеки, болды ма адам?!
Адам емес, мұнымен бұ да тұрсын,
Танытпаған адамды жалған құрсын (құрысын).
Тоты құс та сөйлейді үйренумен,
Қандырады о дағы құлақ құршын.
Сөз деген - жайылған мал: далаға өрсе,
Кәне, қора табылып, соған кірсе!
Не нәрсе түссе көзге, танылады,
Адам сол: адамдығын жұрты көрсе!
Нашарға жаның ашып, ішің күйсе,
Бейнетпенен мал тауып, пайдаң тисе.
Кем-кетік, жоқ-жітікке қайырылысып,
Аш тойынып, жалаңаш киім кисе!
Әр не қылсаң, ұнатып, тәңірім сүйсе,
Бір жылаған көзіңнің жасын исе!
Адам деуге лайықты болдың сонда,
Бір өзіңнен басқаға пайдаң тисе.
Жан жоқ болса, қаласың жерде жатып,
Маңайыңа келе алмас ешкім батып.
Жоқтан бар ғып сол күнде берген Құдай,
Болмаса алып едің кімнен сатып?!
Жанды ма, көрмейсің бе тау мен тасты?!
Жансыздықтан болып тұр аяқ асты.
Жанға ие болғандықтан, құрмет қылып,
Ешкім басып кете алмас титтей басты.
Жарастықты он екі бірдей мүше,
Бергенінің саны жоқ әлденеше.
Күннен-күнге артылтып беріп жатыр,
Тіпті айтпайды: "Алдың, - деп, - күні кеше'
Бір қылып беріп тұр мал мен басты,
Жер менен су, билетіп тау мен тасты.
"Бергенімнің қызығын көрсін, - деп, - сол"
Және беріп қойыпты өмір, жасты.
Беріп қойды аямай денсаулықты,
Отырғызып қасыңа ақжаулықты.
Саусаң бие, артуға түйе беріп,
Қотаныңнан өргізіп жүз саулықты.
Қой қорада, жылқың жонда болса,
Сиыр, түйе жазды - қыс қолда болса!
Қазақ байдың баласы тарықпайсың,
Бәрібір бес те болса, он да болса!
Кигіз бенен жарасып үйге шиің,
Қалтада ақша, жасаумен толып үйің.
Бір малың екеу болып жылдан шығып,
Қай жеріңнен келмей тұр, айтшы күйің?!
Мұны айтқаным: Құдайдың бергенін біл,
Білсең, жиып есіңді, өзіңе кел.
Кем-кетік, жоқ-жітікке қайырылысып,
Кәріп пенен қасерді көзіңе іл!
Кедейлерге қарайсың неге қырын?
Не үшін кедей қылды оны, байқа сырын.
Сынау үшін жаратқан бай-кедейді:
"Бір —біріне салсын, - деп, - көздің қырын!
- Жетім көрсең, жексұрын көрме! - дейді,
- Тіленшіні телміртіп жүрме! - дейді.
- Шайтан тұрар: "Берме!"- деп, жағаласып,
Оның айтқан тіліне ерме! - дейді.
- Шұлық пенен бірдей ғып майлығыңды,
Жұма сайын үлестіріп айлығыңды!
Кәріп пенен қасерге қайыр беріп,
Жұрт көзіне түсір, - деп, - байлығыңды!
Бар болғанмен, кей байдың күні жоқтай,
Айтпай жүрдім сол үшін тоқтай, тоқтай.
"Бер!"- деген сөз сараңның құлағына,
Шаншу болып қадалар қалақ оқтай.
Бойы алыста бірталай кәріп(ғаріп) жатыр,
Аштық даңқы дүниені жарып жатыр.
Сол аштарға ас пен су болу үшін,
Басқа жұрттан көп қайыр барып жатыр.
Жын емес, шайтан емес - адамзатың,
Жаралған түп-түзу боп қияпатың.
Көп қатары соған пул жібермесең,
Қор болып жойылмай ма Қазақ атың?!
Кем-кетік, жоқ-жітікті ойыңа алып,
Почтамен жібер сен де ақша салып!
Бұл тілімді алмасаң, алаш, алаш,
Қатардан қор боласың басың қалып!
Зекеті бар, зекетті шығар былай,
Зекеті жоқ қайыр ғыл әлге қарай.
Орынсызға жұмсалып босқа кеткен,
Ессіздерге қор болған есіл мал-ай!
Бірсыпыра жұрт жатыр болып сорлы,
Тұзағына бір жұттың түсіп торлы.
Пақыр, міскін, борышқор, аш, жалаңаш,
Құдай қосқан зекеттің дәл сол - орны.
Аямайтын жау тонап алған соны,
Осы күні тоқтылық қалмай құны.
Өзіміздей жаралған о да адамзат,
Жат емес, Құдай құлы, адам ұлы.
Бұған құлақ қоймасаң, тілге нанып,
Тығып қойсаң ақшаңды кілтке салып,
Құр алақан қалдырып сені мақрұм,
Оп-оңай қоюына Құдірет алып.
Бергеніне Құдайым қолқа салмақ,
Қолқасына тұрмаса, қайтып алмақ!
Қолқасына Құдайдың тұрмаймын деп,
Алған жоқ па ақшасын өртеп Қалмақ?!
Жаным ашып айтамын қатты-қатты,
Сарандық қып жоқ жерде жоғалтпа атты.
"Құдай үшін аштарға жылу бер!"- деп,
Халқыма айтып жатырмын Қазақ затты.
"Айт!"- деп мені жұмсаған Хақ тағала,
Кел, осыған көмек бер, қатын-бала!
Ең аяғы дүниенің бір тиын ғой,
Со да болса, қатардан қалма жана (және).
Көбің көпше қайыр бер, азың - аздай,
Бата бермей жалғанға батпақ саздай.
Қарғаларша жер шоқып қалып қалмай,
Көп ішінде көзге түс қоңыр қаздай.
Аштар жатыр бір жақта жүдеп, азып,
Жеуге тамақ таба алмай жерді қазып.
Бергеніңше бергеннің аз бен көбін,
Мен қағазға тіркеймін санын жазып.
Көз саламын қанша ақша тас тасыңа,
Бермегенің ұшырайсың өз тасыңа!
Бергеніңе атыңды қосып тіркеп,
Ізгі дұға алғыс бар бас-басыңа!
Айтқан сөзге нанбасаң, сендер құлап,
Тұрғаным жоқ алуға өзім сұрап.
Пұлмен бірге жазылып барса аттарың,
Дұға қылар сол аштар көріп, жылап!
Пұлмен бірге аттарың барса жетіп,
Дұға қылар олар да еріп кетіп,
Алыстағы дұғаның қабылдығы
Аспан көктен кетеді зымыра өтіп.
Мұнан да артық дәулетті боласың бай,
Қой, жылқымен толады қолат пен сай.
Мұндай абзал сауаптан мақрұм қал май,
Ізгі дұға алыңдар, ағайын-ай!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу