Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  187


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мінілмеген көлік

Маған десең, дәурен сүр жүз мың хандық,
Қолыңа ұстағаның - пұшайманлық.
Бастан кешкен нәрсені есепке алсақ,
Қай жеріңнен табылар мұсылманлық?!
Ит жиреніп жеместі - біз асадық,
Өрмекшідей ау құрып, тор жасадық.
Он екі хайуан бағып, мазаттанып,
Жылда біреуін жеуменен көп жасадық.
Басы - көті он екі болды харам,
Ала жаулы оның да алтауы - арам.
Ішкен - жеген нәрсені есепке алсам,
Мұныменен боламыз, қайтсек, адам?!
Өткен күнді түсірсек есімізге,
Жылан, тышқан кетіпті ішімізге!
Өңімізде жиренбей қалай жедік,
Шошырлық-ты көргенде түсімізде (түсімізге).
Кей жаман білмейді өткен өмір жасын,
Анықтап біле алмайды дос пен қасын.
Жаңылмасам, жегенім рас шығар:
Жолбарыстың төртеуін, мүжіп басын.
Жылан, тышқан, - кім жүрген соны санап,
Кім жүріпті ескеріп, қадағалап.
"Есепсізден, - деген бар, - есек артық",
Сол себептен ескеріп, білдім санап.
Мақал бар: "Табар ешкі егіз, ит сегізді."
Қатса, бетін кім баспас, көл, теңізді.
Жылан, тышқан аралас жедім бірге,
Екеуінен шын анық мен сегізді.
Құдай білсін болғанын әлденешеу,
Жалғыз емес, анадан тудық үшеу.
Өмір бойы санасам жегенімді,
Адал малдан мен жеппін: қойдан - бесеу.
Артық емес бұл саннан жылқы, сиыр,
Бір соны жоқ, мекенім болды шиыр.
Жаз кетіп, қоңыр салқын күз болғанда,
Жан біткеннен оңаша қондық қиыр.
Жегенім жоқ өмірімде түйе сойып,
Жүргенімді білмеймін немен тойып?!
Он екі айға бір қоян болыпты азық,
Төрт қоянды біржола жеппін қойып.
Өмір бойы жегенім - төрт-ақ балық,
Жемегім бесеу еді, Құдайға анық.
Қожасынан тауықтың - жедім бесеу,
Семіз келді төртеуі, біреуі - арық.
Ести берсең, табылар біздерден кеп,
Жағаңды ұстап, шошырсың: "Япыр-ау!"- деп.
Қайда жүріп білмеймін жегенімді,
Май мен нанда: қойыппын бесеуін жеп.
Бір араға топтанып, бас қос, жиыл,
Жан болсайшы: "Бұлардан, - дейтін-тыйыл!"
Шәуілдейтін, үретін жарықтықтан
Төртеуінен - біреуін сойдық биыл.
Мен жиренбей жегенмін соны не ғып?!
Бойға сіңген тамақ боп, қалай жағып?!
Поселкенің қадірлі хайуанын –
Төртеуін жеп, біреуін тұрмын бағып.
Мұныменен оңайын қайда барсам,
Бұл күйменен не болам, өліп қалсам?!
Бар денемде бармақтай адалым жоқ,
Ішкен - жеген нәрсемнен есеп алсам!
Анық өзім білмеймін есеп, санды,
- Іште жаттың, - дейді жұрт, - бес ай жанды.
- Онда мен неден ауқат алдым?- десем,
- Қорек қып жаттың, - дейді- қызыл қанды.
Тәңірім бізді(бізлі) қадірлеп, жақсы(иақшы) күтті,
Қандай жерді біздерге (бізлерге) қоныс етті?!
Жарық дүние – жалғанға - келген шақта,
Ал дегенде, татыппыз ішке сүтті.
Мен өзім өмір бойы тойда жүрмін,
Қырға шыққан жерім жоқ, ойда жүрмін.
Ит (ет) жүрегім түзуге бір айналмай(айланбай),
Ұйтқып соққан борандай ойда жүрмін.
Боталы түйе болды ғой күлігіміз,
Онан басқа бір болмай керігіміз.
Ешқайда жүре алмадық, тұра алмадық,
Болмаған соң жанашыр серігіміз.
Қорадан өлсе шықпас боталы інген,
Бір жанды көре алмадық күлік мінген.
Бет алып екі - үш күндік барсаң жерге,
Бұрылып, ботасына қайта келген.
"Күлігім бар!" —деп, мен жүрмін көңілім тойып,
Өмір бойы бір жемей, оны сойып.
Көзім көріп, қолым бір ұстамайды,
Күні - түні бордаққа байлап қойып.
Қайдан қалдым қызықты мұндай қуға?!
Жаным құмар жасымнан әр түрлі уға!
Доптай басым арқалап таудай жүкті,
Апарамын көтеріп от пен суға.
"Мінсем, арып қалар!"- деп, ер салмаймын,
Міну жағын әмірімде еске алмаймын.
От пен судан ауызын бір айырмай,
Бағып соны күтуден бір талмаймын.
Тәңірім бізге беріпті: "Мін, - деп, - керік!"
Жергілікті жаратып, қылып серік.
Міну түгіл, жүрмеймін жетектеп те,
Соны арқалап жүруге өзім жерік.
Жасымнан мен арқалап қылдым машық,
Болғандықтан боталы түйеге ашық(ғашық).
Есіл - дертім бұл итке кетіп қалып,
Қызығынан жалғанның қалдым қашық!
Енді, міне, қартайдым, елу астым,
Енді табан, қырыққа қадам бастым.
Мен - арықта, ол - семіз: күнде өсуде,
Қалжырап, арқалаудан енді қаштым!
"Ауырар!"- деп аяумен, мұрнын теспей,
Бота болған бойымен тұр ма өспей?!
Үлек (лүк) болды, нар болды, бура болды,
Жата ма қыста онда бұл ел көшпей?!
Кәне, арба салмадық, не жүк артып,
Ноқтаны быт-шыт қылар бір-ақ тартып.
Басын ұстап, бір нәрсе қылмақ болсаң,
Шап береді өзіңе көз алартып.
Бордақыға, семіртіп, мұнша байлап,
Артасың, атаң басы, сен жүк жайлап.
Жоласақ маңайына енді бірақ (жырақ),
Басыңды быт-шыт қылар бір-ақ шайнап.
Ал, енді мұныменен бітеді ғой,
Мінем десең, көрерсің айт пенен той.
Ғауан үбан заллікке мезгілінде,
Папғау матүғуе амыруын бас сал да сой!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу