Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  647


Жарамазан айту сөзі

Барып ем анау үйге тайлақ берді,
Ттайлағын жібек жіпке байлап берді.
Сабаздың баласына бәрекелді,
Асырып алты қырдан айдап берді.

Ақ үйің ойға қонған орда болсын,
Жиылып ұлы-қызың молда болсын.
Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Пайдасы молдалықтың сонда болсын.

Мінгенім астымдағы бесті дейді,
Жібектен қоржын-қалта есті дейді.
Сауабы оразаның сондай күшті,
Нәпсінің басын баудай кесті дейді.

Мінгенім астымдағы жирен дейді,
Намазды бес уақыт үйрен дейді.
Намазды бес уақыт үйренбесең,
Шынжырлап тозақ жаққа сүйрер дейді.

Айтамыз жарамазан ниетіңе,
Түк таппай жатыр ма екен сый етуге.
Тай берсең жарар еді ат ететін,
Болады бота берсең түйе етуге.

Айтамыз жарамазн құлағыңа,
Әндетіп айтқанымыз ұнады ма?
Тайыңды қимай тұсаң бермей-ақ қой,
Қозы мен бата қылдыр лағыңа.

Барып ем анау үйге лақ берді,
Баласы бәсірем деп жылап берді.
Баласы бәсірем деп жылаған соң,
Әкесі қалтасынан пұл ап берді.

Айтамыз жарамазан жайыменен,
Ораза-Рамазан айыменен.
Ат-шапан бере алмасаң, өкпеміз жоқ,
Бір табақ құрт алып шық майыменен.

Мінгенім астымдағы ақ атан-ды,
Әр жерде мұнша тұрсам таң атады.
Таң атқанның белгісі күн шығады,
Жеңешем жәкемізді оятады.

Ар жақта пейіш тұрар уыздай болып,
Бер жақта тозақ тұрар тұздай болып.
Ораза былтыр кеткен биыл келді,
Ұзатқан сәукелелі қыздай болып.

Айтамын жарамазан ауық-ауық,
Шақырар сөресінде қораз-тауық.
Мырзалығы жеңгемнің тіпті жақсы,
Жіберер үстімізге шапан жауып.

Ей байлар, жатырмысың ұйқылы-ояу,
Үйіңе Қыдыр келді аттылы-жаяу.
Жақсылар, сауабы көп оразаның,
Күтіп ал қыдырыңды деймін, ай-ау.

Жеңешем, осы үйдегі аппақ қана,
Береді бізге орамал сақтап қана.
Күміс ақша жанына қоса берсе,
Жеңешемді жүреміз мақтап қана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу