Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  179


Автор: Жамбыл Жабаев

Жау ажалы жақын

(Сталиннің бұйрығына арналған)

Жайқалады көк майса
Шөлі қанса жаңбырға.
Сталин бір сөз айтса
Күш құяды Жамбылға.
Көсемімнің бұйрығы
Кетті қыйыр ауылға,
Айтқан талай тұрғыны.
Қонды бәрі жадыма.
Жазған бұйрық Сталин
Жаһан тына тыңдаған;
Құтын алса дұшпанның,
Дос-жаранды тыңдаған;
Сапталыңдар кәрі, жас
Бұл бұйрықтың тілі сол,
Қыйт еткенге құлақ ас;
Қыйуадан бәрін шол,
Елмен майдан екі ара.
Бір жүрекпен қозғалсын.
—Басы-көзі қан жара,
Жоса болып жау қалсын!
Сонымен бір толғайын!
Жырым жұртқа таралсын,
Қасқыр шапқан қойдайын,
Быт-шыт қылып арасын,
Қанат сілтеп самғайын,
Құртуға жау қарасын.
Сүйегімде салтым бар,
Жасымайтын соғыстан.
Батыл, қайсар халқым бар,
Үлгі үйренген орыстан,
Еркін қайрат, ақылдар
Бір бойына тоғысқан.
Тынбақ емес мұндай ел,
Шешпек емес үйде бел.
Жауды қумай қоныстан.
Болған емес өмірде
Ата-баба жерінде
Неміс билік құрған күн.
Соқтықса да қандай жау,
Кеткен емес қайта сау.
Өз қанына тұншыққан,
Жер айыққан қырсықтан.
Күле жайнап күн шыққан,
Басқан емес қара түн.
Неміске де сол зауал,
Ажал жақын оларға!
Мұраларды қыйратқан,
Балаларды шулатқан,
Жұрт аруағын қорлаған,
Әйелдерді зорлаған,
Бейкүнәні тонаған,
Бейбіт елді талаған —
Қарақшыға қанішер
Еш рахым болар ма
Жұрт аузында бір-ақ сөз:
Жоқ қыламыз жауды тез!
Топырақты таптатпай,
Талқандайтын жетті кез!
Серті осылай бұл елдің:
Бір өлімге мың өлім!
Жыйырма сегіз батырдың
Кегін алар жұртым бар.
Мен де соның жыршысы
Қалғанша қан тамшысы,
Қызмет етем бұл жұртқа,
Көсем берген бұйрыққа
Жанды қыйдым, бас тіктім,
Жырым мұны ұқтырар!
Құтқарғанша қорлықтан
Бұғаудағы туғанды,
Біткенше жау обыққан,
Неге аяйын бұл жанды.
Аярым жоқ бұл жолдан!
Айтарым сол бәріңе:
Қайрат, қару, тіл болған
Мен сыяқты кәріге
Көсем жазған бұл бұйрық,
Көкте ойнаған жасылдай,
Жау қабағы ашылмай,
Көктен оқ боп тұр құйып,
Қасарғанмен түк келмей,
Қанішерлер қалжырар,
Соңғы демі біткендей,
Аяғын әлі-ақ шалғылар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу