Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  205


Автор: Жамбыл Жабаев

Той күні таяу

Боранды қыстай бұрсанған,
Болат пен темір құрсанған,
Бұлтты күндей тұнжырап,
Қабағын қатып томсарған —
Қаһарман Қызыл Армия,
Қамалын бұзып дұшпанның
Ғаламға қылып жария,
Жапырып жауды, жар салған!
Ерлерге сәлем кәріден,
Туысқан елдің бәрінен:
Тігемін түгел жолыңа,
Қайратым құрыш әлі де!
Тепкінің қатты тигенге,
Шыдамай жаудың қамалы
Шатынап, сынып, жарылды,
Шабуыл жолы салынды!
Тартылып жердің танабы.
Тынысы жаудың тарылды.
Дегенмен қатты майдан бар,
Ышқынар әлі айдаһар,
Ысқырар әлі шағам деп,
Ұлдарым, одан таймаңдар!
Құралды өткір қайраңдар,
Жасылдай атып жайнаңдар!
Жосадай қылып жауызды
Жөңкілтіп жерден айдаңдар!
Тасқынға қатты қақтығып,
Балықша дұшпан қайраңдар!
Қолыңда күшті сайман бар.
Қол басшың көсем Сталин,
Сынаған шыңдап майдандар!
Жеңіске бастап келеді ол,
Күніміз жақын сайрандар.
Алатын жауды айлаң бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу