Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  253


Автор: Жамбыл Жабаев

Сталин

Жер байлығы болмаса,
Жерден алтын шығар ма?
Ел қамын ойлар болмаса,
Ерден ақыл шығар ма?
Теңіз терең болмаса,
Түбінен інжу терер ме?
Көгінен күн тумаса,
Жарықты жұрт көрер ме?
Туып, өну болмаса,
Адам өрбіп өрер ме?
Күн сипатты ұл тумаса,
Күнге адамды теңер ме?
Күн келбетті дана адам
Күн сөнгенде сөнер ме?
Нұрдай адам болмаса,
Жарқыратып әлемге
Таң шапағын төгер ме?
Нұр сипатты дана ұлдың,
Күн сипатты адамның
Туғанын жұрт біледі,
Сондай ердің тууын,
Болатпен бел бууын,
Күткен едің жұртымның.
Ғасыр бойы тілегі.
Сол ұлы адам туғанда,
Қанат қағып шыңнан да,
Ұшты таудың түлегі;
Көтерілді күлімдеп,
Аспанның көк жиегі;
Күмістеніп көрінді
Атар таңның иегі.
Бесігі тау, анасы ел,
Жазғы самал тербеп жел,
Өсірді оны аймағым
Етуге өмір тірегі.
Ол ержетіп өскенде,
Ел тағдырын шешкенде,
Қара бұлттай серпілді
Заманның басқан түнегі.
Оның биік тұлғасы
Жеткізбейді тауыңа,
Оның терең ақылы
Түпсіз мұхит дария,
Оның сөзі жалынды
Толқындай ұрған жарына;
Жазық маңдай, жарқын жүз,
Туды ол адам бағына.
Қыран кеуде, кең топшы
Айбыны күшті жауына;
Оның аты Сталин
Тұлға болған таңыма.
Соның күшті нұрымен,
Жылу кірді жаныма,
Қызу кірді қаныма.
Мұнан алпыс жыл бұрын
Мен отыздан асқан ем.
Жел аударған қаңбақтай
Өмірдің ызғар желінен
Даладан безіп қашқан ем.
Бірде мініп есекке
Бірде жаяу, есепке
Алынбай, әбден сасқан ем;
Соғылған ем тарығып,
Маңдайымнан тасқа мен.
Мұнан алпыс жыл бұрын
Туған екен Сталин.
Зарлаған ел бағына,
Арналып атар таңына,
Белін қынай болатпен
Буған екен Сталин.
Ленинмен қол алысып,
Жауға қарсы шабысып,
Жауды жерге жанышып,
Жеңген Ленин—Сталин!
Сталиндік заманда
Жазылды бүкіш беліміз,
Ұлы дәуір жазында,
Нұрланды бүкіл еліміз,
Ол өрені өреннің,
Жан серігі Лениннің,
Ленин менен Сталин,
Көрсетіп өмір ұшпағын.
Тарқады біздің шеріміз,
Ленин туы астында,
Ұлы Сталин еріміз,
Бастауымен бақ қонып,
Інжу шашып көліміз,
Алтын атты жеріміз.
Шалғынданып көгіміз, —
Шалқар, ұлы елменен,
Сөйлескендей желменен,
Шүйгін болды шөбіміз.
Туындай есіп төліміз,
Жер кернеді кеніміз;
Хан менен би, патшадан,
Ежелгі жау дұшпаннан,
Алынды таптық кегіміз!
Көсегеміз көгеріп,
Жібіді кепкен көніміз; -
Салынды еркін әніміз,
Алынды еркін дәміміз!
Алатаудың бауырында
Қаламыз толы құл болған.
Верный атты қалада,
Құлазыған далада,
Құлдық пен зарлы мұң болған.
Қалада патша жендеті,
Құлдыққа қожа — міндеті,
Көшеде жалғыз жарық жоқ,
Қараңғы керек түн болған.
Мешіт, шіркеу, абақты, —
Аранын ашқан ін болған.
Алыс тұрып қаладан,
Есекке мініп даладан,
Оқта-текте қалаға,
Келетін күйсіз күн болған.
Кез келгенге бас иіп,
Бүгежектеп асыға,
Бас изесем сақалым,
Тиіп ердің қасына,
Ай, антұрған, жендеттер,
Деп ішімнен қиналғам.
Алатау қазір түрленіп,
Алатау қазір гүлденіп,
Алматы менің астанам
Күндей жайнап нұрланған.
Алатаудың алқабы
Дала еді бұрын шөлдеген!
Атан тайып, нар шөгіп,
Болдырып бура зар шегіп,
Жәндік бар ма ед өлмеген?!
Сол жер қазір жайнады,
Сол жер қазір арналы,
Орал—Көшім каналы
Өзен болды ерлеген!
Қанаттанған халық үшін,
Бақыттанған жалпы үшін,
Қыран құстай қомданған,
Күні-түні ойланған,
Кім екен? — деп сұрадым,
Жүрегімнен жайнаған.
Сәуле беріп жарықтан,
Ұлдарға хат танытқан,
Құлшындырып қойшының,
Кісенін шешіп ағытқан,
Батырағын даланың,
Білімді ғып оқытқан,
Профессор, ұшқышты
Батыр ғып батыл ең күшті,
Білімге құстай тоғытқан,
Мұғалім, ақын, докторын,
Советтің ұлы отты ұлын,
Әкесіндей ардақтап,
Бес жылдық ұлы планда
Еңбегімен алға аттап, •
Халқыменен бірге аттап,
Таңның нұрын төкті кім?
Ленинге берген ұлы антын,
Орындап оның шын шартын,
Ұшан қиыр теңіздей
Еліне еңбек етті кім?
Ұрпаққа алтын заң берген,
Халқына мәңгі таң берген,
Депутаты халықтың,
Болып нұры жарықтың,
Тұрған кім сөйлеп көп тілін?
Деп домбыра шегінен,
Жүрегімнің төрінен,
Сұрап едім, тіл қатты:
Деп ол — ұлы Сталин!
Сондықтан жырым жырлайды
Сталиннің нұсқауын!
Біздің ұлы Отанның
Он бір алтын отауы
Туын тікті, көріңіз!
Он бірдің бірін caнaca.
Қазақстан тамаша
Өркендеді өріміз.
Каспийден бастап Алтайға,
Тоғысқан алқап шегіміз;
Ұлы Отанның көңілі
Ойы менен қырлары,
Кәрі, жасы, қыздары,
Өсті есепсіз .ұлдары,
Достығы үшін халықтың
Нығайды тартқан желіміз
Ел достығын ұстаған
Данышпаным Сталин,
Кремль, Москва — төріміз!
Халықшыл ұлы держава,
Тегеурінді тегі біз;
Асқар таудай халықпыз,
Жиһанда жоқ теңіміз!
Батыстағы біздің дос
Украина, Белорус,
Бұғауын үзіп пандардың,
Ері болып майданның,
Сталин атын ұрандайд,
Фин халқы көріп майданды,
Қуып жебір байларды,
Сталинді ту қылып,
Сталин салтын ұрандайд;
Қытай, Монғол елі де,
Сталин атын атаса,
Қуанбайын тұра алмайд!
Алпыс жасты жасаумен
Асқарлаған Сталин!
Жасымен бірге қайраты
Аспандаған Сталин!
Ешбір жаудан, қамалдан
Жасқанбаған Сталин!
Ақ қылыштай қайралған,
Жігіт болып жайнаған,
Жетті жаңа жасына;
Жалғыз тал ақ кірмеген,
Оның қара шашына.
Жігіт демей не дейін —
Жамбылдың жарты жасында
Сталиннің нұрынан
Жасарып қайта жаралған,
Қуатым, жырым әлі жас,
Тоқсаннан асқан жасымда..
Ол, алпыс жыл бойына
Етті еліне еңбегін,
Таң нұрына шомдырып,
Төкті елге еңбегін;
Айта берсем тіл жетпес,
Еліне бақыт бергенін,
Ұшан-теңіз халқымнан
Менің де көп көргенім,
Бақыт үшін, халқы үшін,
Өмір үшін, жалпы үшін,
Коммунизм сәні үшін,
Адамзаттың бағы үшін
Сталин — күнім, жарығым,
Жарқырай бер, сөнбегін!
Ұзақ болсын өмірің,
Әлі де мәңгі өмірге
Қырандай қанат сермегің!
Жарығым, сенің тойыңа
Шашу етіп, ойыма —
Келген жырды термелеп,
Осы менің бергенім!
Менің де, елдің тілегі,
Сүйіп сені жүрегі,
Көсемінің тілейді
Қонаққа бізге келгенін!
Қонаққа кел, Сталин!
Көр колхоздың ерлерін,
Сенің алтын нұрыңмен,
Көрші біздің колхоздың,
Гүл майысқан жерлерін!
Балдан тәтті қымызды
Құйып беріп біз Сізді
Сыйлаймыз, кел қонаққа..
Темекі де бізде бар,
Муштукке сал, ықтыяр,
Бере аламыз орап та,
Желден жүйрік көлікке,
Мінгізіп Сізді жүйрікке,
Алтын жабдық, ер-тұрман,
Береміз ерттеп құр атқа!
Шақырады Сізді қонаққа,
Мен де, біздің халықта?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу