Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  204


Автор: Жамбыл Жабаев

Мұғалімдерге сәлем

Кәрі, жасын елімнің,
Тұнығына білімнің
Жүздірген тау бұлақтай,
Таңдауындай тарихтың,
Көзін ашып халықтың
Түнде жанған шырақтай, —
Оқытушы мұғалім
Білімі елге мағұлым,
Оқытып ел баласын.
Ашып көңіл санасын,
Оқымысты жастарды
Өсірді сүйрік құрақтай.
Гүлім бар ма ед жерімде,
Білім бар ма ед жерімде,
Октябрьден жарқырап
Туғаныңша таң атпай.
Октябрь күні туғалы,
Болатпен белді буғалы —
Сталиннің нұрымен
Халқым бақыт құшақтап
Жерім болды жанаттай.
Оқытушы мұғалім,
Сендерді өмір нұрлады,
Сені алтын таң аялап,
Еңбегіңді бағалап,
Үкімет — ұлы штабың,
Қадірлеп ұлы Сталин
Орден тағып сыйлады.
Біздің елдей ел бар ма,
Мұғалімді сыйлаған,
Жан бар ма, сірә, басқа елде
Еңбегі біздей сыйланған.
Ғасырлардың ардақты
Ғасыры бізде жүлде алған.
Басқарушы большевик
Партиясы нұр жанған,
Тоқсаннан асқан жасымда
Сталиннен нұр алған,
Отан үшін сондықтан
Жамбылдың жыры жырланған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу