Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  177


Автор: Жамбыл Жабаев

Кавказға сәлем

(ССРО жазушылар одағының Тбиласиде Шота Руставелидің 750 жылдығына арналған пленумінде айтқан өлеңі)

Ақсақал Жамбыл келед жанаттанып,
Қиялы қияға өрлеп қанаттанып,
Жазылып бүкіш белі қуаттанып,
Туған ел сәулетімен санаттанып!
Қолға алып домбырасын жаны жайнап,
Сталин дәуірінде талаптанып,
Ән шырқап шарықтаған сағатында,
Жыр арнап, шың Кавказға қанат қағып,
Ардақты ел, ер туғызған алтын бесік,
Бөленіп сенен ақын Шота да өсіп, —
Ертеде тау тербенте төккен жыры,
Еліне Қазақстан желдей есіп
Жетті де, сазына оның қосылды ауыл
Сталин дәуірінде гуілдесіп;
Жайнаған қуанышты, нұрлы өмірде,
Грузиннің ұлы халқы күлімдесіп.
Келемін ұшып Кавказ асқарына,
Теңіздей бахыт берген астанаға.
Жайнатып жылағанды жадыратып,
Ұшырған баулып қыранды аспанына.
Сталин халықтарды достастырған,
Мейрімді кәріге де, жас балаға.
Сұңқардай түлеп ұшып тауға жаным,
Аңқыған асқарына Дағыстанның.
Ақын дос Сүлеймандай құрдасымның,
Саңқылдап ауылына жетсін әнім;
Өлген жоқ Сүлейманның отты өлеңі,
Өшіре алған жоқ ажал оның әнін.
Ащы әні өткен оның таудан, тастан,
Жырыма оның жыры көп ұласқан,
Құлпырып Қаскелеңнің көлеміндей,
Әсем ән Алатаудан шыңнан да асқан.
Жасасын советтенген сүйікті Отан,
Күндей боп ұлы Сталин нұрын шашқан,
Құп алсын Кавказ халқы сәлемімді,
Шыңының шынар тасын сүйген аспан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу