Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  204


Автор: Жамбыл Жабаев

12-декабрь

Күнінде ұлы тойдың бойды кернеп,
Лапырып арнасында шабыт өрлеп,
Толқындай бұлтты сөгіп көзге ілікпей,
Бұлқынып асау қиял құлаш сермеп.
Жорғалап желмаядай жер-су баспай,
Нөсерлеп төгіледі өлең селдеп.
Ақынның асқақ көңіл, қызыл тілі
Самғайды сұңқардай боп ағып, көлбеп.
Оймыштап сөз нақысын ұлы тойда,
Шаттанып асыл сөзден тоқиды өрнек.
Сөзі алтын, тілі майда, жыры жібек,
Еркіндеп ен бақытта бойын тербеп,
Кәрі ақын қадірлі күн келгенінде
Шырқайды домбырасын көкке сермеп.
Елім бар басқа елдерден тұрқы бөлек,
Бостандық жемісінен еткен керек;
Ай күліп, жазы туып балбыраған,
Тамылжып мизамы ұшқан, балын төгед,
Бау-бақша ұшан-теңіз ен дәулеттің
Жайқалып жапырағы жұпар себед.
Құлпырған колхоз қыры қызғалдақты,
Тамаша жүз құбылып, әсемденед.
Құрақтай көк егіннің көп өнімі
Құнартып жылдан жылға артық өнед.
Ыңырсып колхозымның төрт түлігі
Ауылдан маң-маң басып, өріске өред.
Қаламның көк шудалы алыптары,
Қуаты сыртқа теуіп күңіренед,
Ауыл мен қала арасын сайрандатып,
Желдетіп желмаядай поез желед,
Зуылдап көз ұшында дөңгеленед,
Жансызға жан бітірген жас ұрпақтар
Күші ерен, ақылы кең, ойы зерек.
Қиылған қалам қасы . жас сұлулар »
Ойнатып он саусақтан өнер төгед.
Елімнің кәрі-жасы бірдей батыр,
Жер тіліп, суды ағызып, бұлтты сөгед.
Дәулетті, сәулет, мүлік бар қызығын
Шашусыз шашып-төкпей халқым көред.
Халықтың данышпаны ұлы Сталин,
Асусыз асқар біткен алтын терек,
Мәпелеп қалың елге нұрын төгіп,
Таусылмас ен бахытқа қойды бөлеп.
Азаттық арнасына алып келген
Көсемін қалың халық жақсы көред.
Айсызда адастырмас шам-шырағы,
Күдіксіз көтеріле соңына еред.
Жалғыз біз емес онан жарық алған,
Сталин жер жүзілік елге керек.
Сөнбейді ұлы Сталин жарық күнім,
Жалпыға жарқыратып төккен нұрын,
Тасыған емін-еркін ен дәулетті
Көріп пе мұндай болып тарих бұрын?
Көсемі қалың елдің ұлы Сталин,
Сүйікті шын шәкірті Лениннің.
Түйдектеп жаңа заңға түгел жазды
Олжаны ішіндегі жиырма жылдың.
Күй кернеп, шаттық тасып, нұрға бөлеп,
Гүлге орап түрлендірді ой мен қырын.
Сайлауда — ұлы күнде Отанымда,
Ұсынар елім таза, адам ұлын.
Сақталық ұлы олжаны жауға бермей,
Халықтың жалғыз тайын етпей шығын.
Капитал аузын ашса, тұмсық сұқса
Жауабын бере аларлық, жауға мығым.
Осындай ұлы ерлеріме дауыс беріп —
Миллион жұрт қол көтермек міне бүгін!
Халқыммен мен де бірге ұран салып,
Актарып ағызамын сөздің сырын;
Адамның ардақтысы ұлы Сталин,
Өмірім — бәрі саған, даусым, жырым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу