15.04.2021
  225


Автор: Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Студенттік өмірдің қызықтары

Студенттік өмірдің қызықтары


Студент болып атанғаныма екінші жылдың жүзі. Әке-шешеме, ауылыма деген сағынышымды басып, Семейге қайтар уақыт та таяп қалған. Біздің ауылға автобус кірмегелі қашан. Алматы мен Талдықорған жаққа қатынайтын көлік бұрылып ауылға кіретін бір кездері. Ол кезде ауылға кіретін бұл  екі ортаның жолы жақсы. Кейіннен осы ортадағы кішігірім көпірімізді су шайып кетіп қатынамай қалған-ды. Содан автобус жол-жөнекей ауылға алты шақырымдық жерге тастап кете беретін болды. Мұндай жағдай ауылдың тұрғындарына қиын соқты, ал жұмыссыз, көлігі бар азаматтарымызға жақсы болды десем болады. Тасист болып аталған алты шақырымдық екі ортаға кісі тасып, күндізгі тасылымдары бір баға, кешкілігі одан екі есеге арттырып нәпақасын тауып жүр. Бұған ауыл халқының да еті үйреніп кеткен. Қайтуға беттегендерге де, келушілерге де оңай емес-ті. Себебі, автобустың нақты келер уақытын білмей, топшылап шығып кейде кешігіп, кейде тосып та қалып жатамыз.


Ауылдық жер белгілі ғой, жұмыссыздық көп. Қарақолдықтардың бір кәсібі балық кептіріп, «кәптит» етіп сату. Біздің ауылдың балығын жегендердің аузынан дәмі кетпей, жете алмай аңсап жүреді. Сонысымен де ерекшеленіп тұрады. Тіпті, бала кезімде ата-анам да бұл кәсіппен айналысқан. Балықты  екіге жарып, ішін тазалап, жуып, кептіріп,тұздап әкем кішігірім «каптилканың» ішіне салып қақтап алып шығатын. Дайын болған балықты ала дорбаға салып жаңағы жол бойына шыққанымызда, арлы-берлі өткен жолаушылар сатып алып кетіп жататын. Қазіргі уақытта осы жолдың бойына балық сатушылар үйшік салып, сонда демалып жатады.  Сыртқа ағаштан адам жасап, киіндіріп, қолына балыққа ұқсатып ағаштан жасаған құралын іліп қойып, «бизнесін» дөңгелетіп отыр.


Көпір жөнделгенімен де жаңағы жолымыз ойдым-ойдым болып, шұрық тесілген, шаңы бұрқыраған атарбаның жүрер жолындай болып та қалды. Бұл алты шақырымдық жолды жөндеуге әне ақша бөлінді, міне бөлінді деп жүрген сол қаражаттың кімнің қалтасын қампитқаны да белгісіз. Әйтеуір қойшы, сабақ таяды, ауылдағы студенттердің бәрі қайтуға беттеген. Автобусты тосатын бұл жол бойын «Поворот» дейтінбіз.


  Әкеміз ана таксистке хабарласады ол бос емес, басқасына хабарласады ол да, сөйтіп әйтеу біреуі табылып, уақыты келіп «Поворотқа» ұштық. Артымыздан жеткен үш-төрт таксистер де лық толы, барғанда да екі-үшеуі тұр екен. Бәріміз «стартта» тұрмыз. Автобус келсе анасын жаңа көрген баладай асыға жүгіріп, үлгергеніміз мініп үлгереміз, үлгермесек қаламыз. Себебі, орын шектеулі болып келеді, кей уақытта ғана бос орындар көп болады.


Асығып жеткенімізбен де автобусты төрт сағат күттік.


  Келген бетін көріп жанталаса қарғып міндік. Лық толы жан. Ішінде ауа жоқ. Бірақ, автобус жүргізушілері біріміздің көңілімізді қалдырмай салып алды. Орын жоқ салонда тұрып барасыңдар деді. Амал нешік, келісуден басқа жол жоқ, қалып қойсам оқу орнынан шығарып жіберуге дейін баратын қатал тәртіп бар... Сөйтіп «Семейім қайдасың?» деп аттанып кеттік.


400 шақырымдық жолды 11 сағат бойына тұрып келіп, әрең дегенде Семейдің шеті көрінді. Автобустан түсе сала, жатақханаға қарай беттедім.  Басқа оқу орындарындай емес, бұл жердің тәртібі өте қатты, өзгеше. Киім киісің мен шаш қойысыңа дейін жіті қарайтын бұл оқу орнынан тіпті аты-жөнің жазылған, суретің ілінген бейджиксіз де аттап баса алмайсың. Кіреберісте қақиып кезекші топпен бірге кураторлары тұрады. Бір есікте бірнеше қарауыл. Әрқайсысының «сканерінен» өтесің. Кешіккен жағдайда, не аталған бейджігіңді ұмытсаң, яки киімің өзгешелеу болса колледждің «Тікенегіне» шығасың және кіргізбейді де. «Тікенек» дегеніміз жаңағы тәртіпке сай келмегендерді  аты-жөніңді және қай топ студенті екеніңе дейін, не үшін шыққаныңа дейін жазып іліп қоятын баннер.


Бірінші курста қызық болған. Қыстың уақыты «уги» деп аталатын жайдақ етіктің ішіне классикалық түрде киілген шалбарымның балағын салып алғаным бар. Өтіп бара жатқанда мені тоқтатып, шалбарымның балағын етігімнің сыртына шығаруға бұйрық берілді. Дүрдиген етіктің сыртына тар балақты әрең қаптап өтіп «клоун» кейіпінде жүрген күнім болған.


Солай жатақханадан киімімді шыттай қылып киіп, шашымды тастай қылып буып, «болашақ мұғалімдер биік өкшелі туфлимен жүру керек» деген жаңа заңымызды ескеріп биік өкшемді аяғыма іліп, корпусқа қарай беттедім.  Жолай осы оқу орнының студенттері де көзіме түсті. Жаңа заңның  талабын бұзбауға бекінген барлығы. Қабылданған заң бұзылса, жазаң да дайын. Өмірі өкшелі аяқ киім кимегендердің жүрісінен-ақ белгілі болып тұр. Біреуі талтаңдап, енді біреуі қиқаңдап әрез келе жатыр. 


Кезекшінің алдынан өтетін барлық сынақтан өтіп болғасын кабинетке беттедім. Екі ай шамасында көрмеген группаластарым бар, кураторымыз... бір-бірімізді сағынысқаннан құшақтап, мауқымызды басып алдық. Басқа топ сияқты емес, біздің топ ерекше ұйымшыл, барлық жерде жарқырап жүретін беткеұстар  болды. 


Осы оқу орнында қалыптасқан бірінші курс студенттерінің қабылдау салтанаты болатын. Оны «Паю-маю» деп атайды. Себебі, жаңа келген студенттердің бойындағы жасырынып жатқан талантын ашуды мақсат еткендіктен солай аталып кеткен-ді.  «Паю-маюге» дайындалудың өзі де бір қызық. Бұл жерде тек қана студенттердің өз шама-шарқын көрсету ғана емес, мұғалімдердің және әр бөлім меңгерушісінің  де намысы тұрады. Кімнің дайындығынан өткен топ жеңсе сол үлкен абырой. Дайындыққа топ жетекшіміз, музыка мұғалімі бөлінеді және бөлім меңгерушіміз де қатаң бақылауына алады. Кураторларға да тобының «ең мықты топ» болуы маңызды. Есімде алғашқы уақыттары таң бозарып атқанда кірген оқу орнымыздан түн түнегін салбыратқан уақытта шығатынымыз. Сабақ... одан кейін басталады қызу дайындық. Солай бір айдан артық уақыт дайындық бітіп, өнерімізді ортаға салатын уақыт та келген. Сыннан сүрінбей өтуге барлығының жаны құштар. Сайысқа түскен 20 топтың ішінен барлық сыннан мүлтіксіз өтіп, жеңіс тұғырына көтерілдік. Содан бастап қандай іс-шара болмасын біздің топ бірінші орында қатысу керек-тұғын. Ешқандай іс-шарадан шет қалмадық. Топтағы 25 студенттің барлығының өзіндік өнері бар. Мамандығымыз қазақ тілі мен әдебиеті болғасын  тұнып тұрған өнерлілер тобы болып шыға келгеніміз де бір қызық.


Сабақ ортасында үлкен үзіліс болатын. Студенттің жайы белгілі, асқазан қамын күйттеп кетеміз. Колледж ішіндегі асханаға үлгеріп бармасаң ұзын-сонар кезектен өткенше үзіліс уақыты да бітеді. Сондықтан ондай тізілген қауымды көрсек, оқу жанындағы рельстің ар жағындағы асханаға барып, асымызды ішеміз. Берілген уақыттан қалмау үшін қолсағатымызды аңдып отырамыз, кейде әңгіменің түбіне түсіп ұмытып кетіп, жүгіре шыққанда жолымызды вагондар жауып бөгейтіні бар. Қорқынышты болса да вагондардың астынан қисынын тауып, еңбектеп өте шығатынбыз... 


Тағы бір қызық, оқу материалын іздеу үшін, керегіңді алу үшін интернет керек. Оған барлығымыздың шамамыз жоқ. Сондықтан қаланың орталығында интернеті тегін донер кафесіне барып 50 теңгеге кофе алып, сол тастай болып суып кетсе де, кафені жаптырып бірақ шығатынбыз. Құдай біледі, бізді сол жердің даяшылары да жаттап «50 теңгеліктер» немесе «кофе» келе жатыр деген лақап аттар да қойып алған шығар шамасы. Студенттік өмір деген ақшаңның жоқтығымен, қарыныңның аштығымен де қызықты кездер ғой, шіркін. Келесі кезекте студенттік өмірімде кезіктірген махаббат хикаясы болмақ...


Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу