15.04.2021
  143


Автор: Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Мұң шеруі ме, жын шеруі ме?

Мұң шеруі ме, әлде, жын шеруі ме?


Халықаралық әйелдер күнімен тұспа-тұс  Алматыда  «Әр әйел жалғызым!» атты бейбіт шеру ұйымдастырылғаны бәрімізге мәлім.  Жергілікті әкімдіктің келісімімен өткен бұл митингте тұрмыстағы зорлық-зомбылық, әйел теңдігі және сексуалдық зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтыны, педофилизмнің көбейгені ,  "ұлттық құндылықтар", "қазақы тәрбие" және "жиіркенішті әлемдік құбылыстар" туралы мәселелер қозғалып, айтылды. Ал, көзімізге түрткі болған, көңілімізге күдік ұялатқан «Өз жатырым – өз ережем», «Ана болу міндет емес!» деген сынды плакаттар  болды. Сонда бұл шерудің басты мақсаты қандай деген қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі әйел құқығын қорғау мақсатта жасалған шеру десе, бірі ЛГБТ өкілдерінің ұйымдастырған шеруі деп қарады.


Әрине, әйел өз құқығын қорғағаны жөн шығар. Бірақ лесби, гейлар, трансгендерлер мен  жыныстық қызмет көрсететін әйелдердің құқығы қорғалуы керек деп дәріптеу ақылға сыя ма? Бұл шын мәнінде азғындықты дәріптеп, адамдық қасиетті аяққа таптау ғой!


Сонда біз келер ұрпағымызға қандай тәрбие бермекпіз? Яғни, жыныстық қызмет көрсету не болмаса қызың қызбен шаңырақ көтеріп, ұлың ер адамды келін қылып алып келсе, не жыныстық қызмет көрсетемін дегенге біздің қарсы тұрмауымыз керек пе  деген сауал туады. Ондай санасыз ұрпақ келсе ұлтымыздың азғындалғаны ғой. Ата-бабамыз бізге бейбіт елде тұрсын, өзімізді жоғалтып алмайық деп қасық қанын төккендегі еңбегі осы ма?


– Біз, "Феминита" – лесби, бисексуал, квир, транс әйелдер құқығын қорғаушы феминистерміз. Сонымен қатар, жыныстық қызмет көрсетіп жүрген әйелдердің адам құқығы, қадір-қасиеті бар екенін баса айтамыз. Шешемнің маған қалдырған өсиеті бар еді, «Кең болсаң, кем болмайсың» деген. Құрбыларым, достарым, сіздерге былай деп айтқым келеді: Қазақстанда лесби әйелдер бар, оның бірі – мен. Өзге әйелдердің құқығы бар, оны қорғаушының бірі – мен. «Болсаңыз кең, болмассыз кем, болсаңыз кең, боламыз тең,» – деді акцияны ұйымдастырған "Феминита" феминистік бастама тобының негізін қалаған белсенділердің бірі Гүлзада Сержан.


Осындағы шешемнің маған қалдырған өсиеті бар еді дегені қай сасқаны?! «Кең болсаң –кем болмайсың» деген аталы сөзді басқа жаққа бұрмалап, өз пайдасына қарай қаратуы жөнсіз-ақ. Анасы осындай бол деп тәрбиеледі дегенге келтіргені, отбасымның тәрбиесі дегенге нанымсыз.  Жұртының мұңын айтып шыққан бейбіт шеруде бұлай тайраңдатпақ түгіл, қолын қайырып сүйреп, алып кетіп бір шағын автобусқа бірақ тығатын. Шеру дегенде көзімізге осындай жағдайлар ғана елестейтіндей халге жеттік. Ал бұл жын-ойнақ қалайша тым-тырыс өтті!?.


 


« Тіл шеруіне жол жоқ - жын шеруіне жол көп!»


 «2020 жылы 15 желтоқсанда, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тілді қолдау туралы митинг өткізбекші болғанда, билік пандемияны желеу етіп, рұқсат бермеді. Мемлекет мемлекеттік тілін қолдау митингісіне қарсы болды! Негізі Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, Мемлекеттік тілін қолдау үшін митингі сұрап, депутаттық сауал жасап жүрген ел әлемде жалғыз Қазақстан ғана! Ал сол күні ресми рұқсат берілмесе де, митингіге шыға беруге билік рұқсат беріп қойған әдеттегідей үйреншікті сценариймен кезекті оншақты адам шықты...


Ал кеше ғана Алматыдағы гендерлік теңдік тақырыбымен әйелдер құқын қорғауға арналған шеру болып өтті.


Әрине, әйел құқын қорғау қашанда маңызды. Қазақ халқы о бастан үкілеген қызын төрге отырғызып, аяулы ананы ардақтап, асыл жарын құрметтеп өскен халық. Бірақ, ешуақытта қазақ әйелі пір тұтатын ерімен өзін теңестіріп, ерсілік жасамаған, әйелге тән әдебімен, пайым-парасатымен қасиетті саналады. Қазақтың батырлар жырын алсаңыз да, Алпамыс батырмен бірге Гүлбаршын, Қобыланды мен Құртқа, Ер Тарғын мен Ақжүніс қатар айтылып, дәріптеліп келе жатыр.


Бірақ кешегі шеру ішіндегі «Жатырымыз өзіміздікі, оны не істейтінімізді өзіміз шешеміз» деген ұрандар көтерген, құрамы күмәнді топтарды көргенде қаны бар елдің қаны қайнауда...


Шеруде бір жыныстылардың бір-біріне үйленуін үндейтін, жезөкшелердің құқын қорғауға шақырған жын-жыбырлардың жалаулары да жалбырап жүр екен...


Қазақ әйелдерінің қолынан «Менің жатырым - менің ережелерім», «Күштің жынысы жоқ», «Ана болу міндет емес» деген ұрандарды көру қандай қасірет еді?!.


«Бүгінгі акцияны ұйымдастырған «Феминита» феминистік бастама тобының негізін қалаған белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Қазақстанда лесби, бисексуал, квир, трансгендер қауым өкілдері, жыныстық қызмет көрсететін әйелдер құқығы қорғалмай, қорғансыздың күйін кешіп келе жатқанына көпшіліктің назарын аударды», - деп жазады «Азаттық».


Яғни, Тіл шеруіне жол жоқ - жын шеруіне жол көп болып тұр шындығын айтқанда.


Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қолы зорға жеткен қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдығын -Тәуелсіздік бесігі болған Алматыда осындай Ұлттық ұғым мен салт-дәстүрімізге жат масқара шерумен бастап қарсы алудамыз!..


Осы біздің елде Ұлттық идеология деген бар ма?


Азаттықты асқақтататын, Ұлтты сақтап қалатын Ұлттық идеологияны қашан қолға аламыз?» - деді ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек ИСА.


Және адамның жынысын өзгертуге рұқсат етілетін заңның желіде қызу талқыланып жатқаны тағы бар.  Ал, енді қарап көрелік  біз қазақ жалпы ұл баланы қатты аңсаймыз шындығына келсек. Таяуда түсіріліп біткен «Ұлы дала зары» кинофильмінде бір эпизодын мысалға келтірсек. Бүркітші күйеуі мен үлкен ұлы қызылдардың қамауында жатқанда, әйелі қалған екі баланы аштан өлтірмеу үшін азық іздеп жолға шығады. Жолай аш қасқырлардың қоршауына тап болған анасы «балам, бізді осында күт, алып кетеміз» деп қызын соңғы рет құшақтап, қатты қысып, тастап кетеді. Мұнысы – ұрпақ жалғар ұлының амандығын ойлағаны…


 Дүниеге ұрпақ жалғарым келді деп қуанып жүргенде ол жынысын ауыстырып қыз болып жатса әке мен ананың сынғаны сол емес пе? Тәнін саудалайтын қыз бен бір жынысты отбасын құратын ұлы болса түбі қазақтың жойылуына арқау. Бәрі сондай болып кетеді дегендік емес, бірақ мұны ашық түрде насхаттап жатқанды көрген ұрпағымыз еліктемей қайтсін. Ертең жау шапса біз Отанымызды кімге тапсырмақпыз?..


Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу