Өлеңдер ✍️

  13.04.2021
  160


Автор: Жамбыл Жабаев

Сталиннің ер досы

Елімнен Мәскеу жеткенше
Жазыла түсіп жол жатыр,
Көк орай шалғын жер жатыр,
Асқар-асқар тау жатыр,
Еңсесі биік дөң жатыр,
Айдын шалқар көл жатыр,
Көлден де көп ел жатыр,,
Шетіне көз жетпестей
Ақ-Еділдей сел жатыр.
Осынау ұзақ сапарға
Желмаямен жетермем,
Керуен қурап түйеден
Асқар таудан өтермем;
Төрт аяқты жануар
Қалса шегіп болдырып,
Құла дүзде қондырып,
Қайғыменен өтермем?...
Ерттемедім жүйрікті,
Қомдамадым түйені,
Жүйріктердің жүйрігі;
Жүкті поез тиеді.
Жұртпен бірге мені де
Жөнелгенде тербетіп,
Ағытылды шабыстың.
Жан көрмеген тиегі.
Қақ жарылып жол берді
Сырқырап таудың сүйегі
Гүлді дала, шалқар көл
Қол былғады қуанып,
Қолқалап жеңгіш иені.
Сүт пісірім кешікпей,
Аңқыған жүйрік жөнелді.
Каганович әмірімен
Жаяуым құсқа теңелді.
Сталиншіл әділ ер
Қондырып жолға жұлдызды,
Салдыртып болат көпірді,
Қызыққа халқым кенелді.
От арбаның ішінде,
Мамық төсек үстінде,
Бесіктегі баладай
Жамбылың мәз боп бөленді.
Қазақстан даласын
Орады Түрксиб шеңбері.
Паровоздың тізгінін,
Қағады елдің ерлері.
Түтіні қара бұрқырап,
Күндей көзі жарқырап
Биігіңе өрледі.
Қарағанды, Балқаштың
Көмір мен мыс кендері.
Біріне бірі қосылып,
Теңіздейін тербелді.
Осының бәрін қарасам,
Қарағым сенің қайратың,
Сталиннің жан досы
Арыстандай айбатың!
Аударып ерім тастайсың,
Алдырмас болса қайда шың,
Ұйқы көрмей, бел шешпей
Сұңқары боп елімнің,
Шығарып жүрсін, пайдасын.
Жеттім міне, Мәскеуге
Жер қойнында тағы жол.
Мрамрлы метром
Алтын сарай бейне зор,
Атқан оқтай поезы,
Зырқырайды шапқанда ол.
Жұлдыздан көп жарығы
Сан жетпейтін неткен мол.
Жер жүзінде болып па?
Осынша қызық тамашам!
Мынадай алтын сарайға
Бас сұқты екен қандай хан
Ер болсаң бол Лазарьдай,
Хан үшін емес, халық үшін
Жердің қойнын қашаған,
Тереңнен сарай жасаған!
Арта берсін айбатың
Каганович жан балам,
Аса берсін қайратың
Бейне құрыш қайнаған,
Өне берсін еңбегің,
Гүлдей болып жайнаған,
Таба бер тыңнан олжаны
Сталиншіл күшіңмен
Оттан да, судан таймаған,
Мен ақының болайын,
Даңқыңды жырға қосайын
Бұлбұлың болып сайраған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу