Өлеңдер ✍️

  13.04.2021
  177


Автор: Жамбыл Жабаев

Толғау

I
Жас отызға келгенде,
Даланың түрі өзгерді,
Өзгергенін көз көрді.
Күл-талқан боп төрт қазы,
Болыстарға сөз берді.
Аранын ашты бай, манап,
Үдете түсті езгенді.
Ел налыды қонысқа,
Бас билігі болыста.
Болыс сайлау, қан төгіс,
Ақша төгу үйезге.
Приставқа жалбаңдау,
Құдайындай сыйыну,
Әкім болған болысқа.
Сайлау үшін шабысты,
Елді быт-шыт бөліп ап,
Ырсылдасып алысты.
Ылай судың ішінде
Көр наһандай қағысты,
Бозға түскен өрттейін,
Елді үйітіп тауысты.
Жер ошақтың басында
Ит пенен ит жолығып,
Аузына май жағысты.
Жылан ба әлде, немене,
Әкім емес, кене ме?
Зәрлі тілді, улы азу
Аш бүйірден жабысты.


II
Құлманбетпен салыстым,
Күшті ақынмен алыстым.
Итермелеп манаптар,
Жыртуын жырттым намыстың.
Қырықтың қырын бір басып,
Елудің шықтым беліне,
Сүңгідім шалқар көліне.
Ортадан орным жоғары,
Үйдің шықтым төріне.
Ел сүймеген адамның
Жоламай кеттім шеніне.
Алпыстың келдім бесіне,
Елдін күйі кеп түсті
Қартайған сайын есіме.
Терең-терең ойландым,
Мұңды шаға жырладым,
Жақсылыққа жетпесем,
Тудым дедім несіне?!
Шиеленген ел күйі
Қалмаған соң шешіле,
Ызалы сөз әкімге
Қарсы айтылды көсіле.
Ел құлағын шулатты
Сол кездерде бір соғыс:
- Кіммен жатыр соғысып?
Кесілген бас, аққан қан,
Ел жүрегін шошытып.
Қора-қора адамды,
Күнде айдады тоғытып.
Көлге айдаған қойдай ғып,
Қызыл қанға обытып.
Соғысқа болыс болысып,
Малы бардан мал алды,
Малы жоқтан жан алды.
Аралдағы қояндай,
Ел топанға қамалды.
Әнші, жыршы ақыннан,
Елдің досы - жақыннан
Шашылды да зәрлі жыр,
Көпшілікке таралды.


III
Арық ел алабұта тұрған ықтап,
Жайлаған мына қырсық неден мықтап
Қажығанның үстіне қанды соғыс,
Жығылғанның үстіне жұдырықтап.
Ақыны, әнші, күйші қыруар жан,
Аймағын Жетісудың жинап алған.
Сабаннан төсек, ерден жастық етіп,
Жатарға жай салғызды ат қорадан.
Сорпасы капустаның ыстығына,
Сәкеге - бес кісіге бір қара нан.
Қырық тиын күндігіне ақша беріп,
Нан пұлын алып тұрды ұстап сонан.
«Үгіт айт, патшаны мақта, - деді, -
Болып жатқан соғысты жақта, - деді. -
Жыр айтсаң, құдай менен пайғамбарды айт,
Онан басқа жырыңды айтпа!» - деді.
Ол айтты, тіл кескендей үндемедім,
Ол жиыннан табылмай бір керегім.
Ақын, жыршы топырлап жеті жаттық,
Түсінгенім болмады мүлде менің.
Ұстаған қанды тырнақ елді қысты,
Кім болмақ,ызаланса, елден күшті?!
Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда,
Николай ұрған доптай тақтан ұшты.
Жасымнан атым аян Жамбыл едім,
Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім.
Самғасам, сары түнде шалдырмайтын
Қарқырап қайран даусым қалды менің.
Шалқыған самғап көкке қайран әнім,
Кіргіздің талай жерде тойдың сәнін.
А десем, ауызымнан бытырайды,
Шіркінге не болғанын біле алмадым?!
Тәжібай, саған қалай менің мұңым,
Бұл сенен бір сұраған нағыз сырым.
Әнді алған көкейімнен сыңғырлаған,
Кінәлі, бәлкім, бұған кәрілігім?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу