13.04.2021
  269


Автор: Антон Чехов

Үйде

— Григорьевтердікі бір кітап сұратқан екен, мен сізді үйде жоқ дедім. Пошташы газеттермен бірге екі хат әкеп берді. Айтпақшы, Евгений Петрович, Сережаға көңіл бөлсеңіз деймін. Бүгін де, кеше де соның шылым тартып жүргенін көрдім. Бірдеңе деп ақыл айта бастап едім, құлағын басып алып, менің даусымды естімеймін дегендей, жүгіре жөнелді.


Округтік соттың прокуроры Евгений Петрович Быковский мәжілістен жаңа ғана қайтып келіп, кабинетінде қолғабын шешкен күйі өзіне баяндап тұрған тәрбиеші әйелге қарап күліп жіберді.


— Сережа шылым тартады... - деп иығын бір қозғап қойды ол, сол тәштектің папирос тартып тұрғанын көрсемші! Айтпақшы, нешеге келді өзі?


— Жетіде.


— Сізге бұл әншейін нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ оның жасында шылым тарту зиянды, жаман әдет, ондай жаман әдетті әуел бастан құрту керек.


— Әбден дұрыс. Ал темекіні қайдан алып жүр?


— Сіздің үстеліңізден.


— Солай ма? Олай болса оны маған жіберіңіз.


Тәрбиеші әйел кеткен соң, Быковский жазу үстелінің алдындағы орындыққа отырды да, көзін жұмып ойлай бастады. Евгений Петрович Сережасын, ұзындығы бір кез, дәу папирос тартып, темекі түтініне көміліп тұрған тәрізді елестетті, соның өзі күлкісін келтірді: сонымен бірге тәрбиеші әйелдің шынымен абыржыған ажары, жарым - жартылап ұмытылып кеткен, әлдеқашанғы бір күндерді есіне түсірді: онда, мектепте, балалар бөлмесінде шылым тарту педагогтар мен ата-аналарға түсініксіз, сұмдық болып көрінетін. Ол шынында да сұмдық еді. Шылым тартудың нендей зиянды, қылмысты жағын педагогтардың не әкелердің бірде-бірі білмесе де, балаларды аямай соғып, гимназиядан шығарып, өмірлеріне нұқсан келтіретін-ді. Білмейтін нәрселерімен күресуден, тіпті өте ақылды деген адамдар да тайынбайтын. Евгений Петрович өзінің гимназиядағы директорын да есіне түсірді. Ол өзі өте білімді, ақкөңіл дама еді де, гимназия оқушысының папирос тартып тұрғанын көрсе, өң-түсі қашып, шошып кетіп, дереу педагогтардың асығыс кеңесін шақырып, айыпты оқушыны оқудан шығаруға бұйыратын. Бәлкім, істелген жаза неғұрлым түсініксіз болса, онымен соғұрлым қатты, соғұрлым қатал күресетін қоғам үйінің заңы солай еді.


Прокурор оқудан шығарылған екі-үш оқушының, олардың кейін не күйге ұшырағанын есіне түсіре келе, істеген қылмысқа қарағанда, берілген жазалардың, көбінесе, анағұрлым үлкен залал келтіретінін де ойлап шықты. Тірі организм қандай жағдайға болса да тез үйренуге, тез дағдылануға, тез шүйіркелесуге икем келеді, өйтпейінше адам баласы өзінің ақылды істерінің қандай көп ақылсыз жақтары бар екенін және тіпті педагогтық заң әдебиет сияқты жауапты, нәтижесі қорқынышты істерде де ұғынылып жеткен шындық пен сенімнің әлі де аз екенін минут сайын сезіп отырған болар еді...


Шаршап, тынығып отырғанда ғана басқа келетін осындай ұшқары, бытыраңқы ойлар Евгений Петровичті мазалады, мұндай ойлардың қайдан, неменеге келгені белгісіз соғып, ойда да ұзақ тұрмай, тереңге бармай, мида қалықтап жүрген тәрізденді. Неше сағаттар бойына, тіпті ұзақты күнге еңбектей, үйреншікті ойда отыратын кісіге, үй ішіндегі мұндай еркін ойлар өзінше бір рақат, жайлы тыныштық болатыны да бар.


Кешкі сағат тоғыз. Екінші қабатта біреу бұрыштан - бұрышқа жүріп жүр де, онан ары, үшінші қабатта төрт қолдап гамма1 ойнап жатыр. Аласұрып адымдағанына қарағанда, жүріп жүрген адам бірдеңені қатты ойлап, немесе тісі ауырып жүр де, гамманың сыңсыған үні кешкі тыныштықты бірқилы балбыратып, ыбылжыған ойға салындырып тұр. Екі бөлмеден ары, балалар бөлмесінде гувернантка мен Сережа әңгімесі естіледі.


— Па-па келді! - деді бала әндетіп, - папа келді! Па! Па! Па!


— Votve реге vous appelle, allez vite2- деп шошынған құстай, шаңқ етті гувернантка, - айттым ғой сізге!


"Айтпақшы, мен оған не айтамын" деді Евгений Петрович ойланып.


Бірақ ол бірдеңелер ойланып алғанша жеті жасар ұлы Сережа кабинетке кіріп те келді, бұл өзі тек киіміне қарап қана жынысын айыруға болатын: ашаң, аққұба, үлбіреген бала еді... Өзі көлеңкеде өскен көк шөп сияқты солғын еді, барлық тұлғасы: жүріс-тұрысы, бұйра шашы, көзқарасы, барқыт курткасы - бәрі бөлекше нәзік, жұп-жұмсақ еді.


— Аман ба, папа! - деді ол балғын дауыспен, әкесінің тізесіне шығып, мойнынан сүйе беріп, - Мені шақырдың ба?


— Тұра тұрыңыз, тұра тұрыңыз, Сергей Евгеньич, - деп прокурор оны қақпалай берді. -Сүйіспестен бұрын, екеуміздің сөйлесуіміз керек, сөйлескенде де, шындап сөйлесуіміз керек... Мен саған ашуланып қалдым, әрі бұдан былай жақсы да көрмеймін. Солай, шырағым, біліп қой: мен сені жақсы көрмеймін, сен маған бала емессің... Солай.


Сережа әкесіне тесірейе қарап, содан кейін көзін үстелге тікті де, иығын қозғап:


— Мен саған не істедім? - деді түсінбей, көзін жыпылықтатып. - Мен бүгін сенің кабинетіңе бірде келгенімде, ештеңеге тигенім де жоқ.


— Жаңа маған, Наталья Семеновна сені шылым тартады деп арыз қылды... Рас па ол? Шылым тартасың ба?


— Иә, бір рет тартқанмын... Ол рас!


— Міне, көрдің бе, оның үстіне алдап та отырсың,- деді прокурор қабағын түйіп, сөйтіп күлкісін жасырып, - Наталья Семеновна сенің шылым тартқаныңды екі рет көрген. Демек, сенің үш түрлі жаман қылығың білініп отыр: шылым тартасың, бөтен үстелден темекі аласың, оның үстіне алдайсың. Үш айыбың бар!


— А, и-ә! - деді Сережа көзі күліп, - Ол рас, иә! Мен темекіні екі рет тартқанмын, бүгін бір, бұрын бір.


— Міне, көрдің бе, демек, бір емес екі рет тартқансың... Көңілім қатты қалды! Бұрын сен жақсы бала едің, енді көріп отырмын, бұзылғансың да, жаман бала болғансың.


Евгений Петрович Сережаның жағасын түзеп қойды да: "Бұған тағы не айтсам екен?" -деп ойлады.


— Иә, жақсы емес, - деді ол - Мен сені бұлай істейді деп ойламап едім. Біріншіден, біреудің темекісін алуға қақың жоқ. Әрбір адамның тек өз дүниесін ғана пайдалануға қақы бар, ал ол өзгенікін алады екен, онда... оның жаман кісі болғаны! ("Мен осыған тауып айтпай отырмын - ау!" - деп ойлады Евгений Петрович. Мәселен, Наталья Семеновнаның киім салған сандығы бар. Ол оныкі, ал оған біз, мен де, яғни сен де тие алмаймыз, неге десең ол біздікі емес. Рас емес пе! Сенің аттарың мен суреттерің бар... Мен оларды алмаймын. Бәлкім, менің алғым да келер, бірақ... олар менікі емес, сенікі!


— Алғың келсе ал, - деді Сережа қабағын көтеріп - Папа, сен ұялмай-ақ қой, ала бер! Сенің үстеліңде тұрған сары ит менікі ғой, бірақ мен ештеңе демеймін... Мейлі, тұра берсін!


— Сен менің айтқанымды ұқпай отырсың, - деді Быковский. - Итті сен маған сыйлаған болатынсың, ол енді менікі, оны не істеймін десем де өзім білем; бірақ мен саған темекіні бергенім жоқ! Темекі менікі! ("Мен осыған дұрыс түсіндірмей отырмын - ау, ә! - деп ойлады прокурор. - Дұрыс емес! Тіпті дұрыс емес!") Егер мен біреудің темекісін тартқым келеді екен, онда мен, ең алдымен рұқсат сұрауым керек.


Быковский баланың тіліне ыңғайлап, бір сөзін бір сөзіне жалғап, меншік дегеннің не екенін ұлына ақырындап түсіндіре бастады. Сережа әкесінің көкірегіне қарап, зейін сала тыңдап отырды (Сережа кешкісін әкесімен әңгімелесуді жақсы көретін еді), содан кейін үстелдің шетіне шынтақтады да, шалымы қысқа көзін қағазға, сиясауытқа аударды. Көзі үстелді шарлап жүріп, желім құйған шишаға түсті.


— Папа, желімді неден жасайды? - деді ол кенет шишаны көзіне тақап әкеліп.


Быковский Сережаның қолынан шишаны алып, орнына қойды да, сөзін тағы да сабақтады.


— Екіншіден, сен шылым тартасың... Бұл, тіпті жаман! Егер мен шылым тартады екем, ол шылым тарта беруге болады деген сөз емес. Мен шылым тарта жүріп, соның жаман екенін біліп, өзіме - өзім ұрсамын, сол үшін өзімді жек те көремін... ("Айлакер педагогпын - ау!" деп ойлады прокурор). Темекі денсаулыққа үлкен зиян келтіреді, шылым тартқан адам, тіпті ажалынан бұрын өледі. Шылым тарту - әсіресе, сен сияқты кішкентай балаларға өте зиянды. Сенің көкірегің әлсіз, әлі пісіп қатқан жоқсың, ал ондай әлсіз адамдарды темекінің түтіні көкірек ауруына шалдықтырады. Әлгі Игнатий ағай сол көкірек ауруынан өлген. Егер ол шылым тартпаған болса, мүмкін, әлі күнге дейін тірі жүрген болар еді.


Сережа ойға батып, шамға қарап отырып, абажурын қолымен шұқып, күрсініп:


— Игнатий ағай скрипканы жақсы тартатын! - деді ол. Оның скрипкасы қазір Григорьевтердікінде тұр!


Сережа үстелге тағы да шынтақтап жатып, ойланып кетті. Оның боп-боз жүзінде ақылының өсуін өзі тыңдап отырған немесе соны бақылап отырған із бар еді. Сережаның кірпік қақпай қадалған үлкен көзінде қайғы мен қорқыныш көрінді. Ол енді жуық арада өзінің шешесі мен Игнатий ағасын алған өлімді ойлаған болуы да кәдік. Өлім шешелер мен ағаларды о дүниеге алып кетеді де, олардың балалары мен скрипкалары жер бетінде қалады. Марқұмдар аспанның бір жерінде - жұлдыздар маңайында тұрады да, сол арадан жерге көз жібереді. Солар шалғай жүруге қалай шыдайды екен десеңші?


"Бұған не айтсам екен, ә? - деп ойлады Евгений Петрович.Мені бұл тыңдамайды. Сірә, бұл өзінің қылықтарын да, менің дәлелдерімді де маңызды санамай отыр ғой деймін. Бұған қалай десем екен, ә?"


Прокурор түрегеліп, кабинетінде әрлі-берлі жүре бастады.


"Бұрын менің бала күнімде, бұл мәселелер тіпті оп-оңай шешілетін еді, - деп ойлады ол. Шылым тартқан баланың қай-қайсысын болсын шықпыртып алушы еді. Жасықтары мен қорқақтары, шынында да, шылымды қойып кететін. Жүректілеулері мен ақылдылары таяқ жеген соң темекіні қоныштарына сақтап, сарайларда тартатын. Сарайдан ұстап алып, тағы да таяқтаған соң, шылым тартуға өзенге кететін... ержеткенше, сөйтетін де жүретін. Менің шешем маған шылым тартпасын деп ақша мен кәмпит беретін. Енді ол шаралары болымсыз, сөлекет бірдеңелер болып кетті. Бүгінгі педагогтар логикаға арқа сүйейді де, бала жақсы тәлімді істі, қорыққанынан, озық шыққысы келгендіктен немесе сыйлық алайын дегендіктен үйренбей, саналы түрде үйренетін болсын дегенді көздейді".


Ол сөйтіп әрі-бері жүріп, ойланып алғанша Сережа үстелдің бір жағындағы орындыққа шығып алды да, сурет сала бастады. Сережа керекті қағаздарды былғап, сияға тиіспеу үшін, үстел үстіне әдейі арнап кесіп қойған бір түйдек төрт бұрышты қағаз бен көк қарындаш жататын еді.


— Бүгін аспаз әйел қырыққабат турап отырып, саусағын кесіп алды, - деді ол қасын керіп қойып, үй салып жатып. Өзі жынды екен! Наталья Семеновна оған саусағыңды суық суға батыр десе, ол саусағын сора береді... Кір саусағын аузына қалай сала алады ол, онысы жаман ғой!


Одан соң Сережа түскі тамақ кезінде қораға сырнайшы қызымен келіп, қызының музыкаға қосылып жырлап, билегенін айтты: "Мұның да өз ой-өрісі бар! - деп ойлады прокурор. -Мұның басында да өзінше бір дүние жатыр, ненің маңызды, ненің маңызсыз екенін бұл өзінше бағалайды. Сережаның ойы мен санасына араласу үшін оның тіліне ғана ілесе беру жеткіліксіз, тіпті оның әуеніне де төңкеріліп ойлай білу керек. Егер маған темекі шын аянышты болып, мен қорланып жылаған болсам, ол менің айтқанымды түсінген де болар еді... Сондықтан да бала тәрбиелеуде шешеге ешкім жетпейді, олар баламен бірге сезіп, бірге жылап, бірге күле біледі... Логикамен, моральмен ештеңе істей алмайсың. Хош, бұған не айтамын тағы? Немене? Жарты жасын неше қилы жазалармен өткізіп келе жатқан, тәжірибелі заң қызметкері Евгений Петровичке, балаға не айтарын білмей мүлде мүдіргені таңырқарлық та, күлерлік те болып көрінді.


— Бері қара, ендігәрі шылым тартпауға маған шын сөзіңді бер, - деді ол


— Шын сөзім, - деді Сережа әндетіп, қарындашын қатты басып, суретіне үңіле түсіп шын сөзім! Ім! Ім!


"Шын сөз дегеннің не екенін өзі біле ме екен осы? - деді Быковский ішінен, - Қой, жаман насихатшы екем! Егер басыма қазір педагогтардың немесе сот қызметшілерінің бірі үңіліп қараған болса, мені шүберек деп, тіпті, ақылынан ауысқан деп күдіктенген болар еді. Бірақ мектепте болсын, сотта болсын, осы шым-шытырық мәселелердің бәрі үйдегіден әлдеқайда оңай шешіледі, бұл жерде жаныңдай жақсы көретін кісімен істес болып отырсың, ал жақсы көрудің өзі арбағыш келеді де, мәселені қиындатып жібереді. Егер осы бала менің ұлым болмай, оқушым, яки айыпкерім болса, мен бұлай қиналмаған болар едім де, пікірім де бытырамаған болар еді...".


Евгений Петрович үстел жанына отырды да, Сережаның бір суретін өзіне тартып қарады. Бұл суретте қисық төбелі, түтін шығып тұрған бір үй салыныпты, түтін мұржадан шыққан күйі, найзағайдай ирелеңдеп, төрт бұрышты қағаздың ең шетіне дейін кетіпті, үйдің қасында солдат тұр, көзінің орнына ноқаттар қойылыпты, қолында төрттік цифры тәрізді найзасы бар екен.


— Адам үйден биік болмайды ғой, - деді прокурор. - Қарашы, сенің үйіңнің төбесі солдаттың иығынан келіп тұр.


Сережа әкесінің тізесіне шығып, ыңғайлырақ отыру үшін мазасыз қыбырлай берді.


— Жоқ, папа! - деді ол, өзінің салған суретіне қарап алып. - Егер сен солдатты кішкене салатын болсаң, онда көзі көрінбей қалады.


Оның сөзін бекер деуге болар ма еді? Прокурор баласын күн сайын бақылай жүріп, балалардың да, жабайы адамдар сияқты, өзінше көркемдік көзқарасы мен үлкендердің ойына қонбайтын, өзінше тілектері болатынына көзі жеткен болатын. Өте зейін салып қадағалаған естияр кісіге Сережаның есі дұрыс көрінбеуі де кәдік еді. Ол өзі адам суретін үйден биік салу мүмкін де, сыйымды да деп біліп, қарындаш арқылы, нәрсе түгіл, өз сезімдеріңді де беруге болады деп тауыпты. Мәселені, оркестрдің дыбысын домалақтау, буалдыр таңлақ етіп салыпты, ысқырықты бұралып жатқан шыжым етіпті... Оның ұғымынша, дыбыс нәрсенің түрі мен түсіне тығыз байланысты екен, сондықтан ол әріптерді бояғанға, әр уақыт С дыбысын ылғи сарымен, М дыбысын қызылмен, А дыбысын қарамен бояпты, тағы - тағылар.


Сережа суретті тастай бер е, тағы да қозғалып, ыңғайлырақ отырып алды да, әкесінің сақалын айналдыра бастады. Ең әуелі сақалды ерінбей-жалықпай сылап-сипап, сонан кейін екі бөлді де, айыр сақал етіп тарай бастады.


— Енді сен Иван Степановичке ұқсадың, - деді ол күбірлеп, - ал қазір... біздің швейцарға ұқсас боласың. Папа, швейцарлар осы есік алдында неге тұрады? Ұрыларды кіргізбеу үшін тұра ма?


Прокурор бетіне оның лебі тигенін сезіп, әлсін-әлі шашы да жағын сүйкегендіктен, Сережаның барқыт курткасында прокурордың құр қолы ғана жатпай, бүкіл жаны жатқандай, жып-жылы, жұп-жұмсақ тиіп кетті. Прокурор баласының үлкен қара көзіне қарап, баланың жәудіреген қарашығынан анасы да, әйелі де, тіпті жақсы көрген жандардың бәрі де қарап тұрған тәрізденді.


"Міне, енді, мұны ұрып көр... - деді ол. Міне, енді, жазаламақшы бол мұны! Қой, тәрбиеші болу қайда бізге. Бұрынғының адамдары қарапайым болған соң аз ойлаған, сондықтан мәселені шешуге де батыл келген. Біз болсақ, тым коп ойлаймыз, логика деген - ақ жеп болды... Адам неғұрлым білімді болып, көп ойланып, арғы - бергіге жеткен сайын, соғұрлым тартыншақ, күдікшіл болады, іске де соғұрлым өте жүрексіз келеді. Шынында да, тереңірек ойлайтын болсақ, оқыту үшін, соттау үшін, қалың кітаптар жазу үшін қанша батырлық, өзіңе-өзің сенімділік керек десеңші..."


Сағат онды соқты.


— Кәнеки, бала, ұйықтайтын уақыт болды, - деді прокурор. - Қош айтыс та жөнел


— Жоқ, папа, - деді Сережа қабағын шытып, - әлі де отыра тұрамын. Маған ертегі айтып берші.


— Онда, ертегіден кейін дереу ұйықтайтын боласың.


Евгений Петровичтің қолы бос кештерде Сережаға ертегі айтып беретін әдеті бар еді. Қызмет адамдарының көпшілігі сияқты, бұл да бірде-бір өлең, бірде-бір ертегіні жатқа білмейтін, ертегіні қашан болсын ойдан шығаратын. Әдетте "Бір патшалықта, бір мемлекетте" деген жауыр сөзден бастайтын да, одан әрі неше түрлі өтіріктерді үйіп -төгіп, басын айта отырып, ортасының, аяғының не боларын, тіпті білмейтін. Суреттері мен адамдары, ахуалдары сәтіне қарай тұтқиыл ала салынатын әңгіменің мазмұны мен түйіні, әңгімешінің қалауынсыз - ақ өзінен-өзі қиыса кететін. Сережа мұндай ойдан шығарған әңгімелерді өте жақсы көретін, әңгіменің мазмұны неғұрлым оңай, неғұрлым машақатсыз келсе, балаға да соғұрлым күшті эсер ететінін прокурор да аңғарып жүретін.


─ Қане, тыңдай бер, - деді ол үй төбесіне қарап қойып. Бір патшалықта, бір мемлекетте өте кәрі, бір қартайған, ұзын ақ сақалды патша болыпты... Әрі мұрты да мынадай ұзын екен. Сөйтіп ол әйнектен салған сарайда тұрыпты, ол сарайы үлкен бір кесек таза мұз сияқты, күнге шағылысып, жалтылдап тұрады екен. Сарайы үлкен бақшаның ішінде тұрады екен, онда бар ғой, апельсиндер... алмұрттар, шиелер... өседі, ақ гүлдер, қызыл, сары гүлдер гүлдейді екен, неше түрлі құстар сайрайды екен... Иә... Ағаштарда шыны қоңыраулар ілулі тұрады, жел соққанда солар ауыздың суын құрта сыңғырлайды екен.


Шыны дауысы металл дауысынан әлдеқайда жұмсақ, нәзік келеді... Сонымен, тағы да? Бақшада фонтандар атқылап тұрады екен... Соня жеңгейдің саяжайындағы фонтанды көріп едің ғой, есіңде ме? Міне, патшаның бақшасында да дәл сондай фонтандар болған, тек арғы жағы ғана үлкен болыпты да, шапшыған суы ең биік теректің басына жетіп тұрыпты.


Евгений Петрович ойланып, тағы ойын сабақтады.


— Кәрі патшаның патшалыққа мұрагер болатын дәл сен сияқты кішкентай жалғыз ұлы болыпты, өзі жақсы бала екен. Еш уақытта өкпелемейтін, ерте жататын, үстелдегі нәрселерге тимейтін және бар ғой... тегі бір ақылды бала болыпты... Жалғыз ғана кемшілігі - шылым тартады екен...


Сережа зейін сала тыңдап, әкесіне кірпік қақпай, тесіле қарады да отырды. Прокурор да "Енді не айтар екем?" деп ойлады. Ол жұрт айтқандай, көпке дейін былықтырып, езіп отырып, былай деп бітірді:


— Патшаның баласы шылымнан жиырма жасында көкірек ауруынан өліпті. Қаусаған, ауру шал ешбір қолғанатсыз қалыпты. Мемлекетті басқарып, сарайды қорғайтын ешкім қалмапты. Жау келіп, шалды өлтіріп, сарайды қиратып, қазір бақша да, шие де, құстар да, қоңыраулар да қалмаған. Солай бопты, шырағым...


Бұлай аяқтау Евгений Петровичке әрі күлкілі, әрі ойын - оспақ көрінгенмен, Сережаға ертегісі бастан-аяқ күшті эсер етті. Сережаны қайғы басып, біртүрлі қорыққан сияқтанды, қараңғы терезеге мұңайған түрмен ойлана қарап отырып, селк етті де мұңайған дауыспен:


— Мен енді шылым тартпаймын... - деді.


Сережа бұрышқа қыдыра жүріп, жымия күлді.


"Бұл арада әдемілік, көркемдік тұр әсер етті десетін болар, - деді ол ойланып, - солай-ақ болсын, бірақ ол жұбаныш болмайды. Қалай дегенменде ол нағыз құрал емес... Мораль мен шындықтың шикі күйінде берілмей, қоспа қосылып, дәмделіп, ішірткі сияқты, сырланып берілетін мәнісі не? Дұрыс емес ол.. Боямалау, алдау... көзбояу...".


Евгений Петрович қалайда "сөз сөйлеуі керек присяжныйларды, тарихты тек ауызша ызыңдар мен тарихи романдар арқылы ғана ұғып - білетін жұртшылықты, тұрмыс мағынасын уағыздар мен заңдардан білмей, мысалдар мен романдардан, өлеңдерден үйреніп білген өз басын есіне түсірді...


"Дәрі тәтті, шындық көрікті болсын... Осы әурешілікке адам баласы Адам атадан бері қарай түсіп келеді... Оның бергі жағында... осының бәрі әрі табиғи, әрі осылай болуы да кәдік... Жаратылыста орынды алдаулар, алданулар аз дейсің бе?..".


Евгений Петрович жұмысқа отырғанмен, үй ішіндегі ыбылжыған ойлар басынан көпке дейін шыққан жоқ. Төбеден шалынған гаммалар енді естілмегенмен, екінші қабатты мекендеген жан бұрыштан бұрышты әлі де кезіп жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу