13.04.2021
  700


Автор: Ғабит Мүсірепов

Бірінші фонтан

 


Асанбай үйіне амалсыз қайтып еді. Мұнай бұрғышыларының екі кезегін бірге өткізіп, үшінші кезек басталғаннан кейін қайтты. Қауырт күндер өтіп, қауырт сағаттар басталған кез еді. Түнгі сағат төрт болып қалған екен, амалсыз қайтты.


Тәулігіне үйіне бір соқпасына амалы жоқ. Ол үш кезекті тұтас өткізіп қайтса да келіншегі Ажар кірпік қақпай күтіп отырады. Жиналған төсек бұзылмастан тұра береді. Соның салдарынан болу керек, босанғалы төрт ай болған жас әйелдің сүті азайып барады. Төрт айлық Телғараны тамаққа көшіруге жақын жүр.


Асанбай үйіне кіріп келгенде дудырап кеткен ұзын қара шаштарын аппақ шаң басып, қысқы аязда ұзақ жолда кездесер ақбас қара бура сияқты еді. Қою біткен қас-кірпіктерін, жарқабақтан құлай түскен дөңкес мұрынның екі сайын, бет-ауыздың саяң-ояңдарын түгел ұлпа шаң жауып кетіпті. Көлегейсіз жарқыраған жалғыз шам есіктен кіре берген Асанбайды ылғи осылай көрсетеді.


Айлап, апталап құшағында болмайтын жұбайын осындай айбынды түрде көру жас Ажарға күнде бір жаңа қуаныш әкелгендей болады. Бар қызылы бетіне шығып, кішірек келген қара көздері қаракөк нұр төгіп, ерекше жарқырап кетеді. Оның ұйықтамай күтетіні де Асанбайдың осы бір жаңа кескіні, айбарлы кескіні сияқты. Қысқы аязда қырау басқан ақбас қара бура ызғарлы-ақ емес пе!.. Қырдың қызы осы бейнеге қызыға қарайды.


Ажар атылып келіп, Асанбайдың мойнына асылды. Асанбай оны бір қолымен ғана көтеріп алды. Қыз мүсіні бұзылмаған, белі әлі жіп-жіңішке, құмырсқа бел қалпында.


— Тағы да ұйықтамапсың ғой?


— Ұйқы келмесе қайтейін? — деп, Ажар жұп-жұмыр қоңырқай саусақтарымен Асанбайдың шаң басқан шашын астан-кестен етті. Өзінің шөмеле шашын да шаң басып бара жатқанына қарар емес. Шаң басқан айнаны сүрткендей, Асанбай қашан өз кескініне келгенше, бет-аузының шаңын бұрқырата берді, бұрқырата берді. Енді қып-қызыл еріндер ернеуіне аппақ шаңнан қақ тұрып қалған қалың еріндерге қадалғалы келеді.


Маңғыстау шаңы күрпілдеген ұлпа шаң. Ондай шаң Қызылордада да, Түркістанда да жоқ. Бұл бұрқылдаған ордалы шаң, қопарылма қордалы шаң. Екі машина бірінің ізімен бірі жүріп кетсе болғаны, атом ракетасы атылғандай бұрқыраған шаң аспанды белдеулеп әкетеді.


Кең далада құйын да көп. Шиырылып тік шаншылған шаңды ұршықтай иіріп, ойды-қырды кезеді де жүреді.


— Ал енді жуын, шай әзір, — деді Ажар. Бірақ өзі тамақ столына бұрылмастан иттің үйшігіндей ғана кішкене бөлмеде тығылып тұрған төсекті әзірлей бастады.


Маңғыстау мыңғыраған қала болар кезі әлі алда. Ол кезде мыңдаған мұнай бұлағы атқылайды. Әзірше Асанбай инженердің тұрғын пәтері жұпыны ғана бір бөлме, бір үйшік, екі адам соқтығысып өтетін тар ғана бір коридор. Шөлейт далаға, шаңды далаға салынған уақытша бас паналар саңлауы көбейіп қаңсып тұр.


Асанбай жуынып-таранып стол қасына жақындағанда аралары ашылып кеткен тақтай еденді сықырлата басып кәнігі бұрғышы Бейсетай қарт келді. Ол әлде ғана екінші кезек біткен соң үйіне қайтқан.


— Ұйқы келмей қойды, Асанжан... Ұрсып жүрмесең үшінші кезекке де барғым келіп еді... Бүгін үйде жата алар емеспін, — деді Бейсекең.


— Неге жата алмадыңыз, Бейсеке? Түн ыстық па, әлде Әйнел апайдың төсегі ыстық па?


— Тарақан мен тарақаншаның сыбырласқаны дамыл берер емес...


Асанбай қарқылдап күліп жіберді. Бұл барақтарда тарақан да көп, Бейсекеңмен пәтерлес Тарақанов деген шофер де тұрады... Әлдеқайдан пайда болған, қазір сатушы болып орналасқан әйелі бар. Екеуі де әдепсіздеу, екеуі де беймазалау. Бейсекең «біздің үйдің тарақаны түн бойы газет оқып шығады» деп бұрын да талай айтатын. Қазір соның екеуін де астарлап айтып тұрған сияқты.


— Мен бірдеме білсем, бүгін ұйықтаған адам бар қызықтан құр қалады. Ұрыспасаң болды, мен кеттім, — деді де ерке шал еденді солқылдата басып есікке қарай беттеді.


Қызық сағаты соққалы келе жатқанын Асанбай өзі де жақсы сезінеді. Ол сондықтан да кезек біткенді көзімен өткізіп, үйіне амалсыз оралып жүр. Кәнігі бұрғышы мұнай тамырын баса біледі, әрине, инженер Асанбай да өз есебіне күдіктенген емес. Бірақ, жүйке тамырларың ширығып тұрған кезде шың еткеннен шытынап қалатының бар емес пе, Асанбай тамаққа отыра беріп қайта тұрды да:


 — Бейсеке, тоқтай тұрыңызшы! — деді.


Бейсекең столға жақындай келіп, жастықтай көмпиіп піскен күрең бауырсақтың біреуін қарамай сіңген күс-күс саусақтарымен ала беріп: — пісмілда... — деді.


— Бейсеке, сіздікі жалпы дүрлігістің буы ма, болмаса, бұрғы бірдеме айта бастады ма? Сіз жаңа ғана соңғы кезектен босап едіңіз ғой.


— Бұрғы айтты ма, әйтпесе өзің аңғартып жүрмісің, әйтеуір осы шыңыраудың босанар сағаты иек артпада тұр. Бұрғының салмағын ауырлата түскеніңе қарағанда менің кезегімде босанып, осы май шыңыраудың кіндік атасы боламын ба деп едім, бұйырмады. Шіркін, май бұлақ аспанға шапшып атқыласа келіп, атқыласа келіп!.. Өзіңді аспанға бірге ұшырып әкетсе де арманың болар ма еді.


— Ойбай, ақсақал-ау, мұнайды атқылатып алсақ, құлағымызды кесіп алады ғой! Біз атқылатпауды күзетіп жүрген жоқпыз ба?!


— Жоқ, атқыласа екен! Маңғыстаудан атқылаған мұнай аспанға бір шықса екен! Бұған дейінгі шыңыраулардың бәрін оп-оңай бұқтырып ала қойдыңдар, тым болмаса біреуі атқыласын да! Жұрт көріп, аузы ашылып, екі көзі аспанда, бір мәз-мәйрам болсын да! Содан соң сал келіп айғайды, бас келіп бәлекейге! Киносы да келеді шауып, жазушылары да келеді ұшып! Әншілер де құлағыңды сасытатын болады!


— Жоқ, Бейсеке, сіз қауіпті адам болып шықтыңыз!..


Сыр алысқан қарт бұрғышы мен жас инженер екеуі де күліп жіберді. Түсініскен адамдардың қалтқысыз күлкісі, қыл үстінде, қылыш жүзінде қылпылдап жүрген адамдардың күлкісі...


Бейсекең бауырсақты әлі тістеген жоқ. Асанбайдың отыра бере шаншып алған тұзды қияры әлі шанышқының үшінде тұр.


— Ойын өз алдына, Асанжан, ал енді бензиннің литрі үш тиын болғанда көшеде сатылатын көгәлжім судың стаканы үш тиын болатын не жөні бар? Мұнай дегеніңіз сол жаман судан бес рет арзан болса, әрі-бері атқылатып алса деп едім... Құдайға анық, шыным осы!


Асанбайдың қайтарар жауабын Бейсекеңнің бес жасар кенжесі Мұқатай бұзып кетті. Түнгі төсектен тұрған жалаңаш бойы кіріп келді де:


— Әке, мен әлгі қисық аяқ шалбарды кимеймін енді... .Лақтырып жібердім. Мына жері мынадай болып жыртылып кетті, — деп жас бала жалаңаш құйрығын әкесіне бұрып, жыртықтың мөлшерін көрсетті. Саусақтарымен сызып көрсетін тұр. Қоңыр-қошқыл құйрыққа тік бұрыштанып бозғыл сызық түсе қалды.


— Әй, әлгі ант ұрған қатын жіберді-ау сені! Жаңа ғана үндемей-ақ отырып едің ғой алдымда, — деп Бейсекең баласын көтеріп алып есікке қарай беттеді


— Сояйын ол қатынды!.. Шалбар иттің аяғы қисайып кеткені несі екен! — деп сөйлеп кетіп барады.


Асанбай оған мұнайдың арзандығын емес, сатылатын судың жөнсіз қымбаттығын түсіндірмек еді. Айта алған жоқ. Кейде жұрттың бәрі білер сорақылығын сөз қылуды сүймейтін де мінезі болатын, сонысын істеп кідіріп қалды.


Манадан әңгімеге қатыспай, үнсіз тыңдап отырған Ажар:


—  Тамағыңды тезірек жеп, бірер сағат ұйықтап алуға уақытың болар ма екен? — деді жұбайына.


 — Бірер сағат!.. Оны кім берсін бүгін... Жарты сағаттан кейін оятып жіберетін болсаң, жатып көрейін...


— Оятамын ғой...


Ажар көз қиығымен Асанбайдың жүзіне қарап еді, сопақшалау беті тіпті сопырайып, көз түптері үңірейіп кеткен екен. Кеше осы уақытта кеткен адам, тәулік бойы тамақ ішпеген сияқты. Бір ұртында қияр бұлтылдайды, бір ұртында колбаса мен нан. Көздері майы шылқылдап тұрған сорпада сияқты. Аш инженер, жас инженер.


Гүжілімен барақты дірілдетіп газик есік алдына келді. Асанбай тез-тез қолын сүртіп орнынан тұра бастады.


— Кеттім білем... Телғара күшіктің оянбағанын қарашы...


Тағалы аттай тарс-тұрс басып келе жатқан шофер Тарақанов кіре бере-ақ айғай салды:


— Авария! Авария, жолдас бас инженер!


Ешкім жауап қатқан жоқ. Ажар күндегі әдетінше Асанбайдың қолына торлама дорбаны ұстата берді. Ішінде термос, бүгін алынған газеттер, майлы қағазға ораған тамақ.


Асанбай бұрғыланып жатқан мұнай шыңырауына жақындамай-ақ аварияның жайын таныды. Күні-түні басылмайтын шаң боранның бір бүйірі қарауытып, бұлтиып кетіпті. Шаң белдеудің ең төбесінде үлкен бір қара барқыт қалпақтың төбесі көрініп кететін сияқты. Шаң боранда сүрініп-қабынып қалпағына дейін қарадан киген алып бір адам тұрғандай. Мұнай атылып кеткен. Екі жарым километр тереңнен атылған мұнай ысқырып-осқырып, аспанға шапшып жатыр. Алыстан қара барқыт қалпақтай көрінген, атылып кеткен мұнайдың ұлпабасы будақтап шыңыраудың айналасына ыстық мұнай бүркіп тұр.


Бұрғылау мастері инженер Николай Петров машинадан түсе берген Асанбайға:


— Мұнай атылып кетті. Раствор салмағы кем болып шықты, ие бола алмады, — деді.


— Атылғанда, несін айтасың, келістіріп атылды ғой, жарықтық! — деп әлдеқайдан сап ете түскен Бейсекең киіп кетті. — Мен де келіп жеттім, мұнай да бұрқ ете түсті. Басында болмасам да қасында болдым әйтеуір...


Мұнай жер астынан гуілдеп-гүжілдеп келіп, тар өңештен шыға бере ысқырып жібереді. Оттай ыстық лебімен жанды маңайлатпай тұр. Асанбай басқа әңгімеге айналмай, мұнайды бұқтырып алудың бұйрықтарын бере бастады.


— Атпаның биіктігі қанша дедіңдер! Тоқсан ба? Жүз бе? — деп, тыншыға алмай тыпыршып тұрған Бейсекең тағы килікті.


— Қырық бес метр, — деді Петров.


— О, кешке дейін жүзге жетеді! — деді Бейсекең.


Таң ата түгел жиналып қалған мұнайшы жұрт үлкен қуанышта, базардай гуілдесіп тұр. Асанбай езу тартса, бұрғышылардың өздері де жұмысты тоқтатып, біраз қызықтап алар еді-ау! Атылғалы келе жатқан мұнайды бұқтырып ала алмағандары есте де жоқ. Мұнайдың сарқылмас бұлағына қолдары тиген соң өзгенің бәрін ұмытқан.


— Дария ғой, дария!


—  Шаң Маңғыстау, май Маңғыстау болғаны осы да! — деседі.


— Дария дегені несі екен! Теңіз демейсің бе! — деп Бейсекең оларды тойтарып тастады. — Қасында шалқып жатқан Каспий ауыздарыңа түспеді ме? Бұқтырып қойған бес шыңыраудың бірде-біріне көңіл толмасың бар ма?


Қазан бастау, тайқы маңдайлау, тырбықтау жаралған, жеңсіз көк жолақ көйлек киген, шалбары қыржиын қисық аяқтанып кеткен, қолтығында табан құшақ портфелі бар біреу Асанбайға таянып келіп:


— Авария жайы жоғарыға хабарландырылды ма? — деп сұрады.


— Е, Сілекеевпісің жеттің бе? — деп Бейсекең оған да қарсы түсе қалды.


Сілекеев кәсіподақтық мүшелік жарнаның түсімін тексеруге облыстан келген еді. Тексере келе көп мүшелердің салақтығын ашты. Енді соны бетке соға, салғыласып отырып аптатын жиналыс өткізе алмай жүр. Бір рет едәуір-ақ адам жиналып еді. Сілекеев өндіріс басшыларының қатысуын талап етті: — ең болмаса бірінші орынбасар қатынассын! — деді.


Басшылар түгел бұрғылау басында болатын. Көп айлар бойында жарна төлемегендердің бірі Бейсекең де түнде ғана босап жүрген кезі еді. Үш рет шақырылса да жиналысқа о да бара алған жоқ. Сонымен он күннен бері Сілекеев жолдас бір жиналысты өткізе алмай, ызалы жүр.


Бейсекең берешегін конвертке салып әйелінен беріп жіберіп еді, Сілекеев алғызбапты:


— Өзі әкелсін! Мен онымен сөйлесуім керек! — депті. Содан бері бұл екеуінің жұлдызы қарсы.


Осы жағдайда кездесе кеткен Сілекеевті Бейсекең жоғары-төмен ұзыны мен көлденеңін бір өлшеп алды да:


— Сенің көріп тұрғаның ғой тек қана авария? Мына жұрттың жарыла қуанып тұрғанында жұмысын да жоқ! — деп бір кекетіп тастады да. — Сен біздің үйге барып шалбарыңды өтектетіп алшы біздің қатынға... Екі аяғыңның арасында үш литрлік термос тұрғандай, шалбарың қисық аяқтанып кетіпті, — деді.


Бейсекеңнің батыра мазақтап кеткенін ұнатпай қалған Асанбай:


— Бейсеке, сабыр... Естияр адамдар осылай сөйлесе ме екен? — деді.


Азырақ арқа сүйеу сезінген Сілекеев те шақ ете түсті:


— Жиналысқа келуге бетің шыдамай жүріп, сен неменеге көкіп тұрсың? Аварияңа мәз болып тұрмысың?


Сілекеевтің келген бетте берген сұрауы Асанбайға да, басқаларға да ұнамай қалған. Сол сұрауына сыңар иықтап қайта оралғалы келе жатқаны тіпті ұнаған жоқ. Асанбай еңсесін тік көтеріп алып:


— Бұрғышылардан басқаларың осы маңайдан кетіңдер! — деді қатты дауыстап.


Жұрт қалаға қарай тез қозғалып кетті. Жұрт соңында алты-жеті жасар үш еркек бала қалыпты... Олар шөтейлерін шығарып алып шаптырып, мұнай атқызып тұрған.


Үшеуі де бұрғышы балалары. Бұлар жиналған топтың бір шетінде тұрып атылып кеткен мұнай жайын өз тұрғыларынан таласқа салып еді:


— Осы мұнайды атқызып шығарған кімнің әкесі?


Үшеуінің әке де бұрғышы. Үшеуінің әкесі де шыңыраудың маңайында жүр. Сондықтан балалар балаларша байлам жасаған:


— Кім биік шаптырса, мұнайды атқызып шығарған соның әкесі болсын...


Әттең, балалар таласы аяқталған жоқ. Асанбай айғай салғанда, шала сарқып олар да жүгіріп кетті...


Ыстық мұнай ысқырып атқылап аспанға көтеріледі де, доғадай иіліп келіп жер бетін сарт-сұрт сабалай құлайды. Дамылы жоқ Маңғыстау желі аспанға шапшыған мұнайдың ұлпа басын жан-жаққа кезек шайқап, шыңыраудың айналасына қара жаңбыр бүркіп тұр. Қазір ақ киінген де, қоңыр киінген де іннен шыққан суырдай жылтыр қара сұр.


Темір қалпақ, брезент киген адамдар шыңырауды қоршай бастады. Үш таған, төрт таған темір сирақтарына шегеленген тақтай қалқан, темір қалқандар қанаттасып келіп, ербиіп-ербиіп шыңыраудың жел жағына тоқтады. Атқылап жатқан мұнайды осы қалқандармен белден бүгіп, алдын ала қазып қойған жер қораға құя бермек сияқты. Жүз жиырма атмосфералық күшпен атқылаған ыстық мұнайды бөркіңмен басып бұқтыра алмасаң керек.


Ең ауыр салмақ, бүгін поселкенің байланыс бөліміне түсіп еді. Мұнай фонтаны атылып кеткені жайында жалғыз ғана телеграмманың кетуі мұң екен, Алматы мен Москва жалғыз сымды ешкімге бермей қойды. Облыс амалсыз самолетке көшті. Бір самолет түсіп жатыр, бір самолет ұшып жатыр. Біреулер еріксіз Асанбайға жолығып ат үсті болса да анық хабарды алып жүр, енді біреулер Асанбайға жолыққандармен жолығып жүр. Шыңырау айналасына кеңінен керіп, тізіп тастаған кішкене қызыл жалаулар ешкімді өткізбейді. Фонтанды қалай тұмшалап жатқандарын ешкім көре алған жоқ. Асанбай түске тармаса бір рет Алматымен, бір рет Москвамен сөйлесіп қайтып еді, одан кейін кім шақырса да телефонғa бара алмады. Мәңгіден бері сонша тереңде, қазап қайнар ыстықта, жер қарнын кернеп жатқан газ бен мұнай сыртқа шығар бір тескіндік тапты да жас инженерді аяусыз сынға алып кетті.


Москва Асанбайдан:


— Қалай, фонтан атылып кетті ме? Қуанышпен құттықтаймыз! Бұқтырып ала аласыңдар ма? Қандай жәрдем керек? — деп сұрады.


— Бірер күндік арпалыс болар деймін. Бұқтырып аламыз ғой. Жәрдем керек болмас, — деді Асанбай.


— Маңғыстаудың мұнай қорын енді қалай бағалап жатырсыңдар?


— Ұшан-теніз молшылық екені даусыз... Есеп тілімен айтқанда мына шамада...


— Оһо!.. Құттықтаймыз, құттықтаймыз!


Алматы сұраулары аз-кем басқашарақ шықты. О да әуелі Москвамен астарлас сұраулар беріп, сөз аяғында:


— Авария деген жай сөз болар? — деген дүдәмалы бар сұраумен аяқтады. Бір шапшаңбай дүрліктіріп жатыр-ау деп ойлады Асанбай. Содан кейін мән-жайды түгел баяндады.


Поселке мен шыңыраудың арасында қалалық атқару комитетінің председателі Нарғыз Жамболатова поштабайлықта жүр. Нағыз талдырмаш қана ақ-сары әйел еді, қазір о да қара сұр. Әуелі бұрғышыларға тамақ әкелген әйелдерді бастап келіп еді, содан кейін сыртқы дүниемен байланысты түгел қолына алып кетті. Құшақ-құшақ телеграммаларды алып кетеді, телефонмен айтылған тығыз бірдемелерді ауызша жеткізіп кетеді. Бұрғышыларда тығыз сұрауларға жауап қайтару түгіл, мойын бұруға уақыт жоқ.


Әйелдер әкелген термостар күнге шағылысып, қызыл қоршаудың сыртында тізіліп тұр. Бұрғышылардың бүгінгі тамақтары да сол термоспен келген шай ғана, қына сары — қызыл шай, қою сүт құйылған құбақан — торы шай. Термостар біресе поселкеге қарай, біресе шыңырауға қарай жөңкіледі. Өзге тамақтар азаяр емес.


Мұнай әлі ырық бермей атқылап жатыр. Жер астынан батпандап атылған алып күшті мысқалдап тұншықтырып жатқан мұнайшылар. Мұнай мен тер, шаң мен газ, жер ыстығы, күн ыстығы. Бір күн, бір түн арпалыс, жеңіс белгісін бере алғам жоқ. Тек термостар тез босап жатыр. Бір топ телеграмманы Нарғыз келер күні алып келді. Азербайжан, Татария, Башқұрт мұнайшылары қуаныш білдіріпті. Қазақстанға көп ұзамай мұнай бәйгесіне түсер күнді тілепті.


Мұнайшылардың қатты қалжыраған, аштан бұрлыққан кезі еді, көңілдері көтеріліп қалды.


Ертеңіне түс ауа шымырау төбесіне желбіреген қызыл ту көтерілді. Бұл фонтанды бұқтырып болдық, тас бекітіп бағындырып алдық жеңдік деген белгі еді. Ысқырып-осқырып атқылаған мұнай пысқырып-түшкіріп тұмшаланып қалды. Алыстан аңтарылып көз алмай күтіп жүрген жұрт аттылы, жаяулы, машиналы, түйелі шыңырауға қарай ағылып келеді. Оттан ұшқан ұшқындай ұшып, қалың топтың екі бүйірінде балалар ойнақтап келеді.


Қалың қол шыңырауға жетті де бұрғышыларды жұтып жіберді: көтеріп әкетті, құшақтап алды, қоршап әкетті. Мыңдаған ауыздан жарыса шыққан қуаныш сөздері қат-қабаттасып у да шу гуілге айналып кетті.


Асанбай дос құшақтардан әрең босанып, шұбаған жұрт соңында, үйіне қарай жөнелді. Бейсекең баласына шалбар ала кетуге магазинге бұрылды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу