13.04.2021
  1027


Автор: Ғабит Мүсірепов

Адамның анасы

(Горькийден)


…Менің сол жақ бүйірімнен қара бұлт қаптап, түтіндетіп келе жатыр. Бұлттың салмағы жерге батқандай, жер қайқандап қабағын шытқандай болады.


Қара бұлттың жап-жалбыр бұйра келеңкесі бауырымен жер сызып, «ә» дегенше көз көрім жерді жауып әкетті… Мен де, қалбаңдап қасымда келе жатқан менің көлеңкем де қара бұлттың қара сұр көлеңкесінің қойнына кіріп кетті…


Күзгі бозғылт бет сары күн көрпеге оранғаңдай, қара бұлттың артына жасырынды да, кірпіктерін жерге шанша қойды…


Жер үстінде адам баласы болудан қасиетті не бар дейсің. Тек қандай адамның баласы болу керек, соны айт. Бұған қосатын бір сөз — адамды езетін адамның баласы болма, адамда езетін адамды адамға да санама…


Әрине, адам өмірінде көп қиындықтар ұшырасады. Онсыз өмірдің өзі де өлімтікпен тең, сұр көлеңке болар еді. Күрес пен күлкі, қайғы мен шаттық, алыс пен жеңіс, жеңіс пен жетіліс болмаса, бұл шіркіннің өзі де тоңған мұз, ұйыған айран емес пе?.. Әңгіме таудай қиындықты тымақтай сілкетін заман жасауда ғой. Жасаймыз да ондай заманды!


— Иә, адам баласы болуға не жетеді дейсің: не көрмейсің, не білмейсің, істегің келсе не істемейсің. Тек істемесең ғана еш нәрсе қызықтырмайды, не қинамайды, не қуандырмайды, не қайғыртпайды, іс табылмайды. Куаныш-шаттыққа да бейжай, шақырылмаған қонақтай ығысып қарап, орнынды таба алмай, кездескен бұтаққа іліге кетесің.


…Менің оң жағымда тырбиған талсымақтың арасында теңселіп келе жатқан көп адамның бастары қылтияды. Терең теңіздің шулаған толқыны бұлардың даусын әрең ғана естіртеді. Бұлар Сухумнан Әшемірге жұмыс іздеп келе жатқан аштар.


Мен бұларды жақсы білем: бірге істесіп, күні кеше есебімді бірге алысқанмын. Бұлардың кейін қалған себебі, күннің шығуын теңіз жағасында көрейін деп, мен түнде шығып кеткем.


Біреуі томпақ бет, сары орамал тартқан жас әйел, басқалары еркек. Әйел буаз, іші тегенедей төңкеріліп, алқымына тіреліп тұрған сияқты. Кәдімгі, күнінде мың көрсең бір қарамай кете беретін жұпыны адам. Нұрсыз көзі бозарып, қорыққан қояндай алайып, ұясынан шығып барады. Басындағы сары орамалы күнбағысқа ұсап, алшаң басып келе жатқанын көріп отырмын. Сухумда оның байы өліп қалғанын да білем. Үйткені, мен осылармен бір баракта тұрғам. Орыс халқының жалпақ әдеті бойынша, өмірдегі бақытсыздықтарын талай рет-ақ айтқан. Шуласып келіп сөйлегенде айнала алты шақырымға естіліп тұратын. Бұлар бір жабырқау адамдар. Өздерін өмір бойы қайғы басып, әбден езіп жіберіпті. Туған жерден айдап шығып, күзгі қураған жапырақтай ұшырып, осы жаққа алып келген де сол өмірдің кемтарлығы. Қазіргі күнде ауыр бейнеттің әбден-ақ илегені сонша, барлық дүниеге өгей ұлша қарайды. Еш нәрсеге қуанбайды, қайғырмайды да: олардың ол кездегі еншісінің өзі де сол ғой. Аяныш түрде, қайыршыларша ғана біріне бірі езу тартып:


— Шіркін жер-ақ екен…


— Байлықтың құлағы көрініп тұрғаны-ай…


— Жоқ, тасы көп екен…


— Иә, қолайлы жер емес… — деседі.


Сүйтеді де, өз жерлерін кеңес қылады. Етектей болса да өз жерінді айтсайшы: жеті атадан бергі өлінің сүйегі, тірінің тері сіңген жер емес пе… Өз жерлерін әрі-бері мақтап келеді де:


— Біздікі дейтін жердің өзі осы жердің бетінде қалды ма, жоқ па?


— Осы біз жер бетін түгел біздікі десек қанша қателесеміз? — деп, бірін бірі жеңінен тартып айлалы пішінмен жымиысып тұра қалады. Бұл сұраулары түйінді бір қорытынды секілденіп елестейді.


…Әлгі келе жатқан сары орамалды әйел бір кезде ағаш арасына сүңгіп кеткендей болды. Тамағымды жеп болдым да, шелекшемді беліме іліп, қисық таяғымды қолыма алып, әлгілердің артынан мен де жөнелдім…


Бір бүйірімнен ақырын ғана ыңырсыған адам дауысы келді. Кәдуілгі жаныңды сілкіндіріп, жүрегінді жейтін, адамға ғана естілетін адамның ыңырсуы. Қарасам, бір топ талдың арасын ашып жіберіп, арқасын талға сүйеп, манағы әйел отыр екен. Басын бір жақ иығына салып, екі езуі құлағына жеткендей керіліп, аузы қисайып кетіпті. Көзі ұясынан шығып барады, есінен танып бара жатқан тәрізді. Қайыстай қара қолдарымен төнкерілген ішін басыпты да, адам қорқарлықтай ауыр дем алып отыр.


Төңкерілген іші толқып, бір жоғары, бір төмен түседі. Сап-сары тісі ақсиып, ауыр қиналыста.


— Немене, біреу ұрды ма? — дедім қасына келіп.


— Кет әрі, ұятсыз… Кет! — деп, жалаң аяқтарымен құмды осып, жерді тырналап жатып, басын шайқады.


Түсіне қалдым… Бұрын да бір ұшырасқан жұмысым болатын… Сонда да қоркып, кейін секіріп кеттім. Әйел байғұс қиналып көзінен жасы парлай бастады. Ұясынан шығып бара жатқан көздері жарылып кетейін деп тұрғандай шиыршық атады. Беті күп-күрең болып, долырып кетіпті.


Шәйнегімді, шелекшемді тастай бердім де әйелдің қасына келдім. Шалкасынан жатқыздым да, тізесін бүгейін деп ем, әйел бетіме салып қалды. Сүйтті де, кеудемнен итеріп жіберіп, аюға ұсап қырылдап, әрең бұрылды да, төрт тағандап ағаштың ішіне қарай сүйретіле жөнелді.


— Бұзақы, сайтан… — деді маған.


Бірақ төрт тағандап жүре алмады, қолдары бүгіліп құлай кетті. Бет-аузы құмға кіріп кетті де, аяқтарын ербендетіп, ыңырси бастады. Тезірек жүгіріп келдім де, шалқасынан салып тұрып, тізесін бүктім.


— Жат қимылдамай… Қазір баланды табасың! — дедім. Үйткені қағанағы жарылған екен… Сүйттім де, жүгіріп теңізге барып, білегімді түріп жіберіп, қолдарымды ысып тұрып жудым да, акушерка қызметіне кірістім.


Әйел олай да бүктетіледі, бұлай да бүктетіледі. Отқа жанған талдың қабығындай тоқсан бұралды, сорлы ана. Жерді ұрып, қолына түскен көдені жұлып алып, аузына тыға бастады. Сол кезде дүниеге келе жатқан адамның басы да көріне бастады-ау, әйтеуір. Бақытты ма, жоқ па, әйтеуір дүниеге бір жаңа адам келе жатыр…


Әйел екеуміз аз ғана ұрсысып та қалдық. Әйел тісінің арасынан бірдеңе деп маған ұрсады, мен де ақырын ғана оған ұрсамын. Әйел жанына батқандықтан және еркектен ұялғандықтан ұрсатын шығар деймін, мен әйелдің өзін аяғандықтан ұрсам.


— Құдайы құрғыр-ай… — дейді әйел, тісінің арасынан сыздықгап.


Көкпеңбек еріндерін тістеп алыпты, аузынан қанды көбік бұрқырап жатыр. Күнге күйіп кеткендей бояусыз көздерінен домаланған жас бұршақтай ырғиды. Сорлы ана денесінен дене бөліп, бір адам екіге бөлініп, ауыр бейнеттің ақтық сағатын өткізіп жатыр.


— Кет деймін… Неткен ұятсыз едің… — дейді әйел, әлсіреген қолдарымен мені кеудеге итеріп.


— Ақымақ болма. Баланды табуынды біл! — деймін мен оған кейіп.


Бейшараны қалай аямассың. Жүрегімді ойып бара жатқаны сонша, менің көзімнен де жас бұрқ ете түсті.


— Болсайшы, жылдамырақ! — деппін айқайлап.


… Мінекей, менің қолымда қызыл шақа адам жатыр. Көзім жасқа толып тұрса да, қып-қызыл екенін анық көрем. Туа салып дүниеге риза болмай жатыр: бұлқынады, тырбандайды, жағаласып жүр. Әлі де кіндігінен шешесімен байланысып жатса да, барқырап баж-баж етіп:


— Мен!.. Мен!.. — дейді.


Бәлекет, жылмандап қолымнан түсіп те кететін. Қолыма алыппын да, қуанғанымнан қараппын да қалыппын.


— Кессейші кіндігін!.. — дейді ана, көзі жұмулы жатқан күйі. Көкпеңбек еріндері әрең қимылдайды.


— Пышақпен… кес! — дейді тағы да.


Менің пышағымды барақта біреу ұрлап әкеткен. Сондықтан баланың кіндігін тісіммен қырықтым. Бала бақырады, жаңа ғана сөніп жатқан көздері жайнап, ана күле бастады. Қайыстай қара қолдары қалтасынан бірдеме іздеп:


— Қалтамда бір жіп бар еді… кіндігін байлайтын… — дейді ана күлімдеп.


— Өзің жөнделе тұр, мен баланы шомылдырып әкелейін, — деп баланы ала жөнелдім.


— Ақырын, әй… Ептеп нет… Байқа… Ақырын! — деді ана.


Қолымдағы қызыл адам ептеуді керек ететін емес, жұдырығын түйіп алып:


— Мен… Мен!.. — дейді барқырап.


— Сен!.. Сен!.. Нығая бер! Болаттай берік, тастай қатты бол! Әйтпесе өз жақындарың-ақ басыңды жұлып әкетеді, — дейім балаға.


Теңіздің езуі көпірген толқынына тосып кеп алғанымда, бала манағыдан кері де басымырақ айғайға басты. Арқасы мен кеудесіне ақырын ғана шапалақтағанымда, көзін тыржитып, тыпырлай бастады.


— Айқайла, көтер көкке дауысынды, қызыл адам! — дейім қызыл адамға.


Қайтып келсем, ана кезін жұмып ернін тістелеп баланың «жолдасына» толғатып жатыр екен. Ыңқылдап жатып:


— Өзіме берші, күнімді! — деді.


— Жата тұр, асықпай!


— Жоқ, берші өзіме!-деп, қалтыраған қолдарымен түймесін ағытып, көкірегін әзірлей бастады. Көкірегін босатуға жәрдем бердім де, баланы анасының жып-жылы бауырына салып ем, біле қойды білем, барылдауын қойып, тыйшыға бастады. Ана баласын қандай таныса, бала да анасын сондай тани қойған сияқты! Бір кезде ащы бір айғайлады да, ана да күліп жіберді.


Ананың сөнген көзі жайнап сала берді. Қуаныш сүю, мейірімділік ойнады ананың көзінде.


— Менің шелекшемді әперші… — деді маған. Шелегін әпердім, ананың бетіне де қан ойнай бастады.


— Енді әрі кет! — деді бір кезде.


— Әуреленбе, мен-ақ істеп тастайын…


— Жоқ, әрі кет!..


Ағаштың ішіне барып жасырына қойдым. Азырақ шаршағандаймын. Бірақ кеудемде бір әдемі құстар ән салып тұрғандай. Ән сондай әдемі, толқын үні мен екеуін жыл бойы тындауға да болатын. Бір кезде әйел орнынан тұрды.


— Әй, неге тұрдың? — дедім.


Қолымен жерге сүйеніп отырып:


— Мына қарашы, сәулем қалай әдемі ұйқтайды, — деді.


— Әрине, баланың бәрі де осылай әдемі ұйқтайды. Күзгі жалқын жапырақтың үстінде ұйқтап жатқаны болмаса, басқа түк айырмасы жоқ.


— Сен, ана, азырақ жата тұр. Қазір тұруға болмайды, — дедім әйелге.


— Жоқ… Тезірек тұрып әлгілерге жетпесем бола ма…


— Қайда? Әшемірге ме?


— Ие, сонда. Жолдастарым бірталай жерге барып қалған шығар. Тезірек қуып жетейін…


— Апырмау, сен жүре аласың ба?


— Жүрмегенде қайтем?.. Оларға жетпесем болмайды. Жұмыстан қалайын ба?


Ана тал түбіне жұдырығын түйіп жатқан кызыл адамға мейірімді көзінің барлық нұрын төгіп қараған сайын бетіне қан жүгіреді. Ананың нұрлы көзі баланы ақырын ғана, еркелетіп қана сипағандай болады. Таңертеңгі тымықта күннің көзі ғана осылай сипай алады дүниені.


Бұтақ теріп от жақтым да, тастан жерошақ жасап, шай қайнаттым.


— Ана, қазір саған шай ішкізем.


— Шын ба? Жақсы болар еді, кеуіп қалдым білем.


— Сені әлгі жолдастарың неге тастап кетті?


— Тастап кетуші ме еді… Өзім қалдым. Өздері азырақ ішіп алып еді, жақсы болды. Әйтпесе олардың алдында қалай босанар едім?..


Осыны айтты да, ұялды білем, білегімен бетін жапты.


— Бұл бірінші балаң ба?


— Иә, бірінші балам. Сен кімсің?


— Мен бе, адаммын-ау дейім…


— Әрине, адамсың? Қатының бар ма еді?


— Жоқ. Әзір реті келмей қойды…


— Өтірік айтасың.


— Неге?


— Ендеше қатын жұмысын қайдан білесің?


— Оқып едім. Студент дегенді білетін шығарсың?


— Неге білмеймін, біздің поптың баласы да студент еді, поп болам деп оқып жүр.


— Мен де солардың бірі… Жарайды, су әкелейін.


Ана баласына қарады да, дем ала ма екен деп құлағын салып тындады.


— Жуынар едім… Су таныс емес: неткен су өзі… әрі сортаң, әрі ащы…


— Осы суға шомыл. Бұл нағыз денсаулыққа пайдалы су… — дедім.


— Қой әрі!


— Рас, әрі жылы болады.


— Сен бірдеме білетін шығарсың…


Мен суға келдім. Тастан тасқа секірген толқындар жалын жалбыратып, сынаптай ойнап, ән салады. Күзгі алтын жапырақтар толқыңда қалқып, алтын жаз ақтық күндерін шаттықпен өткізейін дегендей-ақ сағымданып, сылаң қағады…


Қайтып келе жатсам, ана жан-жағына қаранып, тастан тасқа еңбектеп барады екен.


— Әй, не істеп жүрсің?


Әйел отыра қалды да, бірдемені жасыра бастады. Түсіне қойдьм.


— Маған бер, мен көміп тастайын…


— Айналайын-ай, көмбеуге болмайды ғой. Дұрысында моншаның табалдырығына көму керек еді… — деді.


— Бұл араға жақында монша салынбайды.


— Сен ойын қыласың, мен қорқам… Аң жеп қойса қайтем?.. Баланың жолдасын жерге беру керек қой, — деді.


Мойнын бір жағына бұрып отырған күйі ап-ауыр бірдемені маған беріп жатып:


— Тәңір жарылғасын, тереңірек көм, баламды аясаң… — деді ұялған дауыспен.


Жұмысты бітіріп, қайтып келе жатсам, ана теңізге шомылып келеді екен. Үсті-басы су, көйлегі бар жағына қисайып кетіпті. «Шіркінде аюдың күші бар шығар!» деп ойладым.


Балмен, қайрақтай болып қатып қалған қара нанмен шай іштік.


— Оқуды тастағансың ғой, сірә? — деді әйел.


— Иә, тастадым…


— Арақ ішесің ғой?


— Иә, өлгендей ішетін едім…


— Өй, мен сені Сухумда көрген екемін-ау? Бастықпен тамаққа таласып жаттың ғой бір күні… Сонда-ақ ойлап ем, бәлекет, бір ешкімнен қорықпайтын маскүнем екен деп…


Сүйтті де баласына қарап:


— Апырмай, балам өліп қалмас па екен?.. Сен жәрдем бердің, көп жаса… — деді.


Шайды ішіп болып, мен «мүлкімді» жинап жатқанымда әйел жерге қарап қалғып отыр еді. Бір уақытта көзін ашып, орнынан тұра бастады.


— Жүрейін деп отырмысың?


— Иә!


— Ау, абайла, ана!


— Жоқ, жүрем. Жолдастарыма жетем. Баланы маған әперіп жібер.


— Мен көтеріп жүрейін.


Ана бергісі келмейді. Азырақ таластық та, аяғында баланы мен көтердім.


— Апырмай, құлап түспесем… — деп ана қолын менің иығыма артты.


Россия жеріне жаңа келген, тағдырының беті ашылмаған қызыл адам менің қолымда жатып, мардамсып мұрнын тарта түседі. Теңіз жағасын сабалап, ағаш шуылдап, өзен суы сыңқылдай түседі. Жас босанған жас ана, жаңа қырық бұрап, өзегін үзген бейнетті елең қылмастан Әшемірдің ауыр жұмысына тартып келеді. Жүрген сайын көздерінен махаббат төгіп, жас бөбегіне қарап қояды.


— Дүниенің шетіне дейін осылай жүре берсем, ұлым еркін дүниеде өссе, жүруге шаршамас едім-ау! Адамның анасы болу қандай жақсы!


Жүрегім қуаныш төгіп, нұр шашып келе жатқанын қарашы! — деді ана, бір жерде тұра қалып…


Теңіз қатты тулайды. Қара бұлт найзағай шашып, бұршақ төгуге әзір тұр. Менің қанатым керіліп, өрісім кеңіп, құрметті ананың ұлына қарап:


— Сен, қызыл адам, тез ер жет! Қатты айқайла, дүние естісін! — деймін.


Бұл уақиға әлдеқашан болды. Бірақ ананың құрметі қашан да жаңа ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу