Өлеңдер ✍️

  13.04.2021
  199


Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров

Балалық күн

Балалық, сенен артык күнім бар ма,
Бала күнде бойымда мінім бар ма?
Бәріне жетем деймін, алам деймін,
Жас қиялда тоқталып, тыным бар ма?
Балаға тең көрінер бай мен кедей,
Сүйеді жаксы, жаман, надан демей.
Күнә, сұмдық дегенді ол білмейді,
Айырмасыз ер, әйел бәрі бірдей.
Жақын-алыс деп білмес алалауды,
Аққа жауып жаланы қаралауды.
Өмір, өлім не нәрсе ұжмак, дозақ,
Білмейді бақ, күндеу мен табалауды.
Қайғы, қызық не нәрсе, дәмін білмес,
Байлық, бақыт дегенді көзіне ілмес.
Жақсы, жаман сөздердің парқын айырып,
Не десең де таңданып, құлақ түрмес.
Шіркін-ай, балалық күн, өтесің-ау,
Артыңа қайырылмай-ақ кетесің-ау.
Жігіттікті кәрілік қуып жетіп,
Ажал-дағы, кешікпей жетесің-ау.
Қызықты, тәтті өмір, бітесің-ау,
Алдынан ажал тосып, күтесің-ау:
Туғанда қызықтаған жаңа жанды,
Тумағандай бір күні етесің-ау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу