Өлеңдер ✍️

  11.04.2021
  141


Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров

Көңілді көндіретін тағдыр

Жас көңілім өз еркінше жүрмек еді,
Дүниеде солай өмір сүрмек еді.
Бір алладан басқаға бас имеген,
Қалпынша қара жерге кірмек еді.


Жас жүрек жалбақтауды сүймес еді,
Үстіне рия тонын кимес еді:
Бар ғалам бір жақ болса, өзі бір жақ
Көңілдің сол қалпына тимес еді.


Жақтаса, өз еркінше жақтар еді,
Мақтаса, өз еркінше мақтар еді.
Аспаннан төбесіне оқ жауса да,
Сертінше әділдігін сақтар еді.


Боқтаса, ез еркінше боқтар еді,
Тоқтаса, өз еркінше тоқтар еді.
Жақсылыққа, жәрдемге жанын беріп,
Жамандыққа мылтығын оқтар еді.


Көлгірліктің көзіне түртпек еді,
Хақ тамшысын көзіне сүртпек еді.
Көңіл, жүрек осыған қол соғысып,
Денені сол ізімен жүртпек еді.


Көңіл, жүрек қарынға деді барып:
«Біз тұрмыз сондай-сондай ойға қалып»,
Қарын: — Жақсы, бұларың мақұл,— деді,
Сөздерін тыңдаған соң құлақ салып.


Бұл үшеу, жоғарғы ойға мөрін басты
Дос болып қол соғысты, құшақтасты.
«А, құдай! бұрынғымды кеше көр», деп
Тоба қып қарын сонда төкті жасты.


Бірақ бұл сөздерді айтқан уақытта:
Қарын жақсы тоқ еді
Іші толған б... еді.
Тығыздалып керіліп тұрған соң,
Бнді ашар деген ойы жоқ еді.


Бір уақыттар болғанда:
Баяғы тойған тоқ кетті
Қарындағы б... кетті.
Қарын тастап тобасын
Таз қалпындай боп кетті.



Артынан іле-шала көңіл кетті,
Ал сонда десеңізші жүрек нетті?
Амалсыз айтқан сертін тағдыр бұзып,
Күні-түні азап шегіп зар еңрепті.


Бермесін бұл азапты тірі жанға:
Адамзат, пері, шайтан, хайуан, малға.
Жүрекке ол азапты көтергеннен,
Мың есе түсу артың «жаһаннамға»,


Ол азап батар солай бір өзіңе,
Бит шаққандай білінбес жұрт көзіне,
Сырты ұжмақ болғанмен, іші дозақ
Түтінсіз жанғандар көп нан сөзіме!
 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу