Өлеңдер ✍️

  07.04.2021
  254


Автор: Мағжан Жұмабаев

Қаныш бай қиссасы

Ұнар, ұнамасын қайдам,
Қисса айтайын
Қаныш байдан -
Дорба сақал, тырбық тапал,
Талайыңа таныс байдан.
Қаныш байың қойлы бопты.
Қойлы бопты - ойлы бопты.
Оның ойы оймақ ауыз
Бір тоқал ғой, тойлы бопты.
Тойлы бопты, тоқал апты,
Қаныш байың қарқылдапты.
Ұл табуға міндетті екен,
Тоқал қасқа қысыр қапты.
Қысыр қапты тоқал қасқа,
Байдың енді пейілі басқа.
Басқа пейіл - басқа сойыл,
Тие берген таяқ басқа.
Таяқ басқа тие берген,
Таяқ тоқтар кезі келген.
Әрі бата, әрі қата
Тиіп, бір күн тоқал өлген.
Тоқал өлген тулығынан,
Қаныш тағы аласұрған.
Тәңірі сонда: «Тоба!»- депті,
Қаныш байдың қулығынан.
Тәңірі сонда күйіп тіпті:
«Көрмедім,- деп,- мұндай итті
Тосқыны жоқ, тасқыным жоқ,
Қой, Қанышым, болмас!»- депті.
Тишу бір түн. Майдың айы.
Бұлт бүркенген көгінде айы.
Жел тұншығып, жер тұншығып,
Сұп-сұлық боп сулы сайы;
Су еліктей сұп-сұлық боп,
Жүрегі жай соғып лүп-лүп,
Жағада іштен «жасын» оқып
Шәкірттерше шөбі мүлгіп.
Шөбі мүлгіп, қалғып қамыс,
Жансыз бұлтқа қайда жарыс,
Дүние тып-тын. Тишу бір түн.
Осынау түнде қайда Қаныш?
Қайда Қаныш? Қаныш үйде.
Қаныш бірақ күйсіз күйде.
Тынши алмай, дөңбекшіпті,
Төсек-орын ұйқы-тұйқы.
Ұйқы көрмей, күрсілдепті.
«Түні құрсын! Құрсын!»-депті.
Жұдырығы бәйбішеге
Әлсін-әлсін дүрсілдепті.
Дүрсілдепті кесек-кесек.
Кесек болмай: Қатын есек?!
Алайда ырсыл басылмапты,
Салғызыпты тысқа төсек.
Салғызыпты, жатып қапты.
Бір тұтам таң атып қапты.
Таңмен бірге жел оянып,
Әуе біраз салқындапты.
Салқындапты Қаныш бай да,
Бір балбырау тарап ойға.
Көрпеге енді көміле түсіп,
Қаныш байың кіреді ойға.
Ойға кіред, ұйқы аралас...
Құшағында тоқал дейд жас...
Тоқал үзіліп барад дейді,
Кірпігінде мөлтілдеп жас.
Кірпігінде жасы мөлт-мөлт...
...Ұйқы жеңді, ойы күңгірт.
Күңгірт ойы - көмескі түс...
...Келеді ақырын бір қарақұрт.
Қарақұртқа қарап отыр...
Әр қадамын санап отыр...
Кұртты бұрын бір көргендей...
Көзін көзге қадап отыр...
Қадап отыр... құртта жетед...
Қаныш таң боп, есі кетед.
Кәдімгі бір қарақұрттың
Көзінде жас мөлт-мөлт етед!
Көзі мөлт-мөлт. Келді? Жатты!
Өлген тоқал! Құдай атты!
Қаныш сасад. Қашпақ болад...
Аяқ-қолы тас боп қапты...
Тас боп қапты. Қайда қашад?
Құрт ақырын төске басад.
Басады да, дәл жүрекке
Көзіндегі жасын шашад.
Дәл жүрекке жасын шашад.
Жасын шашад, көзін басад,
Жылжып түсед... жоқ болады,
Қаныш: «Уһ!»-деп, көзін ашад.
Көзін ашад. Кеудесі ісік.
Күйіп барад денесі ысып.
Қалшылдапты Қаныш байың,
Құп-қу болып, құты ұшып.
Құп-қу бопты Қаныш байың.
Қозғапты енді бір Құдайын.
«Қаныш қатаң» дегеннен соң,
Жиылыпты бар ағайын.
Жиылыпты ауыл-аймақ.
Қаныш сонда: «Мен бір мойнақ,
Болдым. Мұндай күйге түстім,
Тоқал алып аузы оймақ.
Білесіңдер: өлді...-депті,-
Қарақұрт боп келді,- депті,-
Жүрегіме жасын жақты,
Өлуім хақ енді,- депті,-
Жұртым, тоқал алма!- депті,-
Әсіре сөз шалма!»- депті.
Сөйдепті де Қаныш байың,
Ықылық атып: «Алла!»-депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу